«МӘҢГІЛІК ЕЛІМДІ ЖЫРЛАЙМЫН»

Байқаудың мақсаты – қазақ халқынан шыққан сан мыңдаған батыр ұл-қыздардың ішінде есімі елге ерекше таныс батыр апаларымыздың бірі, Атырау облысының тумасы, ұшқыш, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың есімін жастар арасында дәріптеу, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақстандық жауынгерлердің мәңгілік рухы мен өшпес ерлігін еске алу, жас ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу. Осы негізде жаңа таланттарды тауып, солардың көмегімен патриоттық әндерді насихаттау.
Байқаудың шарты бойынша әрбір қатысушы үміткер екі ән дайындауы қажет болды. Бірінші бөлімде патриоттық, Ұлы Отан және Ауған соғысы жылдарындағы әндер шырқалса, екінші кезеңде қазіргі таңдағы патриоттық жаңа әндер (Отан, туған жер тақырыбында) тыңдалды. Байқауға қатысушы үміткерлердің талабы мен талантын ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы колледжінің ән, хор бөлімінің меңгерушісі Клара Киматова төрағалық еткен қазылар алқасы (мүшелері – Х.Досмұхамедов атындағы мемлекеттік университетінің «Музыка және өнер» кафедрасының оқытушысы Күміс Жамекова, республикалық байқаулардың лауреаты, Д.Нұрпейісова атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінің солисі Аманжан Басығариев, Құрманғазы атындағы мәдениет сарайының көркемдік жетекшісі Алуа Исмағамбетова, республикалық байқаудың лауреаты, облыстық халық шығармашылығы орталығының маманы Зина Карабалина) бағалады.
Патриоттық әндер байқауына қатысушылардың бәрі де өздерін сахнада ысылған, кәнігі әншідей ұстады. Олар орындаған әннің қай-қайсысы да тыңдарман жүрегін баурап, көрерменнің үлкен ілтипатын тудырды. Қазылар алқасының шешімімен Х.Досмұхамедов атындағы мемлекеттік университетінің «Рауан» вокалды ансамблі бірінші орынды, Махамбет ауданы триосы үшінші орынды иеленді. Ал, жеке орындаушылар арасында Бас жүлдені Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы Атырау музыка колледжінің студенті Дияр Нұрсұлтанов жеңіп алса, бірінші орынды құрманғазылық Жалғас Сағындықов пен Құрманғазы атындағы мәдениет сарайының әншісі Мерей Қабдолов өзара бөлісті. 
Екінші орынды махамбеттік Қайрат Жұмашев, Х.Досмұхамедов атындағы мемлекеттік университетінің студенті Азамат Ізниев, Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы Атырау музыка колледжі студенті Жантөре Жанболатов, жылыойлық Назгүл Жиенбаева иеленсе, үшінші орын мақаттық Райса Қайрова, қызылқоғалық Айкөркем Тайлыбекова, исатайлық Руслан Бермағанбетов пен атыраулық Мейірім Исламғалидың қанжығаларына байланды. Сондай-ақ, индерлік Ерболат Кәрімов пен атыраулық Әсемгүл Аманкелді де арнайы дипломдармен  және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
 
Назира ӘШІМ,
облыстық халық
шығармашылығы
 орталығының маманы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*