МЕЛЛЯТ АПАНЫҢ БАҚЫТЫ

Ол Құрманғазы ауданында, Қиғаш өзені бойында дүниеге келген. Әкесі Сабыр өз заманының беделді адамы болды, колхоз басқармасының басшысы болып ұзақ жыл қызмет атқарды. Балалық шағы соғыспен тұспа-тұс келген өзінің замандастары сияқты ол да ерте есейді. Мұғалімдерінің бәрі соғысқа аттанды, 9-сыныпты бітіргеннен кейін мектеп жабылып қалды. Ұстаздарды алмастыратын күні кешегі мектеп партасындағы шәкірттер, он бес жастағы бойжеткендер мен бозбалалар болды. Меллят Сабырқызы да сол кездегі жастар сияқты, тұла бойын жауға деген ыза мен кек кернеген, туған елдің күйзелісіне қабырғасы қайысқан, Отаныма еңбек етсем деген патриот жастың бірі еді.

Бастауыш сыныптан бастап озат оқыған, ой-санасы елмен бірге есейген ол  «Қызыл Ту» колхозындағы  «Пионер» мектебіне тарих және әскери дайындық пәнінің мұғалімі ретінде жолдама алды. Небәрі 9-кластық біліммен, күні кеше өзі де алтын ұя қабырғасында тәлім алған балауса жас енді шәкірттерге дәріс бермек. Бұл оған үлкен жауапкершілік жүгін артты. Сол кездегі барлық отандастары сияқты ол да неміс фашистеріне деген өшпенділік пен қызыл армияның жеңісіне деген сенімді өзінің алдындағы көкөрім жастардың санасына ұялатуға тырысты. Әскери дайындық пәні небәрі аптасына екі рет өтсе де оқушылар оны асыға күтетін. Ағаштан жасаған автоматтарын иығына асындырып, жап-жас мұғалиманың берген командасымен сап түзеп, екі топқа бөлінетін. Бірі жау, бірі қызыл әскер ретінде бөлініп, қолдан қазылған окоптарда қиян-кескі «ұрысқа» кіріседі. Қайткен күнде де қызыл әскерлер жағы басым түсіп, қызыл туды жоғары көтеріп, салтанатты шерумен ән айтып, мектепке беттейтін. Ауыл адамдары, қариялар мен әйелдер Мелляттың сабағы өтетін күні мектеп жанына жайғасып, қарап отыратын. Балалардың әскери жаттығуын қарап отырып, бірі майдандағы баласын, бірі жан жарын есіне түсіріп, көз жастарын жаулықтарының ұшымен құрғататын.

Сөйтіп, соғыс біткенше мұғалім болған ол соғыс аяқталысымен арман қала – Алматыға аттанды. Абай атындағы Мемлекеттік Педагогика институтын 1950 жылы тәмамдап, туған жерге оралды. Мектепке мұғалім болып қызметке орналасқан кейіпкеріміздің бойындағы жастық жігер, жасампаз дарын ел ағаларының назарына ілінбей қалған жоқ. Үш жылдан соң, 1953 жылы аудандық атқару комитетінде, содан соң біраз жыл аудандық білім бөлімінің меңгерушісі болып та жұмыс істеді.

«Жас келсе – іске» дегендей, құлшына іске кіріседі. Аудан бойынша 62 мектеп бар екен. Олардың көбі шалғай мекендерде орналасқан, бала саны аз, мектепті бір мұғалім басқарады. Оқушылар жетіспегендіктен, бірнеше сынып бірге оқытылады, педагог кадрлар да жоқ. Сондықтан, бір орталыққа біріктірілген мектептер мен мектеп-интернаттар ашу керек деген бастама көтерді. Алыс ауылдағы бірді-екілі малшы балалары интернатта жатып оқуы үшін жағдай туғызу керек екенін айрықша түсінді. Сөйтіп, аудан халқын тас басып, мектеп салуға шақырады. Бел ортасында білегін сыбанып өзі жүрді. Ең алғашқы салынған 12 бөлмеден тұратын, 30 балаға арналған мектеп те есінде. Осылайша 1957-61 жылдары бұрынғы Теңіз, қазіргі Құрманғазы ауданында 32 мектеп салынды, оған ұжымшарлар, сол кездегі совхоздар мен колхоздар атсалысты. Он жыл аудандық білім бөлімі меңгерушісі болып қызмет жасаған кезінде еткен еңбегі ескеріліп,  «Құрмет белгісі» орденін өңіріне тақты,  «Білім беру ісінің үздігі» атағын алды.

