Медиация мақсаты – бітімгершілік

Көпұлтты еліміздегі халықтың бірлігін нығайтып, қоғамдық келісімді сақтау мақсатында, әлеуметтік өзекті мәселелерді анықтап, оларды реттеуде Қазақстан халқы Ассамблеясы медиация жұмысына маңыз беруде.

img_867_380

Егер еліміздің тарихына көз жүгіртсек, қазіргі медиаторлар міндетін бұрынғы кезде қазақ билері атқарған. Демек, «Медиация туралы» Заң ежелгі билердің тәжірибесінен бастау алады. Халықты ауыздарына қаратқан орақ тілді, от ауызды, қара қылды қақ жарған әділ билердің даналық мектебі, ұлағатты дәстүрлері тәуелсіздігіміздің арқасында жаңарып, жаңғырып қайта оралды десек те болады. Бүгінде ҚХА «Мәңгілік Ел» идеясын ұстана отырып, қазақ жерінде медиация әрқашан татулық пен бірлікті, бітімгершілік саясатты, татуластыру рәсімдерін оңтайлы пайдалануға ықпал етуде.

Республикалық Қоғамдық келісім кеңесінің кеңейтілген мәжілісінде ҚР Жоғарғы соты мен Қазақстан халқы Ассамблеясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға және оны іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына қол қойылған болатын. Бұл меморандум Ұлт жоспарын іске асыру барысында Ассамблеяға жүктелген жаңа міндет  медиация институтын дамытуға бағытталды.

Атырау облысында медиация бойынша өткізілген барлық шаралар республикалық Ассамблеяның тапсырмаларына сәйкес жүрді. Атап айтқанда, облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесі этномәдени бірлестік басшылары, облыс, аудандағы мемлекеттік қызметшілер мен аналар кеңесінің төрайымдарының, медиация орталықтарының басын қосқан семинар, тренингтер ұйымдастырды. Сондай-ақ, облыстық әкімдікте Елбасы белгілеген тапсырмаларды  жүзеге асыру мақсатында облыс басшысы Нұрлан Ноғаев пен облыстық сот төрағасы Марғұлан Бектұрғанов өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Бүгінгі таңда «Қоғамдық келісім» ММ-де барлық деңгейдегі соттар арасында медиация мәселесі бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда.

«Медиация туралы» Заң қабылданған уақытта барлық өңірлерде бір мезгілде «Медиация күні» республикалық акциясы өтті. Бұл күні облыс орталығы мен барлық шалғай елді мекендерде судьялар, заңгерлер мен кәсіби емес медиаторлар тұрғындарға заң талаптарын түсіндіріп, әлеуметтік маңызды бағыттарда, яғни, ұлтаралық және еңбек қарым-қатынастардың, отбасылық тұрмыстық шиеленістер, басқа да даулар мен келіспеушіліктерді реттеуге үлес қосып, ақысыз көмек көрсетті. «Достық үйінде» облыстық сотпен бірлескен үлкен салтанатты шара ұйымдастырылып, медиация бөлмесі ашылды.

Облыс бойынша Махамбет, Қызылқоға, Индер, Құрманғазы  аудандарында кәсіби емес медиаторлармен қатар, қоғамдық келісім кеңестерінің төрағалары мен мүшелері өз елді мекендерінде халық арасында «Медиация туралы» Заң талаптарын түсіндіріп, насихаттап және өз тәжірибелерінде кеңінен пайдалануда.

Атырау облыстық сотының медиация бойынша үйлестіруші судьясы  Гүлмира Исанберлиева және соттың оқу орталығы бұл бағыттағы барлық  жұмысты бірлесіп атқаруда. Облыстық соттың оқу орталығы дайындаған  «Татуластыру рәсімдерін  қолдану бойынша әдістемелік нұсқау»  медиация кабинетіне тапсырылды. Республика бойынша медиацияны пайдаланудан Атырау облыстық соты ең алдыңғы қатарда екенін айта кеткім келіп отыр. Татуластыру рәсімдерін қолданып, медиацияны іс жүзінде жүзеге асыруда судьялардың да үлесі бар.

Облыстық сот төрағасымен кездесу ұйымдастырылып, доғарыстағы судьялардың «Қоғамдық келісім» мекемесінің медиация кабинетінде тұрғындарға тегін заң талаптарын түсіндіру, кеңестерін беру мақсатында шаралар ұйымдастыру жоспарлануда. Сондай-ақ, қараша айында облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесі «Жанұялық- тұрмыстық шиеленістерді шешу үшін бітімгершілік рәсімдерді қолдану тәжірибесі» тақырыбында «Достық үйінде» үлкен  семинар  өткізбекші.

«Ынтымақ, бірлік, келісім – ең асыл қасиет ел үшін» деген халық даналығына сай қоғамдағы барлық даулы мәселелерді  оңтайлы шешудің бірден-бір жолы – татуластыру рәсімдерін пайдаланып, дауды бейбіт реттеуге, құқықтық мәдениетті арттыруға қол жеткізу. Және бұл біздің ортақ міндетіміз болып қала бермек.

Тамара Аман-Турлина,

облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің басшысы.                                                              

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*