МӘУЛІТ АЙЫ МҮБӘРАК БОЛСЫН!

aimanЖаратқан Аллаға сансыз мақтаулар, ардақты елші Мұхаммедке (с.ғ.с.) салауаттар болсын!

Расында да, Алла тағаланың адам баласына берген нығмет-несібелері шексіз. Оны санап та тауыса алмайсың. Құран Кәрімде: «Алланың нығметін санайтын болсаңдар, санына әсте жете алмайсыңдар» делінген («Ибраһим» сүресі, 34-аят). Осы нығметтердің ең үлкені – біздерге дұрыс жолды көрсету үшін өз арамыздан таңдап алынған пайғамбарлар мен олар арқылы келген иләһи кітаптар. Бұл тұрғыда Алла тағала былай дейді: «Уа, адамдар! Сендерге Раббыларыңның тарапынан бір үгіт, жүректегілерге шипа, сенушілер үшін тура жол және рақым (мейірім) келді». «(Мұхаммед с.ғ.с.): Олар Алланың кеңшілігі мен мәрхаметінен болған. Сол үшін олар қуансын…» («Юнус» сүресі, 57-58 аяттар). Сондықтан, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) осындай нығметтің қадір-қасиетін білуді, оған шүкір етуімізді насихаттады. Сонда Пайғамбарымыздан дүйсенбі күнгі тұтылатын (нәпіл) сауап ораза жайында сұралғанда, ол (с.ғ.с.): «Ол күні мен туылғанмын. Әрі уахидің маған түсіріле бастаған күні» деп жауап берген болатын (Муслим, Ораза 1162).

Қасиетті Құран Кәрімдегі: «Расында сендерге іштеріңнен ардақты бір Пайғамбар келді, сендердің қиналуларың оған ауыр тиеді. Сендерге өте ынтық, мүміндерге өте жұмсақ, ерекше мейірімді» (Тәубе сүресі, 128 – аят) деген аятты келтіре отырып, Мәуліт күні – жер мен көк нұр шашқан пайғамбарлардың сардары хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.)-ның дүниеге келген күні, Құдай тағаланың рақымын молынан жаудырған тарихи күн. Мәуліт (арабша) – қазақша «туылған күн» деген мағынаны білдіреді. Мәуліт айы, бүкіл әлемге рақым жасау ретінде жіберілген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дүниеге келген айы. Ғұламалардың айтуынша, Рабиул-әууәл айының 9-ы күні, кейбір ғұламалар 12-сі күні деп есептейді.

Биылғы жылы Мәуліт айы қаңтардың екінші жұлдызында кіріп, ақпан айының екісіне дейін жалғасады. Ал, Мәуліт күні қаңтар айының 12-сінен 13-іне қараған түнге сәйкес келіп отыр. Пайғамбарымыздың туылған күнінде салауат айтып, сол күнде болған оқиғаларды еске түсіру керек. Салауат айтуды Мәуліт айында ғана емес, күнделікті өмірімізде де Пайғамбарымызға айтып отырғанымыз жөн. Аллаһ тағала Құран Кәрімде: «Расында Алла және Оның періштелері пайғамбарға салауат айтады. Уа, иман келтірген мүминдер! Сендер де оған салауат айтып толық мойынсынушылықпен салауат айтып, сәлем жолдаңдар», – деп бұйырады (Ахзаб сүресі, 56-аят).

Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қызы Фатимаға (р.а.): «Адамдардың ішіндегі ең сараңы кім деп ойлайсың?» – дейді. Фатима (р.а.) анамыз: «Алла берген дәулеттен садақа бермейтін адам»,–деп жауап береді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жоқ, менің атым аталған жерде маған салауат айтпағандар ең сараңдар!» – дейді. Сондықтан, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Мұхаммед, Мұстафа, Ахмад  деген есімдері аталған уақытта «Саллаллаһу аләйһи уә сәлләм» деп салауат айту – әрбір мұсылманның міндеті болып қала бермек.

Сол үшін «Уа, Мұхаммед! Саған сансыз салауат болсын!» деп Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туылған күнін еске алып, ол күндері салауат айтсақ, әрине, сауапқа кенелеміз.

Аллаға шүкір, тәуелсіздігіміздің туы желбірегеннен бері еліміздің барлық аймақтарында жыл сайын Мәуліт мерекесін атап өту үрдіске айналды. Ақ жаулықты әжелеріміз бен ақ сақалды аталарымыз, қала берді, жастарымыз да шын ықыластарымен дәстүрлі түрде қарсы алып келеді.

Ислам ғұламасы Жәләлуддин Суюти (р.а.): «Шамайлдың шархы болған «Уасаил» деген кітабында айтады: Бір үйде немесе мешітте Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мәуліті оқылса, сол үйдің немесе мешіттің адамдарын періштелер орап алады, олардың барлығына Аллаһ тағаланың рақымы болады және олар нұрменен оралады. Себебі, періштелер Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) мәуліт оқығаны үшін ол адамға салауат айтып тұрады»,-дейді.

Ендеше, барша атыраулық мұсылман халқын осы қасиетті Мәуліт  айының мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Аллаh тағала мемлекетіміздің тұғырын тік ұстап, ауызбіршілігімізден айырмасын.

Батыржан МАНСҰРОВ,

ҚМДБ-ның  Атырау облысы бойынша өкілі және   

«Иманғали» орталық мешітінің бас имамы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*