КҮЙ-ДӘУРЕН

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басы еді. Онда қырда – Нарынның қызыл құмында жылқы бағып, шет қонған біздің үйге айына бір-екі рет орта қапшық газет-журнал, пошта келеді. Тізбелесең – аудандықтан бастап, облыстікі, республиканікі, әй, қойшы, бәрі бар. Дәл сол қыста анам ауырып, мен орталықтағы мектепке бара алмай қалдым. Соған сай үй маңында бір басыма жетерлік әжептәуір жұмыс болды. Ертеңгілік қорадағы төрт-бес сиырдың қиын алып, астын тазалау, он шақты қой-ешкі тағы бар. Одан қалса, қашықтығы үйден бір шақырымға жуық қызылтақтағы құдыққа әлгі малды айдап барып, суарамын. Күн ашық-жарық болса, ауыл сыртына жайылысқа айдаймын. Қайтарда сол құдықтан иінағашпен шүмпілдетіп екі шелек су алып қайтамын. Түстен соң тағы да сол жаққа сапар шегу мойнымда. Отын жару, кешкі малдың жатағын әзірлеу, алдарына пішен салу, тағысын тағылар жетіп артылады.

Осылардың арасында, не кешкісін шай мен еттің арасында майшамның жарығымен әлгі екі-үш аптада бір келетін газет-журналдарға үңілемін. Кейбірін әке-шешеме оқып беремін. Әкеміз жасы келген егде адам-ды, есту қабілеті төмен. Сонда да болса, менің жаңа басылымдарды оқып отырғаныма бағып: «Не жазыпты, өзге жерде не жаңалық?» дейтіні бар. Ондайда мен атыңнан айналайын, туған жер, өскен өлкеге деген бала көңіл, отаншылдық сезім бе, әлде таныс ауыл, таныс жан көзге ыстық көріне ме, әйтеуір ашқан басылымның бетінен әуелі өз ауылымызды, оның тірлігі, адамдарын іздеймін. Бір уақытта өзімізге бір табан жақын, әкемнің елден бөлек сыйлап, құрметтейтін қариясы Есқали көкемнің Алматыда тұратын ұлы – күйші Әзидолла жайлы барлық газет жабыла жазған мақалаларына көзім түседі. Ал келіп оқиын. Сосын Есқали көкемді еске аламын.
Шындығында, Есқали қарияның үйі біздікінен біраз шалғай – анау Айбас құмы жағында тұрады. Бірақ, кешегі отызыншы жылдары осы Дыңғызыл бойы, Сасықтау төңірегінде тұрса керек. Кейін Әлімғали атты ұлы үлкен қаладан мал маманы оқуын бітіргенде жолдаманы сол жаққа береді де, ата-анасы баласы артынан бірге кетсе керек. Әйтсе де, жүген-құйрығын түріп, жоқ болған Есағаң емес, күздіктің «қазанасы» мен қыс бастауындағы «омыртқасында» бір-біріне ат ізін салып, сәлем-сауқатымен қауқылдасып қалады. Бірде мынандай да жағдай болды. Қазақтағы «Қыз бен байталдың жүрмейтін жері жоқ» дегендей, сол бір жылдары Есқали қарияның үйірден айғыр қуып шығарған бір тайы біздің үйдің жылқысына келіп қосылыпты. Бұл хабар мал иесінің құлағына жетіп, әлгі тайды алып кетуге келді. Мезгіл мамыр айының соңы болатын. Мініс білмейтін, жетекке жүрмейтін, жападан жалғыз асау тайды алпыстан асып кеткен алдиярға алып жүру оңай болып па, әкем екеуі алысып жүріп, аяғын кең етіп өрелеп, алдына салып, қуып бара жатқаны көз алдымда. Сол кезде Есқали көкемнің басында біздің ауылда кездесе бермейтін қырғыздың ақ киіз қалпағы болды. Айыр қалпақ әдемі-ақ. Оның үстіне аққұбашаның сұлуы, сақал-мұрты күмістей қарияға аталған бас киім жарасып-ақ тұр. Сол қалпақ қуған тайдың артында қылтың-қылтың ағараңдап жоқ болды.
Есіме кеше кешкілік екі қарияның шай ішіп отырып: «Әлгі алысқа барып, қара домбырамызға алтыннан алқа таққан балаң қайда? Сол Алматысында ма, әлде Көриіпке келді ме?» деп біздің қария, «Жо… жоқ, сол Алматысында жүріп жатыр» деп қонақ, әңгімелесіп жатқаны бар. Жаспыз ғой, «Ондай да бола ма екен, қара домбыраға алтыннан алқа таққаны қалай? Алқаны жаны бар нәрсеге тақпай ма?» деген біртүрлі ой болған-ды. Сөйтсем, әлгі басылымдарда жарыса жазып, жамырай жариялағаны осы хабар екен. Оның анық-қанығын кейін, ес жиып, етек жапқаннан соң ғана білдік.
Әзидолла қурайына дейін күй есіп, қияғына дейін саз төккен құм Нарынның Дыңғызыл елді мекенінде дүниеге келді. Дыңғызыл – қалмақтың «дөңғызыл», яғни «биік шағыл» деген сөзі көрінеді. Ол кезде қазіргідей емес, аталған өңірдің әрбір үйінің керегесі басында қара домбыра ілініп, екінің бірі күй шалатын. Марқұм Есқали ақсақал өнер десе ішкен асын жерге қоятын, аң қағып, сұлу ат мінгенді жақсы көретін сері жан-ды. Ауылға атақты күйшінің бірі келсе, алдымен ат басын осы үйдің іргесіне іркіп, содан соң алыс-жақындағы сауықшыл жанның бәрі қызыл іңірден алакеуім таңға дейін Есекеңнің төрінен табылатын және ол бірер күн емес, екі-үш күнге ұласып, қараша үйдің түндігі күнде желпілдеп тұрушы еді. Сондай құрметке бөленгендердің басында Дина шешеміздің өзі болды. Содан соң атақты Игібай күйші. Тіпті, оны Әзекеңнің алғаш көргені әлі күнге есінде.
Астында сап-сары құйрықжалы төгілген тұғыр күрең аты бар қарияның үстіндегі сары түйе жүн шекпені мен екі құлағы жіберулі малақайы көгіс тартқан дөңгелек сақал-мұртына жарасып-ақ тұрады екен. Аттың үстіне шашақты күрең мақпал жабу жапқан. Күрең ат, күрең жабу, жабудың шашағы мен аттың жал-құйрығы да сары. Ал, оның үстіне мінген сопақ бет қарияның үстіндегі шапаны мен екі құлағы салбыраған жеңіл құлақшыны кәдімгі этнография мұражайындағы көне сурет, сол кездің тілімен айтсақ, «Батырлар жыры» кітабының безендіру суреттерінің біріне ұқсайды. Қолына домбыра алғанда әлгі қария жаңағы томаға-тұйық қалпын өзгертіп, ерекше қунап, шұнаңдап ала жөнелетін. Сол Игібай күйші Әзекеңе домбырадан біршама тәлім берді. Оның бір ерекшелігі, Нарын бойындағы көптеген күйшілердің өте сирек орындалатын шығармаларын нақышына келтіре жебейтін. Мәселен, бала Әзекеңнің Алматыға өз қолтаңбасында алып барған Құрманғазының «Балқаймақ», «Бұқтым-бұқтым» күйлерін осы Игібай үйретуіндегі қолтаңбада жеткізген.
