Өкпе дертін ерте емдеу – жарқын өмір кепілі

387152 Медицина

Биыл облыста туберкулезбен сырқаттанушылық деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 21,7 пайызға артты. Аурудың бұлай асқынуының салдары неде? Оның алдын алудың жолдары қандай? Осы және өзге де сауалдар облыстың штаттан тыс фтизиатры Дәметкен ТАЙПАНОВАМЕН сұхбатта өрбіді.

387152

– Дәметкен Әбілқайырқызы, алдымен, адам өмірі үшін ең қауіпті саналатын бұл дертпен тіркелгендер туралы білсек…

– Биыл сегіз айда 332 науқас тіркелді. Ал, өткен жылдың осы кезеңінде 268 науқас болды. Ең өкініштісі, 17 жасқа дейінгі балалар арасында туберкулез ауруымен 51 жаңа жағдай орын алды. Өлім көрсеткішіне тоқталсақ, осы жылы сегіз науқас қайтыс болды.  Жалпы, облыста белсенді топта 1044 адам есепте тұр, оның ішінде 689-ы – көптеген дәріге төзімді науқастар.

– Туберкулез – тез таралатын жұқпалы ауру. Сондықтан, оның алдын алу үшін ауруды ерте анықтау маңызды. Осы орайда аймақта қолға алынған заманауи диагностикалау әдістері бар ма?

– Бүгінде оны зертхана әдісімен анықтау толықтай жетілдірілді. Бұрын туберкулез ауруы қоздырғышының дәріге сезімтал немесе төзімді екенін анықтау үшін бір-екі ай уақыт қажет еді. Қазір  «BACTEС MGIT-960», «Genе-Хpert» деп аталатын құрылғылар алынып, оның көмегімен бұл сұрақтың жауабы небәрі екі сағатта дайын болады. Соның нәтижесінде қажетті ем уақытылы тағайындалады.

– Дерт тез айқындалып, дұрыс емделген жағдайда, одан толық айығып кетуге бола ма?

– Елімізде туберкулезді біріккен бақылау стратегиясы жүзеге асуда. Яғни, туберкулез микобактерияларын шығармайтын және айналасындағы адамдарға қауіп тудырмайтындар тұрғылықты мекен-жайы бойынша емханаларда амбулаториялық ем қабылдайды. Былтыр Бүкілдүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен көптеген дәріге төзімді туберкулезді жаңа дәрілермен және қысқа мерзімде емдеу схемасы енгізілді. Қазір бұл жүйеде 60 науқас жаңа дәрілермен емделуде. Аурудың алдын алу, диагностикалау мен емдеу тегін және ол мемлекет есебінен жүргізіледі. Тез диагностикалау әдістері мен тиімділігі жоғары дәрі-дәрмектер арқасында толығымен емдеуге болады. Дертті еңсеріп, айығып кеткен адамдар оқып, еңбек етіп, дүниеге дені сау сәбилер әкеліп, мәнді де мағыналы өмір сүре алады.

– Науқастармен қарым-қатынастағы және ауру микобактерияларының жұққандығы алғаш рет анықталған мектеп жасына дейінгі балаларды оқшаулау және сауықтыру шаралары қалай жүргізілуде?

– Аймақта барлығы 670 орынды жеті балабақша, 6 топ, облыс орталығында 240 орынды мектеп-интернат жұмыс жасайды. Сондай-ақ, әлеуметтік мәні бар аурумен ауыратындарға отбасының жан басына шаққандағы орташа айлық табысын есепке алмай, ай сайын әлеуметтік көмек  төлеу туралы өзгерістер енді. Яғни, амбулаториялық деңгейде ем алып жүргендерге 10 айлық есептік көрсеткіш (24050 теңге) көлемінде көмек көрсетіледі. Осы орайда биыл 1013 адамға жергілікті бюджеттен 115,02 млн. теңге қаржы төленді. Сондай-ақ, белсенді топта тұратын науқастардың google-картасы жасақталды. Бұл арқылы олардың мекен-жайын, ем алу жағдайын бақылауға болады.

Сұхбаттасқан: Асылым Әли.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз