МАРЖАН ЕРШУ: «МАҚСАТЫМ – АСЫЛДАРЫМЫЗДЫ БОЛАШАҚҚА ТАНЫТУ»

 

– «Ақындар провинцияда туып, Парижде өледі» деген әлімсақтан келе жатқан сөз бар. Бұл сөз талант өсу үшін, көркею үшін «Астана керек» деген мағынаны меңзеп тұрғандай.

Қазақ халқынан шыққан өнерпаздардың мықтылығы соншалық скрипканы да, фортепианоны да еуропалықтардан кем орындамайды. Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрі Еуропаға барғанда, бүкіл зал орнынан тұрып, «автор» деп қол соққан ғой. Құрманғазының бұл өмірде жоқ екенін естігеннен кейін ғана тынышталып, «Құрманғазы қандай консерватория бітірген» деп сұраған. Дала консерваториясын оқыған Құрманғазы бабамыздың даңқы қазақтың абыройына айналғалы қашан. Қазақ тіпті вокальдық жағынан әнші халық саналатын итальяндықтардың өзінен озып шықты.

Озып шығып, феномен атанған, Гиннестің рекордтар кітабына енген даңқты жерлесіміз Ерік Құрманғалиев емес пе?! Кеңес Одағында ол «орыс әншісі» боп саналды және Мәскеу үшін үлкен мәртебе болды. Себебі, Ерік Құрманғалиевтың дауысындай дауыс әлемде жоқ болған. Сондықтан да, ол бағалы. Өнері озық, мәдениеті жоғары дамыған елдер Ерік Құрманғалиевты көкке көтерді. Даңқын аспандатты. Менің «Ерік Құрманғалиев» атты кітабым талант табиғаты, талант тағдыры, талант трагедиясы, талант және қоғам деген сұрауларға жауап береді. Оқыңыздар дегім келеді.

Болашақта Ерік Құрманғалиев туралы деректерді толықтырып, қазақ- орыс-ағылшын тілінде кітап шығарғым келеді. Дүние жүзіне белгілі түрколог-ғалым Қоңыр Иштван Мандокидың жұбайы Айша Мақсымқызы апамыз кең Жылыойдың қызы ғой. Ол жақында Астанаға келген. Түркі академиясы Қоңыр Иштван Мандокидің жеке кітапханасын сатып алған екен. Ғалымның жеке кітапхана қорында әртүрлі тілде жазылған 16 мың кітап Астана төріне келді. Сол шарада Мажарстан делегациясының құрамында болған Айша апаммен кездестім. Ерік Құрманғалиев туралы кітабыма ол кісі қатты қуанды. Мажарстаннан келген өкілдер Ерік Құрманғалиевтың кезінде Будапешке келгенін, концерттерінің аншлагпен өткенін баяндап, әйгілі әнші туралы деректер ол жақта бар екенін айтып, маған шақырту жіберетіндерін жеткізді. Тіпті бұл кітабымды мажар тіліне аударуға ықылас танытты.

Сондай-ақ, жақында Қызылорда облыстық әкімдігі мен «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымы ұйымдастырған «Қорқыт Ата мұралары – Түркі халықтарының рухани қазынасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысып, «Ақындардың атасы – Қорқыт» тақырыбында баяндама жасаған едім. Конференцияға Олжас Сүлейменов қатысып, сөз сөйледі. Түркітілдес мемлекеттердің әдебиетші-өнертанушы ғалымдары келелі кеңес құрған жиын болды. Кітабымның бес-алты данасын өзіммен ала барғанмын. Әр елден келген ғалымдар, музыканттар да Ерікті танып, кітабыма қуанып, алғыстарын айтып жатыр. Олжас аға да: «Жақсы кітап екен» деп жылы лебізін білдірген еді.

