МӘҢГІЛІК ЕЛ – ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ МҰРАТЫ

 

Бабалардың нұрлы  жолы

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясына арналған бұл форум салтанатты жағдайда ашылған соң, Президент Әкiмшiлiгi Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев Елбасының жиынға қатысушыларға арнаған құттықтау хатын оқып бердi.

«Мәңгiлiк ел» Қазақстан патриоттары форумына қатысушыларға сәлем жолдаймын. Бүгiнгi форум ерекше. Ол Конституциямыз бен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойлары жылында өтіп отыр. Бұл халқымыздың бiрлiгi мен келiсiмiнiң бiрегей дәстүрiн, туған жерiмiз – Ұлы Дала елiне деген ерекше сүйiспеншiлiктi паш етеді. Форум қазақстандықтарды «Мәңгiлiк ел» идеясының айналасына ұйыс­тыруға және қоғамның тұрақ­ты­лығы мен бiрлiгiн нығайтуға қызмет ететiнiне сенемiн. Форумға қатысушыларға және барша қазақстандықтарға зор денсаулық, жаңа табыстар тiлеймiн», – делiнген Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатында.

Бұдан кейін Б.Майлыбаев «Мәңгілік ел» Елбасының әрбір қазақстандықтың жүрегінен орын алған идеясы екенін атап өтті.

 Жиын барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов «Мәңгiлiк ел» бiздiң ортақ стра­­­тегиялық мақсатымыз, биік мұра­­­тымыз болып қалатынына тоқ­тал­ды.

«Өздеріңізге мәлім, Президент 2015 жылды Қазақстан халқы Ас­самблеясының жылы деп жария­лады. Ассамблея жылы – бұл бiрлiк жылы, келiсiм жылы, бiр-бiрiмiзге қолдау көрсету жылы. Сол сияқты, осы жылы бiрқатар ауқымды шаралар аталып өтуде. Олар – Ұлы Жеңiстiң 70 жылдығы, Конституциямыздың 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы. Бiр сөзбен айт­қанда, бүгiнгi бiздiң форум жо­ғарыда аталған шаралардың негізі iспеттес. «Мәңгiлiк ел» идеясы – Болашағы Біртұтас Елдің бi­рыңғай рухани негiзi. «Мәңгiлiк ел» – бұл бiздiң ортақ стратегиялық мақсатымыз. Мемлекет басшы­сының тапсырмасын орындау мақсатында Ассамблея «Менiң елiм – «Мәңгiлiк ел» ауқымды акция­сын өткiзген болатын. Сiз­дер­дiң барлықтарыңыз оған атсалы­с­тыңыздар. Бүгiн бiз ел бола­шағына бейжай қарамайтын бар­лық азаматтарға алғыс бiл­дiремiз», – деді ол. 

Қазақ  тілін әлем  тыңдады

Форум мінберіне көтерілген қоғам және мемлекет қай­рат­кері, Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов «Мәңгілік ел» идея­сы­ның еліміз үшін зор маңызы бар екенін сөз ете келіп, таяуда ғана Елбасының Біріккен Ұлттар Ұйы­мының төрінде тұрып ұлтымыздың мерейін тасытқанын еске алды.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлемнің ең жоғарғы, ең мәртебелі төрі мен мінбері БҰҰ-ның 70-ші мерейтойлық сессиясында қа­зақ тілінде сөйлеген сөзімен ұлт абыройын асқақтатты. Қа­зақ тілі тұңғыш рет осындай дүние­жүзілік дәрежеге көтерілді. Бұған барлық қазақстандықтар шын жүректерімен қуанды. Бұл мем­лекеттік тәуелсіздігіміздің жемісі – Елбасының жеңісі болды. Мың­жылдық тарихымызда біз­дің бабаларымыз талай қиын­дық көріп, жанкештілікпен тәуел­сіздікті аңсады, күресті, со­ның жолында құрбан болды. Еркін ел болу бақытын, тәуелсіздікті, ұлттың, халықтың ын­тымағын жасампаздық игілігіне жарату біздің бүгінгі патриоттық, отаншылдық борышымыз», – деді Қуаныш Сұлтанов.

Сондай-ақ, ол Президенттің кө­регенділігі мен реформаторлық таланты еліміздің қарыштап дамуын қамтамасыз етіп келе жатқанына жұртшылықтың назарын аудара отырып, өзінің ұсынысын да жеткізді.

«Тәуелсіз Қазақстан халқын бір мақсатқа жұмылдыратын жалпы­­ұлттық идея, Ұлы Дала кеңіс­тігіндегі «Мәңгілік ел» стратегиясы – 2050 жылға дейінгі даму бағдарламасы – ұлтымыздың жарқын болашағының кепілі. Ассам­блея атынан алдағы уақытта халыққа, ұрпаққа осыны мейлінше насихаттау, тек қана өзіміздің мемлекетке ғана емес, көрші елдерге, алыс мемлекеттерге жеткізу мақ­сатында арнайы «Мәңгілік ел» бағдарламасын не болмаса, «Мәңгілік ел» телеарнасын құрып, жұмыс істетуді ұсынғым келеді», – деді Мәжіліс депутаты.

 Ал, ғарышкер Айдын Айымбетов Қазақстанның қазіргі таңдағы жетістіктерін сөз ете отырып, жастарды елiмiздiң патриоты болуға, Отанымызды көркейтуге сүбелі үлес қосуға шақырды.

«Бiздiң жерiмiзден – Байқоңыр ғарыш айлағынан адам баласы ең алғаш ғарышқа ұшты. Қазақстанды бүгінде бүкiл әлем таниды. Бұл өз елiмiздi мақтан тұтудың тамаша үлгiсi. Бүгiнде Қазақстан көп табыстарға қол жеткiздi. Біз мемлекетімізді одан әрі дамыта беру үшін әрқайсымыз өз iсiмiздің үздiгі болуымыз керек. Мiне, осы – нағыз патриоттық iс. Мен жастарды елiмiздiң патриоты болуға, өзiнiң нақты iстерiмен Отанымыздың көркеюiне үлес қосуға шақырамын. Қазақстанның Байрағы ғарышқа әлi талай ұшатынына, жеңiстi сәттерде жел­бiрейтiнiне, бүкiл әлемге танымал боларына сенiмдiмiн. Қазақ елi мәңгiлiк жасасын!», – дедi таяу­да ғана ғарыштан оралған батыр Айдын Айымбетов. 

Күшіміз  Біздің – бірлікте

Мәжіліс депутаты, «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл жиналғандарды жалынды, жігерлі жырымен рухтандырды.

– Біз, Ауған соғысының ардагерлері, Мәңгілік ел құндылықтарын қастер тұтамыз! Ауған соғысына қатысқан жауынгерлер – соғысты өз көзімен көргендер. Сондықтан, Қазақстанның ұлы жетістігі – ел бірлігін ерекше бағалайды. Біз Елбасына бейбіт өміріміз үшін, аяулы аналарымыз бен бал-бөбектеріміздің күміс күлкісі мен тыныш ұйқысы үшін шексіз ризамыз! Бүгінде интернационалист жауынгерлер – батылдық пен ерліктің нышаны. Жастарды патриотизм рухында, жоғары адамгершілікке, Отанды қорғауға тәрбиелеу – біздің тікелей міндетіміз! – деген ол отауы бөлек болғанымен, Отаны бір барша қазақстандықты ортақ үйіміздегі – бейбітшілікті сақтауға шақырды:

– Елбасымыз «Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың жалғыз ұлттық мемлекетінің нығайып-көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп қызмет ет! Елдің де, жердің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!» деді.

Тәуелсіз елге тірек бол,

 белді бекем буып та.

 Білімнің қайнар көзі бол,

 кіршіксіз таза тұнықта.

 Отан деп соқсын жүрегің,

 жалындасын! Суытпа!

 «Нұрлы жолға» бастаған,

 Елбасымызды ұлықта!

 Көп дүниені таптым деп,

 дүние соңында құнықпа.

 Жайқалып өсер бәйтерек,

 күтімі болса шыбықта.

 Ар-ұят – асыл қазынаң,

 салт-дәстүр, әдет-ғұрып та.

 Барша ұлттардың өкілі байырғы қазақ

 елінде айналсын туған туысқа!

 Татулықты ту ұста, қатулыққа жуыспа!

 Айтылған сөздің барлығын –

 санаңнан өткіз, сұрыпта.

 Күшіміз біздің БІРЛІКТЕ,

 ісіміз біздің тірлікте.

 МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ жолында, патриоттық рухта, ұмытпа, қал-қам, ұмытпа! – деп Б.Смағұл отаншыл қауымды бір желпін-діріп тастады.

 Форумда «Милосердие» қайы­рымдылық қорының директоры Аружан Саин Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жедел түрде операция жасауға мұқтаж 29 баланың өмірін сақтап қалуға басты себепкер болғанын әңгімелеп берді.