Сондай-ақ, бала Әзидолланың бойына күй құдіретін дарытқан дәулескердің бірі – Тесік тамақ Сабыр еді. Ол Айбасқа ауылы аралас, қойы қоралас жатқан Ескі Үштаған, Шалқар бойының күйшісі. Көбіне атасы Құрманғазы мақамындағы жүрдек орындалатын адуынды күйлерді шертетін Сабырдың Әзидолланың орындау өрнегінде өнегесі мол. Аталған екі күйшіден туған ауылында сабақ алған Әзекең жалпыға ортақ орта білімді екі ауданның аумағынан игерді. Оның бірі – Құрманғазы мен Дина, Сейтектің орындаушылық мақамы басым Теңіз ауданы болса, екіншісі – күйшілік өнер дәстүрлік мектепке айналған Новобогат ауданы. Мұнда елуінші жылдардың басында жастар арасында күй өнеріне деген құштарлық аса қызығушылық қарқынмен дамыды. Әр ауыл, әр мектепте домбыра үйірмесі қалыпты жұмыс істеп, ансамбль, оркестрлер көбейе түсті. Міне, осындай ортада буыны қатып, шеберлігі қалыптасқан Әзидолла елуінші жылдардың басында Алматыға өнерде өзіндік соқпағын анықтаған шағында жетті. Бірақ, оны әкесі әу баста күй қуып, ел кезіп жүретін өнер адамы емес, сол кезде ауыл үшін таптырмайтын мамандық және жұртшылық арасында беделі жоғары мұғалім болса екен деген ойда еді. Осы мақсатпен баласын мектеп бітірген бойда Алматыға асырмай, әуелі ауыл маңында қалдырып, аудандық халық ағарту бөліміне орналастырды. Сонда тастай екі жылын өткізді. Құдайға шүкір, осы уақытта Әзекең жаңа мамандықтың қыр-сырын кәдімгідей үйреніп, меңгеріп қалған еді. Бірақ, ол үшін бәрібір домбырадан артық мамандық жоқ сияқты болып, Алматы, Ахмет Жұбанов деген есімді аңсады да тұрды. Ақыры, әлгі екі жылдық қызмет бір күнгідей болмай, Алатау аясына тартты да кетті.
Бұл барғанда әкесінің күнде аузынан тастамайтын Дина шешей тірі екен. Бірақ, қарттық жеңіп, әбден қалжырап жатқан қариямен кең ашылып, емен-жарқын сөйлесудің мүмкіндігі болмады. Әйтсе де мұның Есқалидың ұлы екенін естігенде «Е, оның кенже ұлы домбыра шалады деуші еді. Сен сол екенсің ғой. Кәне, «Қайран шешемді» тартшы» деді. Бұл ұлы күйшінің алдында қолына домбыра алуға қымсынып еді. Әбден қариялық жеңіп, таусылып жатқан ол: «Әне, менің домбырамды алып жебей бер» дегені.
Амал жоқ, әжейдің домбырасын қолына алды, дым салмағы жоқ, жеп-жеңіл қамыс аспап екен. Қағып-қағып жіберіп еді, қой ішекті қоңыр үн сөйлеп ала жөнелді. Тек құлақ күйін өз ыңғайыңа келтіріп, бастап кету ғана қалып тұр. Солай болды да. Бар білігінде бебеулетіп жатыр. Тіпті, әншейінде тез аяқталатын шығарма бұл жолы айылын да жияр емес, таусылмайды-ақ. Азар деп бітті-ау! Уһ…
– Ой, қайран Құрекем-ай! Қалай-қалай сөйлейді?! Жаным жадырады-ау! Мынау Игібайдың қолы ғой. Кімнен үйрендің?
– Сол Игібай атадан…
– Ой, шайтан бала, атаңнан аудырмай қапсың ғой. Өнерің өссін, бар, ана жақтан шай іш!
Әже осыны айтты да, теріс айналып аударылып түсті.
Арада аз уақыт өткенде кейуана дүние салды. Дина әжесін дәл қазір көріп отырса да, оның атына бұрыннан қанық-ты. Өйткені, күйші ананың қонысы мен Айбастың арасы анау айтқан қашық емес. Оның үстіне бұлардың ауылында күнделікті өмірлік тауарлар сататын аралас дүкен бар. Оған азық-түлік, киім-кешек, басқа да зат алу үшін күйші ана оқта-текте келіп тұрады. Сол кезде өнер атаулыға бейжай қарай алмайтын Есқали қария оны үйге ертіп кеп шай береді, күйін тыңдайды. Ол аз десеңіз, көршілерді шақырып, қазан көтеріп, жандық жаратады. Ал, сосын қалайша домбыра шертіп, күй шалынбасын? Бұл қыр қазағының қашанғы дәстүр-әдеті. Ондайда Жаңғала бойының атақты домбырашылары Игібай мен Тесік тамақ Сабырлар да келе қалып, орта толатыны бар. Сосын… Сосын таңға дейін домбыраға тыным жоқ, бірінен-бірі асып, күйдің жеті атасы шертіледі. Кеште Дина өзінің асқан дарындылығын көрсетіп, өткен жолғы осындай бір құрмада орындаған шығармасын осы отырыста тіпті басқа нұсқамен тартып немесе ой аяқталған бөліктерін басқаша шиырып, түйетін. Мұндай сәттерде күй өнерін кәдімгідей меңгеріп, енді бір тартқанда қағып алатын дәрежеге жеткен домбырашылар күй дүлдүлінің әлгі шабысына түсінбей қалып, дал болатын. Бұл Динаның кез келген өнерпазға күй алдырмайтын өзіндік тәсілі еді. Сондықтан, Динадан күй үйренем деген мінезді шеберлер болса, онда әуелі күйші ананың алдынан өтіп, рұқсатын алады. Содан соң ғана оның өз мақамында күй үйренеді. Бұл оның қашаннан бергі әдеті. Ал, Дина қағыстарында дәл нұсқасында тарта алатындар тек ол кісінің өз орындауындағы күйлер таспаға жазылып, қорға сақталғаннан кейін ғана шыға бастады. Әйтпесе, ол көбіне әлгіндей әдіспен талайларды шатыстырып кететін.
