МАҚАШТЫҢ ҮЙІ ҚҰЛАТЫЛМАҚ. НЕГЕ БҰЛАЙ?

Көршілердің жақсысын үйренді, жаманынан жиренді. Бұл ретте ХІХ ғасырдың екінші жартысында Бөкей Ордасында әкімшілік-басқару ісіне бар өмірін арнаған қоғам қайраткері Мақаш Бекмұхамбетовтің орны зор. Ол ел басқару ісінде тұрғылықты халықтың тек мал шаруашылығы емес, егін, балықпен де айналысып, сауда-саттық, тауар айналысына ерекше көңіл бөлді. Өңірде рухани өсім – оқу-ағарту ісінің, мәдениеттің дамуына ұйытқы болды. Өнерді қолдады, әдебиетті жанындай жақсы көрді. Керек десеңіз, өткен ғасырдың жетпісінші жылдарына дейін сақталып келген Бұхар жыраудан басталатын қазақ әдебиетін үш ғасырға әрі жылжытуға себеп болған оның ғасыр басында (1905 ж.) жарық көрген «Жақсы үгіт» кітабы еді.
Мақаштың кезінде қоныс еткен Қасқыртөбедегі қарағай үйі 1930 жылдары аудан орталығына көшірілген еді. Аталған үй әлі бар. Күні кешеге дейін ауданның бірінші басшылары тұрып келді. Қазір ол үй жеке қожалықтың иелігінде. Бірақ, кейінгі кездегі әңгіме – әлгі тарихи мұра бұзылып, орнына бүгінгінің жаңа жайы тұрғызылмақ көрінеді. Қандай өкінішті?
Біз Мақаштың тарихтағы орнын әлі күнге өз мәнінде бағалай алмай жүрміз. Егер аталған үйді мұражайға айналдырып, онда әкім еңбегін дәріптеп, өңірдің ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы даму сипаттарын көрсететін тарихи орынға айналдырсақ, қандай игілікті іс болар еді. Қарқаралыдағы Құнанбай мешіті де бұл күнде қайта жөнделіп, көрікті мұражайға айналған жоқ па? Ендеше, біз Мақашты неге тірілтпейміз? Аудандық мұражайдың іргесіндегі, өзі негізін қалаған 120 жылдық тарихы бар Абай атындағы мектептің қақ алдында орналасқан көне үйді халық игілігіне айналдырсақ, оңды іс емес пе? Ендеше, билік басындағы ағайын, араша керек, араласқандарыңыз жөн. Көне мұраның көптің игілігіне айналуына мұрындық болайық!

Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ,
Мақаштанушы,
Қазақстанның Құрметті журналисі

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*