МАҚСАТ ПЕН МҮДДЕ ТОҒЫСЫ

 

– АМӨЗ – біздің аймақтағы ежелгі, әрі ең ірі кәсіпорындардың бірі. Қазіргі өндіріс қуаттылығы, өңдеу тереңдігі қандай?
– Атырау мұнай өңдеу зауытының өндірістік қуаты жылына 5 миллион тоннаға дейін мұнай өңдеуге есептелген. Соңғы жылдардағы зауыттың жылдық мұнай өңдеу көрсеткіші 4 миллион 400 мың тоннадан кем емес. Мұнай өңдеу жоспары ҚР Мұнай және газ министрлігімен бекітіледі. Мұнай өңдеу тереңдігі 65,4 пайызды құрайды.
– Шығарылып жатқан өнімдердің ассортименттеріне тоқталсаңыз?
– Зауытта жиырмаға жуық мұнай өнімі өндіріледі. Зауыттың басты міндеті – сапалы экологиялық таза отын өндіру. 2008 жылдан бері әлеуметтік маңызды мұнай өнімдерінің өндіріс көлемі мен қарқыны өсті. Жалпы көлемдегі жоғары октанды бензиннің үлесі (14%-дан 34%-ға дейін), экологиялық таза дизель отынының үлесі (13,0%-дан 60%-ға дейін) артып, қоспалы авиакеросиннің өндірісі жолға қойылды.
– Қандай инвестициялық жобалар іске асуда? Солардың арасынан құрамына қытайлық «Синопек Инжиниринг», «Марубени корпорейшн» және «ҚазСтройСервис» ААҚ кіретін консорциумның бүгінгі күнгі аяқ алысы туралы кеңірек тоқталсаңыз.
– Қазақстан Республикасының Үдемелі индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында Атырау мұнай өңдеу зауытында «Ароматикалық көмірсутектер шығару кешенінің құрылысы» жобасы аяқталуға таяу. АМӨЗ-ын жаңғыртудың соңғы кезеңі болып саналатын «Мұнайды тереңдетіп өңдеу кешені құрылысы» жобасын жүзеге асыру бастауын алды. Атырау мұнай өңдеу зауытын жаңғыртудың үш кезеңі де зауыт активіне иелік ететін «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ және «ҚазМұнайГаз – қайта өңдеу және маркетинг» АҚ-ның қолдауымен іске асып жатқандығын айта кеткен жөн.
Ароматикалық көмірсутектер шығару кешені Қазақстан Республикасының Үдемелі индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының Атырау өңіріндегі алғашқы қарлығашы десек те болады. Қазақстандағы баламасы жоқ бұл кешен іске қосылғаннан соң әлемдік экологиялық талаптарға сәйкес келетін жоғары сапалы мұнай өнімдерін шығаруға мүмкіндік тумақ. Сондай-ақ, Атырау мұнай өңдеу зауытында жылына тазалық кепілдігі 99,9 пайыз болатын 133 мың тонна бензол және 496 мың тонна параксилол өндірілетін болады. Айта кетерлігі, ASTM стандартына сәйкес параксилолдың тазалығы 99,7 пайызға тең. Бұлар – мұнай химиясы үшін шикізат болып саналатын қосылған құны жоғары өнімдер. Бензол-полистирол өндірісіндегі негізгі шикізат, ал полистирол полиэтилентерефтал өндірісінде қолданылады. Осы өндіріс іске қосылса, Қазақстанда мұнай химиясы өндірісінің бірегей тізбегі қалыптасып, еліміз бұрынғыдай тек шикізатпен емес, дайын өніммен шығатын болады.
Зауытты қайта жаңғырту барысында мұнай өнімдерін сақтау мен тасымалдау үшін қазіргі заманғы герметикалық жабдықтарды қолданумен қатар, қоршаған ортаға әсерді мейлінше азайту бағытындағы оңтайлы инженерлік шешімдер басшылыққа алынды.
Салынып жатқан кешеннің технологиялық сызбасының икемділігін де айтып өткен жөн. Ішкі нарықтық автобензинге және мұнайхимия шикізатына деген сұранысына орай кешен отындық немесе мұнай химиясы нұсқасында жұмыс жасай алады. Отындық нұсқада барлық компоненттер жоғары октанды маркалардың үлесін арттыра отырып автомобиль бензинін өндіру процесіне тартылмақ.
Сонымен қатар, АМӨЗ-нда «Мұнайды тереңдетіп өңдеу кешені құрылысы» инвестициялық жобасы іске асырылуда. Бұл үшін әлемдегі іргелі компаниялардың лицензиялар портфелі таңдап алынды (француздық «Axens» компаниясы американдық «UOP» компаниясы).
2011 жылдың соңында «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС мен құрамына қытайлық «Sinopec Engineering”, жапондық «Marubeni Corporation» компаниялары және «КазСтройСервис» ҰМҚК АҚ кіретін Консорциуммен арада Мұнайды тереңдетіп өңдеу кешені құрылысының «түбегейлі тапсыру» Шартына қол қойылды.
Кешен жылына 2 миллион 400 мың тонна шикізат өңдеуге есептелген. Мұнайды тереңдетіп өңдеу кешені тереңдігін 85 пайызға жеткізуге мүмкіндік береді. Жоғары октанды бензин өндірісі қазір жылына 600 мың тонна болса, болашақта бұл көрсеткішті 1 млн. 743 мың тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік туады. Дизель отынының өндірісі жылына 1 млн. 400 мың тоннаға дейін артпақ.
Бұл жоба бойынша «Sinopec Engineering Group ” компаниясы жобаның жалпы жүзеге асуына жауапты болса, «Marubeni Corporation» компаниясы Жапон Халықаралық Ынтымақтастық банкі арқылы қаржыландыруды ұйымдастырып, сатып алу, логистика жұмыстарына қатысады. «ҚазҚұрылысСервис» ҰМҚК АҚ құрылыс жұмыстарына қатысып, «Sinopec Engineering Group» компаниясының жетекшілігімен жергілікті сатып алуларды жүзеге асырады.
– Тағы да қандай маңызды жобалар бар?
– АМӨЗ-нда басқа қандай маңызды жобалар іске асып жатқандығын айтқан дұрыс болар. Өйткені, сол жобаларды жүзеге асыру үшін келісім-шарттар жасалады. Биылғы жылы мұнай коксын қыздырып шынықтыру қондырғысын қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Мақсат – қондырғы өнімділігін арттыру. Осы жобаны жүзеге асырғаннан соң баяу кокстеу қондырғысының қайта жаңғыртудан кейінгі жаңа 1 млн. тонна/жыл өнімділік жағдайындағы қалыпты жұмысы қамтамасыз етілмек (баяу кокстеу қондырғысы мұнай коксын қыздырып шынықтыру қондырғысы үшін шикізат өндіреді). Сондай-ақ, түтін газдарын күл шаңы мен күкірт диоксидінен тазарту, телескопиялық жүйені енгізудің арқасында кокс шаңын болдырмау сынды іс-шаралардың арқасында қоршаған ортаға әсер азайтылмақ. Коксты шынықтырудың жаңа технологиясын енгізудің нәтижесінде өндіріске жұмсалатын энергетикалық шығын төмендемек.
– АМӨЗ тарапынан қоршаған ортаға келер зиян бар ма? Болған жағдайда қандай заманауи технологиялар қолданылады?
– Статистикаға сүйенсек, атмосфералық ауаның ластануына автотранспорттың қосар «үлесі» зор. Бұл, әрине, еуропалық стандарттармен салыстырғанда кемшін түсетін отандық мотор отындарының сапасына да байланысты. Қолданылған газдардың улылығын төмендететін түрлі жолдар бар, әлемдік тәжірибе дәлелдегендей, солардың ішіндегі оңтайлысы – экологиялық сипаты жетілдірілген отынды тұтыну.
Елдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықаралық сапа стандарттарына сәйкестендіру, отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметі тарапынан өндірілетін автомобиль отындарына қойылатын экологиялық талаптарды нығайту бағытында нақты қадамдар жасалуда.
Батыс аймақта бұл мәселені шешу ісін ең алдымен экологиялық таза отын өндіруге бағытталған қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатқан Атырау мұнай өңдеу зауыты қолға алды.
Қайта жаңғыртудың бірінші кезеңінің өзінде экологиялық көрсеткіштер біраз жақсарды. Мәселен, мұнай өңдеу көлемі 2002 жылы 2,3 млн. тонна болса, 2012 жылы 4,4 млн. тонна мұнай өңделген. Мұнай өңдеу көлемінің артуына қарамастан атмосфераға тарайтын күкіртті ангидрид 2005 жылы 3,5 мың т/жыл болса, 2012 жыл бұл көрсеткіш 0,3 мың т/жылды құраған; негізгі ластағыш шығарындылары – буландыру алаңына жіберілетін сарқынды сулардағы мұнай өнімдері 2002 жылы 144 т/жыл болса, 2012 жылы 2,4 т/жыл болған; фенол шығарындылары 2002 жылы 3,71 т/жылдан 2012 жылы 0,11 т/жылға дейін азайған; Жайық өзенінен алынатын су мөлшері 2004 жылы 10,3 млн. м3/жыл болса, 2012 жылдағы көрсеткіш – 4,77 млн. м3/жыл, мұнымен қоса ішкі өндірістік су айналым көлемі артты.
Өндірістің және аумақтың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында зауыттың шаруашылық қызметінде аммиак, тетраэтилқорғасын, құрамында марганец бар октан көтергіш қоспалар («Хайтек» типті), күкірт қышқылы тәрізді зиянды әрі улы заттар қолданыстан алынып тасталды.
Жүзеге асырылып жатқан барлық инвестициялық жобалар зауытта шығарылатын өнімдердің экологиялық сапасын арттыру, бағалы мұнай шикізатын тиімді пайдалану және өндірістің экологиялық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған. Қоршаған ортаға әсерді бағалау қорытындыларына сүйенсек, экологияға әсердің болжалды деңгейі нормадан аспайды. Сондай-ақ, жобаның инженерлік-техникалық шешімдері мен нысандарды орналастырудың нұсқасы ҚР экологиялық нормативтеріне сай және қоршаған орта мен адам денсаулығына әсерді төмендетуге мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысының «Біз ешкімге де тәуелді болмауымыз керек» деп баса ден қойып, назарда ұстап отырған маңызды объектілерінің бірі – осы зауыт. Сол себепті де, зауыттықтар Елбасының экономиканы әртараптандыру туралы тапсырмасын орындауды мақсат етеді. Мақсат пен мүдде тоғысқанда ғана нәтижеге қол жетері анық. Біз басшымен арада болған әңгімеден қолға алынған жанды істер мен тың ізденістердің барлығын байқадық. Ендеше, тиімді жетістіктер мен толымды табыстарға жетуде тек сәттілік тілейміз.

Ағиба ҚАТЕШОВА.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*