Сол жылы Әзекең консерваторияның халық ұлт аспаптары бөліміне емтихан тапсырды. Бірақ, тапсыруы қиын екен. Біреулер музыка училищесін бітіріп келген, екіншілері балалар музыка мектебін тауысқан, болмаса кеңес армиясы қатарында болып, кәдімгі ақ қаптал аттай оқуға түсуге толық негізі бар, сондықтан, олар Әзидолла сынды бар үмітті құдайға артып, не көрсек те маңдайдан деп қойып кеп кететіндер қатарында емес-ті. Бірақ, Әзекең жүрексінбеді, тапсырды. Абырой болғанда, сол емтиханыңды алатын аты күйші арасында аңызға айналған академик Ахмет Жұбановтың өзі екен. Батылдығынан биязылығы, ұр да жығынан ұяңдығы басым Әзекең аяғын санап басып алдына келгенде:
– Ал, шырағым, қандай өнерің бар, көрсетші, – деуі мұң екен, бұл домбырасының құлақ күйін тағы да бір байқап көрді де, өз репертуарындағы елде көбірек ойналатын дүниелердің бірін бастап кеп кетті. Әп дегеннен бебеулеп ала жөнелген адуын күйді тыңдап отырған академик, оның жанында отырған өзге де емтихан қабылдаушылар елең етіп, тына қалды. Ауылда әбден төселіп, талай қарияның талқысынан өткен бұл аяп жатқан ештеңесі жоқ, өзі үйренген тәртібімен безілдетіп жатыр. Әйтеуір, бір тоқтады-ау.
– Мынауың Құрекеңнің «Балқаймағы» ма? – деді Ахаң бұған оң көзін қыса қараған күйі.
– Иә, «Балқаймақ», – деді бұл.
– Кімнен үйрендің?
– Сабырдан…
– Тесік тамақ Сабыр ма?
– Соның өзі.
– Ғажап екен, бұл біздің әлі естімеген нұсқамыз. Тағы бір тартшы.
Бұл тағы да орындады. Бірақ, әлгіндей емес, батылдығы өсті ме, әлде қолы үйренді ме, әйтеуір алдыңғысынан жақсырақ тартқан сияқты.
– Тамаша! Әдемі екен. Тағы қандай күй орындайсың? – дейді Ахас.
– Құрекеңнің «Аман бол, шешем, аман болын» тартайын.
– Тәйт әрі, ондай да күй бар ма еді?
– Білмеймін, мен әйтеуір бұл күйді Игібай атамнан үйренгенмін.
– Игібай дейсің бе? Е… естуім бар. Жарайды, күйіңді орындай ғой.
Әзекең «Аман бол, шешем, аман болдан» соң Динаның «Өтті дәуренін», Ерғалидың «Бозащысын» бебеулетті. Олардың қай-қайсысы да өзіндік орындау өрнегі, өзгелерге қарағанда қағыстары да өзгеше шығармалар.
Аталған үш күйді орындап болғанда Ахаң атақты академик емес, құдды жас баладай елпектеп, Әзидолланың жанына жүгіріп келді. Тіпті, арқасынан қағып, «Өй, сенің өзің жердің жарығынан шыққан жоқсың ба, біз мына күйдің бірін де естіген жоқпыз ғой. Кәне, қайтадан тартшы. Бәлі, өзің қай жерденсің?» дейді.
Бұл қысыла, қымтырыла отырып, бәрін де айтты. Бір жағынан «Сен қайдағы құдайдың жоғын тартып отырсың, бар әрі» деп сынағынан құлатып тастай ма деп те қорқады. Бірақ күй абызы олай деген жоқ, қайта қуантты. «Оқуға түстің, айналайын! Түстің. Құтты болсын!» деді.
Әзидолла дәлізге жүрегі жарылардай қуанышпен шықты. Бірақ, онда күтіп тұрған ешкім де жоқ, жалғыз еді. Тіпті, ол сонау құм Нарыннан аудан орталығы Новобогатқа да жалғыз келген-ді. Одан Гурьев, Алматыға да ешкім ілескен жоқ. Оқуға қабылданды. Консерваториядағы бес жылда үш ұстаз сабақ берді. Олар – әйгілі Қали Жантілеуов, одан қалды Рүстембек Омаров, соңында Мәлгаджар Әубәкіров. Қай-қайсысы да күй құлағында ойнап, әр өңірдің орындау шеберлігін еркін меңгерген дарабоз дүлдүлдер. Мәселен, Қали Мәмен күйшінің мәнерін еркін меңгерген, ылғи философиялық тұрпаттағы шығармаларды орындаса, Рүстембек те төкпе күйдің тарланы. Әсіресе, оның орындауындағы халық күйі «Ақсақ құланның» өзі неге тұрады? Керек десеңіз, әлгі күйді әлі күнге Рүстембектей етіп ешкім де орындай алмайды. Ол жеке-дара! Ал, Мәлгаджар болса, Талас бойы күйшілік мектебінің шебері. Міне, осылардан тәлім алған Әзидолланың өзі де осал емес-ті.
1957 жылы Мәскеуде жас орындаушылардың Бүкілодақтық конкурсы өтетін болып, Әзидолла Есқалиев оған дайындықты бір жыл бұрын бастады. Конкурс шарты бойынша оған қатысушы әрбірінде үш күйден орындап, үш турдан өтуі керек және ойналатын дүниелер тек халықтық шығарма емес, кеңес композиторларының, сондай-ақ әлем классиктерінің туындылары болғаны дұрыс. Ал, оған лайықты дүниелерді таңдау – қиынның қиыны. Бұл ретте Әзидоллаға тек жоғарыдағы үш ұстазы емес, күллі консерваторияның марғасқалары көмекке келді десе де болады. Әлгі айтқан классикалық шығармаларды орындауда оны өзге өнерпаз фортепианода сүйемелдеуі керек. Ол қандай адам болады, шеберлігі жете ме, жоқ па?
Ақыры, айлар бойы дайындықтың шегі де жетті. Қазақстан намысын 28 жас қорғауы керек. Соның бірі – күйші Әзидолла Есқалиев, Мәскеу мемлекеттік университетінің үлкен залында көптен күткен конкурс басталды. Әуелі жеке аспапта ойнаушылар сахнаға шықты. Кезек кейпі әуелден моңғол бет, дөңгелек жүзді, тапалтақ азияттықтар емес, қысық көзі кәріске көбірек ұқсайтын, ұзын бойлы ақсары жігітке келгенде қазылар алқасы әуелгіде тіксініп қалғаны рас. Тіксінбегенде ше, бар-жоғы бір метр ұзын таяққа екі шекті тағып алып, одақтық конкурста бағымды сынаймын десе, тоқсан түймелі сырнай мен қырық басқышты күйсандықты бебеулеткен еуропалықтар не демек? Менсінбей қарағаны рас, тіпті өтіп шықсыншы дегендері де болды. Әйтсе де «Сарыарқа» сынды сұңғыла шығарманы дүниеге әкелген Құрекеңнің «Терісқақпайы» құйындатқанда бейне кең даланың апшысын қуырған арғымақ – өмір алға асығып, аспандап бара жатқандай болды. Қазылар алқасының бәрі алдарында адуын күш жұлқылап, ұйқыларынан оятып жібергендей күй кешті. Әп дегеннен еріксіз еңсе көтерткен орындаушылық шеберлік Динаның «Бұлбұлына» көшкенде зал толы тыңдарман қазылармен бірге ақбасты Алатау етегіндегі әсем Алматының алма бағына кіріп кеткендей әсерде қалды. Құйқылжыған көңіл-күй қыран боп көкке өрлейді, арқырап арық боп ағады, бақтағы бұлбұлдай сайрайды.
