Мақсат – оң имидж қалыптастыру

Уақыт өзгеріп, қоғам да жаңарған кезде заман талаптарына бейімделу кез келген маман иесіне жауапкершілік жүктейді. Бұл әсіресе, мемлекеттік саясаттың тиімді жүзеге асуына тер төгетін мемлекеттік қызметшілерге қойылар талапты екі еселейді. Еліміздің даму жолын көздейтін мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру үшін білікті де білімді, түрлі талаптар мен жүктемелерге төтеп бере алатын, адал да әділ қызмет атқаратын кәсіби мемлекеттік аппарат құрудың тиімділігі мол.

Бұл ретте Мемлекет басшысының Жарлығымен мемлекеттік қызметшілердің іскерлік қасиеттері мен қызметтік әдебін айқындайтын Әдеп кодексі енгізілгені белгілі. Қолданысқа енген кодекспен бірге жаңадан Әдеп жөніндегі уәкіл институты құрылғанына да көп уақыт болған жоқ. Бұл құрылымның мақсаты не? Қандай қызмет атқарады? Осы секілді сауалдарға нақты жауап алу мақсатында Атырау облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Айманакумов Азаматпен тілдескен болатынбыз.

Screenshot_1

– Азамат Мақсотұлы, алдымен әңгімемізді осы лауазым туралы толық мағлұматтан бастасақ. Яғни, Әдеп жөніндегі уәкіл деген кім? Бұл қызметтің басты мақсаты қандай?

– Әдеп жөніндегі уәкіл ла-уазымы – Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен мемлекеттік қызметті жетілдіру мақсатында 2016 жылдан бастап орталық және жергілікті атқарушы органдарда енгізілген институт.

Жауапты қызметтерді өз деңгейінде атқара білген уәкіл мемлекеттік қызмет саласының оң имиджде дамуына, мемлекеттік қызметшілердің беделінің артуына үлес қоса алады. Тұтастай алғанда, Әдеп жөніндегі уәкіл функциясын атқаратын қызметші мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама мен Әдеп кодексі бұзушылықтарының профилактикасы бағытында жұмыстар жүргізеді.

Сол себепті бұл қызметке тәжірибесі мол, іскерлік, адамдармен тіл табысу қабілеті жоғары, қоғамдық ортада өзін ұстай білетін, қоғаммен байланыс жасап, жан-жақты мәселелерді реттей білетін тұлғаны сайлайды. Бұған қоса, Әдеп жөніндегі уәкіл мемлекеттік қызметші мен азаматтарға консультациялық кеңес беру қызметтерін де атқарады. Жеке және заңды тұлғалардың  өтініштерін қарап, екі тарапты бір байламға әкеліп, ортақ шешім ұсынуы керек. Ең бастысы, мемлекеттік қызметшілердің заңды құқықтары бұзылған жағдайда оларды қорғауға және өзге де шараларды қабылдауға міндетті. Бір сөзбен айтқанда, Әдеп жөніндегі уәкіл өзіне жүктелген міндеттерді толық, әрі нәтижелі жүргізе білсе, мемлекеттік қызмет саласының оң бағытта дамуына серпін береді.

– Демек, мемлекеттік органдардың оң имиджін қалыптастыру – басты мақсат. Осы ретте жергілікті ат-қарушы органдарда Әдеп жөніндегі уәкілдердің атқарып отырған нақты жұмыстары туралы айтсаңыз.

– Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстар облыс әкімдігі мен мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлескен жұмыс жоспарына сәйкес жүргізіледі. 2018 жылдың басынан Әдеп жөніндегі уәкілдермен Мемлекеттік қызметшілердің әдептілігі деңгейін көтеруге бағытталған 100-ден астам шаралар өткізілді. Оның ішінде, жиындар, кездесулер, дәрістер мен семинарлар бар. Жалпы, бұл шараларға 800-ге жуық жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілері қатысты.

Сонымен қатар, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалында мемлекеттік қызметке жаңадан қабылданғандар үшін семинарлар мен дәрістер жүргізілуде.

Осы кезеңде 8 азамат жеке қабылдауға келіп, 35 азаматқа жеке консультациялар берілді. Олардың ішінде 17 мемлекеттік қызметші бар. Әдеп кодексі талаптарының бұзылуы бойынша 19 арыз-шағым, уәждер қаралса, соның үшеуі – мемлекеттік қызметшілер тарапынан.

Арыз-шағымдар, уәждерді қарау қорытындысымен құқық бұзушылықтарды болдырмау, Әдеп кодексі талаптарын сақтау бойынша кеңестер, тиісті мемлекеттік қызметшілерге шаралар қабылдау жөнінде ұсынымдар берілді.

– Бұл жұмыстарға қоса, нақты талдау, мониторинг те жасалатын болар?

– Әрине. Талдау кейбір мемлекеттік органдарда ұйымдастырушылық-басқару қызме-тінің төмендігі, мемлекеттік қызметшілердің Әдеп нормаларын ұстанбауы, сапасыз мемлекеттік қызметтерді көрсету, мемлекеттік органдарда қызмет алушылар үшін қарапайым жағдайлардың жасалмауын көрсетеді.

Әдеп жөніндегі уәкілдермен жүргізілген қызметтік Әдеп нормаларының сақталуын және ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйін мониторингтеу мақсатында жүргізілген анонимдік сауалнамаларға 836 мемлекеттік қызметші қатысты. Нәтижесінде қызметкерлердің 12%-ы ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалды жақсартуды сұраған.

Талдау бойынша мұндай кемшіліктерге ұжымдағы құрылымдық бөлімшелердегі жүктемені бірыңғай бөлмеу, лауазымдық міндеттемелердің құзыретінен асатын тапсырмаларды орындау, қызметкерлердің пікірін ескермеу, әдептілік пен сыпайылықты сақтамау, басшылыққа сенбеу, қызметкерлердің жұмыс уақытынан тыс жұмыс жасауы, мереке немесе демалыс күндері жұмысқа шығуды міндеттеу және тағы басқа жатады.

Сауалнама нәтижесімен ұжымдағы түсіндірулер, орган басшысын жеке қабылдаулар, жиындар, ескертпелер, өкім, бұйрықтарға арнайы нормаларды енгізу секілді жұмыстар жүргізілді.

Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметшілердің жұмыстан тыс уақытта жұмыс жасамауына аса көңіл бөлініп отыр.

– Жұмыс сапасын арттыру – басты меже. Десек те, мемлекеттік қызметшілердің өзгелерге үлгі болуы жолында қосымша шаралар да қарастырылатын болар?

Иә, айтуыңыз орынды. Мемлекеттік органның жұмыс сапасына, мәдениетіне әсер ететін басқа да факторлар бар. Мысалы, ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуал, басшының мәдениеті мен білім-тәжірибесі, адамдармен қарым-қатынасы, кәсіби деңгейі.

Қазіргі уақытта оң имиджді қалыптастыру мақсатында түсіндіру жұмыстарымен қатар, мемлекеттік қызметшілерді спорттық шараларға тарту, олардың денсаулықтарын қорғау, өзін-өзі дамыту, кәсіби деңгейін арттыруға бағыттал-ған жұмыстар жүргізілуде. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік қызметшілер өзгелерге үлгі, қоғамның айнасы болуы қажет.

– Сөз соңында, мемлекеттік қызметтегі шектеулер туралы да айта кетсеңіз.

– Мемлекеттік қызмет туралы заңнамада да, мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінде де белгілі бір шектеулер бар. Бұл шектеулер мемлекеттік қызметпен жанаспайтын әрекеттер мен Әдеп нормаларын сақтауға бағыттал-ған. Сала қызметкерлері осы шектеулерді бұзбауға мін-детті.

Жұмыс уақытында және жұмыс уақытынан тыс кезде өздерін ұстау әдебі және әлеуметтік желілердегі акаунттарын басқару, қызметтік көлікті мақсатсыз пайдаланбау, смартфондарды жұмыс ғимаратында ұстамау бойынша олармен түсіндіру жұмыстары ұдайы ұйымдастырылады.

Жалпылай айтқанда, Елбасы Жарлығымен бекітілген, мемлекеттік қызмет саласының дамуына оң әсер беретін Әдеп жөніндегі уәкіл қызметінің салмағы ауыр, жауапкершілігі жоғары. Сеніп тапсырылған қызметті абыройлы орындау әр уәкілдің жұмыс жасау принципіне байланысты. Демек, қызметтің сапасы атқарылған жұмыстың нәтижесімен өлшенбек.

Гүлжан ӘМІРОВА

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*