«МӘҢГІЛІК ЕЛ» – біздің ұлттық идеямыз

Бағытымыз айқындалды

Жолдау алғаш рет «Мәңгілік Ел» жобасын ұсынды. Шынын айтқанда, «Тәуелсіз Қазақстан» атауы саяси сахнада да, рухани сахнада да өзінің міндетін адал атқара алды деп нық сеніммен айтуға толық негіз бар. Қазақстан осы жиырма екі жыл бедерінде өзін бүкіл әлемдік қауымдастық алдында сенімді әріптес болумен қатар, өзгелердің өзіне деген сенімі мен сыйластық қарым-қатынасын қалыптастыра алған ел екендігін дәлелдеп шықты. Осынау мәртебеге біз оп-оңай қол жеткізе қойған жоқпыз. Алғашқы асудың қиындықтары мен сергелдеңін сергітер жаңа идеяға дейін түрлі кезеңді бастан кешкеніміз тағы рас.

Ал, ендігі жердегі  Қазақстанның ұстанар бағыты қандай болуы керек? Таяу уақытта нендей жобаларға барынша басымдық берген жөн? Әлемдегі дамыған көптеген елдер қысқа мерзімді жоспармен өмір сүрмейді, кемінде 30-50 жылдағы тіршілік-тынысына алдын ала айрықша маңыз беріп жатады. Мұндайда Қазақстан сияқты жас мемлекеттің алдағы стратегиялық жобаларын негізінен қай салаға көбірек арнағаны жөн?

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауында көтерілген мәселелермен егжей-тегжейлі таныса келе, көңілде жүрген осындай бірталай түйткілдің түйіні табылғандай әсер алдым. Барша халық болып жұдырықтай жұмыла жүзеге асыратын ендігі межеміз – «Мәңгілік Ел» идеясының төңірегіне тоғысу екен. Мұны қазірдің өзінде көпшілік ұлттық идея ретінде өте жоғары бағалап отыр. Байтақ елдің келешегі мен дамуын басқа бір бейтаныс жұрттың белгісіз ізінен, бағытынан іздемей, төл тамырдан, өзімізбен түбі бір түркі дүниесінің ғажайып құндылықтарына иек арту арқылы табу үлкен мерей деп ойлаймын.

Ғалымдар ежелгі түркілердің «Мәңгілік Ел» деп аталатын тұжырымын екі мағынада таратып айтып берді. Біріншісі, біртұтас түркі елі, болмаса қағанат деген ұғымды білдірсе, ал, екіншісі, жекелеген түркі мемлекеттері, хандықтар, ұлыстар деген атаумен түсіндіріледі. Ендеше, «Мәңгілік Ел» атты ұлттық идеяның түбі шексіз, мұхиттай терең мағынамен тікелей ұштасып жатыр.

Патриотизмді дамыту – басты парыз

Елбасы 2050 жылға дейінгі ел мұратын ашып айтты: Қазақстан әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылуы керек! Бұл идеяның «Мәңгілік Ел» жобасы арқылы жүзеге асырылатыны мәлім етілді. Ол қол жетпес арман сияқты бос қиялдан туған ой емес. Мұны жүзеге асырудың нақты талаптары екшеліп, ел назарына ұсынылды. Үкімет Президенттің тапсырмасы бойынша тұжырымдама жобасын әзірлеп шыққан болса, бұл ретте Елбасының алдағы 15-17 жылды Қазақстанның серпілісті іс-әрекеті үшін «мүмкіндіктер көзі» деп болжауы болашаққа сенімді нығайта түседі.

Жолдау негізгі жеті басым бағыттың маңызын тиянақтап берді. Қазақстан тарихына енетін 10 креативті идеяны алға тартты. Олардың бәрін бір ғана әңгіме барысында түгелдей тарқатып айтып шығу мүмкін емес десек те, олардың кейбір жекелеген ерекшеліктеріне тоқталудың жөні бар сияқты. Соның бірі әрі ауқымдысы – санаға патриотизм идеясын қалыптастыру болып табылады. Қазіргі қазақстандық қоғамның құндылықтарын құрайтын жаңа құжат – «Мәңгілік Ел» патриоттық актісі дайындалатынын естігенде, елдік, мемлекеттік мәселе өмірлік қағидамен қай кезде де тұтасып тұратынын санаға мықтап түйген жайымыз бар.

