МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ ЖАУАПКЕРШІЛІК КҮШЕЙДІ

Сессияда Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша басқармасының бастығы, Тәртіптік кеңес төрағасы Мұхит Избанов сөз алып, Елбасының 7-наурызда жариялаған №520-шы Жарлығына сәйкес, облыс әкімдігінің ұсынысымен «Атырау облысының кадр комиссиясын құру туралы» мәселені қозғады.
– Кадр комиссиясының лауазымдық құрамы облыстың әкімі (комиссияның төрағасы), ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық органының басшысы – Агенттіктің тәртіптік кеңесінің төрағасы (комиссия төрағасының орынбасары), облыс әкімі аппаратының басшысы, облыстық мәслихаттың хатшысы, облыстың тексеру комиссиясының төрағасынан тұрады, – деген ол комиссияға қойылар негізгі міндеттерді атап өтті. Мәселен, ҚР Президенті жанындағы Кадр саясаты жөніндегі Ұлттық комиссияның (бұдан әрі – Ұлттық комиссия) шешімдерін іске асыру, Ұлттық комиссияға кадр саясатын қалыптастыру және оны «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілеріне қатысты іске асыру, оның ішінде мансаптық жоспарлау, оқыту, ротация жүргізу, тәртіптік жауапкершілікке тарту, атқарылатын лауазымынан босату бойынша ұсыныстарды тұжырымдап енгізу де комиссияның атқаруға тиісті негізгі жұмыстарына жатады.
Сондай-ақ, Мұхит Кәрімұлы Елбасының тапсырмасына сәйкес саяси тұлғалар саны сегіз есе қысқарғанын, облысымызда жалпы 90 саяси тұлға болса, олардың қазір жетеуі қалғанын мәлімдеді. Жеті саяси тұлға ретінде облыс әкімі және оның бес орынбасары мен қала әкімі аталатын болады. Және «А» корпусы ұлттық деңгейдегі, аймақтық деңгейдегі «А» корпусы болып аталып, оның өзі екі категорияға бөлінетінін айтты.
Елімізде болып жатқан әкімшілік реформаға байланысты 1999 жылғы 23 шілдедегі «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға мемлекеттік қызметтің жұмысын реттейтін түбегейлі өзгерістер енгізілгені белгілі. М.Избанов бұл жөнінде ең алдымен мемлекеттік қызметшілерді саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметшілерге жіктеу ұсынылып, олардың құқықтық мәртебелері мен қызмет өткеру ерекшеліктері айқындалып отырғанын жеткізді. Бұл заңда әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға орналасу кезінде міндетті түрде конкурстық іріктеуден өту, оны өткізудің негіздері мен реті белгіленген. Сонымен қатар, саяси және әкімшілік мемлекеттік кадр резервін жасақтау және олармен жұмыс істеу ережелері қабылданып, мемлекеттік қызметшілердің құқықтық және әлеуметтік қорғауды күшейтуге, сыбайлас құқық бұзушылықты болдырмауға бағытталған нормалардың негіздері қаланған.
Сессия соңында жоғарыда айтылғандарға сәйкес дайындалған қаулы жобасын депутаттар бірауыздан мақұлдады.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*