МАЙЛЫ ҚИЯН МАҚАТЫМ…

3 сәуірде облыс орталығында Мақат

ауданының мәдениет күндері өтеді

Қойнауы қара алтынға толы Мақат ауданының тарихы тым тереңде жатыр. Бір ғасырдан астам уақыттан бері мұнай өндіріліп келе жатқан аудан бүгінде Елбасымыздың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында белгіленген міндеттерді іске асыруға жұмылған. Бұқараның алдағы күнге деген ұмтылысы мен сенімі, тым-тәуір тыныс-тіршілігі, ауданда ашылған жаңа жұмыс орындары, сән-салтанат құрған ғимараттар осыны айқын аңғартса керек. 

 Жаңа белестер жарқылы 

Ел экономикасының басты локомотивіне айналған мұнайлы мекен соңғы уақытта кәсіпкерлікке кең өріс жасауымен де ерекшеленіп отыр. Жақсы өмір сүруге талпынған жеке кәсіпкер азаматтардың саны бүгінде 1389-ға жеткен. Өткен жылы ауданда тоғыз шағын бизнес орны ашылып, жаңадан сауда үйі, жазғы асхана мен монша, көлік жөндеу орталығының ғимараты және техникалық қызмет көрсету орталығы, бұдан бөлек бес азық-түлік дүкені іске қосылған. Осы кәсіпкерлік нысандарын ашу арқылы 16 адам тұрақты жұмысқа қабылданып отыр.

29 кәсіпкерге жалпы сомасы 90 миллион 400 мың теңге болатын жеңілдетілген несие берілген. Өндірісті өңірдің тұрғындары мемлекеттік бағдарламалар аясында шағын және орта бизнесті қолдау арқылы тың кәсіпкерлік жобаларды жүзеге асыруға бет бұрған. Сондай жандардың бірі, көптен жеке кәсібін  дөңгелентіп әкетуді ойластырып жүрген іскер әйел – мақаттық Сапура Қадырғалиева. Құс және қоян өсіру кәсібін қолға алу мақсатында ол аудандық жұмыспен қамту орталығына өтініш білдіріп, маусым айында 3 миллион теңге несие алған. Үй жануарларын  өсіретін орын белгілеп, оның ішінен қаз, тауық, қоян қораларын, бордақылау, қойма, шөп егу алаңы сынды бөлмелерге ыңғайлы орындар дайындаған. Ғимарат қажетті электр қуатымен, көгілдір отынмен, жылу жүйесімен, сумен толық қамтылыпты. Кәсіпкер ветеринар мамандардың кеңесіне жүгіне отырып, қояндар мен құстарға ветеринарлық емдеу шараларын уақытылы жүргізеді. 

Әлеумет әлеуетіне –  айрықша назар 

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, аз қамтылған, жартылай жетім – барлығы 2803 бала толықтай ыстық тамақпен қамтылған. Осы мақсатта аудандық бюджеттен 51 миллион 736 теңге бөлініпті. Ауданда 1086 адам жұмыс іздеуші ретінде тіркелсе, оның 782-сі қоғамдық жұмысқа жіберілген. 503 адам әртүрлі мекемелерге тұрақты жұмысқа орналасыпты.

Ауданның көптеген мекемелерінде мүмкіндігі шектеулі  113 адам тұрақты жұмыс жасайды. «Мейірім» және «Шапағат нұры» тігін цехтарында он төрт мүмкіндігі шектеулі адам тұрақты жұмыспен қамтылып, он бес адам қоғамдық жұмысқа тартылды. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында тоғыз  мүгедек оқытылды.

Аудандық денсаулық сақтау бөлімінің мәліметінше, Алматы қаласындағы протез–ортопедиялық орталығында мүмкіндігі шектеулі сегіз жан ем алып, қажетті протездік бұйымдармен  қамтамасыз етілген.Сондай-ақ, 135 мүгедек көмекші құралдармен қамтылса, Атырау, Ақтөбе, Алматы қалаларындағы оңалту орталығында 130 мүгедек жолдамамен емделіп келді.

