Медициналық сақтандыру – халық саулығын қорғау

Еліміздегі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру Мемлекет басшысының тапсырмасына байланысты денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында енгізіліп отыр. Медициналық сақтандыру – халықтың денсаулығын қорғау жүйесі.

шпанов

Осы жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі. Осыған байланысты жоспарлы медициналық көмек тек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне жарналары түсетін азаматтарға ғана көрсетілетін болады. Сондықтан, жаңа жүйе жағдайында әрбір азаматтың мәртебесін айқындау аса маңызды. Біздің тілшіміз облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы  Еркін ШПАНОВҚА жолығып, сұхбаттасқан еді.

  – «Бірінші байлықденсаулық» екендігін бүгінде адамзат баласы жақсы түсінеді. Адамның алтынға айырбастамас құндылығы саналатын саулықтың қадірін ауырмай тұрып білгенге не жетсін? Бұл ретте ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеудің ұзақ та саламатты өмір сүруге жағдай жасайтынын ескерсек, «елімізде жаңадан енгізіліп отырған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың осы мәселеде маңызы қандайдеген сұрақ туындайдыЖаңа жүйенің енгізілуіне орай  басқарма тарапынан нендей ісшаралар атқарылуда?

– Бүгінгі таңда басы ауырып, балтыры сыздамайтын адам жоқ. Сондықтан да денсаулыққа қатысты мәселелерді алдын ала ойластыру қашан да оң нәтиже бермек. Әр адам денсаулығы үшін өзі жауапты. Дегенмен, мемлекет бұл тұрғыда қарапайым халыққа көптеген жағдайларды, ұтымды және жақсы мүмкіндіктерді жасап отыр. Ендігі жерде бұған мемлекет және жұмыс беруші де белсенді араласпақ.

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап  міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру  жүйесі жүзеге асырылуына байланысты халық арасында түсіндіру шараларын жүргізу үшін жұмыспен қамту орталықтарының қызметтері жандандырылып, қосымша Атырау қаласындағы үш халыққа қызмет көрсету орталығында төрт жұмыс орны және Жылыой, Құрманғазы, Қызылқоға, Мақат аудандарында бір-бірден   маман бөлінді.

Орталық қызметкерлері жұмыссыздарды қабылдап, заң талаптарын түсіндіріп, мемлекеттік қолдау шараларын насихаттауда. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарлама бағыттары туралы буклеттер таратылып, әлеуметтік роликтер жариялануда.

Жұмыспен қамту орталықтарында электрондық кезекті орнату үшін ғимаратты жаңартуға, компьютерлендіруге жергілікті бюджет есебінен қажетті қаражат қарастырылды. Қалалық жұмыспен қамту орталығының жұмысын да жаңа форматқа көшіру бағытында  жергілікті бюджеттен қажетті қаражат бөлініп, штаты он бірлікке ұлғайтылды. Осындай жұмыстар барлық аудандарда ұйымдастырылуда.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде әрбір адам өзінің мәртебесін қалай айқындайды, оны қайдан білуге болады?

– Жоғарыда айтып кеткендей, тұрғылықты мекен-жайы бойынша жұмыспен қамту, не халыққа қызмет көрсету орталықтарына жеке куәлігімен хабарласу қажет. Орталық мамандары азаматтардың мәртебесін мемлекеттік ақпараттық жүйелері арқылы жеке сәйкестендіру нөмірімен  айқындайды.

Мәртебені «Электрондық үкіметтің» egov.kz электрондық мекен-жайына кіру арқылы да білуге болады.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне кімдер және қалай  қатысушы бола алады?

– Сіз немесе сіздің жұмыс берушіңіз тұрақты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру  жүйесіне жарналарын аударып тұрса, сіз осы бағдарламаның қатысушысы болып саналасыз.Сонымен қатар, бұған объективті себептермен жұмыс жасай алмайтын азаматтар да қатысушысы бола алады. Олар үшін жарналарды мемлекет төлейді.

Жарналардың көлемі қандай, оны кімдер аударады?

– Егер сіз жұмыс жасайтын болсаңыз, онда сізге жұмыс беруші үстіміздегі жылдан бастап ай сайын еңбекақының екі пайызын аударады. Сіз жеке кәсіпкер болсаңыз (жекеменшік адвокат, жекеменшік нотариус, жекеменшік сот орындаушылар, жеке кәсіпкерлер, жұмыс беруші, жеке негізінде жұмыс жасайтындар (тіркеліп, жұмыс жасап жатқандар), соның ішінде, жалдамалы жұмысшылардың еңбегін пайдаланушылар, тіркелген өзін-өзі жұмыспен қамтитындар) биылғы жылдың шілдесінен бастап екі ең төмен жалақы көлемінің 5 пайызын немесе ай сайын 2 446 теңгені, яғни жылына 29 351 теңгені міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру  қорына өзіңіз аударуыңыз қажет.

Халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз тобына жататын адамдардың жаңа жүйеге қатысы қалай? Олар қорға жарна төлеуден босатыла ма?

