МӘДЕНИЕТ – ЕЛДІҢ МӘЙЕГІ

 

ҚОЛДАУ БАР, ҚАЙТАРЫМ ҚАНДАЙ?

Мәдениет пен өнерді дамыту мәселелері жөнінде арнайы құрылған кеңестің бұл – екінші басқосуы. Музыка зерттеушісі, композитор, жазушы Илья Жақановтың төрағалығымен өткен жиынның күн тәртібінде өзекті мәселелер қозғалып, оларды шешу жолдарына қатысты нақты ұсыныстар білдірілді.
Жалпы, мәдениет саласын қаржыландыруға облыстық бюджеттен 2,4 млрд. теңге бөлінген. Оның ішінде мәдени-көпшілік шараларға 180,4 млн. теңге, материалдық-техникалық базаны нығайтуға 289,3 млн. теңге беріліп отыр. «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша 18 мәдениет нысаны күрделі жөндеуден өткізілсе, жергілікті бюджеттен 28 нысанды жөндеуге қатысты жобалық-сметалық құжаттарды жасақтауға қажетті қаражат бөлінген. Индербор кенті мен Аққыстау селосынан, Индер ауданының Бөдене, Есбол округтерінен мәдениет үйлерін салуға керекті құжаттар дайын. Ал, таяу уақыттарда Атырау қаласында «Салтанат сарайы» пайдаланылуға беріледі деп күтілуде.
Күні кеше пайдаланылуға берілген Махамбет ауданының Ақжайық ауылындағы 200 орындық мәдениет үйі де тұрғындарға тамаша тарту болғаны сөзсіз. Жалпы, ауыл-аймақтардағы мәдениет ошақтарын жандандыру мен заманауи нысандар салу ауыл адамдары үшін де, тұтастай облыстың рухани-мәдени өмірі үшін де маңызды қадам болары сөзсіз. Бұл ретте Қызылқоға, Құрманғазы, Махамбет аудандары және Атырау қаласынан барлығы жеті нысанды салу жұмыстары жоспарлануда.
Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысы Алтынбек Нысанғалиевтың айтуынша, бұл күнде облыста барлығы 288 мәдениет мекемесі халыққа қызмет көрсетіп келеді. Концерттік ұйымдардың шығармашылығы, Махамбет атындағы облыстық драма театрының қойылымдары, кітапханалар ахуалы, жалпы атқарылған жұмыстар мен жоспарлы шаралар туралы таныстырып өткен сала басшысының есебінен соң, жиын төрағасы Илья Жақанов сөз алды. Мәдениет саласының ақсап тұрған тұстарын айта келе, салаға қатысты өзекті мәселелерді бүгінгі басқосу аясында кеңінен талқылап, облыс әкімінің назарына ұсынуды жоспарлап отырғандарын жеткізді.

МАМАН ТАПШЫЛЫҒЫ – БАСТЫ ПРОБЛЕМА

Салалық басқарма басшысы қазіргі таңда ең маңызды мәселе кадр жайына қатысты екендігін баса айтты. «Шыны керек, бұл күнде мәдениет саласында қызмет атқарып жүрген мамандардың 47 пайызы ғана – жоғары және арнаулы білімді. Жарықты реттеуші, дыбыстық құрылғыларды жетік білетін мамандардан бастап, дирижер, сценарист, қоюшы режиссерлерге дейін тапшы. Көп жағдайда бұл сұрақтың шешімі тұрғылықты пәтерге байланысты болып келетіні жасырын емес. Осы ретте облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы Ізмұхамбетовтің қолдауының нәтижесінде сала мамандарын баспанамен қамтуда біраз жұмыс жасалды. Қазіргі таңда қызметкерлерге бес пәтер берілсе, алдағы уақыттарда тағы да баспаналы болғандардың саны артады деп күтілуде. Бұл жерде жергілікті биліктің сала мамандарының әлеуметтік жағдайына баса назар аударып отыр-ғандығын айрықша айтып өткеніміз жөн болар. Себебі, мұндай қолдау өзге өңірлерде аса жоғары деңгейде емес» дейді А.Нысанғалиев.
Бұл тұста кеңес мүшелері «мамандарды басқа аймақтардан шақырғанша, жергілікті жастарды бағыттау, кәсіби даярлау арқылы бұл мәселені шешуге болады емес пе?» деген пікір білдірсе, облыстық жастар саясаты мәселелері бас-қармасы басшысы Мейірім Қалауи «Жастар арасынан таланттарды анықтау үшін «Жас қанат» сынды байқаулар ұйымдастырылса» деген ұсыныс айтты. Расында да, қазіргі таңда әншілікті кәсіп қылған Хамиль Сүйекбаев сынды талантты жастардың бір кездердегі жергілікті байқауларда жеңімпаз болғаны анық.
«Қалай болғанда да мәдениет саласының атқарып отырған жұмысы орасан. Әртүрлі байқауларды айтпағанда, кез-келген басқосу, шараның басы-қасында осы сала мамандарының жүретіні ақиқат. Сондықтан, кадр тапшылығы сынды мәселені шешудегі нақты ұсыныстарымызды облыс басшысына жолдайтын боламыз» деді кеңес төрағасы.