– Шымкентте Алты алаштың ардақтысы, ұлт мақтанышы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың 120 жылдығын атап өту мақсатында ұйымдастырылған «Ақсүмбеден ұшқан аққанат ақсұңқар» атты республикалық ақындар мүшәйрасында бас жүлде алыпсыз. Сұлтанбек Қожанов атындағы медальмен марапатталыпсыз?

– Шымкентте Ханбибі Есенқарақызы деген елге белгілі ақын апамыз тұрады. Онымен жиындарға барғанда кездесіп, жақсы араласып кеткен едім. «Шымкент деген жерді көрмедім» деп едім, ол кісі ағынан жарылып, «Көрмесең келіп кетсеңші» деді. Сәті түсіп, Шымкент жерінде болдым.

Ханбибі Есенқарақызы – ақпа-төкпе ақын. Әрі Фариза апамыз сияқты өткір тілді, мінезді адам екенін білетінмін. Үш күн қонақ болсам жетер, қайтарға да жол билетімді алып қойсам ба екен деп ойладым. Бірақ бұл қылығыма апам: «от ала келдің бе деп ұрсып жүрер, билет табылар»,- деп жолға шықтым. Ханбибі апам жақсы қарсы алды. «Ханапа, мен қанша күн болам»,- дедім барған күні. Апам күліп: «Қара дауылым көтерілгенше боласың»,- деді. Төрт-бес күнге мәдени бағдарлама ұйымдастырып қойған екен маған арнап. Шымкентке түнде барғам пойызбен. Ертесіне таңғы сағат 08.00-де «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының таңертеңгілік бағдарламасына тікелей эфирге шықтым. Одан кейін Сайрам ауданына жол жүріп кеттік. Бұл жерде тарихи орындар көп екен. Одан кейін Қазығұрт, Өгем тауларына сапар шектік. Шаян, Созақ, Ақсүмбеге дейін жол жүріппіз. Осы сапар барысында мүшәйраға қатысып, жүлде де алдым. Жаңа жырлар да жазылды. Оңтүстік жерінің ғаламатын Ханбибі апай арқылы сезіндім. Сонымен Оңтүстіктегі сапарым он күнге созылды.

– Қазіргі таңда шығармашылықта немен айналысып жүрсіз? Бүгінгі зерттеу жұмыстарыңыздың кейіпкері кім ?

– Жақында жазып бітірген поэмам «Ораз би» деп аталады. Ораз би Тәтеұлы – 1854 жылы Арал өңірінде дүниеге келіп, Торғай облысы Ырғыз уезінде Алаш идеясына қызмет еткен адам. Алаш ардақтылары – Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовпен жақын араласып, сыйласқан. Ахмет Байтұрсыновтың ақыл-кеңесімен Ораз би Ырғыз, Шалқар жерінде мектептер ашқан. Алаш қозғалысының саяси ұстанымдарын жариялап, зор ағартушылық рөл атқарған «Қазақ» газетіне демеушілік көмек көрсетіп, ақша аударып тұрған. «Қазақ» газетін шығарушылар Әлихан, Ахмет, Міржақып сияқты ұлт көсемдері болды ғой. Ораз би Тәтеұлы – ұлттық денгейде қайраткер ретінде танылмай келе жатса да, Торғай өңірі, Қызылорда, Қазалы, Арал бойы, Батыс Қазақстан аймағына жақсы таныс, ел басқарған болыс, туралықпен аты шыққан атақты би, қара сөздің майын тамызған шешен.