Осыдан кейін іскер басшыны Теңіз аудандық атқару комитетінің төрайымы етіп тағайындайды. Бұл қызметті жасай жүріп, ауыл шаруашылығы мамандығын сырттай оқыды. Өйткені, көбінесе малшылардың жұмысына, совхоз, колхоздардың қызметіне басшылық жасап, талап қоюға тура келетін. Осы қызметте жүріп, қаншама аудан орталығынан алыс жатқан малшы ауылдарында тұратын тұрғындарға қамқорлық жасалды, олардың балаларына жоғары оқу орнына түсуге жолдама әперді. Еткен еңбек елеусіз қалмайтыны кәміл.  «Еңбек Қызыл Ту» ордені – Меллят Сабырқызының жан-қиярлық еңбегіне берілген лайықты баға.

 Өз жанұясына, балаларына да жан жылуын бере білген ол үлкен отбасының ұйтқысы, алтын діңгегі болды. Сол замандағы идеологияның талабына сәйкес күні-түні тыным көрмеді, қайнаған қызу еңбектің бел ортасында жүрді. Сөйтіп, екінші мәрте  «Құрмет белгісі» орденінің иегері атанды.

 Қарапайым мұғалімнен бастап, талай асуларды алған оны үкімет пен партия тағы да сынға салды. Бұрын өзіне мүлде бейтаныс өндірістік ауданға аттандырды. Мұнайдың қазанын тасытып жатқан Жылыой ауданына, аудандық атқару комитеті төрайымы лауазымына тағайындалды. Бұрын мүлде білмейтін, өзі туып-өскен Теңіз ауданынан Жылыой өңіріне ерекше толқумен барғаны да есінде. Сонда ең алғаш қарсы алып, жол көрсеткен Саламат Мұқашев сынды ағаларын бүгінгі күні асқан ілтипатпен еске алады ол. Қариялардың тұла бойы тұнып тұрған қазына екенін ешқашан есінен шығармаған Меллят Сабырқызы өз ісінде әрдайым ауданға сөзі өтетін, еңбегімен еленген абыройлы қарияларды жинап, ақылдасып, кеңесіп отыратын.  «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген халық даналығын басшылыққа алды. Кең Жылыой өңірінің бір қызына айналды, 16 жыл бойына аудандық атқару комитетін басқарып, одақтық дәрежедегі зейнеткерлік демалысқа шықты.

 Алайда зейнеткерлікті сылтау етіп, қол қусырып отыру кейіпкерімізге мүлде жат еді. Ол енді елдің қоғамдық өміріне белсене атсалыса бастады. Қазақтың салт-дәстүрін сақтау үшін жастар арасында идеологиялық жұмыс жүргізді, өзінің соңынан ерген сіңлілерімен бірге іскер әйелдер Ассоциациясында қызмет етті. Облыс әкімі жанындағы демографиялық саясат пен әйелдер істері жөніндегі комиссияның талай жұмысына тың идеялар қосты. Аймаққа аты шыққан Мәдина Ғабдысәлімова, Сара Мусағалиева, Сәуле Лұқпанова, Рашила Мүрсалиева сынды сіңлілерімен тізе қосып, жас ұрпақ тәрбиесін естен шығармады. Кәсіпкерлік тізгінін ұстаған Әлия Бекқожиева сынды Атырау аруларын да мақтаныш етеді.

 Ұлы Бауыржан 2000 жылдардың басында отбасымен Англияға білімін көтеруге аттанғанда, Меллят Сабырқызы да ұлының отбасымен бірге тұманды Альбионға сапар шекті, төрт жыл тұрғанда көп сырға қанықты. Ұлыбритания аралында орналасқан ағылшындардың дәстүр-салтымен танысты, оларға қазақ халқының дәстүрі мен салтын таныстырды. Бұрыннан сол елдің Маргарет Тәтчер сынды саясаткерімен хат арқылы хабар алысып, дос болған ол  «темір леди» атанған мемлекет басшысынан сыйлыққа кітабын алды. Бесікке салу, тұсау кесу, наурыз тойы сынды қазақтың қазақтығын паш ететін шараларды ұйымдастырып, ағылшындарды таң-тамаша қалдырды. Осының өзінен оның көрегендігі мен ұйымдастырушылық қабілеті, іскер-лігі мен жігерге толы ұстанымы көрініп тұр емес пе?!

Бүгінде Меллят Сабырқызы – сексеннің сегізіне шығып, өткен-кеткенін қырандай шолып отырған Ел анасы. Таяуда отбасына келген аз ғана қиыншылықтар мен денсаулығындағы кінәратына байланысты ауруханада жатып шықты. Сол кезде ол елінің махаббаты мен мейірімін сезінді. Облыс басқарып отырған Бақтықожа Ізмұхамбетов бастаған інілері мен жоғарыда аты аталған, аталмаған сіңлілері күн құрғатпай телефон шалды, жағдайын сұрап, жанынан табылды. Жұрттың ілтипатына разы болған ол өз тарапынан да туған өлкесінің барша жұртына тек алғысы мен ризашылығын арнайды.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*