«Марс»  операциясына қатысқан майдангер

Күні кешеге дейін құпия сақталып келген «Марс» операциясына (Ржев шайқасы) қатысқандардың бірі – Байғали  Бисенов, өмір жолы бір кітапқа арқау болатын тарихи тұлға.

%d0%bc%d0%b0%d1%80%d1%81-%d0%be%d0%bf%d0%b5%d1%80%d0%b0%d1%86%d0%b8%d1%8f%d1%81%d1%8b%d0%bd%d0%b0-%d2%9b%d0%b0%d1%82%d1%8b%d1%81%d2%9b%d0%b0%d0%bd-%d0%bc%d0%b0%d0%b9%d0%b4%d0%b0%d0%bd

Жиырмаға енді толған жас жігіт әскер қатарына 1941 жылдың аяғында шақырылды. Комиссариат жолдамасымен Оңтүстік Орал әскери округінің Сорочинск қаласындағы сержанттар дайындайтын курсына оқуға келген ол, көп ұзамай Уфа жаяу әскерлер училищесіне жіберіледі.

Осылайша, жау Сталинград, Ленинград қалаларын қоршап, жағдай қиындаған кезде, майдан даласына келеді. Бұл 1942 жыл еді. Ұрысқа Калинин майданында кіріскен кейіпкеріміз 53-армияның құрамындағы 348-атқыштар дивизиясының 1170-атқыштар полкі сапында бөлімше командирі болады. Бұл кезде Калинин майданының әскери құрамаларына қорғаныс ұрыстарын жүргізу тапсырылған еді. Бірақ, жауға қарсы шабуылдар оқтын-оқтын ұйымдастырылғанымен, оң нәтиже бола қоймайды.

 

 

Сол себепті, майдан қолбасшылығы «Марс» операциясына кең түрде дайындық жүргізеді. Кейіпкеріміз Байғали Бисенов қызмет еткен 348-атқыштар дивизиясы Калинин облысы, Молодотуд ауданы аумағына бекініп, Урдом елді  мекені  бағытында шабуылдауға тапсырма алады.

Қарашаның 29-30-ы күндері бұлар немістердің «Ұлы Германия» дивизиясымен қанды шайқасқа түседі. Он бес сағатқа созылған ұрыс нәтижесінде дивизия Урдом елді мекенін жаудан толықтай босатады да, бұларға сол жерде қорғанысқа тұру тапсырылады. Осы ұрыстардың бірінде кейіпкеріміз ауыр жарақаттанып, Мәскеу түбіндегі №193 эвакогоспитальда 1942 жылдың 10  наурызына дейін емделеді. Кейін Калинин майданына оралады.

Старшина Б.Бисенов 158-атқыштар дивизиясының 323-дербес танкке қарсы зеңбірек дивизионына қосылып, жорық жолдарын жалғастырады. Сөйтіп, Ржев доғасындағы шабуылдау операцияларының бел ортасында жүріп, 288 елді мекенді жаудан азат етуге қатысады.

Тамыз-қазан айларында дивизия Белоруссияның Витебск облысы аумағына кіріп, Лиозно қаласы үшін ауыр шайқастар жүргізеді. Жау кейін шегінсе де, олардың бекіністерін алу оңайға соқпаған еді. Сөйтіп, Байғали Бисенов қызмет еткен 158-дивизия 8 қазан күні қалаға басып кіріп, жауды талқандайды.

Әлбетте, бұдан кейін де дивизияға тапсырма күшейтіледі. Қараша айының алғашқы күндері дивизияға көптеген елді мекендерді жаудан азат ету жүктеледі. Тым көп шығынды талап еткен шайқас бір айға созылады. Осындай жауапты кезеңде Лиозно ауданының Поречке деревнясы маңындағы кескілескен ұрыста оқтың астында жүрген Байғали Бисенов батарея жауынгерлерін  ыстық тамақпен үздіксіз қамтамасыз етеді. Және жау оғынан жараланған төрт жауынгерді қару-жарағымен бірге ұрыс даласынан алып шығып, санитарлық бөлімге жеткізеді. Осы ерлік іс-қимылдары үшін ол «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Мұрағат деректерінде, немістердің Шығыс Пруссия жеріндегі тобына қарсы ұрыста оқыстан жараланған командирдің міндетін  шұғыл қолға алып, жау шебін бұзып өтуге жағдай жасағаны үшін Байғали Бисеновтің «ІІ дәрежелі Отан соғысы» орденін таққаны айтылады. Осы ұрыста взвод командирінің міндетін атқарған Бисеновтің өзі жаудың екі солдатының көзін жойып, төртеуін тірілей тұтқындаған екен.

Елге оралғаннан кейін  Доссордағы №19 қолөнер училищесі директорының оқу-өндірістік  істері жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалды. Бірер жылдан соң Ленинград қаласындағы Жоғарғы сауда мектебін аяқтап, жаңадан құрылған «Маңғышлақмұнайбарлау» тресі жұмысшыларды жабдықтау бөлімінің бастығы лауазымына тағайындалады.

Мұнайлы аймақтағы сауда ісін бір жолға қоюда да оның қолтаңбасы сайрап жатыр.  Алпысыншы жылдары Маңғыстау, Форт Шевченко аудандары Гурьев облысының қарамағында болатын.  Принципшіл басшы сауда ісін дұрыс жолға қоя білді.

Ел басына  күн туған сындарлы кезеңде Отанымызды  қорғап, бейбіт  заманда өңірдің әлеуметтік, экономикалық дамуына зор үлес қосқан Байғали Бисеновтің туғанына биыл тоқсан бес жыл толып отыр. «Ерлік – ұрпаққа ұран, елдікке мұра» десек,  бір көшені ардагердің атымен атау парыз. Себебі, біз «ер есімі – ел есінде» деген тәмсілге ұйыған халықпыз.

Баян АТАЙМАНҚЫЗЫ.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*