МАХАМБЕТ ЖЫРЛАРЫНАН ҚУАТ АЛҒАН…

Мұнайлы астанада өткен бұл аламан дода 2009 жылдан бері Білім және ғылым министрлігі мен Атырау облыстық әкімдігінің қолдауымен, облыстық білім беру басқармасының ұйымдастыруымен жүйелі түрде жалғасын тауып келеді. Махамбет Өтемісұлы шығармаларын насихаттауға арналған республикалық шараға еліміздің 14 облысынан, Астана, Алматы қалаларынан жалпы саны 49 үміткер қатысты.

Шараны ашқан Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан республика бойынша өткізіліп отырған Махамбет оқуларының мәні мен маңызына тоқтала келіп, барша қатысушыларға сәттілік тіледі.

Биылғы  республикалық Махамбет оқуларында жылдағыдан өзгерістер бар. Әр өңірлерден келген үміткерлер мен мұғалімдердің, ата-аналардың ұсыныстарын ескеріп, қатысушыларды бағалайтын қазылар алқасының құрамына көрші облыстардан мамандар шақырылыпты. Әділқазылар алқасының төрайымы айтыскер ақын Жәниба Қарасаева болса, мүшелері құрамында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, белгілі режиссер Шапай Зұлқаш, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің оқытушысы, педагогика ғылымдарының кандидаты Бибігүл Қайыржанова, Ақтөбе облысынан Айгүл Бисекенова, Батыс Қазақстан облысынан Нұржан Сәбитов, Маңғыстау облысынан Айсұлу Мұқашева төрелік етті.

Байқау үш бөлім бойынша өтті. Қатысушылар «Ел құтқарар Ер едім…» деген бөлімде Махамбеттің, Мұрат Мөңкеұлының, Шернияздың, Фариза Оңғарсынованың өлең-жырларын жатқа оқыды. Махамбет күйлері мен Фариза Оңғарсынова өлеңдеріне жазылған әндерді орындау додасы «Ұлы арман» деп аталды. Оқушылардың өзінің шығармашылық қабілеті сынға түсетін сайыс «Тартынбай сөйлер асылмын» деген тақырыпта өтті.

Аламан барысында байқағанымыз, жарысқа қатысушылардың барлығы дерлік Махамбеттің 80 өлеңін, Фариза Оңғарсыновадан 200-250, Мұрат Мөңкеұлынан 20 және Шернияздан 20 өлең жаттап әзірленіпті.

Қазылар алқасы  сынға түсуші үміткерлерді кез келген жерден тоқтатып, сұрақтарын беріп отырды. Сол кезде бір сүйсінерлігі, үміткерлер берілген тапсырманы, яғни ақындардың өлеңдерін кез келген жерден бастап кетіп, жатқа білетіндерін дәлелдеді. Баға 10 балл жүйесімен белгіленді.

Шараның соңында әділқазылар алқасының ұйғаруымен, 1-бөлім бойынша бірінші орынға Жамбыл облысынан Ахай Мадияр, екінші орынға Оңтүстік Қазақстан облысынан Өмірбай Мұрат, Алматы қаласынан Мұхтар Жекен, үшінші орынға Ақмола облысынан Саяна Ибрагимова, Батыс Қазақстан облысынан Саят Әмірханов, Солтүстік Қазақстан облысынан Ербұлан Манап лайық деп танылды.

Екінші бөлім бойынша бірінші орынды Солтүстік Қазақстан облысынан Ғабит Ғафуров, екінші орынды ақтөбелік Гүлім Тельман, шығысқазақстандық Нұрлыбек Манапов, үшінші орынды Ақмола облысынан Бірлес Орал, Сұлтанбек Тәжіғалиев, маңғыстаулық Асылхан Амангелдиева иеленді.

Үшінші бөлім бойынша бірінші орынды Оңтүстік Қазақстан облысынан келген Балерке Әсілхан, екінші орынды атыраулық Елмұрат Ораз, Махамбет ауданынан келген Нұрлыбек Бағыт, үшінші орынды Алматы қаласынан келген Елназар Сағидолла, Батыс Қазақстан облысынан Азамат Бақиев, Ақмола облысынан Бергенбек Азатбек еншіледі. Ал, Бас жүлдені атыраулық Әділхан Жоламан (суретте) жеңіп алды.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.

Суретті түсірген А.АБДОЛОВ.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*