«Таяуда Елбасын Қытай Халық Республикасы «Жібек жолы» сыйлығымен марапаттағанын біле­сіздер. Осы сыйлықпен бірге қоса берілген қомақты қара­жатты Президентіміз біздің қорға аударған болатын. Бүгінгі уақытта 29 балаға өмірін сақтап қалуға қажетті операциялар жасалып, со­ның арқасында сол бүлдіршіндер жарық дүниенің қызығын көруге мүмкіндік алып отыр», – деді ол.

Аружан Саинның айтуынша, оның Елбасымен болған әр­бір кездесуі балалардың өмірін сақ­тауға бағытталып келген.

«2010 жылы «Көркем шуа­ғы» кездесуі барысында біз жүрек­терінде сырқаулары туған балалар мәселесін көтердік. Осы жүз­десуден соң, Қазақстанда ауруханалар салынды да, осындай аурулармен туған талай бүлдіршіннің одан әрі өмір сүріп кетуіне қажетті операциялар жасалды. Бүгінде мыңдаған бала дерттерінен айы­ғып кетті, себебі, біздің елде оларды емдейтін дәрігерлерге барлық жағдайлар жасалған», – деді қор директоры.

 Бұдан бөлек, ол қоғамымызда қайырымды жандар көбейіп келе жатқанын, «Балаларға өмір сыйла!» шарасына белсене қатысқан азаматтардың арқасында соңғы 10 жыл ішінде 1300-ден астам баланың өмірі жалғасқанын атап көрсетті. Сонымен қатар, А.Саин Қазақстанда жетімдер үйлерін азайтуға бағытталған «Қазақстан – жетім балаларсыз» жобасына да тоқталды. Оның сөзіне қарағанда, бүгінге дейін осы жобаның арқасында 500-ден астам бала өз отбасыларын тапқан. 

Ерлікке  әрқашан орын  бар

«Халық Қаһарманы» Азамат Жұмаділов алқалы жиында ішкі толғанысын жасыра алмай, тебіреніспен сөйледі.

«Мен еш­қа­шан батыр атануды ойлаған емеспін. Сол қатерлі түнде азамат­тық міндетімді ғана атқардым! Менің орнымда кім болса да дәл солай істер еді. Жауапты сәтте қатерге ойланбай бас тігу – елім деген әрбір азаматтың борышы! Сол оқиғаны Елбасы теледидардан көріп, маған «Халық Қаһарманы» атағын берді. Осыдан түйгенім: Қазақстанда жасалған әрбір игі іс Елбасының назарында. Ұлым дейтін елі мен Елбасы барда, елім дейтін ұлдар бар. Патриотизм ел үшін жасалған нақты істерден тұрады. Бұл – «Мәңгілік елдің» бас­ты сипаты! Мен еліміздің жастарына үндеу тастаймын! Қасиетті Отанымызды сүйіп, құрметтейік! Жақындарымызға көмектесейік! Лайым жерімізден бейбітшілік пен келісім кетпесін!» – деді «Халық Қаһарманы».

 Ал, кеншілер әуле­ті­нен шыққан қарағандылық Қанат Мұстафин де «Мәңгілік ел – болашағы біртұтас ел» патриоттар форумы барысында ел игілігі үшін атқа­рылып жатқан шаруаларға разы пейілмен қарайтынын жет­кізді.

 Актер Нұрлан Әлімжанов өз кезегінде кино өнерінің ұрпақты отансүйгіштікке, патриоттыққа тәрбиелеудегі ойын айта келіп, Елбасының аталған салаға жасаған қолдауының арқасында бұл бағытта көптеген жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.

 Тараз мемлекеттік педа­го­гикалық институтының ректоры Дария Қожамжарова өзінің сөзінде мемлекетіміз тарапынан ұрпаққа сапалы білім беру ісіне жоғары деңгейде қолдау көрсетіліп келе жатқанына көңіл аударды. 

Мырза  жігіт Мырзабаев

 Қатерлі ісік пен онкологиялық ауруларымен күресу мақсатындағы зерттеулерге 2 млн. АҚШ долларын беруді шешкен жиырма бес жастағы қазақстандық бағдарламашы жігіт Асхат Мырзабаев жиын кезінде медициналық ғылымды одан әрі қаржыландыруды мақсат етіп отырғанын айтты. Жалпы, Атырауда туып-өскен, осындағы қазақ-түрік лицейін бітірген Асхат университеттің үшінші кур­сында оқып жүріп АҚШ-тың Сан-Франциско қаласына Твиттер компаниясына тәжірибелік жұмысқа орналасуға мүмкіндік алған. Онда ол керемет жігіттермен таныс­қан, олар бұған жақсы жобаны жасауға көмектескен, кейіннен оны Microsoft компаниясы сатып алған. Осыдан соң ол көлемді ақпаратпен жұ­мыс жасауда ірі қаржы ком­па­нияларының тәжірибесін алған. Отаншылдық патриот сезімін тебірене білдірген жас жігітке форум қатысушылары ризашылықпен қол соқты.

Ақын Маралтай Ыбыраев Елбасының «Қазақ тілі Мәңгілік елдің – мәңгілік тіліне айналады» дегенін қатысушы қауымның есіне салды. – Ақын үшін Мәңгілік тілімізді ұлықтап, Мәңгілік елдің мызғымас құндылықтарын жырлаудан артық бақыт жоқ, – дей келе, мына өлең жолдарын арнады.

 Мәңгілік ел – арманымның асқары,

 Мәңгілік ел – бақытымның бастауы.

 Мәңгілік ел – тарихымның дастаны,

 Мәңгілік ел – Нұрлы жолға бастады.

 

Мәңгілік ел – шежіресі даламның,

Мәңгілік ел – ақ тілеуі анамның.

Мәңгілік ел – мәңгілікке аманат,

Мәңгілік ел – Нұрлы жолы бабамның.

 

Мәңгілік ел – Нұрағамның ділі еді,

Нұрағамды бүкіл әлем біледі!

Қазақ деген Көк Түркінің ұлы елі,

Нұрағамның нұр жолымен жүреді! 

Ұлы  Дала  елінің  асқақ  рухы

Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Бауыржан Исламхан «Спорттың өзі – патриотизм! Футбол сайыстары Қазақстан халқын біріктіреді. Біздің табысты додаларымызда, ойын алаңында жүріп, мен біртұтас халқымның – Ұлы Дала елінің рухын сезінемін. Мен әлеуметтанушыларға қазақстандық бірыңғайлылықты дәл осы спорттық жарыстарда өлшеуді ұсынамын. Оның нәтижесі міндетті түрде 100 пайыз болады! Меніңше, спорттық жеңістеріміз неғұрлым көп болса, біз өз мұратымызға – болашағы біртұтас елге солғұрлым жақындай түсеміз» деді.

Форумда «Ста­тус» әйелдер федера­ция­сының жетекшісі Ирина Унжа­кова, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасына қатысушы, «Қаз­АвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ директорының орынбасары Айжан Туғанова, «MIMIORIKI» компаниясының директоры Инна Апенко, Қазақстан аспазшылары қауымдастығының президенті Елена Мащинская, мұнай-газ саласының ардагері Фердинат Мамонов, қазақ тілін үйретудің жаңа тәсілінің авторлары Семен Махов, Евгений Шворнев, Сергей Закора және басқа азаматтар өздерінің жүректерінен шыққан жылы лебіздерін, елге, Елбасына деген құрметтерін тебірене жеткізді.

 

Ерен  еңбекке –

елеулі  марапат

Ия, елін шексіз сүйетін, патриоттық сезімі жоғары аза­маттар елімізде баршылық. Олардың ерен ерлігі мен патриоттық асыл қасиеттерін әрқашан да мақтан етуге тұрады. Олар жас ұрпаққа өнеге. Форум аясында «Жыл пат­рио­ты» байқауының қоры­тын­­дысы шығарылды. Отанға деген сүйіс­пен­шіліктерін күнделікті еңбегімен, ерен ерлігімен дәлелдей білген қа­зақстандықтар жеті аталым бойын­ша марапатталды. Оларды атап көрсетер болсақ, ғарышкер Ай­дын Айымбетов («Менің елім» аталымы бойынша), ұлт мақ­танышы, КСРО халық әртісі Би­бі­гүл Төлегенова («Руханият шыңы»), белгілі боксшы Геннадий Голов­киннің анасы Елизавета Голов­кина («Ана жүрегі»), «Ди­нар-Элек­тромаш» ЖШС (Ақтө­бе об­лысы) іс бас­қарушысы Сер­­гей Вишняк («Ел бірлігі»), «Каз­легпром – Алматы» ЖШС бас ди­­рек­торы Айбек Бектұрғанов («Нұр­лы жол»), «Темірлан» ЖШС директоры Ерлан Әлин («Ерен еңбегі үшін») және суға ба­тып бара жатқан екі сынып­тасын құтқарған мектеп оқу­шы­сы Никита Тюкин («Ерлік») мара­патқа ие болды.

Осылайша, біздің елімізде үздік еңбеккерлерімізді, батырларымызды құрметке бөлеу дәстүрге айналғанына тағы бір рет куәгер болдық. Мұның тәрбиелік мәні өте зор екенін, халықтың келешекке деген сенімін одан сайын арттыра түсудегі маңыздылығын әрбір қазақстандық азаматтың ұға білгені жөн. Өйткені, осының барлығы еліміздің болашағы үшін жасалып жатқан игі істер екені талассыз.

Ия, ел тұ­тас­тығын сақтап, ұрпақ тәрбиесінде өзіндік орны бар бұл патриоттар форум ерекше ықыласпен, жоғары ұйымдасқандық рухында өтті. Ол елдің әр азаматының Отанға, Елбасына деген ыстық сезімі мен қа­зақ­стандық бірегейлікті нығай­туға және «Мәңгілік ел» құн­ды­лықтары негізінде бірыңғай азаматтық бірлікті қалыптас­тыруға қатысты әсерлі сөздердің айтылуымен көпшілікті еріксіз толқытты.

Форум жұ­мы­сы кезінде «Бір ел – бір отбасы» атты жо-
              баның басталғаны хабарланды, бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» атты бес реформасының аясында іске асырылатын Қазақстан халқы Ассамблеясының «Үлкен ел – үлкен отбасы» жалпыұлттық жо­басы қолға алынғандығының айғағы. Бұл жоба аясында елімізде патриоттық тәр­бие басымдықтарын, бола­шағы біртұтас ұлтымыздың зияткер­лік, мәдени және рухани құнды­лық­тарын ілгері бастыруға бағыт­талған кең ауқымдағы акциялар мен әлеуметтік шаралар өткізілмек.

 Еліміздің патриоттар форумы бүкіл қатысушылардың қосылып орындауындағы «Атамекен» әнімен қорытындыланды.

 

Форумға қатысушы

атыраулықтар лебізі:

Мейірім  ҚАЛАУИ,

Атырау облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы:

 – Бұл форум барша жастарды жұмылдыра түсті. «Мәңгілік ел» идеясы айналасына топтасқан біздер өткен тарихымызға терең назар аудара бастадық. Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуын атап өтіп, арғы, бергі тарихымызды барша әлемге таныстырып жатырмыз. Тек Атырау облысының өзінде біздің арғы тарихымыздың терең сыры бар. Олар әлі де ашылып болған жоқ, біздің жастар саясаты басқармасы алда осы бағытта жұмыстанатын болады. Қазақ хандығының 550 жылдығына орайғы шараларға байланысты республикалық экспедицияларға жастар ұйымдары белсене қатысып келеді. Сөйтіп, біз жас ұрпақтың бойына бабалардың патриоттық істерін сіңіруге жұмыстанудамыз.

 Мәңгілік ел идеясы – бұл жастардың болашаққа бағдаршамы деп есептеймін. Міне, форумда өте жақсы ойлар ,ұсыныстар айтылды. Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Е.Тоғжанов өз сөзінде атыраулықтар, соның ішінде Ерлан Күмісқалиевтің канистерапия емі арқылы жүзден астам баланы емдеп, қатарға қосқанын, әрі мемлекеттен еш қаржы алмай, халық үшін жұмыс істегенін мақтан етті. Онкология және қатерлі ісік дертін емдеуге 2 млн. АҚШ долларын аударған жас жігіт Асхат Мырзалиев те – біздің атыраулық. Міне, бұлар нағыз патриоттар, оларды орынды мақтан етеміз. Осындай азаматтар көбейе берсін!

 

Гүлмайдан  СҮНДЕТОВА,

Атырау облыстық филармониясының әншісі, Мәдениет қайраткері:

– «Мәңгілік ел – Болашағы Біртұтас ел» атты республикалық патриоттар форумының өтуі мен үшін үлкен қуаныш. Еліміздің әрбір азаматы патриот болуы тиіс деп ойлаймын. Өйткені, олардың әрбір іс-әрекеті – еліміздің болашағына қаланар кірпіш.

 «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыру жолында баршамыз бір адамдай атсалысқанда ғана белгілі бір нәтижеге қол жеткізе аламыз. Жетістік төккен тер мен ерен еңбектің нәтижесінде келетінін қаперден шығармайық.

Жалпы, патриоттық – әр адамның еңбегі арқылы дәлелденетін құндылық. Егеменді ел болғанымызға көп уақыт болған жоқ . Осы аз ғана уақыт ішінде әлем мойындаған, керегесі кең, іргелі елге айналдық. Осынау елдің үлкен жетістігінде өнер адамдарының еңбегі ерен деп айта аламын. Өнер мен мәдениет арқылы елдің рухы артады, мемлекет әлемге танылады. Өзім жақында осы форумға жүрер алдында батыр бабам Исатай атындағы ауданның Құрметті азаматы атандым, бұл –өз туған ауылымның маған үлкен сыйы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*