Мұрат Мөңкеұлы және «Туған жер» ұғымы

Ұлттық ұстаным мен перзенттік парыз, ақындық мінез бен азаматтық міндет елдің тағдыры сынға түскен кезде айқын байқалатыны белгілі. Әсіресе, бұл ұғымдар қазақ елін отарлаушылар билеген дәуірді жырлаған өлең-толғауларда нақты көрініс тапты. Соның ішінде зар заман әдебиетінің айтулы өкілі, ел мен жер тағдыры, ұлт пен жұрт ахуалы жөнінде ой толғаған Мұрат Мөңкеұлының жырлары ұлттық ұстаным арқылы айшықтала түсті.

Мурат. Сурет

«Қайырсыз неге десеңіз…»

Ақынның «Үш қиян», «Сарыарқа», «Әттең, бір қапы дүние-ай» толғаулары – қоныстың құтсыздығына налып, көшкен жұрттың хал-ахуалын шынайы бедерлеген біртектес дүниелер. Бәрінде де көшпенді ел өмірінің қайғы-мұңы айтылған. Бірақ, бұлар – ауыз әдебиетінде ежелден бар дәстүр бойынша көштің сән-салтанатын асырып, керуеннің мал-мүлкін, керемет жасау-жабдықтарын мадақтайтын өлеңдер емес, көшкен елдің жұртын сағыну сарынындағы толғаныстар. Үш шығармада да біркелкі сурет: иесіз қалған жер, амалсыз қоныс аударған ел, жақсылардың табаны тиген жайлау мен жайылым, сай-сала, енді қайтып оралмас қимас дәурен… Ақын осының бәрін еске алып, өзегі өртеніп тұрса да, мұндай жер халықтың мекендеп қалуына жайлы емес. Өйткені, оның ойынша, бұл – ешкімге опа бермеген құтсыз қоныс. Сондықтан «осы ауыртпалықтан құтылудың бірден-бір жолы – жерді, құтсыз қонысты тастау керек» дейді. Асан Қайғы, Қазтуған, Беркін тәрізді елін бастап басқа жаққа көшкен ерлерді еске түсіреді. Мұндай Мұрат айтатын «ауа көшу» сарыны қазақ арасында ертеден таралған утопиялық аңыздармен сабақтасып жатыр. «Қашу сарыны» тек қазақтарда ғана емес, орыс халқының фольклорында да бар» (Қ.Сыдиықов, Ш.Керім). Сонымен, Мұрат антиутопиясының түпқазығы – «адыра қалғыр, қайырсыз қоныс» десек, мұның себебін ақынның өзі былайша тұжырымдайды:

Қайырсыз неге десеңіз,

Асан Қайғы, Қазтуған,

Орақ, Мамай, Телағыс,

Қалған екен солардан.

Біз де бір сондай болармыз

Артық па едік олардан?!

Бұл – ежелден келе жатқан жайлы жер іздеу идеясынан туындайтын сарын. Асан Қайғы жерінген («Атамыз өткен Асан би, Мұны да құтсыз деп айтқан жер»), Қазтуған жырау жиренген («Қарға бойлы Қазтуған, Қайғыланып көшкен жер») қоныс қашаннан қазақтың атамекені болса да, елді бір жайсыздық билеп, қауіп-қатердің елесі кезе бастағанда «берекесі кеткен, киесі қашқан» жұпыны күйде суреттелуі – халықтық көңіл-күйдің әсері. Жан жақтан анталаған жау бой көтерсе, алдымен жерге көзі түсерін жыраулардың қай-қайсысы да айтты…

Мухит Калимов

Туған даланың тулақтай бөлігі үшін қан төккен қазақ үшін ел мен жер – бір ұғым. Қоныстың құты қашты деген сөз жалпақ жұртқа жайсыз заман келе жатыр дегенді білдіреді. Асан Қайғының «Жерұйықты» іздегені туралы аңыз-әпсаналар – қыспаққа ұшыраған елдің ой-арманының көрінісі. Себебі, академик Сейіт Қасқабасов айтқандай, «Мұндай саяси-әлеуметтік жағдай елдің наразылығын туғызбай қойған жоқ, халық енді бұл дағдарыстан құтылудың жолын іздеді. Оны қиялдан, әлеуметтік утопиядан тапты. Өйткені, қиыншылықтан, қоғамдық езгіден құтылудың басқа жолын халық білмейтін». Міне, Асанның жайлы жер қарап, бір мекеннен екінші мекенге кетуі Мұраттың «қайырсыз қоныс» қағидасының қозғаушы күші болып саналады. Ақын бабалардың атамекенді тастап, үдере көшуін отарлау жорығымен байланыстырады.

Мұның құтсыздығының белгісі:

Алтыатаның ар жағы,

Талөкпенің бер жағы,

Сақмардың бойын жайлаған,

Сарғая бие байлаған,

Ақсуда тайы ойнаған,

Еңсемді кәуір басар деп,

Едіге бидің көшкен жер.

* * *

Нәріктің ұлы ер Шора,

Айқайласып, шуласып,

Баланы кәпір сұрар деп,

Мұңайып ханның көшкен жер.

* * *

Билікті кәуір алар деп ,

Қараның ұлы Сидақтың

Қайғыланып көшкен жер.

* * *

Жаңбыршының

ұлы Телағыс,

Елімді кәуір алар деп,

Тыным алмай көшкен жер.

Мұрат толғауларында аталатын тұлғалар – өткен тарихымызды айшықтап, кешегі күніміздің бағасын арттыра түсетін, әрісі аңыз-әңгімелерге, берісі дерегі бар шежіре-жазбаларға арқау болған белгілі кісілер. Ақын соларды ұлы көштің үстінде, ел бастаған кейіпте көреді. «Еңсемді кәуір басар деп…» – көшпенді өмірмен рухтас жаугершілік заманның тағы бір дабылы.

«Мен заманнан қорқып барамын…»

Жалпы, Асан Қайғы есімі зар заман ақындарының ішінен Мұрат Мөңкеұлының шығармаларында көп ұшырасады. Мұның өзіндік себебі бар. Мұрат ақын Асан толғауларынан басталатын «ауа көшу», «қоныс аудару» сарынына үн қосады. Қоныстың құтсыздығы – ақынның негізгі тұжырымдарының бірі. Ол көшкен елдің әйгілі адамдарын санамалап жырға қосқанда, Асан есімін ауық-ауық атап отырады: «Артынан қазақ жұрты кетем деген, Соңынан Асан бидің жетем деген», «Асан би жердің үстін барлап кетті», «Қонысқа таласасыз бұ заманда, Біз түгіл Асан Қайғы тентіреген», «Қазтуған, Асан Қайғы, Орақ Мамай, Біз түгіл осылардан қалған қоныс», т.б… Қазақтың басына бұлт үйірілгенде жайлы қоныс іздеу идеясын Асан бастаған тұлғалардың әрекеті арқылы негіздеген Мұрат ұлы ойшылдың болжал өлеңдерінің де табиғатын сезінеді:

Заманның болар тәрізін,

Асан Қайғы әулие

Көзі көрмей байқады.

Тегінде, Мұрат шығармаларын оқығанда ақынның өзі ғұмыр кешкен өлкедегі жер-су атауларына өте жетіктігін, өңірдің тарихына қатысты аңыз-әңгімелерді жақсы білетінін аңғаруға болар еді. Бабаларының басқан ізіне қарап, тұлғаларды жоқтайтын «Үш қиян» толғауында қазақ жұртының өткен өмірінен мәлімет беретін сан алуан атаулар мен есімдер көптеп кездеседі. Мұраттың жырында «Атамыз өткен Асан би, Мұны да құтсыз деп айтқан жер» делінгендей, қоныстан қоныс таңдап, жер үстін шарлаған ойшылдың аз-кем тұрақтаған мекені болыпты-мыс:

Ақтөбе менен Қорғанша –

Асан Қайғы бабаның

Қызыл тастан үй салдырып,

Он жыл тұтас отырып,

Әңгіме құрып кеткен жер.

Мұның бәрі ақынның Асанның шығармаларының сарынын толғауларына арқау еткенін, оның өзіне қатысты ауыздан-ауызға жеткен әңгімелерді санаға сіңіріп өскенін дәлелдейді. Ал, басқа зар заман жыршыларының өлеңдерінде Асан есімі аталмайды. Бірақ, оларға тән сәуегейлік айту үрдісі данагөй тұлғаның толғауларынан бастау алатыны анық.

Эсхатологиялық түйсікті оятатын үрей, қорқыныш, қауіптің пайда болуы – айналадағы құбылыстардың жақсылық әкелмесіне көз жеткізгендіктің белгісі. Заманақырдың алғы шарттары ретінде сипатталған жаманат нышандары зар заман жыршыларының шығармашылығында толық көрініс тапқан. Әрине, әрқайсысының таным-тағылымы әр қилы. Бірақ, бәрінің де ортақ байламы «табиғат азды, заман азды, адам азды» тұжырымы төңірегінде тоғысады. Осы нақты шешім келешекке қауіп ойлатады. Белгісіз болашақтың бейнесі көңілге қорқыныш ұялатады, үрей туғызады. Күнделікті тіршілігіндегі келеңсіз нәрселердің көбеюін жаман ырым көріп, алдағы күннен секемденеді. Себебі, фольклоршы ғалым Болатжан Абылқасымов тұжырымдағандай, «әу баста адам баласы маңайында болып жатқан сан түрлі құбылыстың сырын әр түрлі белгісіз күштерден көруі заңды». Бір атап кетерлік нәрсе, бұл қара бастың қамы, жеке адамның сезімі емес, халықтық үрейдің поэзияда ақындық «мен» арқылы айтылуы. Мысалы, Мұрат Мөңкеұлының мына ой-тұжырымдарын осы тұрғыдан түсінгеніміз дұрыс.

Мен заманнан

қорқып барамын,

Кейінгі өскен жас бала,

Кіріптарда қалар деп

* * *

Адыра қалғыр заманның

Мен жаратпаймын сүреңін.

Ақынның «Топқа түскендегі толғауындағы» «Алпыс күн тасқан дария, алты күнде қайтады» деген тіркесін әдебиеттегі діни мазмұндағы образ түрлерін зерттеуші Асылан Жақсылықовтың: «Жарық дүниенің ақыры – заманақырдың көп мағыналы тұспалмен аталып өтуі»,-деуі құптарлық-ақ. Әйтсе де бұл Мұраттың барлық шығармаларына тән үрдіс емес. Кей тұста тіршілік, болмыс хақында «қиямет» ұғымымен байланыстыра ой толғайтын («Кімдер бар да, кімдер жоқ, Дүние қараң қалған соң») оның зар замандық концепциясы отаршылдық дәуір туындатқан құбылыстарға («Бір пәледен мың пәле, Өсіп кетті балалап») негізделген.

«Еділді алса – елді алар…»

Зар заман ағымы өкілдерінің қай-қайсысының шығармаларынан да «елді алды», «жерді алды», «жау алды» тіркестері ұшырасады. Мысалы, елдің трагедиясын («Қара бұлттай қабындап, Халықты басты қайғы-шер»), жердің қайғысын («Өлексесін құшақтап, Қала берді туған жер») жырлаған Дулат Бабатайұлының бар мұңы «жау алды» ұғымының төңірегінен туындайды. Ол «Ата қоныс Арқадан» деген өлеңінде ілгерідегі шапқыншылық туралы: «Қалмақ тартып барды алды, Ұйқысы түссіз қанбаған, Ел қалап, ер таңдаған, Берген серттен танбаған, Аққұба ару жарды алды»,-десе, Шортанбай Қанайұлы отарлаушылардың билеп-төстеуін «Еділді алды, елді алды, Енді алмаған нең қалды?»,-деп күйінішпен баян етеді. Еділ – ежелден қазақ жырында атамекеннің тұтас ұғымы ретінде қалыптасып кеткен атау. Осыған орай академик Рәбиға Сыздықова: «Қазтуған «кір жуып, кіндік кескен туған жер, отан, халқының тұрақты мекені» деген идеяны білдіру үшін Еділ өзенін символ етіп жырлайды… Туған жердің, ел отанының символы ретінде Еділ, Жайық деген заттық нышандарды алу күні кешегі Махамбеттерге дейін келді»,-дейді. Зар заман поэзиясында да «Еділді алу» – ел мен жерден айырылу ұғымын танытады. Мұраттың «Сарыарқа» толғауындағы «Еділді алу» – қазақ жерінің қақпасына кіру, отарлау жорығының басталуы дегенді білдіреді:

Әуелі жеңіп

орыс Еділді алды,

Сарытау, Аштарханның

жерін де алды.

Артынан Еділден соң

Нарынды алды,

Тоғайдың ағаш, қамыс,

талын да алды.

Елдіктің символы – Еділдің басқаның қолына көшуі – халықтың басты қасіреті, трагедиялық ахуалдың түйінді тұсы. Мұраттың ұғымына салсақ, Еділ – ел, Жайық – жан, Ойыл – ой түсініктеріне орайлас қасиетті нышандар. Осы үшеуі тұтастық құрап, бір-бірін толықтырып тұрады. Ақын «Қазтуған» атты жырында сол қастерлі үштіктен біртіндеп айырылудың қайғысын баян етті.

Еділді алса – елді алар,

Енді алмаған не қалар?

Жайықты алса –

жанды алар,

Жанды алған соң не қалар?

Ойылды алса – ойды алар,

Ойлашы, сонда не қалар?

Мұраттың әйгілі «Үш қиян» толғауында да туған жер ұғымы үштағандық тұтастық («Еділдің бойы – қанды қиян, Жайықтың бойы – майлы қиян, Маңғыстаудың бойы – шаңды қиян») арқылы аңғартылады. Жалпы, Мұрат Мөңкеұлының шығармашылығында «үш» санымен өрнектелген тіркестер жеткілікті. Ақын айтар ойын үштіктің бірлігіне орайластыруға бейім тұрады. Мәселен, «Үш қиян – жеті жұртты тоздырған жер», «Маңғыстаудың үш түбек, Оны-дағы алғаны», «Мақтанса, үш алшынның салмағындай», «Балуан, байлық, батырлық, Үшеуі қолдан келмей жүр», «Басында әулиенің үш күн түнеп», «Қаңтардың үш ай тоқсан қысымындай», «Ақылмен үш ананың басын қостың», «Қу төңкерсе, аспаннан, Үш түлеген баппенен», «Үш бұлдыр тау, маң дала», «Үш қошқардың баласы»… Тіпті Мұрат ақын Махамбет жырларында кездесетін «Еңселігі екі елі, Егіз қоян шекелі», – деген жолдарға «Шекелігі үш елі» деп қосады. Кердері Әбубәкірдің «жеті» санын көбірек тілге тиек ететіні секілді («Топ көрсем жеті мүшем құрыстаған», «Жеті мүше әскер-дүр», «Жеткен соң жеті жасқа хайла білдім») Мұрат өлеңдеріндегі «үш» санымен байланыстырылған, үштік өлшемге байланған тіркестер кездейсоқтықтан түзілген болмаса керек. «Үштік бірлікке негізделген қазақ қауымының құрылым жүйесі өз-өзінен шыға салмаған… Бұл жүйе – халқымыздың жаңа мемлекеттік тірлік жасау жолындағы саяси ізденістерінің нәтижесі»,-деп Әбіш Кекілбаев айтқандай, осы ұғымға Мұрат ақын көбіне-көп елдік, халықтық тұрғыдан мән берген. Ол отарлаушылардың алдында кесе-көлденең жатқан үш өзенді жайлаған үш мекенді жауды жақындатпайтын қалқан көреді. Бұл үштіктің іргесі сөгілсе елдің күйі қашқаны деп санайды:

Еділді тартып алғаны –

Етекке қолды салғаны.

Жайықты тартып алғаны –

Жағаға қолды салғаны.

Ойылды тартып алғаны –

Ойдағысы болғаны.

«Үш қиянның» азалы түйін-тұжырымы осы. Әбубәкір жырында бұл ахуал: «Еділ-Жайық екі су, Ел қонарға тар болды», – деп бейнеленеді. Сондай-ақ, Еділ мен Жайық атаулары ел мен жерден еріксіз жылжу оқиғасын баяндаған көрші халықтардың әдебиетінде де кездеседі. Мысалы, Л.С.Толстова «Аралдың оңтүстік өңірінің тарихи аңыздары» атты еңбегінде мынадай дерек келтіреді: «Жиделі Байсын жерінде 4 сан қарақалпақ пен 6 сан қазақ болыпты. Қарақалпақтардың бегі Орман би екен. Оның соңында жалғыз қызы ғана қалыпты. Әйелден би шықпайды дегенді ұстанған қазақтар өз арасынан би сайлайды. Сөйтіп, билікке ие болған қазақтар қарақалпақтардың Жайық деп аталатын жайлауын тартып алыпты». Қарақалпақтар сонда былай деп жыр айтқан көрінеді:

Едилди алды – елди алды,

Жайықты алды –

жайды алды,

Енни алмаган не қалды?

Ферғана қарақалпақтарының аузынан жазып алынған бұл ежелгі аңыз сонау Ноғайлы дәуірінен жеткен өлең тармақтарының әр халықтың поэзиясына кеңінен жайылып, әбден сіңісті болып кеткенін көрсетеді. «Еділді алды, елді алды» – адам баласының өзі мекендеп отырған жерден ығысып, қоныстан айырылуының зары болып шығады.

«Қоныстың бәрін жоғалтқан…»

Мұраттың «Үш қияны» да, «Сарыарқасы» да «құтсыз қонысты тастау» идеясына негізделген. Мұның мәнісін ақын ешкімге опа бермеген, бақ-берекеден айырылған жерде тұрақтамаған жөн деп ұғындырады. Көшпенді өмірдің бұлжымас қағидасына жүгінеді. Өйткені, Халел Досмұхамедұлы айтқандай, «Құтылар қашқан – жаудан, көшкен – жұттан» дегендей-ақ, Мұраттың ұлы сарыны – құтсыз қонысты тастау керек, кету керек. Асан Қайғы, Қазтуған, Орақ, Мамай, Телағыс, Шора, Едіге пәледен қашып құтылған, осылардың жолы Мұратқа сүйкімді».

Ақынның өлеңдерінде мұндай көңіл-күй сол өңірдегі Исатай Тайманұлының көтерілісінен соң өріс алғаны байқалады. Осы кездегі ахуалға Х.Досмұхамедұлы былайша баға береді: «Исатайдың өлімі, артында қалған көптің үкімет әскерінің айбарына шыдай алмай бытырауы, үкіметтің елге тарттырған жазасы қазақтың тауын қайырды… Бұрынғы орыстан күшпен құтыламыз деген ойдың орнына, қашып құтылу керек деген жаңа пікір шықты. Осы пікірмен барабар «тағдырға көніп», тыныш отырып бағынып, үкіметке жағу керек деген пікір де күшейе бастады. 1869-1870 жылдағы ауада осы екі пікірді ел іске асыруға айналды. Құтсыз қонысты тастап ауу керек, Асан Қайғының жұртын табу керек деген пікір, әсіресе, ауадан соң аса күшейді». Мұрат ақын «Сарыарқа» толғауында:

Қуалап Исатайды

өлтірген соң,

Заманның содан бері

тарылғаны-ай, – деп батырдың қазасынан кейін еңсесі түскен елдің азалы күйін аңғартады. Дулат пен Шортанбай сияқты Мұрат та жердің өзгенің иелігіне өтуінің себебін ел ішіндегі қамсыздықтан, алауыздықтан іздейді:

Қоныстың бәрін жоғалтқан,

Ноғайлы, қазақ надан жұрт,

Бірлігіңнің де кемісі.

… Ақыр түпке келгенде,

Бәрін де алды түп-түгел,

Көкала шекпен, жез түйме,

Аузы түкті орысы.

Мұрат өз өлеңдерінде елге жайсыз кезең келе жатқанын аңғартады. Мұны отарлаушылардың халықты өз ыңғайына бейімдегенін, көшпенділіктің салтына жат құбыластардың өмірге дендеп ене бастағанын көрген соң туындаған ой-тұжырымдары арқылы байқатты. Жыр жампозы «Қазтуған» атты жырында келеңсіз келешектің кесел-кесапатына қарсылығын «Қынама бешпент киерсің, Арбаға мәстек жегерсің», «Үй басына мал санап, Адамға ақша төлерсің», – деп білдіреді.

Қазақтың көшпенді өмірін аңсап, өткенге көз жіберіп, ой толғауы жағынан Мұраттың «Сарыарқа» шығармасы мен Кердері Әбубәкірдің «Қазағым» атты толғауы бір-біріне қатты ұқсас. Мұрат ой-арманы мен қайғы-мұңын қоныстың құтсыздығына, мекеннің қайырсыздығына орайластырса, Әбубәкір ұлттық салт-дәстүрдің азып-тозғанына налиды. Ақындардың тұжырымы бойынша, бүгінгі күннің еншісінде сол қимас дәуреннің тәтті елесін іздеп, өкіну, күйініш білдіру ғана қалған. Мәселен, Мұрат ақын қазақтың қанына біткен қонақжайлық салтын («Халқымның әр аулына түскен қонақ, Жылқыдай болушы еді көлге келген»), мыңғырған малын («Құдайым тастамады жалғыз тайын»), халықтың ауызбірлігін («Айырды ағайыннан күліп ойнап»), кең далада көшіп жүрген еркіндігін (Шалқыған шалқар көлдей қайран жұртым, Бытырап қоңсы болды әркімдерге») сағынышпен еске алады. Тыныштығы бұзылмаған, сән-салтанаты келіскен, салт-дәстүрлері жарасым тапқан қазақ ауылының тыныс-тіршілігін бейнелеу тұрғысынан да екі ақынның толғамы орайлас. Мұрат: «Күз болса қонушы едік Қаракөлге, Ащылы екі жағы жайлы жерге», – деп толғанса, Әбубәкір: «Қыс болса қыстаушы еді қырға барып, Көлденең шыңыраулы шыңға барып», – деп тамсанады. Мұрат: «Біздің ел қайтушы еді Сағыз жайлап, Тепсеңге суы шыққан бие байлап», – деп қимастық оятса, Әбубәкір: «Жаз болса көшуші еді нуды жарып, Көлденең өтуші еді суды жарып», – деп еске алады. Екі ақынның замана жөніндегі ой-толғамдары да берік үйлеседі. Мұрат отаршылдыққа қарсылық танытатын күрескерлік рухты алдыңғы кезекке қойса, Әбубәкір сананың сұйылуына ырық берген ел ішіндегі желөкпе жандайшаптар мен ақылсыз атқамінерлердің іс-әрекетін шынайы бейнелейді.

«Мынау Жайық деген суыңыз…»

Елмен қоштасу, туған жердің өткенін аңсау сарынының үндестігі қазақ және қырғыз ақындарының өлең-жырларында қатар байқалды. Талауға түскен елден кетіп, жайлы жер, ыңғайлы қоныс іздеу идеясы еркіндік, бостандыққа ұмтылу мұраттарымен орайлас келеді. Кетіп бара жатып, атамекенге қайырылып сөз айту, сол арқылы көкіректегі ащы шерді ақтарып, сағыныш пен мұң өрбіту – екі ел ақындарының поэзиясына тән нәрсе.

Әй жақсылар, жақсылар,

Бұл қоныстан кетпесең,

Бұны талақ етпесең,

…Жалауыңды жолақ деп,

Одаманды одақ деп,

Қасына соның ерерсің, – деп Мұрат Мөңкеұлының Қазтуғаны ескерткен қауіп расқа айналып, ел-жұрт үдере көшкен заманда ақындардың қоштасу жырлары көптеп айтылды. «Қаратаудың басынан көш келеді, Көшкен сайын бір тайлақ бос келедінің» жаңа сипаттағы үлгілері өмірге келді. Қойнауы ырыс-несібеге, жайлауы малға толған туған жерді аңсау сарыны қоштасу жырын айтар тұста айқын аңғарылады. Асан Қайғы сияқты Жерұйықты келешектен іздемей, өткен өмірді, түтіні түзу тірлікті сағыну зар заман ақындарының бәріне тән.

(Жалғасы бар)

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі

филология ғылымдарының докторы, профессор

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*