Тағы да шапалақ, тағы да асып-төгілген ризалық сезім.

Үшінші шығарма – Моцарттың «Рондасы», фортепианода сүйемелдейтін Қазақстандағы атақты үш Коганның үлкені – Семен. Ол да барын салды. Әзидолла да аянып қалған жоқ. Оң қолда тыным жоқ. Сол қол перне қуалап, безек қағады. Шығарма аяқталды. Күллі зал орындарынан көтерілді. Шапалақта есеп жоқ. Тіпті, әншейінде оқтау жұтқандай күй кешетін қазылар алқасы орындарынан ұшып тұрып, бір-бірінің арқасын қағады.
Конкурс шарты бойынша тағы да екі тур өтті. Онда Әзекең әлгі айтқан «Сарыарқаны», «Адай» мен «Төремұратты», Л.Шабельский мен С.Шаргородскийдің «Тойбастарын», Е.Брусиловскийдің өңдеуіндегі Құрманғазының «Балбырауын», Дәулеткерейдің «Жігерін» орындады. Байқап көрсеңіз, осалы жоқ, бір-бірінен асып жығылған ғажап дүниелер. Соған сай баға да байыпты, тіпті, күткендегіден де жоғары – Бүкілодақтық конкурстың лауреаты, яғни бірінші дәрежелі диплом мен алтын медаль иегері атанды.
Сол жылдың тамыз айында Мәскеуде жастар мен студенттердің Дүниежүзілік VІ фестивалі өтіп, Әзекең оған да қатысты. Онда да әлгіндей табыс қайталанды.
Міне, құдірет, әне, жеңіс! Әлемдік деңгейде домбыра үнін Әміре Қашаубаев 1925 жылы Париж төрінде әнмен (дауыс) үндестіріп самғатса, арада 32 жыл өткенде сол елдің, дәлірек айтсақ, қазақтың тағы бір ұлы әлгі домбыраға әлемдік алтын медаль қадады. Сонау бір заманда Кетбұға, одан бері Боғда, Ұзақ, Құрман бабалар негізін қалаған күй аспабының бағы жануы осы емес пе?! Шіркін, сал домбыра, сен неткен бақытты едің! Ал, сол домбыраға алтын медаль әперген әйгілі күйші Әзидолла Есқалиев бұл күндері жер ортасы жетпісті тауысып, сексенге келді.
Ол 1958 жылы консерваторияны бітірген соң «Қазақконцерт» бірлестігі мен Жамбыл атындағы филармонияда, Құрманғазы атындағы академиялық ұлт аспаптары оркестрінде жеке орындаушы болып еңбек етіп, кезінде Кеңестер одағының төрт бұрышында түгелдей өнер көрсетті. Сол кездің өзінде әлемнің Германия, Венгрия, Чехословакия, Алжир, Қытай, Франция, Америка, басқа да елдерінде концерт қойды. Алматы консерваториясында дәріс берді. Профессор, шәкірт тәрбиеледі. Атыраудағы Д.Нұрпейісова атындағы академияның музыка колледжінде сабақ берді. Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияда еңбек етті.
Ол 1966 жылы Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген, 1990 жылы республиканың халық әртісі атақтарына ие болды. Атырау қаласының және Құрманғазы, Исатай аудандарының Құрметті азаматы атанды. Тәуелсіз Қазақстанның «Құрмет» орденімен марапатталды.
Қазір ол Атырау қаласында тұрады.
Кейінгі жылдары күй тарланы ауырып қалып жүр.
Соған сай ол өзінің бала жастан бауырына қысқан аруақты аспабы – домбыраны қолына сирек алады. Бірақ, оны ертелі-кеш тыңдауға бар. Мейлі, облыстық драма театры, филармония, әйтеуір концерт залдарының қайсысында болсын күйге арналған шығармашылық кеш, концерт не конкурстардың қайсысынан да қалып көрген жоқ. Болады деген хабар жетсе-ақ, жанына жан жары Жаңылсынын ілестіріп кетеді де барады.
Күмбірлеген күй – бұның киесі. Онсыз отыруы, жалғыз қалуы мүмкін де емес. Күй орындалса, оның ойына бала кезгі тірі аруақтары Игібай мен Тесік тамақ Сабыр, құйындатқан құдірет Қали мен таңғажайып Рүстембек, жанға жай лирикалық шығармаларды орындайтын Мәлгаджар оралады. Соларды сағынады, іздейді. Ойына әдемі әуендер құйылып, түс көргендей кейіп кешеді. Сөйтсе, бұның бар өмірі домбыраның саз үніндей салтанат құрып, үзілмей жылдарға жалғап келеді екен ғой. Мүмкін, оны күй-дәурен десе де болар.
Әдетте «Ән – көңілдің ажары» деп жатсақ, күй – көркем ойдың мәйегі емес пе? Оны тыңдай отырып, сезімің сергиді, тұңғиыққа шым-шымдап батып, толғанасың. Содан соң айналаңда болып жатқан жайларға, өткеніңе, бүгініңе көз жеткізесің, өзгеше күй кешесің.
Күй тарихы әріде. Бірақ, ол ұмытылмай, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуда. Десек те, жыл өткен сайын халқымыздың осынау қасиетті өнеріне сәл де болса салқынқандылықпен қарау байқалады. Оған себеп, бұқаралық ақпарат құралдарында күйшілік, күй өнері, орындаушылар жөнінде тым аз жазылады. Радиодан, болмаса теледидардан күйлер концерті оқта-текте беріледі. Концерт залдары, мәдениет сарайларында күйшілер концертінің өтуі сирек. Кейінгі жылдары күйшілерден мемлекеттік марапат, атақ алып жатқандар ілуде біреу ғана. Енді оны әлемдік деңгейге көтереміз деп табиғи даусын эстрадаға қосып, көп дауыспен көлегейлеп, тұншықтыру әрекеті де байқалуда. Міне, осындай кезде оны арашалап, батыл насихаттау, көбірек айтып, көпке жақындатудың қандай амалы бар?
Осындай ойдан туған оралымды істің бірі – дәстүрлі күй орындаушы (күйші) жастардың қазақ домбырасының үнін әлемге жеке-дара танытып, алғаш алтыннан алқа таққан күйші, жастар мен студенттердің бүкілодақтық және Дүниежүзілік фестивальдардың лауреаты, Қазақстанның халық әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Әзидолла Есқалиев атындағы республикалық «Алтын домбыра» күй сайысы. Атырау облысы әкімдігі, Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Атырау облыстық халық шығармашылығы орталығының әйгілі күйшінің орындаушылық шеберлігі, яғни төкпе күй мектебінің мақамдарын өскелең ұрпақ, күй өнерін қадір тұтушы қалың жұртқа кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған бұл сайыс алғаш рет Атырауда 2008 жылы өткен болатын. Содан бері аталған дода екі рет өтті. Күй көкпарында конкурсанттар сайыс шартына сай Ә.Есқалиев репертуарындағы бір күйді міндетті, екінші күйді жеребе тарту (суырып) және классикалық тұрғыдағы үшінші шығарманы орындайды. Сөйтіп, талай дарынның бағы жанды. Біз соның қай-қайсысына да қатысып, куәгер болдық.
Сайыстың бір ерекшелігі, Әзекеңе арналған күй көкпары аяқталған соң жеңімпаздар мен қазылар алқасының мүшелері өнерді тамашалаушыларға арнап қорытынды концерт береді. Онда жүлде алған шығармалар орындалады. Ертесіне сайыскерлер Ресейдің Астрахан облысы Алтынжар ауылындағы Шайтани төбеде жанбасы жерге тиген Құрманғазы Сағырбайұлының басында болып, зиярат етеді. Аталған дәстүр, өтіп жатқан сайыстар өміршең болғай, бәрі де жақсы, жүрекке жылылық құяды, ертеңге деген үмітіңді оятады, өнердің, соның ішінде күйдің өлмейтініне сенесің.
