«М.Әуезовті оқимыз» – халықаралық акция Ұлы даланың ұлы жаршысы

Жиналған көпшілік алдында М.Қартанова «Абай – дана, Абай – дара қазақта» тақырыбында баяндама жасап, ал №24 орта мектептің І санатты қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Күләш Абдуайтова «Абай жолы» эпопеясын жазу – ұлы қаламгердің шығармашылық ізденісі» тақырыбында романға талдау жасады. Бұдан кейін мектеп оқушылары мен лицей студенттері романдағы ең басты кейіпкер Абайдың адами бейнесі мен асыл қасиеті, махаббат пен достық, зұлымдық пен адалдық, ұлы ақынның аналары және Құнанбай образы турасында ойға, көңілге түйгендерін ортаға салды, монологтар оқыды.
Ғұлама ғалым, заңғар жазушы, ұлағатты ұстаз, қоғам және мемлекет қайраткері Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туғанына 115 жыл толуына орай «Абайды білмек парыз ойлы жасқа» тақырыбына №№9,18,19,24 орта мектептердің шәкірттері тыңғылықты дайындалып, «Абай жолы» роман-эпопеясының әр тарауынан таласа, ой жарыстыра сөз қозғағаны тыңдарман көпке жылы әсер қалдырды.
Абай және Мұхтар. Қазақ көгіндегі екі шамшырақ кәрі Шыңғыс баурайында дүниеге келген. Оның үстіне Мұхтардың атасы Әуез ауылы, Абай ауылымен қысы-жазы аралас, қойы қоралас болатын. Әуез Абайдан 15 жас үлкен болған. Сөйтсе де екеуі көңілі жарасқан дос болады, түр-тұлғасы, бар болмысы өзімен жасты балалардан өзгешелеу бес жасар Мұхтарға ұлы Абай батасын да берген. Мұхтардың жасынан өлең мен әнге, ертегі мен жырға, шежіре мен шешендік сөздерге толы ортада, яғни Абай ауылы, Абайдың ақын достары ортасында өсуі олардың арасындағы рухани жалғастықтың тууына жағдай жасады.
«Абай – ұлы дария, мен одан қасықтап қана алдым» деп Мұхтар Омарханұлы өзі айтқандай, бірте-бірте өз халқының көкірек көзі болған Абаймен бірге сол халықтың жан-жүрегін ұғуға және соны бір абзал қалпында ашып беруге, жайып салуға тырысты. Жас Абайдың жалын атқан сезімі, жігіт ағасы болған Абайдың толғаулы ойлары мен әрекеті, кәрілік меңдеген шақтағы халық қамқоры, халық ұстазы болған Абайдың тартысы мен тақсыреті, міне, осының бәрі сол дәуірдегі халықтың да жаны мен жүрегін ұғуға бастайтын жол еді.
Халықтың көрер көзі, лүпіл қаққан жүрегі, дана ойы болған Абай исі қазақтың қажырлы талабы мен асқақ ой-сезімінің, жан-жүрегінің, оның бойындағы ең абзал қасиеттердің жиынтығы болып табылады.
Конференция cоңында М.Әуезовтің шығармаларына қатысты электронды кітап көрмесіндегі әдебиеттерге библиографиялық шолу жасалды.
Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Кәрима Байниязова конференцияны ұйымдастыруға белсене атсалысқан ұстаздар Күләш Жолдасқызына, Мейрамгүл Нәсіпқалиқызына Алғыс хат тапсырып, талапты шәкірттерге облыс энциклопедиясын ұсынып, сый-сияпат жасады.

Қаржау ОРАЗБАЕВ,
меншікті тілшіміз.

Жылыой ауданы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*