«НКОК» үшін басты байлық – денсаулық!

IMG 3589 Медицина

Қашан да халық қамын алдыңғы кезекке қоятын «Норт Каспиан ОперейтингКомпани Н.В.» (НКОК) мекемесі медициналық қызметкерлер күні қарсаңында Атырау облыстық ауруханасының ұжымымен кездесіп, оларды келіп жеткен кәсіби мерекемен құттықтады.

Солтүстік Каспий жобасының операторы болып табылатын «НКОК» компаниясының басқарушы директоры Бруно Жардэн олардың ерен ерлігі мен есепсіз еңбегіне мол табыс, қажымас қайрат тіледі. Сондай-ақ, сыйлық ретінде соңғы үлгідегі күйікке қарсы жаңа «Clinitron» кереуетін тарту етті. Қымбат құрал Жапонияда жасап шығарылған.

IMG_3589

Осыдан кейін Бруно Жардэн компанияның әлеуметтік жобаларды іске асыру бөлімінің өкілдерімен бірге аурухананы аралап шықты.

– Солтүстік Каспий Консорциумы қызметін жүргізетін өңірлерде жергілікті халықты қолдау жөніндегі міндеттемелерін әрі қарай да жалғастыра беретін болады. Бағасы 43 миллион теңгеден асатын біз сыйға тартқан жабдықтың сапасы да өте жоғары. Өйткені, компания үшін жергілікті халықтың денсаулығы аса маңызды. Мекемеде еңбек ететін қызметкерлер де осы ауруханада ем-домын алады. Сондықтан осындай екі жаққа да маңызды шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Ақ халатты абзал жандарға жемісті жұмыс пен толайым табыс, ұжымның ұйымшылдығы мен аурудың аздығын, шаңырақ шаттығы мен жанұя жарастығын, айнала амандығы мен төңірек тыныштығын тілеймін, – деді ол.

Кереует арнайы керамикалық микро-түйіршіктермен толтырылып, матамен қапталған. Ол емделушіге қажет температураны сақтауға мүмкіндік туғызатын арнайы діріл және желдету режимінен құралған. Оның сілтілі және иондалған ортасы қосымша бактерияға қарсы қорғанышты қамтамасыз етеді. Бұл жерде емделуші салмақсыздық күйінде болады және арқасында ойық жаралар пайда болмайды.

– Біздің 500 орындық аурухана – өңірдегі хирургиялық және терапиялық патологиялары бар адамдарды емдейтін бірден бір көп салалы орталық. Жыл сайын 15 мыңнан астам адам емделіп, олардың 70 пайызы жедел түрде жеткізіледі. Емделушілердің ауру-сырқау құрылымын талдау барысында тері мен ағзаның термиялық зақымдану мәселесінің өзекті екендігі анықталып отыр. Күйікті емдеу – күрделі әрі ұзақ шара. Ол тек дәрігердің жоғары кәсіби біліктілігін ғана емес, аурухананың қажетті техникалық жабдықтармен жабдықталуын да талап етеді.

Осыған дейін емделушілер техникалық талаптарға сай келмейтін ескі құралдармен емделіп келді. Енді «НКОК» компаниясы табыстаған жаңа медициналық жабдықтың көмегімен күйік ауруының жұқпалы-улағыш асқынуы төмендемек. Әрі, емделушілердің жан сақтау және қарқынды терапия бөлімдерінде болу мерзімі қысқаратын болады. Бұл күйіп қалған адамдарға сапалы медициналық көмек көрсетуге және өміршеңдікті арттыруға мүмкіндік береді, – дейді облыстық аурухананың бас дәрігері Сайын Шомыров.

IMG_3573

Дәрігерлердің айтуынша, қымбат құрал тамырларға, жүрекке және адамның басқа да ағзаларына пайдалы әсер етіп, емделушіге шок күйінен тезірек шығып, күйікті емдеуге мүмкіндік береді.

Өз кезегінде Бруно Жардэн компанияның аймақтағы денсаулық сақтау жүйесіне тағы бір үлесін қосқанына қуанышын білдірді.

– Бұл жабдық облыстық аурухана дәрігерлеріне емделушілердің өмірін сақтауға және оларға жоғары деңгейде ем көрсетуге көмектеседі деген үміттеміз. 1998-2017 жылдар аралығында «НКОК» компаниясы демеушілік және қайырымдылық жобаларын іске асыру мақсатында 17,5 миллионнан астам АҚШ долларын жұмсады. Алда Солтүстік Каспий жобасын сәтті іске асыру арқылы жергілікті халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған көптеген жаңа мүмкіндіктер күтіп тұр. Аурухананың барлық персоналына ауыр да абыройлы еңбектеріңізде сәттілік тілеймін және адам өмірін сақтай отырып, емделушілердің ризашылығына бөлене беріңіздер, – деді ол.

Сонымен қатар, «НКОК» мекемесі жеті жыл бойы шұғыл медициналық қызметті жақсарту жөніндегі бағдарламаны жүзеге асыруда. Солтүстік Каспий консорциумының қолдауымен орындалып жатқан осы жобаның арқасында адам өмірлері құтқарылды. Ауыр науқастарды емдеуге арналған жабдықтар қатары артты. Жалпы, денсаулық сақтау жүйесі жақсарды. Бұл жобаны Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі сапалы жедел жәрдем үлгісі ретінде атап өтті. Қазақстандағы Американдық сауда палатасы «НКОК» компаниясын «Денсаулық қорғау» талымы бойынша тағы бір жоғары дәрежелі жүлдемен марапаттады.

Сіз білесіз бе?

«НКОК» компаниясы 1997 жылғы 18 қарашадағы Солтүстік Каспий бойынша Өнім бөлісу туралы келісім (СКӨБК) мен оған енгізілген өзегрістер мен толықтырулар шеңберінде консорциум құрамындағы жеті серіктес компания атынан 11 блокта көмірсутегі қорларын барлау және өндіру жұмыстарының операторы ретінде қызмет атқарады. «СКӨБК» шеңберіндегі 5600 шаршы шақырымдық мердігерлік алаңы Атырау қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 80 шақырым қашықтықта орналасқан ірі Қашаған кен орнын қамтиды. Сонымен қатар учаскеде Қаламқас-теңіз, Оңтүстік-батыс Қашаған, Ақтоты және Қайраң кен орындары бар.

 Консорциум мүшелерінің жобадағы қатысу үлестері:

«Қазмұнайгаз» («ҚМГ») «Қашаған Б.В» – 16,88 пайыз, «Аджип Каспиан Си Б.В.» – 16,81 пайыз, «ЭксонМобил Қазақстан Инк.» – 16,81 пайыз, «Шелл Қазақстан Девелопмент Б.В.» – 16,81 пайыз, «ТотальЭиП Қазақстан» – 16,81 пайыз, «ҚҰМК Қазақстан Б.В.» – 8,33 пайыз және «ИнпексНорт Каспиан Си, Лтд» – 7,56 пайыз.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз