Меңдекеш пен Фариза «Атыраудан» қанаттанған еді…

Аймақ руханиятының қара шаңырағына айналған «Атырау» газетіне 95 жыл толған тұста аталмыш басылымнан қанат қаққандар туралы айту да – парызымыз.

Brief-1

Ғасырға жуық тарихы бар Атырау өңірі шығармашылығының алтын ұясы қазақтың төбесіне көтерген талай ғалымдары мен ақындарының, қайраткерлері мен қоғамда өз орны бар дара тұлғалардың да өмір мектебіне айналды. Алысқа бармай-ақ, қазақ журналистикасының атасы Тауман Амандосовты, қазақ поэзиясының қос қанатындай болған Меңдекеш Сатыбалдиев пен Фариза Оңғарсынованы айтсақ та жетіп жатыр емес пе?!

Өткен ғасырда Фариза ақын дүниеге келген жылы Фин соғысы басталған екен. Екі жылдан кейін Екінші дүниежүзілік соғыс өрті бұрқ ете түсті. Балалығы соғыспен тұспа-тұс келген кезең болашақ ақынды ерте есейтті. Бүкіл елдің жүрегіне соғыс салған жараны сезініп өскен ол өз бағытын 7 сыныптан-ақ айқындап алғандай. «Социалистік құрылыста» жарық көрген төрт шумақтан тұратын балапан өлеңнің тақырыбы бейбітшілік еді. Бұл 1953 жылдың 23 ақпаны болатын. Осы өлең шыққаннан бастап облыстың айнасы атанған басылымда әр кезде жарияланған өлеңдері оның өсу жолының куәсі сияқты.

Ұлылар ұшқан ұя

Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультеті қабырғасында да ақындық қарым-қабілетін танытқан ол біраз уақыт мектепте мұғалім болады. «Социалистік құрылыс» газетіндегі тілеулес ағалары оны ұмытпаған еді. Бірде әдеби қызметкер ретінде газетке шақырылды. Сол кезеңдегі бейбіт өмір шуағына бөленген замандастарын, жастық шақ жөнінде өндіре жазды.

Шығармашылыққа ден қойған ол 1970 жылы өнер ордасы – Алматыға аттанды. Асқақ арманын ту етіп барған ақынға Алматы жаңа шабыт, ағыл-тегіл жыр нөсерін сыйлады.

Журналистпін!

Табам сөзден теңіздің тереңдігін,

Мүсіндеймін сол сөзден ел ерлігін.

Дана-дүние ең ұлы жаңалығын,

Жариялай алмайды менен бұрын, – деп өзінің мамандығына мақтанышпен қараған, журналист арқалайтын жүктің ауырлығын, оның қоғамдағы орнын өлең жолдарымен көрсеткен Меңдекеш Сатыбалдиев те 1955 жылдың 15 сәуірінен 1968 жылға дейінгі аралықта «Социалистік құрылыс» газетінде қызмет етті. Қарапайым ақпараттық есептен бастап, суреттеме, көркем очерктер мен әзіл әңгімелер оның қаламынан оқырманға жол тартты. Газеттің мәдениет және тұрмыс бөлімін басқарған ол газет бетінде аймақта жаңа өсіп келе жатқан жас таланттардың тұсауын кесіп, алдағы мақсаттарын айқындауына да өз ықпалын тигізгені кәміл.

Ұлылар ұшқан ұя.-2

«Жұлдыздар», «Шоқ жұлдыздар», «Парасат», «Бел-белес» көркем очерктері жұртшылық арасында кеңінен талқыланған, қоғамда резонанс тудырған дүниелер еді. Ал, «Махамбеттің монологы», «Исатайдың соттағы сөзі», «Батырдың бас сүйегі», «Атырау әуендері» циклындағы таңғажайып жыр жолдары оқыған жанның көңіліне рух берді, сенімін биіктетті.

Жылыой ауданындағы Ақкиізтоғай деген ауылда 1937 жылы дүниеге келген Меңдекеш Сатыбалдиевтан жұртының күткені көп еді. Елі мен жеріне ақынның да берері алда болатын. Амал не?! Қатыгез тағдыр кіммен санасқан?!

Бетіме ызғар беттей ме,

Тұрғанда өрттей тұтап мен.

Айқасқа шықсам жетпей ме,

Жалғыз-ақ палуан кітаппен, – деп өлең дауылын бұрқыратып, көкірегіндегі жалынға өзі де өртеніп, оқырманын да өртеді.

36 жасында, нағыз кемеліне келіп, шабытының буырқанған тұсында аяқ астынан опат болды. Өлеңіне ғашық жұртына орындалмас арман мен өзек күйдірген өкініш арқалатып кете барған ақынның өлеңдері – өміршең. Өзі айтқандай, «жалғыз-ақ палуан кітаппен» бәрін жықты Меңдекеш! Жұрты оны ұмытпақ емес.

«Атырау» газетінің 95 жылдығы. Бұл тұтас бір ғасырмен тұстас жылдар… Алапат буырқанысқа толы алмағайып кезеңнің тұтас жылнамасы… Бұған біз аға ұрпақ өкілдерінің, журналистикадағы «арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» болған қайыспас қара нарлардың еңбегінің арқасында жеттік. Баршасының рухына бізден тағзым!..

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*