«Құм жазуы»

Атырау облыстық Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты, ЮНЕСКО алтын медалінің иегері Табылды Мұқатовтың 70 жылдық мерейтойына арналған жеке шығармашылық көрмесі осылай аталды.

«Құм жазуы»2

Туған өлкеге деген сүйіспеншілікті арттыру, бейнелеу өнерінде өз қолтаңбасын қалдырған танымал суретшінің шығармашылық жұмыстарын көрермендерге таныстыру, қылқалам шеберінің өнерін насихаттау мақсатында өткен көрменің шымылдығы Шаймардан Сариев  атындағы өнер музейінің басшысы Төлеген Орынбасарұлының алғы сөзімен ашылды.

Көркемөнер иесі 1947 жылы Атырау облысы, Исатай ауданындағы Орпа ауылында туған. Новобогаттағы (қазіргі Хамит Ерғалиев ауылы) Аманкелді атындағы орта мектепті тәмамдаған. Алматыдағы Н.Гоголь атындағы көркемсурет училищесінің, Львов қаласындағы И.Федоров атындағы полиграфия институтының түлегі. Республиканың баспа саласында кітап көркемдеу бөлімдерінде редактор-суретші қызметтерін атқарған.

Мұхтар Әуезовтың «Шу асау», Ілияс Жансүгіровтың «Құлагер», Ығылман Шөрековтың «Исатай-Махамбет», «Қазақтың көне алтыны» кітаптары бүкілодақтық, халықаралық көрмелерде дипломдармен марапатталған. Кескіндеме жанрындағы еңбектері көптеген елдердің жеке жинақтарында сақтау-лы. Ұлы ақын Махамбет Өтемісұлының 200 жылдық мерейтойына арнап «Құм жазуы» қарпімен орындаған еңбегі ЮНЕСКО-ның алтын медаліне және аймақаралық Махамбет атындағы сыйлыққа ие болған.

«Құм жазуы»

Суретші туындылары еліміздің музейлерінде және Германия, Англия, Франция, Дания, Канада секілді елдердің жеке коллекцияларында тұр. Бұл жолғы көрмеге 40 кескіндемелік және графикалық туындылары, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ұлттың ұлы жазушысы Әбіш Кекілбаевтың, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Шыңғыс Айтматов атындағы Халықаралық академияның мүшесі, Махамбет атындағы сыйлықтың иегері, көрнекті жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың, Самат Ибраимның шығармаларына арналған иллюстрациялық жұмыстары қойылды.

Туған жерінің ыстық ықыласына бөленген суретші Табылды Мұқатов жиналған жұртшылыққа алғыс айта отырып, кіндік кескен атакүлдікке арнаған өлеңін оқыды.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Суреттерді түсірген:

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*