Әлеуметтік қолдау бағытында «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының шеңберінде өткен жылы мұнайлы мекенге жұмыс істеу мақсатында келген он жас маманға 1 миллион 167 мың теңге көлемінде көтерме жәрдемақы төленсе, төрт жас маман – барлығы 11 миллион 112 мың теңгеге жеңілдетілген несие алу арқылы тұрғын үй алды.

 «Жұмыспен қамту» бағдарламасының үшінші бағыты бойынша, еңбекақыны ішінара субсидиялау арқылы 63 адамға республикалық бюджеттен 3 миллион 403 мың теңгеге әлеуметтік жұмыс орындары ұйымдастырылған. Өткен жылдың сәуір айынан бастап «Жастар тәжірибесіне» мекемелерден түскен сұраныстарға сай 139 жұмыссыз жасқа  14 миллион 051 мың теңге көлемінде қаржы төленген.

Аталмыш бағдарламаның екінші бағыты шеңберінде екі кәсіпкерге дизельдік-генератор және су сору қондырғысы сатып алынып берілді. Бұдан бөлек, өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында Мақат, Доссор кенттері және Бәйгетөбе ауылдық округіне 27 млн. 587 мың теңгеге ойын алаңшалары салынған. 

Саулықтың жайын ойлаған 

Тұрғындарға үш аурухана және екі фельдшерлік пункт қызмет көрсетеді. Онда 34 дәрігер және 199 орта медициналық қызметкер жұмыс жасайды.

Аудан әкімі Ерболат ОМАРОВТЫҢ айтуынша, өткен жылы өңірге тәжірбиелі үш  дәрігер маман келіп жұмысқа орналасып, тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Алайда, ауданға әлі де бес дәрігер жетіспейді.

Статистикаға сүйенсек, былтыр 727 сәби дүниеге келіп, ана өліміне жол берілмеген. Бірақ, сәби шетінеуінің сегіз фактісі орын алған.

– Астана және Алматы емханаларына квота арқылы 86 тұрғын жіберіліп, сауықтырылды. Аудандық аурухана ғимаратына 37 млн. 619 мың  теңгенің күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бүгінгі таңда толық көлемде аяқталып, іске қосылды.

Өткен жылы ауданға екі реанимобиль автокөлігі алынып, олар Мақат және Доссор жедел-жәрдем бөлімшелеріне берілді, – дейді аудан басшысы. 

Білімді ұрпақ – ел ертеңі

 

Өндірісті аймақта жалпы білім беретін тоғыз мектеп пен тоғыз балабақша бар. Онда 1243 тәрбиеленуші, 5011 оқушы білім алуда. 

– Бәйгетөбе ауылдық округіндегі 424 орындық Бәйгетөбе орта мектебінде 217 оқушы білім алып, қалған орындар бос болатын. Осы мектептегі бос орындарды тиімді пайдалану мақсатында білім ордасы мектеп-балабақша кешеніне айналдырылып, қосымша 100 бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылды, – дейді Мақат аудандық білім бөлімінің басшысы Ербол Ермағанбетов.

Аудан бойынша барлығы 750 педагог қызметкер жас ұрпақты сапалы білім беріп, тәрбиелеуде. Жоғары және І санатты мұғалімдер аудан ұстаздарының 37,5 пайызын құрайды. Бөлім басшысының баяндағанындай, биылғы оқу жылында 11-сыныпты 236 оқушы аяқтағалы отыр. Оның ішінде алты оқушы – «Алтын белгіге» үміткер.

Білім беруді дамытудың 2011–2020 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес, ауданның 97 мұғалімі жаңа формациядағы білім жетілдірудің үш айлық курсынан өткізілген. Сонымен қатар, аудан ұстаздары үшін Алматы, Ақтөбе, Орал, Атырау қалаларынан жоғары оқу орындарының лекторлары шақырылып, курстар ұйымдастырылуда. 

