Маңызды мәселелер аяқсыз қалмайды

Көркейіп, жасара түскен облыс орталығында атқарылып жатқан жұмыстар өте көп. Мәселен, биыл Сәтбаев көшесінен Әбілхайыр хан даңғылына  (әуежай) дейінгі аумақтың түнгі жарық шамдары жаңғыртылды. Ал, көп қабатты тұрғын үйлер аумағындағы 40 балалар ойын алаңын орнату бойынша ашық конкурс жарияланып, мердігер мекеме анықталды. Оны «Қазақ Жобалау Құрылыс» ЖШС атқармақ. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифинг барысында белгілі болды.

Брифинг

Зиянкестермен күрес жалғаса береді

Атырау қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Серікбай Қазиевтың айтуынша, жасыл желектер, оның ішінде 27 916 дана терек, 33 241,7 шаршы метр газон күтіп-бапталуда. Оны «Қазақ саңыраулар қоғамы оқу-өндірістік орталығы» мердігер мекемесі іске асыруда.

Жаз мезгілі басталысымен көшелер мен алаңдарда жайқалып өскен жасыл желектерді қорғау жайы маңызды мәселенің біріне айналды. Бұл бағытта ағаштарда кездесетін зиянды құрттардан тазарту үшін конкурс жарияланған. Қазір-де арамсоямен зақымданған тал-теректерге қарсы улау шараларын «Биоген-ИнжинирингЛимитед» ЖШС (7 млн. 200 мың теңге) жүзеге асыруда. Серікбай Қажмұратұлы өткен жылдармен салыстырғанда биыл зиянкестер көп екендігін атап айтты.

Көшелерге – тегіс жолдар

Бүгінгі күні облыс орталығы мен оған қарасты елді мекендердегі жолдардың  жалпы ұзындығы 1593,6 шақырымды құрайды. Былтыр оның 870 шақырымына тас жол төселсе, әр жылдары кезек бойынша қамтылады.

– Өткен жылы басталған 16 көшенің жол құрылысы жұмыстары биыл жалғасын тауып, аяқталатын болады. Аталған жол құрылысы мен жолдың күрделі жөндеу жұмыстарымен «Атыраукөлік», «Атырауинжстрой» ЖШС айналысуда.

Бұған қосымша жалпы ұзындығы 250 шақырымды құрайтын 311 көшеге автокөлік және жаяу жүргіншілер жолдарын салу жоспарланған еді. Бұл ретте 232-сіне оң қорытынды алынып, ашық электронды конкурспен мердігер мекеме анықталуда. Қалған 79-ының жобалық-сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптаманың қарауына жолданды. Қорытындысы маусым айының соңына дейін белгілі болады, – деді Серікбай Қазиев.

Тағы бір айта кетер жайт, жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатқа жалпы ұзындығы 21 800 шаршы метр автокөлік жолдарына (С.Датов, Амандосов, Канцев, Бейбарыс, Баймұханов, Еркінов, Құрманғазы, Ә.Молдағұлова, Азаттық, Қожақаева, Бейбітшілік, Шамин, Әуезов, Гайдар, З.Қабдолов, Афанасьев, Уәлиханов, Кұнанбаев, Гагарин, Р.Ғабдиев, т.б. – авт.) ағымдағы жөндеу жұмыстары «Бекет Сәт Жол» ЖШС-не тапсырылған.

Пилоттық жоба: нәтижесі қандай?

Тұрғындар тарапынан жиі сынға түсіп, «жыры» таусылмай келе жатқан  проблеманың бірі – жолаушылар тасымалы. Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі басшысы күн тәртібіндегі маңызды мәселені шешу жолында бірқатар іс қолға алынғанын атап өтті. Облыс орталығы мен оның маңында барлығы 340-қа тарта автобус қызмет көрсетеді. Ал, қаланы қоғамдық көлікпен толықтай қамту үшін 170 автобус жетіспейді екен. Олардың талапқа сай жүруі, жылдамдықты асырмау, кондукторлардың мәдениеті және жеңілдік берілген жолаушылардан жол ақысын сұрауы секілді арыз-шағымдарды оңтайлы шешу үшін былтырдан бастап «Смарт Атырау» коммуналдық мекемесі қызмет көрсетеді.

Мекеме «GPS» құрылғылары арқылы автобустардың жүру жылдамдығын асырмауын, бағыттан ауытқымауын, маршрутқа уақытылы шығуын, өзара интервал уақытын сақтауын онлайн-режимінде орталықтандырылған диспетчерлер арқылы бақылау жасайды. Қазір-де баланстағы 250 «GPS-трекердің» бағдарламалары ауыстырылып, қондырылып жатқан көрінеді. Пилоттық режимде жұмыс жасаған жоба жемісін берді. Серікбай Қажмұратұлының сөзіне сенсек, алдағы уақытта тағы да 100 дана «GPS-трекер» сатып алу жоспарланып отыр. Сөйтіп, қоғамдық жолаушылар  тасымалындағы көліктер толықтай «GPS»-пен қамтамасыз етілмек.

Біз өз кезегімізде жолаушылар тасымалындағы істен шыққан автобустар төңірегіндегі сауалымызды жолдадық. Әсіресе, таңертеңгі уақытта қоғамдық көліктердің жиі тұрып қалатыны тағы бар.

Бөлім басшысы мұндай проблеманың әлі де жойылмай келе жатқандығын  жасырмады. Өйткені, маршруттағы 150-170 автобус осыдан 15 жыл бұрын сатып алынған. Сол уақыттан бері тоқтаусыз қызмет көрсетіп келеді. Ал, жаңа көлік сатып алу үшін тасымалдаушыларға мемлекет тарапынан компенсация төленбейді. Сондықтан, электронды билет енгізу жайы қарастырылуда. «Негізі, тасымалдаушылар қосымша 130 автобус алуға дайын. Мәселе шешімін тапса, жаңа көліктер де қолданысқа енбек»  деп жауап берді С.Қажмұратұлы.

Айбөпе САБЫРОВА

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*