«МӘҢГІЛІК ЕЛ» ИДЕЯСЫНЫҢ МӘНІ


Ұрпақ алдындағы үлкен 
жауапкершілік

Ұлт жоспарын «Мәңгілік Ел» идеясы контексінде еліміздің өткені, бүгінгі және болашағы сияқты тарихи сабақтастық өлшемінде қарау керек. Қазақ елінің 550 жыл бойғы күресінің нәтижесінде қол жеткен тәуелсіздікті кейінгі ұрпаққа мирас ету – елдің тарих көшіндегі мәңгілігінің нақты көрінісіне айналады және өскелең ұрпаққа үлкен жауапкершілік жүктейді.

Елімізде соңғы кезде саяси, мәдени лексиконға еніп, еліміздің идеологиялық ұстанымының басты ұғымына айналып жүрген ұғым – «Мәңгілік Ел» сөзі. Астанада үлкен символикалық арка жасалды, осындай атпен журнал шығуда, зерттеулер жасалуда. Бұл сөздің ұғымымызға берік енуі, жоғарыда айтылған іс-шаралар елімізде ғана емес, бүкіл түркі қауымында мәдени, әдеби зерттеулерге ұласа бастады. Зерттеулер көрсеткендей, бұл ұғым иісі түркі халқының ортақ ұғымы болып шықты. Сондықтан, біз сонау түркілердің асыл арманын ұранға айналдырып отырмыз. Себебі, біздің Еуразия кеңістігіндегі географиялық және тарихи орнымыз жағынан да осы идеяны ұсынуға тарихи-мәдени құқығымыз бар деуге болады.

Атақты орыс жазушысы, ғалым Л.Н.Гумилев «Каспий айналасындағы мың жыл» кітабында түркілер өздерінің ұлы мемлекетін «Вечный эль» атағанын жазады. Орхон жазуындағы «беңгу ел» сөзін қазақ ғалымдары М.Жолдасбеков, А.Аманжолов, Қ.Сартқожаұлы «Мәңгі ел» деп аударып келген. Соңғы кезде «моңғол» сөзі де ұлттың атауы емес, «Мәңгі ел» деген идеология болуы мүмкін» деген пікір айтылып жүргені белгілі. Осы ұғымның аясында алаш ардагерлері армандаған ұлттық мақсат пен мүдде іске асып және алдағы тарихи уақыттағы ұлттық ұстанымдарымыз айқындалған дей аламыз. Осының бәрін қорыта қарайтын болсақ, Қазақстан тек қазақ халқы ғана емес, жалпы түркі өркениеті мен түркілердің ортақ идеясының квинт эссенциясын жүзеге асыратын елге айналып отыр деуге болады. «100 нақты қадамдағы» негізгі мақсат та – Еуразия төсіндегі Қазақ мемлекетінің әлемдік саяси-экономикалық кеңістікте өзіндік орны мен маңызы бар тәуелсіз елдігін көрсету, оны өркендету.

Әрине, «Мәңгілік Ел» идеясы іске асуы үшін құқықтық, саяси-әлеуметтік, экономикалық және тағы басқа алғы шарттар іске асуы қажет. Менің ойымша, бұл бір күннің, немесе әлдебір тарихи кезеңнің шаруасы емес. Бұл стратегия, ұлттық идея, ол біздің қозғаушы күшіміз болуы керек. Мысалы, Лев Гумилев пассионарлық концепциясы негізінде түрік этносы өзінің инерциялық фазасында осы идеяны ұстанды дей отырып, бұл кезеңде құр армандамайды, ойлап-пішілген жоспарларын іске асырады деген уәж айтады. Демек, біз үшін де ең бастысы қазіргі прагматикалық заманның талаптарына сай нақты және шынайы жоспарларды жүзеге асыру. Әлемдік қауымдастық пен жеке адам алдында жауапкершілік жүгін арқалай білген ел ғана даму жолында жетістіктерге жетері сөзсіз. «Мәңгілік Ел» болудың да бір шарты – өзіңнің қуатыңды, әлеуетіңді арттыра отырып, басқа елдермен тығыз қарым-қатынаста болу. «Мәңгілік Ел» болудың маңызды шартының бірі, әрине, сол елге болашақта ие болатын, оның мәңгілігін қамтамасыз ететін жастарды тәрбиелеу, дайындау. Жаһандану үрдістері, ақпараттық-технологиялық өркениет қазіргі жастардың бойында ұлттық болмысы, мемлекеттік құндылықтарға деген бейтарап көзқарасын тудырып отырғаны жасырын емес. Сондықтан, ұлттық құндылықтар мен дәстүрді жастардың бойына сақтай отырып, заманауи білім мен технологияны игеру арқылы еліміздің ертеңінің беріктігін, биік рухын мирас қыла аламыз. 

Қазақстандық патриотизм қалай қалыптасады?

Елімізде қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мәселесі қоғамдық институттардың, ғалымдар мен саясаткерлердің, білім беру жүйесі саласындағы қызметкерлердің бәрі үшін өзекті тақырыптың біріне айналып отыр. Қоғамдық санада патриотизм қалыптастыру қысқа мерзімде іске асатын, саяси науқандық шара немесе әлеуметтік акт емес, өз кезегінде ол рухани тәрбие, ұлттық құндылықтар, азаматтық, мәдени-әлеуметтік, саяси, экономикалық көзқарас пен дүниетаным сияқты категориялармен үндесетін кең ауқымды, жүйелі ұғым. Нәтижесінде осының бәрі еліміздегі патриоттық тәрбиенің іргетасы іспетті «Мәңгілік Ел» идеясының аясында тоғысуы қажет. Сондықтан да, «100 нақты қадам» ұлттық жоспарында біртектілік пен бірліктің негізгі принципі ретінде «Мәңгілік Ел» патриоттық актісі жобасын әзірлеу қажеттігі айтылады. Елімізде жоспарланған ұзақ мерзімді стратегия да осы мүддеге жауап береді. Сондай-ақ, осы бағытта бірнеше мемлекеттік деңгейдегі шаралар қолға алынып отырғаны белгілі.

