Медицинадағы жаңа жүйе: уақыт үнемдеп, қағазбастылықтан құтқарады

ae022fa50f668c67a43916cb946dbfc1 L Медицина

Облыстың денсаулық сақтау саласын цифрландыру бойынша «Жол картасы» әзірленіп, қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Жалпы, медицина саласында «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы  үш бағытта жүзеге асады.  Біріншісі – медициналық ақпараттық жүйеге көшу, екіншісі – компьютермен жабдықтау, үшіншісі – кең жолақты интернет желісімен қамту. Екінші, үшінші бағыттар толығымен жүзеге асып, барлық емдеу мекемелері компьютермен жабдықталып, интернетпен қамтамасыз етілді.

ae022fa50f668c67a43916cb946dbfc1_L

Денсаулық сақтау саласын цифрландырудың мүмкіндігі мол. Стационарда жататын науқастардың электронды тіркелімі, емдеуге жатқызу порталы және емханаға бекітілетін халық, диспансерлік науқастар тіркелімі, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және басқа жүйелер бойынша жұмыстар жолға қойылды.

Сала мамандарының айтуынша, электронды құжаттың арқасында дәрігерлер науқастың нақты жағдайы қандай екенін анықтай алады. Емханалардағы кезек азайып, учаскелік дәрігерлерге бару қажеттілігі төмендейді. Цифрландыру жүйесінің арқасында пациенттер үйден шықпай-ақ, рецептті, дәрігер кеңесін, анықтаманы, дәрігердің қабылдауынан кейінгі қорытындыны ала алады. Жалпы, медициналық кешенді жүйе республика бойынша пилоттық жоба ретінде жүргізіліп жатыр.

Елбасы тапсырмасына сәйкес облыстағы 35 мемлекеттік меднысан қағазсыз жұмыс істеуге көшті. Цифрландыру арқылы тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмек сапасы жақсарады, дәрігерлердің есеп жазудан қолы босап, науқасқа көбірек көңіл бөледі. Ақпараттық жүйеге кірігу үрдісі жалғасады, бірінші жартыжылдықтың соңына қарай меднысандарды толықтай цифрландыру аяқталады.

Әсіресе, бұл алыс ауылдағы халық үшін аса ыңғайлы. Тұрғындардың онлайн-мониторинг арқылы денсаулығына, әсіресе созылмалы ауруға шалдыққан науқастардың өз жай-күйіне мән беруі жоғарылайды. Сондай-ақ, қолжетімділікті арттыру мақсатында «халықтық бақылау» сынды мобильдік қосымшалар жасалды. Бұл арқылы тұрғындар дәрігерге онлайн жазылып, қажетті жағдайда үйге дәрігер шақыртады. Аталмыш жүйе 2020 жылға дейін толық енгізіледі.

Өңірдегі медицина ұйымдарында «Kazmedinform» медициналық ақпараттық жүйесі, жедел медициналық жәрдемді басқарудың «АДИС» автоматтандырылған жүйесі енгізілді. «Kazmedinform» медициналық ақпараттық жүйесінде облыста барлығы 35 медициналық мекеме – 7 емхана, 2 дәрігерлік амбулатория, 15 облыстық медициналық ұйымдар, қалалық перзентхана, 7 орталық аудандық ауруханалар және 3 жеке медициналық мекемелер жұмыс жасайды. Ал, 101 нысан электрондық форматқа көшірілді. Биылғы 11 айдың қорытындысымен аталған ақпараттық жүйеде электронды түрде 2 363 867 дәрігерге жазылса, 41 531 еңбекке жарамсыздық парағы электронды нұсқада берілді.

Былтырғы қараша айынан бастап k-vrachu.kz мобильдік қосымшасы енгізілді, оны PlayMarket, App Store дүкендері арқылы тегін жүктеп алып, Android, iOS операциялық жүйесінде жұмыс істейтін мобильдік құрылғылар арқылы дәрігердің қабылдауына жазылуға болады. Аталған мобильдік қосымшада тіркелген пайдаланушылардың саны 12 478-ге жетті. Бұл арқылы дәрігерлер жұмысының кестесімен танысуға, тұрғылықты жері бойынша тіркелген учаскені анықтауға, дәрігер карточкасын қарауға, облыстың медициналық ұйымдарын қарауға және оларды картадан табуға, дәрігерді үйге шақыруға, дәрігердің қабылдауына жазылуға және қажет болған жағдайда жазылуды өзгертуге болады. Push хабарламалар және дәрігерге бару жөнінде ескерту қызметтері бар.

Айкерім Әбілхатқызы,

республикалық электрондық денсаулық сақтау  орталығы Атырау облыстық филиалы директорының орынбасары.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз