Мемлекеттік қызметшілер арасында байқау өтті

Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйытқы болуымен өткен «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» атты байқауда мемлекеттік қызметшілер бақ сынасты.

????????????????????????????????????

Қазақстан халқының Тілдері күніне арналған байқауға сегіз команда қатысты. Мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік тіл саясатын насихаттау, мамандардың іс жүргізудегі біліктілігі мен тәжірибесін сараптап, мемлекеттік тілде іс жүргізудің сапасын арттыру мақсатын ұстанған байқауға қатысушылар сайысты өз командаларын таныстырудан  бастады.

Содан кейін олардың «Жұмыс бағытында кездесетін түрлі ситуациялардан шығудың жолдарын табу» кезеңі бойынша дайындаған көріністері жиі кездесетін жағдайларды еске салды. Атап айтқанда, Махамбет ауданының «Жұмыр қылыш» командасы «Мемлекеттік қызметшінің жұмыстан үйіне келуі», облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің «Құтқарушы» командасы «Судан құтқару», Қызылқоға ауданының «Мәңгілік ел» командасы «Көп балалы анаға үйдің кілтін беру» көріністеріне көрермендер ерекше қошемет көрсетті.

«Ел бірлігі – асыл қасиет» деп Елбасымыз бекер айтпаса керек. Байқау барысында осы бір тамаша нақылдың тереңіне бойлағандай болдық. Әсіресе, салиқалы ой тастаған облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасының командасы жиналған қауымның ықыласына бөленді. «Білген адам сөйлейді, білмеген адам несін сөйлейді?» деп Әлкей Марғұлан айтқандай, мемлекеттік тілде әдемі сөз саптаған бұл команда мүшелері расында қошеметке лайық еді.

Сайыстың соңында сегіз команданың өкілдері өздерінің өнерлеріне қарай бағаларын алды. Әділқазылардың құптауымен мемлекеттік тілімізді мемлекеттік қызметте орнықты да орнымен қолдана алатынын танытып, өз қатарластарынан озық екендігін дәлелдеген Махамбет ауданының «Жұмыр қылыш» командасы бас бәйгені иеленді. Ал, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің «Құтқарушылары» жүлделі бірінші орын-ға көтерілсе, Мемлекеттік кірістер департаментінің «Тіл тағдыры – ел тағдыры» командасы мен Жылыой ауданының командасы 2 және 3-ші орындарды олжалады.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*