Қазақ хандығының 550 жылдығы, Конституцияның 20 жылдығы, Ассамблея жылы сияқты маңызды оқиғалардың бәрі де қоғам мен жастар арасында отансүйгіштік сезімінің қалыптасуы мен тереңдеуіне ықпал ететін шаралар болып табылады. Әңгіме, әрине, оларды жүйелі түрде, қалың көпшіліктің көкейінен шығатын, елі үшін мақтаныш сезімі туатындай дәрежеде өткізу екені сөзсіз. Қазіргі әлемдегі саяси, экономикалық тұрақсыздық пен дағдарыс кезеңінде елдегі жағдайдың тыныштығы мен бірлігі, айқын болашағы болуы отансүйгіштік сезімін нығайтушы фактор екені күмән шақырмайды.

Осы ұлттық жобадағы «Үлкен ел – үлкен отбасы», «Менің елім», «Жалпыға ортақ еңбек қоғамы» идеялары абстрактілік ұранға айналмай, қоғамды шынайы біріктіретін құндылықтық сипат алуы қажет. Ондай болмаған жағдайда олар кезекті әлеуметтік мифологемаға айналады. Оның үстіне қазіргі заманның жаппай прагматизм мен дүниеқорлық психологиясы басым болып тұрған кезде адамдардың патриоттық сана-сезімі құр идеалистік ұстанымдарға құрылмайтыны белгілі. Сондықтан, экономикалық, әлеуметтік мәселелердің оңтайлы шешім табуы, осы бағыттағы үлкен жобалар тағы бір маңызды фактордың бірі болып табылады.

Қазақстандық патриотизмді мағыналық жағынан толықтыратын құрылымдық элемент – елдегі этносаралық және дінаралық келісім саясатының көпшіліктің қолдауына ие болуы. Бұл ұғымның толыққандылығы да осы идеяның іс жүзінде іске асуымен тығыз байланысты. Ұлттар мен халықтардың бір мемлекет ішіндегі оқшаулануы мен әлеуметтік-мәдени, құқықтық жағынан шектелуі қашан да ұлтаралық қатынастың дағдарысына әкелері сөзсіз. Сондықтан, қоғамдық институт ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясының, «Қоғамдық келісім» мекемесінің қазақстандық патриотизмді қалыптастырудағы ролі мен мүмкіндігін ескере отырып, олардың әлеуетін толығынан пайдалану қажет.

Қазіргі ақпараттық кеңістікте жиі кездесетін бір елдің белгілі адамын екінші елдің өз атына таңуы да осындай бәсекеден туады. Оның арғы жағында ұлттық мүдде жатқаны сөзсіз, ал, ұлттық мүдде мен патриотизм сезімі қашан да қатар жүретін тандем болып келеді. «Патриотизм санасының төмен болуына қандай факторлар ықпал етеді?» деген сұраққа жауап іздесек, бірнеше өзара байланысты нәрселерді көреміз. Ақпараттық технологиялардың дамуы өскелең ұрпақтың өзге елдің арзанқол мәдениеті мен отансүйгіштік сезіміне, ұлттық санасына тосқауыл қоятын идеологиясымен улануына себепші болуда. Осындай жағдайда этномәдени тәрбие беру, ұлттық салт-дәстүрлерді заманауи құралдар арқылы насихаттау мәселесі күн тәртібінен түспеуі керек. Сонда ғана ұлттық құндылықтардың отансүйгіштікке тәрбиелеу функциясы өз мақсатына жете алады.

Қазіргі кезде әртүрлі әлеуметтік желілерде біздің елімізге, оның тарихы мен жетістіктеріне қарсы бағытталған материалдар мен арандатуларға қазақ жастары мен ұйымдардың, ұлтжанды азаматтардың парасатты, дәлелді, мәдениетті түрде заманауи технологияларды қолдана отырып, уәж айтулары, тойтарыс берулері ұлттық сана-сезімнің өсу деңгейінен хабар береді. Солардың арасында елімізді өз Отаны санайтын басқа ұлт өкілдерінің болуы да қазақстандық патриотизм идеясының әлеуметтік кеңістікте қолдау тапқанын көрсетеді. Көрші елдерде ұлттық бағыттағы тенденциялардың күшеюі де патриотизмге негізделген, оған біз де өз патриоттық санамызды нығайта отырып қарсы тұра аламыз.

Демек,  қазір  ақпараттық  кеңістіктегі патриотизмге тәрбиелеу, қалың көпшіліктің отансүйгіштік санасын басым ету – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Өкінішке орай, қазіргі мультикультурализм, әлемдік интеграция кезінде кейбір жастардың отансүйгіштік сезімін өзіне өмір сүруге қолайлы жерге немесе мәдениетке айырбастауы да жиі кездеседі. Сондықтан, ұлттық базистік құндылықтардың бірі ретінде отансүйгіштік сезімін балабақшадан бастап тәрбиелеу елдің болашағын идеологиялық қамтамасыз етудің негізі болып табылады. Сонда ғана қазақстандық патриотизм ұлттық біртектілік пен бірегейлік идеясының жалпыұлттық құндылыққа айналуының іргетасы бола алады.

Өмірбек БЕКЕЖАН,

Атырау облыстық әкімі аппаратының  «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің аға сарапшысы,

философия ғылымдарының докторы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*