Мақсат – тәуелсіздікті тұғырлы ету

Атырау өңіріне жұмыс сапары аясында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев саяси ұйымның жергілікті активімен кездесті. «Рухани жаңғыру», «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы», «Цифрлы Қазақстан» бағдарламаларының мұнайлы өңірде жүзеге асырылу барысы талқыланған жиында Мәулен Әшімбаев партияның алдында жаңа міндеттер тұрғанын атап айтты.

Мақсат – тәуелсіздікті тұғырлы ету

Елбасы тапсырмасына сәйкес, «Нұр Отан» партиясы тарапынан «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» іске асыруға қоғамдық бақылауды ұйымдастыру мақсатында орталық және өңірлік деңгейде Қоғамдық кеңестер құрылған болатын. Қоғамдық кеңестің құрамында жетекші саяси партиялардың, Қазақстан халқы Ассамблеясының, Қазақстан кәсіподақтар федерациясының, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлерінің және өңірлік палаталарының, үшінші сектор өкілдері, танымал блогерлер, салалық сарапшылар мен ғалымдар бар. Бұл партияның жаңаша форматты қолға алғанын көрсетеді. Ендеше, партия мүшелері қандай міндеттер жолында бірігуі тиіс?

Біріншіден, партия қазіргі кезеңдегі стратегиялық миссияны нақтылауы керек. Яғни, партия мемлекеттің экономикалық, рухани, әлеуметтік саясатының орындалу барысын қадағалайды. «Үшінші өнеркәсіптік жаңғыру процесіне атсалысу – біздің басты міндетіміз. Осы ретте, партия тың идеялар ұсынысының өзегіне айналуы тиіс» деп атап өтті «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев.

Екіншіден, партияны нақты жұмыстар алаңына айналдыру. «Алдағы үш жылда ел көлемінде 1000 ІТ сынып ашу жоспарланып отыр. Партия тікелей мұрындық болып отырған бұл сыныптар дәстүрлі информатика пәнінің оқу бағдарламасына ұқсамауы тиіс. Қазіргі таңда елімізде 383 ІТ сынып ашылды. Оның 10-ы Атырау облысында. Республика бойынша 17 ІТ орталық жұмыс істеп тұр. Бұл орталықтар азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыруға жасалған үлкен мүмкіндік» деген спикер Мәулен Әшімбаев партия филиалдарының жұмысы өткізілген шара санымен емес, халыққа тигізген нақты пайдасына қарай бағаланатынын айтты.

Үшіншіден, кәсіби кадрлар резервін жасақтау. Спикер Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, жауапты саяси қызметке үміткерлер енді кәсіби кадрлар резервінен алынады. Бұл – партия құрамына өту енді күрделі іріктеу кезеңінен кейін ғана жүзеге асырылады деген сөз.

Төртіншіден, қоғамда орын алып жатқан жағдайларға мониторинг жүргізу, ахуалды саралау. Партия әлеуметтік желілердегі ақпараттарды саралай отырып, қоғамдық деңгейде алаңдаушылық туғызған мәселелердің оң шешілуіне ықпал ететін болады. «Осындай мониторинг нәтижесінде партия диабет дертіне шалдыққан балаларды толықтай дәрі-дәрмекпен қамтуға, менингит дертімен күресуге тиісті шаралар қабылдауға қол жеткізді» деп атап өтті «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев.

Мұнайлы аймақтың басшысы, «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы Нұрлан Ноғаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпарат берді. «Білім алудың қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында, қажетті мамандарға жергілікті бюджеттен грант бөлу дәстүрлі үрдіске айналды. Студенттерді жатақханамен қамту мәселесі шешілуде. Қазіргі таңда облыс тұрғындарының 98 пайызы «көгілдір отынның» игілігін көріп отыр. Ал, облыс орталығынан шалғайда орналасқан Құрманғазы ауданына қарасты Азғыр аймағына газ тарту жұмыстары жүруде. Келер жылдың бірінші тоқсанында Азғырға қарасты сегіз елді мекенге газ жеткізу мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, табысы төмен 65 мың атыраулық салықты төмендету мүмкіндігін пайдалана алады» деп атап өтті облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

Атырауға сапары аясында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Атырау музыка колледжі «Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясының» жатақханасымен, «CaspiyLanaAtyrau» жеңіл өнеркәсібінің жұмысымен танысты.

