Мақсат айқын, міндет зор Атырау қаласы әкімі Нұрлыбек Ожаев баспасөз конференциясын өткізді

 Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев өңірлік коммуникациялар қызметіндегі баспасөз конференциясын бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін төл мерекесі – Байланыс және ақпарат саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен құттықтаудан бастады.

 Брифинг барысында шаһар басшысы облыс орталығының ағымдағы жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, халықты толғандырып жүрген сауалдарға жауап берді. – Атырау қаласы бойынша үдемелі индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде 87,8 млрд. теңгені құрайтын 30 жоба индустрияландыру картасына енгізіліп, оның ішінде, өткен жылы алты жоба іске қосылды. Тұрақты 635 жұмыс орны ашылды. Ал, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша Өңірлік үйлестіру кеңесімен несиенің пайыздық ставкасын субсидиялауға 8,7 млрд. теңгені құрайтын 28 жоба мақұлданып, 336 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жиырма бір мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері белсенді жұмыс жасап, 55 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр, – деді қала әкімі. Бүгінгі күні тұрғын үй құрылысын салу үшін жер учаскесін сұраған 72 901 адам кезекте тұр. Осы орайда, қала әкімі тұрғын үй салуға жер телімдері инфрақұрылымы толықтай жүргізілгеннен кейін заңға сәйкес берілетінін, бұл бағытта қалалық әкімдік тарапынан жүргізілген жүйелі жұмыстар өз нәтижесін беріп жатқанын баса айтты. Қазіргі таңда 2075 гектарды құрайтын 13 мыңдай жер учаскесіне 21 құрылыс жобасы жасақталып, оларды инфрақұрылымдармен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілді. Ағымдағы жылы Атырау қаласы мен қала аумағына қарасты елді мекендерде жалпы ұзындығы 50 шақырымды құрайтын 65 көшеге тас жол төсеу жұмыстары қолға алынуда. Сонымен қатар, Жұлдыз-1 ықшамауданындағы – үш, Балауса ықшамауданындағы он көшеге автокөлік жолының төменгі қиыршықты тасты бөлігі төселіп жатыр. Бұған қоса, Атырау қаласы мен қала аумағына қарасты елді мекендердегі жалпы ұзындығы 96,2 шақырымды құрайтын 145 көшеге ағымдағы жылы демеуші мекемелердің көмегімен жол құрылысын салу жоспарлануда. – Бұл жерде атап өтетін басты жетістік, биылдан бастап жаңа жол құрылыстарын салу кезінде жаяу жүргіншілер жолы мен жол белгілерін орнату толықтай ескеріліп, жүргізілетін болады. Бұдан басқа, қала көшелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаражат бөлініп, «ҚазақАвтоЖол» мекемесімен жөндеуді қажет ететін жалпы аумағы 8300 шаршы метрдің бүгінгі күні 1400-інде тиісті жұмыстар атқарылды, – деді қала әкімі Н.Ожаев. Баяндамадан соң қала әкімі журналистердің сұрақтарына жауап берді. – Атыраудағы апатты үйлердің жағдайы қалай шешілуде? – Тұрғын үйге мұқтаж адамдар бес санат бойынша қарастырылуда. Соның ішінде, жалғыз үйі апатты деп танылған 198 адам кезекте тұр. Оған қоса, жауын-шашын салдарынан қалыптасқан жағдайларды есептегенде мәселе күрделеніп отыр. Тозығы жеткен 28 көп қабатты, 27 ескірген үй мен апатты деп танылған 18 жатақхана бар. Былтыр мамыр айында болған жауын-шашын салдарынан 1121 үй зардап шекті. Осыған орай, 120 пәтер, 167 отбасына 67 млн. 384 мың теңге материалдық көмек бердік. Сондай-ақ, 40 үйдің тұрғынына өздерінің есебінен құрылыстарын жүргізуге қолдау жасадық. «Нұрлы шуақ» қоры арқылы да материалдық көмек көрсетілді. Ал, биыл наурыз-мамыр айларында болған жауын-шашын салдарынан төтенше жағдай жариялауға тура келді. Нәтижесінде, 957 үй зардап шекті, 33 үй құлады. Енді екі бағытта қолдау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Күні бүгінде 140 отбасына 130 миллион теңге материалдық көмек берілді. – Жуырда «Сарайшық» коммуналдық базарында өрт шыққаны белгілі. Енді олқылықтардың орнын толтыру үшін қандай жұмыстар атқарылуда? – Қала халқына әлеуметтік маңызды азық-түлік өнімдерін қолжетімді бағамен ұсыну мақсатында қазіргі заманауи үлгідегі жаңа технологиялармен жабдықталған «Сарайшық» коммуналдық базарында 305 сауда орны халыққа қызмет көрсетуде. Өкінішке орай, мұнда жақында төртінші блок өртке шалынды. Оның себебін анықтау мақсатында қазір Ақтөбе қаласынан келген арнайы зерттеу тобы жұмыс жасап жатыр. Қорытындысын алдағы уақытта хабарлайтын боламыз. – Нұрсая ықшамауданын электр қуатымен қамту мәселесі өзекті болып отыр. Осы жөнінде не айтар едіңіз? – Иә, кешегі жауын-шашын аталған ықшамауданның тұрғындарына қолайсыздық әкелгені рас. Көп қабатты 