«МӘҢГІЛІК ЕЛ» ИДЕЯСЫ– АЛҒА БАСУЫМЫЗДЫҢ ЕҢ БАСТЫ БАҒДАРШАМЫ

alogo2050Үкімет басшысы айтқандай, маңызды құжатта ұзақмерзімді кешенді жұмыстармен қатар, жедел іске асырылуы тиіс тапсырмалар жеткілікті. Бұл туралы толығырақ баяндаған ҚР Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Ерболат Досаев Жалпыұлттық жоспар жобасы әзірленгенін айтты. Мемлекеттің негізгі даму бағыттарын айқындайтын жоба жеті басым бағыт бойынша 40 тармақтан құралған. Ол Ұлт Көшбасшысы ұсынған «әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру» тұжырымдамасына сай нақты жұмыстар бастауы болуы тиіс.
– Біріншіден, 2015-2019 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық бағдарламалардың жобасын әзірлеу ағымдағы жылдың қыркүйек айында аяқталуы тиіс,-деді ведомство басшысы. – Одан әрі ауыл шаруашылығы субъектілерін ұзақмерзімді қаржыландыру, ғылымды қажет ететін экономика құру, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жетілдіру, төртінші мұнай өңдеу зауыты мен атом электр стансасы құрылыстары, адам капиталын жақсарту мен мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, мүгедектерді қолдау бағытында жасалатын жұмыстар жеткілікті.
Осы орайда министр «Агробизнес-2020» агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасына өзгерістер мен түзетулер енгізілетінін хабарлады.
Бұдан басқа да кезек күттірмейтін мәселелер бойынша нақты тапсырмаға тоқталған министр қаржы саласын дамыту тұжырымдамасы әзірленетінін айтты. Сондай-ақ, елімізде Астана мен Алматы қалаларында агломерацияны қалыптастыру жоспарлары жасалатынын мәлімдеген Ерболат Досаев «жасыл экономиканы» дамыту мақсатында үстіміздегі жылдың тамызына дейін Назарбаев университеті базасында болашақтың энергиясын іздеу мен құру бойынша үздік тәжірибелердің талданатынын атап көрсетті. Әсіресе, экологиялық таза транспортты пайдалану жайы көбірек зерттелетіні айтылды.
– Атом стансаларына арналған ядролық отынды өндіруді ұйымдастыру бойынша ұсыныстар да жыл аяғына дейін тапсырылады. «Жасыл экономиканы» дамыту мақсатында биыл тамыз айында Назарбаев университетінде болашақтың энергиясын жасақтау және іздеу бойынша үздік тәжірибені енгізу және зерттеу орталығы ашылады, онда экологиялық таза көлікті қолдану мәселесі зерттеледі,-деді министр.
Сала басшысының баяндамасынан ұққанымыз, осы жылдың қыркүйегіне дейін қазіргі заманғы логистика және дистрибуция орталықтарын дамыту, автокөлік және темір жол инфрақұрылымдарын кең ауқымда жаңғырту, халықаралық сауда қызметін жүзеге асыру кезіндегі кедергілер жойылуы тиіс. Осылайша, көлік жүйесі инфрақұрылымдарын дамыту мен интеграциялау бойынша мемлекеттік бағдарламаға тиісті өзгерістер енгізілмек. Ал, патриоттық рухты күшейтуде «Мәңгілік Ел» акциялары ұйымдастырылатыны белгілі болды.
Селекторлық кеңесте Жалпыұлттық жоспардағы іс-шаралар үйлестірушілері есеп берді. Премьер-министрдің орынбасары Әсет Исекешов инвестициялық климатты жақсартуда ғылым мен инновацияның рөлі артатынын атап айтты. Жұмыс тобының құрамына университет ғалымдары қатыстырылмақ. Ал, Премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова шәкіртақы, әлеуметтік төлемақылар көлемін көтеру, азаматтық және мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысын ұлғайтуда мұқият зерттеулер жүргізілетінін жеткізді. Оған қажетті мәліметтер де жеткілікті екен. Идеологиялық жұмыстарға үкіметтік емес ұйымдар тартылмақ.
Жалпыхалықтық жоспар үйлестірушісі Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бағытжан Сағынтаевтың айтуынша, «Агробизнес-2020» бағдарламасына түзетулер енгізуде бірқатар шаруалар қолға алынған. Мемлекет басшысының тапсырмасымен аграрлық ғылымды жетілдіру жайы да назардан тыс қалмайды.
Отырыста одан әрі кейбір мемлекеттік мекемелерді жекешелендіруде ыңғайлы бәсекелестік орта қалыптастыру жайы сөз болды. Ұлттық кәсіпкерлер Палатасы бұл тұрғыда әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, кейбір шешімін күткен мәселелерді тарқатуды ұсынса, енді бірі мұндай жұмыстар кезең-кезеңмен жүргізілуі тиіс екендігін жасырмады. Әсіресе, коммуналдық салаға қатысты түйткілді жайттар көп-ақ. Әйткенмен, Премьер-министр Серік Ахметов заман көші бір орнында тұрмайтынын, жаңашылдық қажеттігін атап айтты. «Мемлекет басшысының Жолдауының маңызы зор. Бұл – Үкімет шешетін міндеттер ауқымы да кең деген сөз. Бастысы, құжатта базалық индикаторлар және әлемнің ең озық 30 елінің қатарына ену бойынша жеті бесжылдық шеңберіндегі кезеңдер айқын көрініс тапқан», – деген Үкімет басшысы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне Елбасы Жолдауы жүктеген міндеттерді жүзеге асыру тұрғысында Жалпыұлттық жоспарды іске асыру бойынша жалпы мониторингті жүргізуді жүктеді. Премьер-министрдің орынбасарларына қадағалайтын бағыттары аясындағы жұмыстарды жүйелі не¬гізде ұйымдастыруды міндеттеді. Осы орайда бұқаралық ақпарат құралдарының маңызы айтылып, Жалпыұлттық жоспар орындалысының айқын көрініс табуына тапсырма берді.

Үкімет
селекторынан соң…
Отырысқа онлайн-режимде қатынасқан Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов те аудан әкімдері мен басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Ел тарихындағы Жолдаудың маңызын тағы бір мәрте атап айтқан ол облыс активінде де құжатта айтылған мәселелер аяқсыз қалмайтынын ескертті. Бұл ретте жуық арада аудан әкімдері Жолдауға қатысты ұсыныс-пікірлерін өңір басшысының орынбасарларына тапсырады. Оны орынбасарлары жүйеге келтіріп, облыс әкіміне ұсынады. Осылайша, атқарылатын шаруалардың бастапқы іс-шаралар жоспары ұйымдастырылмақ. Ал, қаңтар айының 29-ынан бастап Индер, Махамбет аудандары әкімдерінің жасалған жұмыстар бойынша есептері тыңдалмақ.
– Сол кезде Жолдаудың жеті бағыты бойынша биыл атқарылатын шаралар легі аталуы тиіс. Аудандарға үдемелі индустриалды-инновациялық жобаларды жүзеге асыруды тапсырдық. Алайда, іске асырылып жатқан жобалардың басым бөлігі облыс басшылығының инициативасымен қолға алынды. Оның үстіне, біз осы аптаның соңында бірінші кезеңде жасалатын жұмыстарды әзірлеуіміз қажет,-деді Б. Ізмұхамбетов.

Жекешелендірудің екінші легі
басталмақ
Үкімет сағатындағы екінші мәселе – бәсекелестік ортаны қолайландыру бағытында құзырлы Агенттікпен байланысып, атқарылар шаруаны белгілеу керектігі айтылды. Алдағы уақытта елімізде жекешелендірудің екінші кезеңі басталатынын атап өткен аймақ басшысы, расында да, коммуналдық шаруашылықтарда өзекті мәселелер бар екендігін жеткізді. «Мәселен, кәсіпкерлер балабақшаларды жекешелендіріп алса, кейін оның бағасын көтереді. Оны қымбатсынған халық балаларын беруден бас тартады. Ақыры, балабақшаның мейрамханаға айналып кетуі ғажап емес»,-деп қадап айтқан Бақтықожа Салахатдинұлы Жолдауды қолдап қана қоймай, жүктелген тапсырмаларды орындау үшін сөзден гөрі, іске кірісу керектігін ескертті.
Сондай-ақ, жиын барысында тауар нарқына зерттеу жүргізу жайы да сөз болды. Бағаны үнемі қадағалап, жағдайды бақылап отыруға мүмкіндік береді. Мәліметтердің толық болуы мемлекеттік бағдарламалар орындалысы мен салалардағы атқарылып жатқан шаруалардың нақты нәтижесін көрсетпек. «Екі сұрақ та маңызды. Сондықтан, уақыт өткізбейік»,-деді сөзін қорытындылаған облыс әкімі.

Айбөпе САБЫРОВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*