Мектеп бітіру мереке емес, ол мақсат қою мен жауапкершілік салтанаты

Мамыр айының соңы мектеп бітіруші түлектерге үлкен жауапкершілік жүктейтін, өмір атты кемеге қадам басатын атаулы күн.

Демек, боямасыз оқушы кезеңнен өзіндік шешім қабылдауға, маман атануға бет бұрған жастың саны көбеймек. Сан демекші түлектер санының көбейгені жақсы әрине. Бірақ, сапа біздің басты назарымызда болуы тиіс. Бұдан бөлек, «Түлектердің мектеп бітіру құны қанша?» деген сұрақ жылма-жыл көтерілетін тақырыптың бірі. Ендеше, осы тақырып аясын кеңінен талқыға салғанды жөн көрдік.

МЕКТЕП БІТІРУ МЕРЕКЕ ЕМЕС,

Былтырғы өрескел әрекет қайталана ма?

Әлбетте, мектеп түлектерінің білім ошағын жақсы көрсеткішпен аяқтап, тапсыратын сынағынан сүрінбей өтуі негізгі алаңдатар жағдай. Десек те, мұны былай қоя тұрғанда, оқушының мектеп бітіру кешіне арналған керек-жарағы ата-ана қалтасынан қомақты қаржыны қажет етеді. Дәлірек айтқанда, мектеп бітіруші түлектердің соңғы қоңырау салтанатына бірдей киім тіктіруі, мектепке және ұстаздарына сыйлық жасауы, әртүрлі бағытта демалыстар ұйымдастыруы тым өрескел көрінеді.

Сондай-ақ, былтырғы жылы ютуб каналын шарлаған ауданға қарасты Х. Досмұхамедұлы атындағы орта мектеп түлектерінің аудан орталығындағы А.Құнанбаев көшесінде машинамен шеру жасауы таңғалдырды. Ол көріністі суреттер болсақ, тізбектелген жеңіл көліктерде түлектер машина терезесінен денесін шығарып, қолдарын көтеріп келе жатқаны көрінеді. Ал, бұл жердегі ең басты мәселе олардың қауіпсіздігі. Тіпті, түлектер қарсы жолға шығып кетіп, жол көлік оқиғасына да қауіп келтірді. Осы бағытта, аудандық ішкі істер бөліміне хат жолдағанымызда, аудандық ішкі істер бөлімі Жергілікті полиция қызметінің Ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі аға учаскелік полиция инспекторы полиция майоры Бекзат Байжан былай деді:

– «Былтырғы жылы мектеп бітіруші түлектердің аудан орталығындағы көшеде жеңіл көлікпен шеру жасау мәліметі бойынша профилактикалық бағытта түсініктер беріліп, ата-аналарға жауапкершілік қарастырылатындығы ескертілді. Ал, дәл осындай жағдай биылғы жылы автокөліктермен жол-көлік оқиғаларын туындататын жағдайларды болдырмау бағытында алдын ала ескертпе жұмыстары жүргізілетіндігін және Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің баптары бойынша жауапкершілік қарастырылатынын қаперлеріңізге беремін. Сонымен қатар, биылғы мектеп бітіруші түлектердің алаңда өткізілетін мерекелік іс-шаралары бойынша аудандық ішкі істер бөлімінің жеке құрамы күшейтілген жұмыс кестесіне көшіріледі. Сондай-ақ, сол мезгілде балалардың ойын-сауық орындарында болған уақыттарында ата-аналардың толық қатынасуы сұралады. Және де әр ата-ана кәмелетке толмаған балаларына өзінің жеке иелігіндегі автокөліктерін пайдалануға тыйым салғаны жөн.

Әрине, бұл бағыттағы жұмыстарды бірлесіп жасағанымызда нәтижелі істерге қол жеткізуге болады». Тағы бір айта кетерлігі, ютуб каналына 9 ай бұрын салынған «Миялы түлектері– 2017» атауындағы видеоны 24 981 мың адам қараған. Ол қарағандар түлектердің сол әрекетін жасамасына кім кепіл? Осы тұста, аудандық білім бөлімінің басшысы Амангелді Бағдаров:

– Мектеп бітіруші түлектер тарапынан былтырғы жылы келеңсіздіктер орын алғандықтан оның алдын алу мақсатында биылғы жылы ауданға қарасты 13 орта мектептің түлектері мен ата-аналарға түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, аудандық ішкі істер бөліміне биылғы мектеп бітіруші түлектердің жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында оқушылардың тізімімен арнайы хат жолданады. Сондай-ақ, барлық мектептің жауапты жетекшілері мен мектеп психологтарына, әлеуметтік педагогтарына, мектеп директорларына жауапкершілік міндеттелді, – деді.

Демек, биылғы жылы осындай өрескел тәртіп бұзушылық орын алмас үшін барлық құзырлы органдар, мектеп басшылығы мен ұстаздары және ата-аналар баласының болашағы үшін бейберекет әрекеттерге жол бермеуі тиіс.