Ораз би Тәтеұлының үлкен портреті Санкт-Петербургтегі Эрмитажда ілулі тұр. Алаш арыстарының бірі Ораз би Тәтеұлы туралы деректер Ресей мұрағаттарында сақталынған екен. Әр жылдары баспасөз бетінде жарияланған портреттік мақалалар болмаса, алаштанушы, тарихшы, әдебиетші ғалымдар тарапынан Ораз би Тәтеұлы жеке зерттеу объектісіне айнала қойған жоқ.«Ақынның бір парызы – тарихты, тарихи тұлғаларды жырына қосып, ел жадынан өшірмеу» деген әлімсақтан келе жатқан сөз бар. «Ораз би» поэмасында оның көркем әдебиеттегі бейнесін сомдағым келді. Ел ішінде «Ораз бидің шешендігі», «Ораз бидің шешімі», «Ораз бидің айтқаны», «Ораз бидің жауабы» деген оқиғалы әңгімелер көп сақталған. Мұның өзі Ораз бидің әділ би, көмекейі бүлкілдеген жорға шешен болғандығын көрсетеді.

Бір сұхбатыңызда драма жазып жүрмін депсіз. Ол драмаларыңыз неге жарыққа шықпай жатыр?

– Атырауда Махамбет Өтемісұлы атындағы драма театрымыз бар. Осы театрымыз отыз жылдан бері Қадыр Мырза Әлидің «Жаралы жолбарысын» сахналап келеді. Осы театрға арнап, жаңаша көзқараспен «Исатай – Махамбет» атты тарихи драма жаздым екі жыл бұрын. Бірақ әлі сахналанбай келеді. Бір сәті түсетін болар.

Жамбыл облыстық филармониясының тапсырысымен Айшабибі мен Қараханның махаббат хикаясы туралы «Махаббат туралы аңыз» атты мюзикл жаздым. Филармония директоры, саңлақ әнші Сәуле Жанпейісованың айтуынша, бұл мюзикл сахнаға шығуға дайындық үстінде.

Ерік Құрманғалиевтың нағашы жұрты Махамбет ауданында тұрады. Жоғарыда айтылған кітабымның тұсаукесері Махамбет ауданында да өтті. Махамбеттіктер: «Ерікті таныттың, енді Қаршыға Ахмедяровты қолға алсаң», – деп өтініш айтты.

Атырау – күйдің отаны. Домбыра – қазақтың жаны. Қаршыға Ахмедияровтың күйшілік өнері, болмысы киноға сұранып тұр. Кино түсірем деп бір кинорежиссер білек сыбанып шығар болса, мен Қаршыға Ахмедияров туралы киносценарий жазуға отырар едім.

– Композитор Болат Қоқаманов екеуіңіз бірігіп жазған «Атырау-арман» атты ән көпшіліктің сүйіп тыңдайтын туындысы десек, артық айтқандық емес. Бұл әнді Атырау қаласының әнұраны деп те танимыз. «Атырау-арманның» жарыққа шыққанына биыл 18 жыл толып отыр екен. «Әннің де естісі бар, есері бар» деп Абай атамыз айтқандай, есті ән азайып барады. Бұл туралы не айтар едіңіз?

– Рахмет. Бұл ән халықтық әнге айналып кетті. Есті ән болғандықтан шығар. Болат Қоқаманов – кәсіби композитор. Елде жүрген талант. Биыл мерейтойы екен. Ердің жасы елуге келіпті. Елуге Болат жай келген жоқ. Керемет шығармаларымен, әндерімен келіп отыр.

Болаттың он шақты әніне сөз жазғанмын. Ол әндер эфирде орындалып жүр.

– Оқырмандарымызбен алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз.

– Жазғандарым үш томдыққа жүк болады екен. Демеуші табылса шығар…

Атырауда өткен «Ерік Құрманғалиев» атты кітабыңыздың тұсаукесерінде жиналған халық шығармашылық кеш неге өткізбейсің, неге елге келмейсің деген сұрақтар қойды. Жайық бойында, Атырауда жеке әдеби кешіңізді ұйымдастыру жоспарыңызда бар ма?

 – Кешті өткізу ойымда бар. Алла қаласа өткізермін. Оған дайындық қажет, уақыт керек.

Ерік Құрманғалиев – қазақ даласының дарынды бір ұлы. Біздің мақсатымыз – осындай асылдарымызды болашаққа таныту.

Сұхбаттасқан

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*