МҰНАЙШЫ ӘУЛЕТІНІҢ МЕРЕЙІ

 

Бірінші шегініс

АТАСЫ –
СТАХАНОВШЫ,
ГУБКИННІҢ ПІКІРЛЕСІ

Руслан мұнайлы Ембінің негізін қалаушылардың бірі ретінде атасы Табынбай Өтешовті мақтан тұтады. Таратып айтсақ, ол – Қосшағыл кәсіпшілігінде өндірісті жайғастыруға қатысқан тұңғыш құрылысшы һәм мұнайшы. Өңірде ол араласпаған өнеркәсіп саласы, шаруашылық тетіктері бар ма екен, сірә?! Бұрғылау кеңсесінде коллекторлықтан бастап, бұрғылау жұмысшысы, мұнай өндіру операторы, өндірісті ұйымдастырушы шебер болса, ол аз ба?! Көріп отырғанымыздай, өндірістің алуан саласында осындай тепкішектен өткен атасы кейін бай тәжірибесімен Доссор, Мақат, Сағыз, Комсомольск мұнай кәсіпшіліктерінде өндіріс командирі (шебер), директоры қызметтерін үлкен абыроймен атқарады. Елуінші жылдары Мұнайлы кәсіпшілігінде мұнай дайындау учаскесінің жетекшісі, кейін техникалық бөлімнің бастығы бола жүріп, кен орнының кемел даму жолына түсуіне аянбай атсалысады. Өлке шежіресіне үңілгенде байқағанымыз, Табынбай Өтешов стахановшылар қозғалысының белсенді қатысушысы болған, ол өңірде өндірістік жұмыстарды жайғастыру және оның бірқалыпты ырғақты жүруі үшін академик И.М. Губкинмен әлденеше рет хат жазысып, пікірлесіп тұрған екен. Осындай тұлғаны Отаны да орнымен қадірлеп, еңбегін елеусіз қалдырмаған. Оның КСРО Мұнай өнеркәсібі министрлігінің және ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталуы, кейін Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері атануы ұлы еңбектің топайкөгіне көрсетілген шынайы құрмет деп білеміз.