– Өзіңіз айтып отырған халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз тобындағы азаматтардың 15 санаты әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төленетін жарналардан   босатылады.  Осы санаттағы азамат үшін биылғы жылы экономика саласындағы соңғы екі жылдың орташа айлық еңбекақының төрт пайызын мемлекет төлейді. Нақтырақ айтқанда, балалар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбел-гілерімен марапатталған көп балалы аналар және «Батыр ана» атағы барлар, сонымен қатар, I және II дәрежелі «Ана даңқы» орденінің иегерлері, ҰОС қатысушылары мен мүгедектері, мүгедектер, жұмыссыз ретінде тіркелген тұлғалар, интернатта оқитын және тәрбиеленетін тұлғалар, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беретін мекемелерде, сондай-ақ, жоғары оқу орнынан кейінгі резидентурада күндізгі оқу түрінде оқитын тұлғалар, бала тууына, бала асырап алуына, үш жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты демалыста отырғандар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, үш жасқа дейінгі баласын тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін әйелдер, зейнеткерлер, қылмыстық-атқару жүйесі ұйымдарында жазасын өтеп жатқандар, уақытша тұру изолятордағы және тергеу изолятордағы тұлғалар, жұмыс жасамайтын оралмандар, 18 жасқа дейін мүгедек баланы бағып отырған жұмыс жасамайтындар жоғарыда айтқан санатқа жатқызылғанын қаперге берген артық болмас. Әскери қызметшілер, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері жарналардан босатылады, бірақ, медициналық көмекке жүгінуге құқығы бар.

– Осы санатқа жатпайтын, бірақ, түрлі себептермен жұмыс жасамайтын азаматтарға қандай қолдау шаралары қарастырылған? 

– Ондай азаматтар жергілікті жұмыспен қамту орталығына хабарласулары қажет. Оларға  төмендегідей мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылатын болады: жұмыс берушілерден түскен бос жұмыс орындарына орналасу, қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстары, қоғамдық, әлеуметтік жұмыс орындары, жоғары және орта кәсіптік оқу орындарын бітірген жастарға алғашқы жұмыс тәжірибесін жинақтау үшін жастар тәжірибесі, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасының бағыттарына қатысу, соның ішінде, өз ісін ашуға немесе кәсібін дамытуға несие алу мүмкіндігі.

– Егер мен жұмыспен қамту орталығының мамандары ұсынған лайықты жұмыс орнынан бас тартатын болсам ше?  Сақтандыру қорына жарна аударудың қандай жолдары бар?

– Онда сіз «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңының 12-бабы негізінде жұмыссыз есебіне тіркеуге алынбайсыз және әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына   жарналарды өзіңіз аударатын боласыз. Егер сізге лайықты жұмыс орындары болмаған жағдайда жұмыссыз есебіне дерекқорға тіркелуге алынасыз. Осы жағдайда ғана сізге мемлекет жарналарды аударатын болады.

Сіз өзіңіздің ісіңізбен айналысып (жеке тасымалдау, құрылыс кәсібі, халыққа қызмет көрсету, сауда және тағы басқа), салық органдарында жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген жағдайда 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап бір ең төменгі жалақы көлемінің 5 пайызын, не болмаса ай сайын 1 144 теңгені, ал, жылына 16 970 теңгені  әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына өзіңіз аударасыз.

– Қаржылық тексерулер барысында кейбір мекеме, ұйымдарда жұмыс жасап жатқан адамдардың міндетті 10 пайыздық зейнетақы төлемдері аударылмай қалатын фактілерді де жиі естіп жатамыз. Бұл туралы не айтар едіңіз?

– Мұндай жайттардың орын алатындығын жасыруға болмайды. Бұл – мекемеде еңбекақы бойынша берешектері бар екендігінің немесе қызметкерлердің еңбек шартынсыз жұмыс жасайтындығының көрінісі. Сондықтан, мұндай жағдайда жұмыс берушімен еңбек қатынастарын заңдастырып, еңбек шартына қол қойып, жұмыс берушіден міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарналарды уақытылы аударуды қамтамасыз етілуі қажет.

Мәртебесі анықталмаған азаматтардың мәртебесін анықтау мақсатында облыста штаб құрылып, әр үйді аралау арқылы жұмыстар жүргізіліп келеді. Барлық ауылдық, селолық округтерде «Е-Халық» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізу жұмыстары ұйымдастырылуда.

– Жұмыспен қамту бағытында тағы  қандай шаралар жүзеге асырылуда? Нендей жаңа өзгерістер бар?

– 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйел адамдардың зейнеткерлік жасы он жыл ішінде жыл сайын алты айдан қосылу арқылы 58-ден 63-ке ұлғаяды. Бұл шара жинақтаушы зейнеткерлік жүйесі бойынша әйелдердің зейнетақы көлемін көбейтуге мүмкіндік береді. Сондықтан, осы санаттағы адамдарға министрлік тарапынан арнайы оқу курстарын ұйымдастыру шаралары қарастырылып, жобалар енгізілуде. Жұмыспен қамту орталықтарына хабарласқан осы санаттағы әйелдерге қоғамдық, әлеуметтік жұмыстары, жұмыс берушілерден күн сайын түсіп жатқан бос жұмыс орындарына тұрақты жұмысқа орналастыру шаралары және «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы шеңберінде көзделген іс-шаралар ұсынылатын болады.

Сондай-ақ, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап көрсетілетін әлеуметтік көмектің атаулылығын арттыру үшін жәрдемақының үш түрінің орнына бір бірыңғай жәрдемақы төленетін атаулы әлеуметтік көмектің жаңа нысанын енгізу басталады. Аталған жәрдемақы жұмысқа қабілетті отбасы мүшелерін міндетті түрде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысқан жағдайда ғана беріледі.

Бақытжан Жұмат

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*