29 үй жарықсыз қалды. Су деңгейінің мөлшерден аса көтерілуі төрт трансформаторлық бекет жұмысына кедергі келтірді. Апатты жағдайды жеті бригада арқылы реттеуді қолға алдық. Қазір қала бойынша 67 бақылау көзі бар. Олардың мәліметінше, жер асты сулары орташа алғанда, 1 метр 7 сантиметрге көтерілген. Сондықтан, трансформаторлық бекеттер мұндай деңгейге лайықталмағандықтан, істен шыққан. Қазіргі таңда жобалаушы мекемелерге енді жер асты суларының көтерілу деңгейін ескеруді тапсырдық. – Жаңа ықшамаудандарды абаттандыру жұмыстары қалай жүргізілмек? – Бұл бағытта, ең бастысы, ағаш отырғызуды қолға алдық. Сонымен қатар, жазғы суару жүйелерін нақтылап, ағаштардың өсуіне жағдай жасауымыз керек. Биыл Ерік-Мостовой каналынан әуежайға дейінгі аумақта заманауи тамшылатып суару әдісімен жазғы суару жүйесінің құрылысын бастағалы отырмыз. Оның жалпы ұзындығы 44 шақырым болады. Сондай-ақ, гүлзарлардың аясын кеңейту, гүл отырғызу бағытында да қолға алып жатқан шараларымыз бар. – Масамен күрес мақсатында қандай шаралар қолға алынуда? – Биылғы жылдың бір жаңалығы – бұрын масаны улау жұмыстары тек қала ішінде жүргізілетін болса, енді шаһар маңындағы елді мекендердің барлығын дезинсекциялау ауқымына қосып отырмыз. Бұл мақсатта қала бюджетінен 130 миллион теңге қаражат бөлдік. Алайда, конкурстың қорытындысымен 71 миллион теңге бел-гіленді. – Қазір дренаждық жүйе бағытындағы жұмыстар жүріп жатыр ма? – Биылғы жыл Атырау қаласының болашағы дренажға байланысты екенін нақты көрсетіп отыр. Бұл бағытта зерттеу жұмыстарын жүргіздік. «Атыраугидрогеология» компаниясы арқылы Әлиев-Сатыбалдиев көшелері бойында пилоттық жоба негізінде жұмыстар атқарылды. Ол өзінің алғашқы нәтижелерін беріп те жатыр. Ақтөбе облысынан да гидрогеологтар шақырылып, Сарықамыс ықшамауданында пилоттық негіздегі жұмыстарды жасауда. Сонымен қатар, ресейлік, голландиялық мамандармен де келіссөздер жүргізілуде. Олардың да ұсыныстарын қарастырып, өзімізге тиімдісін, анықтаймыз. Былтыр қала іші мен маңындағы судың көп жиналатын аумақтарын анықтадық. Ондай 11 учаске бар. Оларға жобалық-сметалық құжаттар жасақтауға қаржы қарастырылуда. Болашақта жобалаушы мердігерді анықтау арқылы біз судың деңгейін бірқалыпты ұстау үшін жұмыстар жүргізетін боламыз. – Қоғамдық көліктердің жетіспеушілігі, аялдамалардың жоқтығы тұрғындар үшін үлкен мәселе болып отыр. Сонымен қатар, жолақының қымбаттығы да атыраулықтардың қалтасына соғуда. Осы мәселелер шешіле ме? – Қоғамдық көліктер аялдамаларының тұрғындар талабына сәйкес келмейтіні шындық. Келешекте аялдамалардың жобасын қарағанда біз заманауи, табиғи жағдайлардың барлығын ескеретін боламыз. Қазір жаңадан 17 ықшамаудан қалыптасты. Қаланың даму концепциясы бойынша, ең алдымен, жол құрылысын жүргіземіз. Негізінен, орталық көшелеріне басымдық беріп отырмыз. Қала аумағында отыз маршрут бойынша 326 автобус халыққа қызмет көрсетеді. Оның 19-ы – қаланың ішін, қалған 11-і облыс орталығы маңындағы елді мекендерді қамтиды. Былтыр «АйсТрансХолдинг» мекемесі жаңадан 70 автобус сатып алды. Диспетчерлік орталықты қалыптастырып, 250 автобусқа GPS қосу арқылы олардың жұмыстарын реттеу, тәртібін қарау, жалпы халыққа қызмет көрсету кестелері және жол ережелерін бұзу фактілерін тіркеуді тәжірибеге енгіздік. Ал, қоғамдық көлікте жолақыны төмендету бойынша, студенттерге бюджет арқылы қосымша төлемақы беріп отырмыз. Сондай-ақ, мердігер операторлар арқылы мектеп оқушыларын тегін тасу жөнінде келісіміміз бар. Ал, зейнеткерлерге елу пайыз жеңілдік қарастырылған. Қоғамдық көлікті жүргізуші операторлардың өз қаражаттары есебінен өтемақы төлеу бағытында орынды ұсыныстары түсуде. Бұл бағытта біз заңдылықтарға сәйкес бюджет есебінен қаржыландыру мәселесін қарастырып отырмыз. Нақты шешім шыққан соң бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарлайтын боламыз. – Әуежай мен теміржол вокзалы облыстың бас қақпасы болып есептеледі. Бірақ, осы екеуінің де сәулеті нашар. Хиуаз Доспанованың ескерткішін әуежай алдына орнатып, саябақ ашуға мүмкіндік бар ма? – Теміржол вокзалы мен әуежайдың қасбеті заман талабына сай келмейтіні рас. Заманауи дизайнға сай ұсыныстар беретін боламыз. Теміржол вокзалы «Қазақстан теміржолы» компаниясына қарайды. Өткен жылы жөндеу жұмыстары жасалды. Дейтұрғанмен, әлі де жетілдіре түсіру шараларын қолға алу керек. Әуежайға қатысты да ұсыныстарымызды береміз.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суретті түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*