Өнерімен өрге жүзгендер 

«Дәстүрлі өнерді насихаттауда үлесін қосып жүрген облыстық байқаулардың жүлдегері, әнші, әуесқой сазгер Алтай Сәрсенбаев, термеші Болатбек Сатыбалдиев, «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, әнші Кенжебике Төлебаева, Айсұлу Мантаева есімдері атап айтуға тұрарлықтай. Облыстық «Жастар» сыйлығының иегері, республикалық конкурстың жүлдегері, әуесқой сазгер Бақытбек Сартбаев, «Еділ мен Жайық» халықаралық  ән фестивалінің жүлдегері Жанат Утепова, облыстық ән байқауларының жүлдегерлері Жайдар Исказиева, Бекзат Мұхамбетжановтар да – аудан намысын асқақтатып жүрген өнерпаздар. Сондай-ақ,  айтыскер ақын Нұрбейбіт Нұғманов  та сөз патшасы – өлеңді өрнектеуде алдына жан салмайтын ақындар қатарынан», – дейді Мақат аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болат Ермеков.

Талай таланттар түлеп ұшқан өңірде мәдениетті насихаттап, өнерлерін көпшілікке ұсынып жүрген Мақат аудандық мәдениет үйі мен Доссор мәдениет сарайы ерекше атап айтуға тұрарлықтай. 400 орындық көрермен залы бар, Мақат мәдениет үйі ғимараты 2008 жылы  жаңадан тұрғызылған.

Өткен жылы ауданның 90 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде ұйымдастырылып, мекеме-кәсіпорындар арасында фестиваль, қарапайым тұрғындардың қатысуымен аламан бәйге, ұлттық спорттық ойындар өткізілді.

 – Облыстық деңгейдегі байқаулар мен фестивальдерді де біздің ауданымызда өткізу дәстүрге айналып келеді. Шәмші Қалдаяқов әндерін орындаушылардың облыстық байқауы, «Есіңде ме, сол бір кез» ретрофестивальдерімен бірге, облыстық ақындар айтысы ұйымдастырылды. Ауданымыздың өнерпаздары қашан да биік белестерден көрініп келеді. Мақтанышпен айтатын ұжымдарымыздың бірі де бірегейі – 1966 жылы Рыспай Ғабдиевтің жетекшілігімен құрылған Бүкілодақтық, Халықаралық конкурстардың лауреаты «Халықтық» ұлт-аспаптар оркестрі,- дейді Б.Ермеков.

 

Дерек  пен  дәйек 

Ауыл шаруашылығы 

· Өткен жылдың қорытындысы бойынша, аудандағы шаруашылықтың барлық меншік түрі бойынша мүйізді ірі қара малы  – 2168, қой-ешкі – 3786, жылқы – 482,  ал түйе  450 басты құрады. Яғни, алдыңғы жылдармен салыстырғанда қой-ешкі, жылқы малы 11,4 пайызға өсіп отыр. Бүгінгі күнде жұмыс жасап тұрған 12 шаруа қожалығы бар. 

Инфрақұрылым 

· Доссор поселкеcіндегі кәріз су жүйесінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

· Бәйгетөбе ауылдық округіне қарасты №402 (ПМС) елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, жобалау-сметалық  құжаттамалары жасақталды.

· Мақат, Доссор кентіндегі  көп қабатты тұрғын үйлердің төбе шатырларына  күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

· Өңірлерді дамыту бағдарламасы шеңберінде Мақат, Доссор кенттері және Бәйгетөбе ауылдық округіне 27 млн. 587 мың теңгеге ойын алаңшалары салынды. 

Кәсіпкерлік 

· Шағын және орта бизнес бойынша көрсетілген қызмет 5 миллиард 970 миллион 587 мың теңгені құрады. 1503 шағын бизнес субъект тіркелді. Өсім 120,1 пайызды көрсетеді. Жаңа тоғыз шағын бизнес нысаны ашылды.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз