«Мәзһаб мәселесінде бірізділік керек»

Сәті түскен сұхбат

 Батыржан  МАНСҰРОВ,

ҚМДБ Атырау облысы бойынша өкіл имамы, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы:

«Мәзһаб мәселесінде бірізділік керек»

«Мәзһаб – бірлікке шақыратын дара жол. Төрт мәзһабтың қайсысын қарасаңыз да, олар ең алдымен күллі үмметтің ынтымағына жұмыс жасайды. Ал, қай жерге мәзһабсыздық табан тіресе, сол жердің берекесі кетеді» дейді облыстың бас имамы Батыржан Мансұров.

– «Дінде зорлық жоқ» дегенді алға тартушылар тұтас халықты бір ғана «Әбу Ханифа мәзһабына шақырудың өзі зорлық» дейтін болып жүр. Бұған не дейсіз? Әр мәзһабтың өзіне тән тарау географиясы болуы керек пе?

– Қасиетті Құран Кәрім «Барлықтарың Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да, бөлінбеңдер!» деп, бірлікке шақырады («Әл-Имран» сүресі, 103-аят). Демек, бірлік пен ынтымақтың дінімізде орны бөлек.

Ислам – ыдырату үшін емес, біріктіруге жіберілген ақиқат дін. «Дінде зорлық жоқ» деген сөзді негізге алып, оны «Әбу Ханифа мәзһабына шақырудың өзі зорлық» дегенді алға тартушылар – өз әрекеттері арқылы, нағыз надандық пен сауатсыздықты көрсетіп отыр. Байқап қарасаңыз, дініміз бөлінушіліктің зияндарын үнемі ескертіп, мұсылмандарды одан сақтандырған. Оған дәлел пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) былай дейді: «Көпшілікпен бірге болыңдар. Бөлінуден сақ болыңдар. Себебі, шайтан жалғыз адаммен бірге болады. Екі адамнан ұзақ болады. Кімде-кім жәннаттың қақ ортасында мекені болуды қаласа, көпшіліктен ажырамасын…».

Кешеге дейін айрандай ұйып келген халқымызды талан-тараж күйге түсіруді қалайтындарда сол мәзһабсыздықты насихаттаушылардың алаңы. «Дінде зорлық жоқ» деген аятты мәзһабпен теңестіруге болмайды. Себебі, бұл аятта дін туралы айтылған. Ал, мәзһаб – аят пен хадиске жетелер жол. Және халқымызды Әбу Ханифа мәзһабына шақыру – дараланғандығымыз емес, керісінше шариғатты бірізділікпен дұрыс түсіндіру. Екіншіден, біздің аймақтарда өзге үш мәзһабтың мектебі қалыптаспаған және ол мәзһабтар жайында үкім берер имамдар болмаған.

– Араб елдерін, Сирияны мысал етіп жүргенімізде, қанды оқиғалар өз ішімізде, Ақтөбе мен Алматыда жалғасты. Дін мамандарының ендігі қадамы қандай болуы керек?

– Иә, Араб елдеріндегі қақтығыстар, қала берді Сирияның күл-талқан болуы -мұның барлығы дін дұшпандарының мұсылмандар қолымен жасап жатқан жүйесі. Тіпті, «джихад» деп, Сирияға шаба жөнелген бауырларымыз да ақылын дұрыс қолданса, оның ойын екенін түсінген де болар. Ал, Ақтөбе мен Алматы шаһарында болған террористік актілерді әрине, дініміз де, дінді дұрыс ұстанып жүрген ел мұсылмандары да қатаң айыптайды.

Мынаны да ескерген жөн. Нағыз мұсылман біріншіден, әрбір іс-амалында Алладан қорқуы керек. Сондай-ақ, жан-жағына пайдасын тигізетін мейірімді жан болуы тиіс.

Имамдарымыз әрдайым елдің тұрақтылығы үшін жұмыс жасап келеді. Тіпті, мәзһабсыздықты насихаттап, джиһадқа үндейтін ағымдардың зияндылығын айтып, ең алғаш шырылдаған да сол имамдарымыз. Мүмкін, сол кезеңде ащы шындыққа үн қатқанда, Ақтөбе, Алматыдағы жағдайды еске алып, бүгінгідей өкініп отырмас па едік…

– Саны жеткізіп болмайтын сонша ағымдар қайдан шықты?

– Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Ей, үмметім! Мен сендерге екі нәрсе қалдырдым. Бірі – Құран, екіншісі – Менің сүннетім. Кім осы екі нәрсеге жабысып айырылмаса, ол тура жолда болады» деп айтқаны бар. Алланың разылығына бөленіп, жәннатына жету үшін Құран мен Пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннетімен жүру маңызды. Әһли сүннет ғұламалары да осыны меңзейді. Енді қараңыз. Ибн Мәжаның Әнәс ибн Маликтен риуаят еткен мына сахих хадисінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Яһудилер жетпіс бір топқа бөлінді. Христиандар жетпіс екі топқа бөлінді. Менің үмбетім жетпіс үш топқа бөлінеді. Біреуінен қалғанының барлығы да жәһаннамдық. Ол (жәннаттық) топ – жамағат».

 Хадисте айтылғандай, бүгінгі мұсылмандардың бас қатырар мәселесі де – үмметтің жетпіс үш топқа бөлінуі. Исламның алғашқы «алтын дәуірінен» бүгінге дейін осы хадисті өзінің саяси мақсатына пайдаланып, жікшілдікке жол берген ағымдар да аз емес. Дін ұстанған жандардың ой-пікірі де осы тұсқа келгенде сан-саққа бөлінеді. Әркім өзінікін дұрыс көріп, өзге бауырын бұрыс санап, дінді бұра тарта бастайды. Егер, Құранды және дініміз исламды Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) секілді жете түсініп, үйренгенімізде мұнша ағымдар болмас па еді?! Әйтпесе, Құраны да, Құбыласы да бір мұсылманның бөлінуге еш хақысы жоқ.

– Бізге сұхбат берген белгілі теолог Расим  Челидзе  «хиджаб» ұғымын киіммен  ғана байланыстыру қателік деп, оған дәлел ретінде «хиджаб» сөзінің Құрандағы мағынасын келтірген болатын. Әлеуметтік желі қолданушыларының дені бұл пікірді қабылдай алмады. Осы мәселеге байланысты сіздің ойыңызды білсек. Жалпы, шынайы мұсылманның ішкі және сыртқы келбеті қалай болуы керек?

– Хиджаб жайын жырлап, онан дау да, жау да іздеуге болмайды. «Нұр» сүресінде Алла Тағала «Ей, Мұхаммед! Мүмін әйелдерге де айт: (бөгде ерлерден) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Сондай-ақ, зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ, олардың өздігінен көрінгендері басқа (беті, қол-аяқтары). Және бүркеншіктерін омырауларына түсірсін. Зейнеттерін көрсетпесін…» деп бұйырған. Демек, исламдағы ең басты шарт – әйелдің бақытты болуы.

Кезінде әжелеріміз хиджаб үлгісіндегі кимешегін киіп, өмір бойы ар-ұятын сақтады. Сол кісілердің ұрпағы имансыз болды ма? Жоқ!

Бүгінде Құранның осы әмірін дұрыс түсінбегендіктен, орамал таққан қыздарымызды арабтарға ұқсатып, анаған-мынаған еліктеу деп, түрлі кінәраттар тағып жатамыз. Ал, қазір сән қуған кей жастарымыз батыстың ит талағандай жыртық шалбарын киіп жүрсе де, оған «мынауың ұят» деп айта алдық па? Немесе жыртық киімді ата-бабаларымыз «кедейліктің белгісі» деп, балаларына кигізбегендігін оларға жеткізе білдік пе?!

Әрине, шектен шыға тұмшаланып, қара жамылуды бабаларымыз да қолдамаған. Оны біз де қолдамаймыз. Бірақ, қыздарымыздың ұлттық нақышта киген кимешегі жарасып тұрса, несі айып?!

 Сұхбаттасқан:

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

 

Ислам атын жамылған ағымдардың көбейгені сонша, көп сұрақ Қазақстан ұстанатын «Әбу Ханифа» мәзһабына келіп тіреледі. «Ақида, яғни сенім мәселесінде Матуриди мектебіне, мәзһаб пен фиқһ, яғни мектеп пен амал саласында Әбу Ханифаға жүгінетіндеріңіз қалай?» деп, халық арасында жік салатындар бар. Айтарымыз, әлемдегі күллі мұсылманның 90 пайызын сүнниттер құрайды. Шииттерге мұсылмандардың он пайызы ғана тиесілі. Соның 87 пайызы Матуриди және Әшғари мектебіне қарасты «Әһли сүннет уәл жамағат» болып табылады.

Енді, сенім мәселесінде Матуриди мектебін атауымыздың мәнісін ашып берейік. Әбу Мансұр әл-Матуриди – Ханафи мәзһабының негізін қалап, пайғамбар (с.ғ.с) сүннетін жете түсіндіре білген Әбу Ханифаның сенімдегі көзқарастарын терең зерттеген, дамытқан ұлық имамның бірі. Ол басқа бағытта жол ашпаған. Керісінше, сенім тұрғысындағы мәселелерде талқылау жүргізгенде, зерттегенде Әбу Ханифаның ақидадағы іліміне иек артатын.

Ерекшелігі, ол – Әбу Ханифаның ақидаға қатысты еңбектерін кәләм, яғни логика әдісі арқылы жете түсіндіріп, адасушы топтарға тойтарыс жасай білді.

Ал, мәзһабты мойындағысы келмейтіндер – Матуридиді толық танымай жатып, халықты одан безіндіруге жұмыстануда. Сондықтан, діннің мәселесін мүфтиятқа қарасты мешіт имамдарынан, медреселерден үйренуге шақырамын.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*