ЖЕҢІС ЖАДЫЛАРДА ЖАҢҒЫРЫП ТҰРУЫ ТИІС

«Келер жылы кең көлемде аталып өтетін Ұлы Жеңістің 70 жылдығына дайындық аясында тек қана ауылдардағы обелискілерді жаңғыртып қоймай, әр тұрғын, әр азаматтың бойындағы патриоттық сезімін арттыратындай мәдени-көпшілік шараларды атқаруды қолға алған жөн». Осындай пікірін білдірген мәдениет саласын ұзақ жылдар бойы басқарған ардагер Орынғали Қарасаевтың сөзін қолдаған кеңес мүшелері «әскери әндер фестивалі, соғыс тақырыбындағы ескі киноленталар көрсетілімін ұйымдастырған жөн» деген ұсыныс айтты. Бұл мәселелердің барлығы осы тақырыпқа орай құрылған арнайы комиссияның іс-жоспарында бар екені белгілі болды.
Сонымен қатар, мәдениет пен өнер саласына қатысты нақты мәселелерді анықтау мақсатында «Мирас» қоғамдық кеңесі жанынан құрылған сараптамалық топ кейбір нысандарды аралап, қалыптасқан ахуалдарымен танысып шыққан. Махамбет атындағы облыстық драма театры, Нұрмұхан Жантөрин атындағы филармония, қала көлеміндегі кітапханалар және мұражайлардың жұмысымен танысқан топ жетекшісі, облыстық мәслихат депутаты Бекет Кенжеғұловтың айтуынша, театрдың өндірістік цехы орналасқан бөлігіне жөндеу жұмыстарын жүргізу, кадр жетіспеушілігі сынды сұрақтарды шешуді қолға алған жөн. Ол театрдың бұл күнде кез-келген бағыттағы шараны өткізетін орынға айналып кеткенін айта келіп, «алдағы уақытта ҚР Заңында белгіленген мемлекеттік мерекелерден өзге шараларды өткізуге тыйым салынса» деген пікірін де білдірді. Кітапханалар жұмысына қатысты кітап қорларын толықтыруға жергілікті бюджеттен қаржы бөлінбей отырғанын айтып өткен Б.Кенжеғұлов: «Ғабдол Сланов атындағы облыстық кітапханаға қатынайтын қоғамдық көліктердің санын көбейту қажет, бұл мәселені оңтайлы шешу келушілерге де, сол мекеме қызметкерлеріне де аса пайдалы болмақ» деп атап өтті. Мұражай қызметкерлерінің жалақысы аз екенін айтып өткен сараптамалық топ жетекшісі көп жылдан бері салада жұмыс жасап келе жатқан қызметкерлердің тиісті мамандықты меңгермегендерін айтып, «облыстық басқарма тарапынан мұражай қызметкерлеріне мамандық алу үшін жағдай жасалса» деген тілегін де жеткізді.
Тұтастай мәдениет саласына қолдау білдіру – халықты рухани байытудың бірден-бір жолы. Осы тұста айта кеткеніміз жөн болар, соңғы уақыттарда облыс көлемінде атқарылған істер аз емес. Десек те, түйіні табылмаған сұрақтар да жеткілікті. «Мирас» қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы барысында салаға қатысты өзге де жайттар кең сараланып, нақты проблемаларды шешу жолдарына қатысты нақты ұсыныстардан хаттама жасақталды.

Гүлжан ӘМІРОВА,
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*