Өзгерісті өзіңнен баста!

Мәулен ӘШІМБАЕВ, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары: Қазіргі таңда әлемдік геосаяси жағдай өте күрделі. Күн сайын түрлі үрдістер мен жаңа экономикалық құндылықтар пайда болуда. Осындай кезде ұлттық кодты сақтап, экономиканы нығайтып, жаңа технологияларды кеңінен қолдануымыз керек. Біріншіден, әр адам өзін-өзі үнемі жетілдіріп, дамытып, ізденуі тиіс. Кәсіби, зияткерлік және білім деңгейін арттыруға ерекше көңіл бөлуі керек. Кітап оқуды игі дәстүрге айналдыруы қажет. Екіншіден, сананың ашықтығын қалыптастыруымыз керек. Елбасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасында осы мәселені көтергені белгілі. Яғни, жастар біржақты болмай, кез келген мәселеге қатысты басқа да балама пікірлерді ескеріп, дүниетаным аясын ұдайы кеңейтіп отыруы тиіс. Үшіншіден, жастар алдына нақты мақсаттар қойып, дұрыс армандай білуі тиіс. Өйткені, жастарының арманы асқақ, мақсаты айқын болмаса, ондай елдің болашағы бұлыңғыр. Сондықтан, жастар алдына стратегиялық мақсаттар қойып, соған жету жолында бар күш-жігерін жұмсауы керек.

113 ІТ маман даярланды

Жанна ҒАББАСОВА, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті жанындағы ІТ орталықтың жетекшісі, техника ғылымдарының кандидаты, профессор: ІТ орталық жұмысы екі бағытқа бөлінген. Бірінші бағыт – ІТ сала мамандарының біліктілігін арттыру. Екінші бағытымыз – жергілікті Жұмыспен қамту орталығы арқылы жіберілген азаматтардың цифрлық сауаттылығын жетілдіру. Мамыр айында жұмысын бастаған орталықта осы уақытқа дейін 113 ІТ маман даярланды. Олардың қатарында кәсіпкерлер, медицина қызметкерлері, ауыл мұғалімдері, әуежай мамандарымен бірге, күзет қызметінің өкілдері және зағиптығына байланысты мүгедектік алған азаматтар бар. Осы ретте, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы ІТ бағдарламалар жасақтауды ұсынамын.

35 өтініш мақұлданды

Серік ОМАРОВ, ҚР Ұлттық банкі Атырау филиалының директоры: «7 – 20 – 25» бағдарламасы бойынша қазіргі таңда облыста 53 азаматтан өтініш қабылданды. Оның 35-інің өтініші мақұлданды. Қалыптасқан ахуал тұрғындар арасында екі, үш бөлмеден гөрі бір бөлмелі пәтерге сұраныс жоғары екендігін көрсетіп отыр. Бағдарлама іске қосылғалы бері бұқаралық сипаттағы көптеген түсіндіру шаралары жүргізілді. Кездесулер кезінде тұрғындар тарапынан ұсыныстар жиі түседі. Оның ішінде баспананы екінші тұрғын үй нарығынан алуға мүмкіндік жасау және бастапқы жиырма пайыздық алғашқы салым көлемін азайту туралы ұсыныстар бар.

Жұмыс жаңа форматта

Ермек КҮЗЕНБАЕВ, АРЕС PetroTechnic колледжінің директоры: Оқу орны Мальта колледжімен арада келісім жасады. Ондағы мақсат – мұнай-газ саласына бірлесе маман даярлау. Әзірге шетелдік мамандар электр-жабдықтау бойынша кадр даярлайды. Оқу жылының аяғында колледжді 230 жас маман аяқтайды. Оның отызында қазақстандық және халықаралық диплом болады. Қазіргі таңда колледжде «Сәтті қадам» жобасы жүзеге асуда. Жоба аясында ТШО компаниясы базасында біліктілікті бағалау орталығын құру туралы келісім жасалды. Осындай жұмыстардың нәтижесінде колледж түлектерінің жұмыспен қамтылу деңгейі 97 пайызды құрап отыр.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*