Өркениеттің өзекжарды  мәселесі

Екінші идея – экономиканың жаңа салаларын қалыптастыру аумағында жүзеге асырылмақ. Мысал үшін мобильді, мультимедиялық, нано және ғарыштық технологиялар, роботты техника, гендік инженерия, болашақтың энергиясын іздеу және ашу адамзат өркениетінің өзекжарды мұраты саналып отырған шақта Қазақстан да келешекке қадамын мұнсыз ілгері бастыра алмасы аян. Сондықтан, «Жолдаудың бұл тармағы әрбір келесі бесжылдықтар белесі осы салалардағы оң нәтижелерге толы болады» деген үмітті үрлей түседі. Шетелдік инжинирингтік компаниялардың инвестицияларын геологиялық барлау саласына қарай тарту ел межесін еселеудің тағы бір табысты қадамы болмақ.  Ол республикамыздың әлемдік рынокқа табан тіреуін қамтамасыз етеді деп күтілуде. Ал, ауыл шаруашылығы саласында аграрлық ғылымның дамуы, оның ішінде гендік жаңғыртылған дақылдар әзірлеу сияқты бастамалар Қазақстанды өз өнімдерін экспорттайтын мемлекетке айналдырады деп сендіреді.

Айта кету керек, Елбасының жаңа Жолдауы отандық ғылымға айрықша көңіл бөлуімен ерекшеленіп отыр. Оған себеп те жоқ емес. Өйткені, дамыған елдердің қай-қайсысын алып қарасаңыз да, ғылыми жетістіктерді өндірістің қайнар көзіне айналдыруға барынша мүдделілік таныта біледі. Ғылыми құндылықты өркениеттен тыс қабылдай алмайды. Оны адам игілігіне, халықтың тұрмыстық жағдайының жақсара түсуіне бағыттап, баға жетпес байлыққа басқалардың да құрметпен қарауын қамтамасыз етуі қызықтырады. Бұл ретте қазақстандық ғалымдарды қол қусырып,  қарап отыр деу қисынсыз. Олардың тарапынан ұсынылып жатқан заманауи жобалар аз емес. Өкінішке қарай, қаржы тапшылығы салдарынан соның басым бөлігі ескерусіз қалып қойып жатады. Ендігі кезде сол олқылықтың орнын толтыратын мүмкіндік туып отыр. Елбасы Жолдауындағы үшінші басым бағыт тікелей ғылымға арналған. Мұнда «Ғылымды қаржыландыру көлемін біртіндеп арттырып, оны дамыған елдердің көрсеткіштеріне жеткізу жөнінде нақты жоспар қажет» деп тайға таңба басқандай көрсетілген. Бұл түйін ғылымдағы қордаланған көптеген түйткілдің дұрыс шешілуіне оң ықпал етеді деген байлам жасатады.

Білімді елдің болашағы жарқын

Жолдаудағы назар аудартатын тағы бір мәселе – елдегі білім сапасының деңгейі. Алдағы уақытта ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсарту жоспарлануда. Мысалы, 2020 жылға дейін республикадағы 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту мәселесі өте орынды көтеріліп отыр деп есептеймін. Бұл ретте балаларды мектепке дейінгі білім берумен 65,4 пайызға дейін қамтуға мүмкіндік беретін «Балапан» бағдарламасын жүзеге асырудың маңызы зор. Мектеп түлектерін үш тілде – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білуге міндеттеу заманның өскелең талабына орай қойылып отырған үлкен міндет екені даусыз. Өңірлерде оған қазірдің өзінде нақты қадамдар жасалуда.

Расын айту керек, ауылдық жерлердегі мектептерде шет тілі бұрын тек бесінші сыныптан бастап оқытылып келсе, енді мұнан былайғы уақытта бұл пәнді бірінші сыныптан оқыту қолға алынып жатқаны қуантады. Сонымен бірге, «жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек» деген нақты тапсырма көкейге әбден қонады.

1997 жылдан бері республика бойынша 942 мектептің бой көтергеніне қарамастан жергілікті жерлердегі тағы бір өткір мәселе – мектептердегі орын жетіспеушілігі қынжылтпай қоймайды. Осыған байланысты бұл проблеманы 2017 жылға дейін түбегейлі жою көзделіп отыр. Президент өз Жолдауында Үкімет пен әкімдерге осы міндетті орындау үшін бюджет қаражатының бөлінуін қарастыруды міндеттеді. Білімге деген мұндай оң көзқарас елдік істердің ілгері басуын барынша қанаттандыра түседі деп ойлаймын.

Мүмкіндігі шектеулі адамға мүмкіндік жасалады

Отыз елдің қатарына ену тұжырымдамасындағы алтыншы бағыт бірнеше бөліктен тұрады десек, соның кім-кімнің де жан-дүниесін шоқтай қарып түсетін бір тұсын айтпай кету асқан айып секілді. Бұл – мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жайы. Қазақ елінің 2008 жылдың 13 желтоқсанында Мүгедектер құқықтары туралы халықаралық конвенцияға қол қойғаны мәлім. Еліміз – бұл санатқа қосылған 137-ші мемлекет. Халықаралық конвенцияның негізгі мақсаты мүгедек жандардың барлық адамдар құқықтары мен негізгі бостандықтарын толық және тең дәрежеде іске асыруына жағдай жасау, жан-жақты қолдау көрсету болып табылады. «Осы талаптың орындалуы көңіл көншіте ме, тағдырдың қатал сынына ұшырап, қайғы құшқан кеудеге үміт отын жаға алып жүрміз бе?» деген сұраққа тірелгенде, әлі де талай кемшіліктер кедергі екенін аңғару қиын емес. Қазіргі қоғам ғаріп жандардың мүмкіндігін шектеуге емес, қайта керісінше, әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне қолжетімділігін, мектептер мен жоғары оқу орындарында жұртпен теңдей білім алуын, басқа адамдармен қатар кедергісіз жұмысқа тұруын қамтамасыз етуге тиіс. Мүге­дек жандарға лайықталған арнайы жолақтар, пандустар, көліктер мәселесі қозғалмай жатқан жоқ, көп айтылады. Соған қарамастан кейбір жекелеген орындарда болмаса, жалпы өмірде олардың талап-өтініштеріне құлақ асуға құлық аз. Олардың арасында дарынды, он саусағынан өнер тамған жандар қаншама?!

Рас, мемлекет аялы алақанға зәру жандардың әл-ауқатын жақсартуға мейлінше қолдау көрсетіп жатыр. Көптеген әлеуметтік іс-шаралар атқарылуда. Өзім мүше болып табылатын партияның сондай қадау-қадау істердің біразына демеу болған кездері де аз емес.  Ұлттық заңнамаға мүгедектерді әлеуметтік қорғау,  әлеуметтік қамсыздандыру, оларға арнайы қызметтер көрсету шаралары енгізілген. Солай бола тұра, мүгедек адамның жұмыспен қамтылуы өткір күйінде қалып отыр. Бізде «Мүгедектерді әлеуметтік жағы­нан қорғау туралы» заң бар. Мұнда оларды мемлекеттік тапсырыспен қам­ту міндеттілігі баса айтылғанымен,  бұл талап орындала бермейді.

Жақында Қытайда мұндай кәсіп­керге салық салынбайтынын естіп, қайран қалдым. Мұндай жеңілдікке 45 пайызы мүгедектерден тұратын кәсіпорын да ие екен. Мұны айтып отырғандағы себебім, ел Президентінің биылғы Жолдауы барлығымызды осы бір әлеуметтік жағынан қамқорлыққа мұқтаж топқа басқаша көзбен үңілуді міндеттейді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көбірек көңіл бөлу керектігін, оларға Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиістігін ескертеді. Бүкіл өркениетті дамыған елдерде бұл мәселеге жалпы қоғам болып жұмыла қолдау көрсетіп жатқанын санамызға селкеусіз сіңдіреді. Мүмкіндігі шектеулі деп бөле-жара айтқанымызбен, олардың тұрмыстық қызмет көрсету, тағам өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында дені сау адамдармен қатар жемісті еңбек ете аларына шек келтірмейді. Президент бұл іске, әсіресе кәсіпкерлер тарапынан қолдау қажеттігін қадап айтты. Үкіметке келер жылдың шілдесінен бастап оларға бөлінетін жәрдемақының мөлшерін 25 пайызға өсіруді тапсырды.

Халықты бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ идеясы төңірегіне топтастырған Жолдаудың кейбір тұстарын саралай шолғанда ойға түйген пікіріміз осындай. Әр бағыт туралы көкейдегі сөзді көпке жеткізу бір басқа да, оларды әр адамның өмірлік ұстанымына айнымас арқау ете білу – бөлек парыз. Сол парызға қарыз болып қалмау – азаматтық атқа үлкен сын.

 

Асхат БЕКЕНОВ,

 

Парламент Мәжілісінің депутаты. 

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*