Отбасылардың әлеуметтік жағдайы тең емес

Соңғы қоңырау салтанаты түлектердің алтын ұя мектебімен қимай қоштасатын кезі. Туған анасындай болып кеткен ұстаздарының да көзіне жас алып, тарыдай боп кіріп, таудай боп шыққан шәкірттерінің қуанышына ортақтасатын кезі. Алайда, соңғы кезеңде осынау соңғы қоңырау салтанатының да кең көлемде атап өтілуі белең алып бара жатыр. Соңғы қоңырауда ұстаздарға тілектер арнап, әндерін шырқап, би билеп әсерлі көңіл күй сыйлау ғана болғаны абзал. Осы тұста, облыс әкімі Нұрлан Ноғаев:

– Жақында кезекті оқу жылы аяқталады. Әр жыл сайын соңғы қоңырау салтанатын ұйымдастыру тақырыбы көтеріледі. Әрине, кез келген ата-ана, оқушылар да бұл мерекелі күнді жоғары деңгейде өткізгісі келетінін түсінеміз. Тіпті кейбір ата-аналар осы шараларды өткізуге несие алады екен, – деді.

Әлбетте, несиені алуға қажеттілік туғызып отырған жағдай жоқ емес. Біріншіден, ұстаздарына және мектепке сыйлық алу, мейрамхана жалдап банкет өткізу, бірдей киім тіктіру, машина жалдау, далалық серуенге шығу, киіз үйлер жалдау сынды қажеттіліктер көзге көрініп-ақ тұр. Алайда, осы орайда барлық отбасының әлеуметтік жағдайы тең емес екенін естен шығармағанымыз абзал. Былтырғы жылы ең аз дегенде 40 мың қаржы жұмсалады деп көрсетсек, ал биылғы жылы тек қыз оқушылардың бір көйлегінің құны осы бағаға саяды. Демек, ұлдар костюм-шалбар, қыздар көйлек алып, естелік суретке түсіп, бәрі бірдей мейрамханаға отырады. Оның бер жағында сыйлық алу, бояну, табиғат аясына шығу сынды іс-шаралар тағы бар. Мектеп түлектерінің соңғы қоңырауға жинайтыны 5-7 мың теңге айналасы екен. Содан кейін мектепті безендіру, ұстаздарға сыйлық алу оның өзіне әр түлектен 3-5 мың теңге аралығында ақша шығады. Ал, ең негізгісі мектеп бітіру кешіне дайындық басталады. Қалтаға салмақ болатыны да осы кеш. Мейрамханаға отыру, отырысты музыкамен көркемдейтін әнші, басқаратын асаба, фото мен бейнеге түсіретін оператор жалдайды. Және ол отырыста түлектер ата-ана, ұстаздарымен бірге болатындықтан әр бала 8-10 мың аралығында қаржы жұмсайды. Сонда есептер болсақ, биылғы шығын 70 мың теңгеге жуықтайды. Бірақ, «Кең көлемде өткізілмесе, баламыз қатарынан қалып қояды, өткіземіз» деген ата-аналарда болады. Ата-аналар негізінен сол өткізілген шаралардың бірінде мектеп бітіруші түлектердің сәтсіз оқиғаға ұшырап немесе бақилық боп кетіп жатқаны өткен күндерден белгілі. Ендеше, ата-аналардың балаларының алда тұрған сынағы мен жоғарғы оқу орнына түсуі алаңдатқаны ләзім демекпіз.

Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА.

СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?

Мырзабай БОРАШЕВ, Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектеп директоры:

Мектеп түлектерінің ең қуанышты әрі қимас сәті соңғы қоңырау салтанаты. Бұл – оқушылардың өмірге қадам басатын ең жауапты кезеңі. Осындай сынаққа толы кезеңде үлкен мереке жасау орынсыз. Яғни, ақша жинау, сыйлық сыйлау мектебімізде жоқ. Бұл бағытта, ата-аналарға түсінік жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Алайда, оқушылар мектептен тыс жерде тойлауға рұқсат сұрады. Бірақ, онда сынып жетекшілеріне сыйлық сыйлау орын алмайды. Сонымен қатар, былтырғы жылы орын алған мектеп түлектерінің әрекеті қайталанбайды, келеңсіздіктер орын алмайды.

Н.НЫСАНБАЙҚЫЗЫ, Мектеп бітіруші түлектің ата-анасы:

Тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан баламыздың мектепті аяқтауы мерейімізді өсіретін бақытты сәт. Осындай бақытты сәтте, олардың қауіпсіздігін есте сақтай отырып, мектеп бітіру кешін өткізуді, ұстаздарына құрмет көрсетуді әркез қолдаймыз. Әрине, бұл кешті өткізуде қаламен жарысып жатқанымыз жоқ. Бірақ, қымбат сыйлықтар беріп, дабыра жасау орынсыз деп білемін. Мен үшін қызымның алдағы сынағынан сәтті өтіп, өзі қалаған мамандығына оқуға түскені қажет. Сондықтан, ата-ана ретінде мектеп табалдырығын аяқтаған баламның қуанышты кезі үшін әртүрлі шараларына қолдау білдіремін.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*