Сондай сайыстың бірі осыдан екі жыл бұрын Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияда өтті. Көкмайсаға оранған көгілдір көктем – маужыраған мамырдың үшінші аптасында ұйымдастырылатын бұл додаға домбыра шанағында күйден құйын үйірген талай жүйрік шеберлік танытты. Соңынан тағы да жеңімпаздар концерт қойды. Ғажайып өнерді қайран қап тамашаладық. Бірақ, сондағы бір көрініс әлі күнге көз алдымызда қайта-қайта өрнектеліп, өз суретін сала береді…
Сахнада Құрман бабаның «Балқаймақ» күйі тартылуда. Орындаушы алматылық өрімдей жас жігіт сәл жүрдектеу ойнады демесең өте әдемі шертеді. Маңдайынан шып-шып шыққан моншақ тер тамшылары бір-бірін қуалап, көбейіп барады. Күй екпіні одан сайын ширыға түсуде. Әзидолла аға орындаушының қимылымен бірге өзінің де еркінен тыс тез қозғалып кететіндігін сезбегендей. Өйткені, көптен бері буыны балқып, тебіренбеген кәрі жүрек дәл қазір езіліп, елтіп бара жатқандай…
Оң қолы кенет шалт қозғалды. Біз жанымызда отырған дарабоздың дидарына жалт қарадық. Себебі, күйдің әлгі бір жердегі қысқа ғана қағысын Әзекең бұрындары екі рет қайталайтын-ды, ал мына бала бір-ақ рет қайырды. Әттеген-ай, бүлдірді-ау?!
Бұл білместік пе, әлде қағыстағы асығыстықтан туған қателік пе? Асылы, соңғысы. Әйтпесе «Балқаймақ» күйі бір кезде Құрекеңнен туғанымен, кейін күллі қазақ халқына, Алматыдағы өнерлі ортаға жеткізген осы Әзекең. Әзидолла оны он бір жасында Нарынның атақты Игібай күйшісінен үйренді. Содан бері, тіпті күні кешеге дейін ешкімге еншілетпестен тек өзі ғана орындады. Сондықтан, оның өзге нұсқасы жоқ, болуы мүмкін де емес. (Шындығында бар. Ө.Ә.) Ал, егер әлгі қателік бұдан әрі жалғаса берсе ше?! Құдай сақтасын… Сонда бұл алпыс жыл бойы домбыраны қолына неге ұстады, «Балқаймаққа» неге құдайындай табынды? Тіпті, Әзекеңнің күй жөніндегі кітабының аты да «Балқаймақ», күйтабағы да солай аталады емес пе?! Сахнаға шығып екі күй орындаса, бірі «Балқаймақ», жалғыз болса, тағы да сол «Балқаймақ». Сөйтіп, халықтың құлағына сіңіп, жүректерге қонақтатқан дүниесін бүгінгі жас буын, ертеңгі күй мұрагері қате орындайды. Бұл сонда өнерге арналған тұтас бір ғұмырдың нәтижесі ме?!
Тағы да тарлан күйшінің талаураған бетіне қарадық. Бұл жолы оның қос жанарынан нәп-нәзік мөлдір моншақтар мөлт-мөлт сорғалап, ашаң жүзін жуып бара жатыр екен… Әттеген-ай, кәрі жүрекке шаншу қадалды-ау!
Уақыт! Қайран уақыт, кешегі қазақтың қоңыр домбырасына әлемде бірінші болып алтыннан алқа таққан Әзекеңді де тым есейтіп тастапты-ау. Қазір ол қолына домбыра ала алмайды. Оған да он жыл болып қалыпты. Бәріне автокөлік апаты кінәлі. Солай, мезгіл деген мұз, уыста мәңгі тұрмайды, жылдар өте ериді де кетеді… Күндер өтеді…
…Кенет арғы жақтағы телефон безектеп ала жөнелді. Күйші барғысы келіп еді, сөйтсе сол жақта жүрген Жаңылсын жеңгей көтеріп те үлгерген екен, әне, «Әзеке…, Әзеке…» дейді.
– Не болды?
– Сені сұрайды.
– Өзің сөйлесе бермедің бе?
– Алма ғой, облыстық филармонияда сенің 80 жылдығыңа арналып күйшілер сайысы өтеді дейді. Соның кейбір мәселелеріне байланысты өзіңмен сөйлескісі келеді.
Ол орнынан жай көтеріліп, телефонға қарай кетіп бара жатты.
Дәл сол кезде біздің құлағымызда 80 жас емес, «күй-дәурен» деген көрікті сөз сазды әлемін есіп тұрды. Күй-дәурен көші қозғалып, жылжып барады.

Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.
Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз