Мұрағаттағы аса құпия құжаттар неге жоғалды?

RWVOQRnFWaM

Мұрағатты саясат қолшоқпарына айналдыру ісі партия  басшылығымен елде азамат соғысы аяқталғаннан кейін-ақ қолға алынды. Большевиктер өздерінің саяси қарсыластарын «әшкерелейтін материалдар» («компромат») жинауды ОГПУ-НКВД-МВД секілді жазалау органдарының көмегі арқылы жүргізеді. 20-шы жылдардың бірінші жартысында архивтерге революциялық трибуналдардан, республикалық бақылау комиссиясынан, мемлекеттік саяси басқарманың тергеу бөлімдерінен (СООГПУ) көптеген сұраулар түсе бастайды. Осы кезеңнен елдің қоғамдық-саяси өмірінде ОГПУ маңызды рөл атқарды. 1925 жылдың 9 желтоқсанында КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің жанындағы ОГПУ Ресейдің орталық мұрағатына  «аса құпия» хат жолдап, онда мұрағат қызметін түбірімен өзгертіп, Кеңес өкіметіне «жат элементтерді» іздестіру жұмыстарын жандандыру және оны оперативтік мақсатқа бағындыру талап етіледі (Государственный архив Российкой Федерации  (ГАРФ), Ф. 4883. Оп. 3. Д. 2. Л. 5-6). Осы құжат алынғаннан кейін барлық жерде, оның ішінде Қазақстан мұрағаттарында да патшалық Ресейдің үкімет мекемелеріне, азамат соғысы кезіндегі «ақтар» мен «ұлтшылдар» (алашордашылар) үкіметтеріне қатысы болғандарды анықтау жұмыстары қыза түседі. 1927 жылдың 25 ақпанында Ресей Федерациясы орталық мұрағаты өзіне қарасты барлық мекемелерге «Мұрағат материалдары бойынша анықталған саяси іздестірудегі адамдарға алфавиттік карточкалар толтыру жөнінде құпия циркуляр таратады. «Халық жауларын» іздестіруге елдің барлық мұрағат мекемелері жұмылдырылады. Жат элементтерге тізімдер жасалып, НКВД-ның тиісті құрылымдарына, оның екінші бөліміне тапсырылады (Қызылорда облыстық  мемлекеттік мұрағаты (ҚООММ). 148-қор, 1-тізбе, 66-іс. 32-п.).

НКВД бұрын-соңды болмаған жаппай қуғын-сүргін саясатын жүргізуде мұрағат материалдарын кеңінен пайдаланады. 1938-1963 жылдары мұрағаттардың  НКВД-МВД-нің қарамағында болуын осы жағдаймен, таратып айтсақ, елде тоталитарлық жүйенің күш алып, оның қоғамдық өмірдің барлық салаларын қамтумен, архив құжаттарынан «таптық жат» элементтер туралы деректерді іздестіріп табу мүмкіндіктерімен түсіндіруге болады.

Орталық мұрағат басқармасын ішкі істер жүйесіне қабылдау актісінде (19.ХІІ.1938 ж.) архивтерге  КСРО Ішкі Істер Халық Комиссариатына «пайдалы» материалдардың баршылығы туралы арнайы көрсетілуі тегіннен-тегін емес еді. 1939 жылдың 16 қыркүйегінде Ішкі Істер Халық Комиссариатының бас архив басқармасы өз бөлімдерінің бастықтарына тағы да хат жолдап, НКВД-ның қажеттіліктері үшін құпия қорлардың құжаттары бойынша өтетін барлық адамдардың есебін алуға кірісу жөнінде нұсқау береді. Бұл жұмысты 1940 жылдың 1 тамызында бітіру талап етіледі.

Мұрағаттардан «таптық жат элементтер» туралы мағлұматтарды іздестіру ғана емес, оларға қатысты құжаттарды құпия қорларда сақтау жұмыстары да жүргізіледі. КСРО Ішкі Істер Халық Комиссариаты бас архив басқармасынан мемлекеттік қауіпсіздік капитаны Светлов қол қойған барлық мұрағат мекемелеріне «халық жауларының хаттарын, мақалалары мен басқа да еңбектерін», «бейнеленген фото-кино және дыбыстық жазбаларды» өте құпия жағдайда жеке сақтау жөнінде циркулярлық хат түседі (ҚООММ. 148-қ. 1-т, 22-іс. 9-п.). Сөйтіп, аталмыш сала ісі НКВД-МВД «қажеттіліктерін» өтеуге толықтай бағындырылады. Әйтеуір, мұрағат жол көрсеткіштерін (путеводитель) парақтай бастағанда біраз құжаттың жанындағы «изъято» деген ескертуден көз сүрінеді. Мұның бәрі кездейсоқ та болмас, себебі орталық билік патша заманындағы отаршылдықтың озбырлықтарын халық жадында сақтауға мүдделі болмады. Бүгінгі күні Ресейдің қазақ халқына «жақсылықтан» басқа саясат жүргізбегеніне жас буынды иландыру мақсатында мұрағаттарда жазалау экспедициялары, қазақ ауылдарын тонау, атып-асу, халықты қырғынға ұшырату, қуғын-сүргін жөніндегі құжаттардың түрлі себептермен қолға беріле бермейтіндігі аса құпия емес.

Орталық, сонымен қатар, Омбы архив қызметкерлеріне архив қорындағы Алашорда үкіметіне қатысты бағалы қордың қайда сақталуын шешуді және Қазақ АКСР тарапынан бұл материалдарды кеңінен пайдалануды, Қазақ АКСР ОАК-ті Президиумының 1927 жылғы 14 сәуірдегі №5 хаттамасында көрсетілгендей Омбы, Астрахан, Ташкент, т.б қалалардағы қорларда біздің елге қатысты материалдар болса, Қазақстан тарапына тұрақты пайдалануға беруде аса сақ болуды ескертеді (ГА РФ, Ф.5325, Оп.9, Д.1314. л. 5).

1920-шы жылдардың бірінші жартысында мұрағаттарға, революциялық трибуналдан, республика бақылау комиссиясынан, мемлекеттік саяси басқарманың тергеу бөлімдерінен көптеген сұраулардың түсуі нәтижесінде 1927 жылдың 9 ақпанында БКП (б) Орталық Комитетінің хатшысы В.Молотов қол қойған құпия циркулярлық хат барлық республикалардың орталық, облыстық, өлкелік, губерниялық, округтік партия комитеттеріне жіберілді. Ол құпия хатта жергілікті мұрағат қорындағы құжаттарды өңдеу жұмыстарына ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Сондықтан да, мұрағатқа жіберілетін адамдарды мұқият тексерістен өткізуді талап ете отырып, бұл жұмыстарды тек партия мүшелеріне тапсыру керектігін баса айтады (Қазақстан Республикасы Президенті мұрағаты (ҚРПМ), 141-қор, 1-тізбе, 1555-іс. 1 п.).

Мұндағы құжаттардың құндылығына сараптама жүргізу Кеңес өкіметіне «жат элементтерді» іздестіруді жандандыру және оны оперативтік мақсатқа бағындыру жұмыстарымен қоса жүргізілді. Соның нәтижесінде Қазақстанда Алашордаға қатысты мәліметтер нақтыланды. Оның айғағы Ақтөбе мемлекеттік облыстық мұрағаты қорында 136 алашордашының тізімі жасақтал-ған (Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағаты (АқОММ), 1936-қор, тізім 1, іс 5. 1-5 п.п.). Қызыл террор шарықтаған 1938 жылы гурьевтік мұрағат қызметкерлері құзырлы органдардың тиісті тапсырмасымен жинақтаған тізімге қарағанда, сол кездің өзінде өлкемізде елу шақты бұрынғы алашордашы тұрған. Олар: Есенбай Әзбергенов, Нұрсұлтан Сүнелдіков, Мырзағали Құрықов, Балта Байымбетов, Қабдолла Жақсығұлов, Өтеген Көпенов, Иманғали Исмағұлов, Құсайын Мүниянов, Құлман Ғалиев, Нияз Меңдіқұлов,  Алпан Кенжеәлиев, Дүйсенғали Жоламанов, Тілеп Медетов, Мұхамеджан Шонбасов, Ғабдолла Қожаров, Өмірзақ Ермурзин, Қазмұқаш Ыбырашев, Тәжіғали Таңқыбаев, Жұмағали Аңқылдақов, Ыбыраш Әлжанов, Байтау Нұғыманов, Қадырбай Есмағамбетов, Сұлтан Рсалиев, Лұқпан Нұғыманов,  Мұқан Көздекенов, т.б. Бұлар туралы кейінгі мақалаларымызда тоқталамыз деген ойымыз бар.

Мұрағат қызметкерлері еңбегінің нәтижесінде 1920 – жылдардың аяғы мен 1930 – жылдардың басында қазақстандық археографтар деректі құжаттар негізінде «Алаш-Орда» және басқа да шағын баспа табақты деректі жинақтар шығарды (АлашОрда. Сб. документов. Составитель Н. Мартыненко. Кзыл-Орда., 1929. 169 с.; Бочагов А.К.  Алаш-Орда. Краткий историческии очерк о национально-буржуазном движении в Казахстане периода 1917-1919 гг. Кзыл-Орда., 1924. 56 с.430).

1980 – жылдарға дейін облыстардағы мұрағат мекемелерінің қорларында Алашордаға қатысты істер сақталып келді. Өкінішке орай, осы бір қазынаның кейбіреуін қорларды қайта жасақтау кезінде басқа қорларға шашып жіберді,  қалғанын орын алмас үшін папкі сыртындағы жер атауы сәйкес келетін аудандарға ысыра салды. Кейбір архивтік істердің «жоғалып» кетуі олардың кезінде айыптау материалдары ретінде прокуратура, сот, ішкі істер органдарына, мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне алынуына байланысты болса керек. Бұл «құдіретті» құрылымдардан материалдардың бәрі бірдей қайта алынбаған. Алашордашыларға, яғни «ұлтшылдарға» қатысты архивтік құжаттардың түгел сақталуына бақылаудың әлсіздігі осы сала мекемелері басшыларының басым көпшілігінің қазақ тілі мен араб графикасын білмеуінен болды. Қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ зиялыларының  еңбектері, корреспонденциялары, кімдермен қарым-қатынаста болғандығы туралы материалдар бұрынғы қауіпсіздік комитетіне түскен, одан кейін қайтарылмаған. Тіпті, бұл органға қағаз бетіне түскен қазақ шежірелеріне дейін алдырылып, олардан кім сұлтан, кімнің би-батыр болғандығы жөнінде мәліметтер жинастырылған.

СОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің 1956 жылғы 7 ақпандағы №246 қаулысында партия органдары, министрліктер мен ведомстволарда мұрағат материалдарын сақтау режимінің реттелмегені, оларды пайдаланудың «нашарлығы» атап көрсетілді. Осыған орай 1956 жылдың 19 шілдесінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің №424 қаулысында Қазақ КСР ІІМ-нің мұрағат басқармасына және архивтері бар барлық министрліктер мен ведомстволарға революцияға дейінгі, сол сияқты кеңестік дәуірдің құжаттары мен материалдарын ғылыми мақсатқа пайдалануға және жариялауға рұқсат беру міндеттеледі. Алайда, оның ішіне сол кезеңге дейінгі құпия қорда сақтаулы және кеңес мемлекетінің мүддесіне «зиян келтіруі мүмкін» құжаттар кірмейді, оларды пайдалану, жариялау мәселесі әрқайсысының мазмұнына, тарихи және саяси маңызына қарай жеке шешілуі керек деп көрсетіледі. Бұның бәрі, сайып келгенде, Алашорда тарихының «ақтаңдақ беттерінің» қалыңдай түсуіне әкеліп соқтырды.

Аққали АХМЕТ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің,

профессоры, тарих ғылымдарының докторы

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*