МҰРАТЫМЫЗ – мәңгілік ел болу

«Қазақстан-2050» стратегиясын Елбасы жария еткен уақытта өлкемізде күллі әлем көз тігіп отырған алып қоры бар Қашаған кенішінен мұнайдың өндіріле бастауы, «ғасыр жобасы» атанған «Болашақ» зауытының іске қосылуы – Президент Жолдауындағы бірінші бағыт, яғни жаңа экономикалық саясаттың мұнайлы өңірде іске аса бастағанының дәлеліндей емес пе? Жолдауда «Қазақстан инвестиция үшін өңірлік тартылыс күші болуы тиіс» деп көрсетілсе, облысымыз инвестициялар және технологиялар трансферті үшін республика бойынша ең тартымды өңірлердің бірі болып қалып отыр.

Мұнай саласы облыс тұрғындарының байырғы, дәстүрлі кәсібі деп айтсақ, соңғы уақытта басқа бағыттарда да оң өзгерістер белең ала бастады. Атқарушы биліктің қолдауымен, ұйымдастыруымен облысымызда қалыс қалған ауыл шаруашылығы саласында оң бастамалар баршылық. Жайық өзені бойындағы он үш каналдың он екісі суға толтырылып,  картоп отырғызу алқабының көлемі 57 гектардан 940 гектарға, көкөніс алқабының көлемі 300-ден 1600 гектарға  арттырылса, тамшылатып суару тәсілі 653 гектарға дейін жеткізілді. Малды асылдандыру, тауарлы сүт фермасын салу  сияқты тоғыз жоба жүзеге асырылуда. Бұл игі бастамалардың  ауыл тұрғындары үшін маңыздылығы өз алдына, біз мұны Елбасы Жолдауында көрсетілген «..Егіс алқабын ұлғайту, ауыл  шаруашылығы өнімдерін өңдейтін және қайта  өңдейтін нысандар салу арқылы фермерлік шағын және орта бизнесті дамыту, ауыл шаруашылығы мұқтаждығы үшін  су көлемін  тиімді  пайдалану…»  сияқты іс-шаралардың облыс көлемінде іске асырылуының алғашқы қадамдары деп білеміз.

Жаңа кезеңдегі әлеуметтік саясаттың маңызды құрамдас бөлігі – денсаулық сақтау, білім беру салалары. «Ұлт денсаулығы – біздің табысты болашағымыздың кепілі» деп көрсетілген жаңа стратегияда.  Осы  орайда  мына  бір  көрсеткіштерге тоқталып өткен дұрыс болар. Демографиялық көрсеткіш жағынан  Атырау облысы – ел бойынша үшінші орында. Тұрғындардың болжамдық өмір сүру ұзақтығы ел көрсеткішінен жоғары болып 69,9 пайызға жетті, бала шетінеуі  36,5 пайызға төмендеді. Саланың материалдық-техникалық базасын нығайтуда бірнеше нысандар (жұқпалы аурулар  ауруханасы, СПИД орталығы, облыстық балалар ауруханасындағы жаңа емдеу корпусы, емханалар және амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік пункттер) пайдалануға берілмекші. Республикалық «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы облысымызда өз шешімін табуда.

«Бәсекеге  қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек» деп талап  қойған Елбасы сауаттылық мәселесінің қазіргі заманда әлдеқайда тереңдей, күрделене түскенін атап өтті. Білім саласындағы негізгі басымдықтарды саралап берді. Мемлекет басшысы тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап білім саласына барынша көңіл бөліп, оны әлемдік талаптарға сәйкестендіру мәселелерін міндет етіп қойып келеді. Елбасы тапсырмасымен қабылданған «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» облысымызда өз деңгейінде жүзеге асырылуда. Қазірдің өзінде аталған бағдарламада көзделген жұмыстардың алғашқы нәтижелері де көрініс тауып отыр.

Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуге мектеп бітірушілердің 82 пайызы қатысып, облыстың орта балы 74,1-ді құрады. Республикада ең жоғары 125 балл алған жеті түлектің үшеуі – Атыраудан. Облыс орталығында «Назарбаев Зияткерлік мектебінің» құрылысы аяқталып, өзінің бірінші оқу жылын бастап та кетті. Бүгінгі күні облысымызда 10 мектеп пен 11 балабақшаның құрылысы жүргізілуде.

Ендігі міндетіміз – Жолдауды халыққа жан-жақты түсіндіру, насихаттау. Бүгінгі күні атқарушы билік пен өкілетті орган арасында толыққанды түсіністік, орнықты іскерлік қарым-қатынас орнаған және бірлескен ұмтылыс  өңір экономикасының өркендеуіне өз ықпалын тигізуі тиіс.

Сайын ҚУАНЫШЕВ,

облыстық мәслихат депутаты.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*