Екінші шегініс

ӘКЕСІ –
ИНЖЕНЕР-ТЕХНОЛОГ

Русланның әкесі Серік Өтешов те – сұрапыл соғыс жылдары дүниеге келген ұрпақтың өкілі. Жоқшылық көрсе де жасымаған, тоқшылық көрсе де тасымаған табанды, талабы зор. ақадал жан бүкіл саналы ғұмырын туған өлкесін түлетіп, мұнай өнеркәсібін дамытуға бағыштауды о баста жүрек әмірімен кесіп-пішіп, шешіп қойған-ды. Алтын ұядан қанат қаққан албырт түлек ауылда көп аялдамады, Алматы асты. Он сегізінде оқу іздеген өндір жастың жолы болар ма?! Мұнайшылар даярлайтын білім ордасының табалдырығын алғаш аттағанда көкірек көзі ашылып жүре берді. Жалығуды, қамығуды білмейтін жастық кезеңі-ай! Көп уақытын Алматының орталық кітапханасында қажетті оқу құралдарын, ғылыми еңбектерді оқумен өткеретін ол көп ізденіп, өзін теориялық жағынан шыңдауға басым бағыт берді. Уақыт шіркінде тоқтау бар ма?! Арадағы бес жыл көзді ашып-жұмғанша зымырап өте шықты. Секең Ленин атындағы қазақ политехникалық институтын тау-кен инженері мамандығы бойынша бітіріп, елге оралды да, Мұнай өндіру цехына мұнайшы оператор болып қызметке орналасты. Жастық жігермен құлшына еңбек еткен жастың ізденісті қадамдары, білімі мен біліктілік қабілеті, саяси оқуларда жиі көзге түсетін алғырлығы басшылықтың назарынан тыс қалған жоқ еді. Алпысыншы жылдардың аяғында Қаратон мұнай өндіру цехына жаңа техника мен технология ендіру жөніндегі инженер мамандығы бойынша жұмыс істеуге бағытталды. Техникалық бөлімде қызмет еткен жылдары заман ағымында жетілдірілген технологияға ден қойып, өндіріске озық әрі тиімді құрал-жабдықтарды көптеп енгізуге ынта қоя кірісті. Кейін, яғни 1970 жылы осы мамандығына өріс ашып, “Прорванефть” мұнай-газ өндіру басқармасының техникалық бөліміне жұмысқа ауысты. Замандастарының айтуынша, әріптестері оның өте білімді, еңбексүйгіш, тапқыр-жаңашыл қасиетін жоғары бағалап, құрметтейді екен. Өндірістің жауапты учаскелеріне баруға өзіне ұсыныс жасап, жұмсап жатса, оны маманның біліктілігін бағалаудың шынайы үлгісі деп қабылдап, істің адамына тән жігермен жанып түсетін. Ол үшін “қиын іс жоқ, қиюын таба білсең”. Сол жылдары қауіпсіздік техникасының аға инженері, одан кейін орталық инженерлік-технологиялық қызмет (ЦИТС) инженері лауазымын да абыроймен атқара білді. Кәсіподақ комитетінің төрағасы ретінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, ұжымның әлеуметтік-тұрмыстық ахуалының жақсаруына, еңбек тәртібінің нығаюына қал-қадірінше үлес қосқанын әріптестері бүгін де жылы ілтипатпен еске алады.
Әттеген-ай, Серік Табынбайұлын 41 жасында тағдырдың қатал сынына душар болар ма?! Бала кездегі сырқаты қайта меңдеп, екі аяқтан әл келтірсе дәрменің қане! 1985 жылдан мүгедек, зейнетақы алады. Жуырда жарық көрген Прорваның жылнамасы туралы кітапта өзін де ескеріп, суретін жариялап, елге, қоғамға сіңірген еңбегін бірауық елеп жатқанына ағамыз да бір мерейленіп қалған жайы бар.

Үшінші шегініс

АҒАСЫ –
ЭЛЕКТРОГАЗБЕН
ДӘНЕКЕРЛЕУШІ

Асланның інісі Русланнан жас айырмасы – екі жас үлкендігі. Ал былайша жаратылысы, еңбек, өмір жолдары екі тамшыдай ұқсас. Бір-бірінен аумайды. Екеуі де мұнай исі аңқыған Сарықамыс топырағында дүниеге келіп, осындағы №11 жалпы білім беретін орта мектепте оқып, тәрбиеленді. Армандары – мұнайшы болу. Екеуі де аттестат алысымен алысқа ұзамай, алғашқы еңбек жолдарын прорвалық “қара алтын” өндірушілердің сапында бастады. Тіпті екеуінің әскери міндетін өтеу орны бір бөлімге – Алматы қаласындағы автомобиль батальонына тап болуы сәйкестік пе? Әйтеуір, жұртқа бәрі таңсық. Екеуінің де бір қыз, екі ұлы бар. Кенже ұлдары бір күнде дүниеге келіп жатса, оған да таңданбай-ақ қойыңыз.
Асланның еңбек өтілін әп дегеннен “Прорвамұнай” мұнай-газ өндіру басқармасының арнаулы автокеруенінде үйренуші слесарьліктен бастағаны оңды болар ма, онысын әскерде автобатальонда небір қуатты техникалардың жөндеушісі бола жүріп, одан әрі жетілдіріп, тәжірибе жинақтады.
Отан алдындағы борышын өтеп келгеннен кейін “Прорванефть” мұнай-газ өндіру басқармасының Досмұханбетов атындағы цехында мұнай өндіруші оператор болып бірнеше ай еңбек еткен Аслан Серікұлы кейін кәсіптің қат түрі саналып жүрген электрогазбен дәнекерлеуші мамандығын Құлсарыдағы ТЕООР оқу комбинатына әдейі барып оқып, игеріп алды, бүгінде 4-ші дәрежесі бар.
Ер жігіт – еңбегімен елеулі. Өткен жылы “Жылыоймұнайгаз” мұнай-газ өндіру басқармасының кәсіподақ комитеті Алғыс хат ұсынған өндіріс озаттарының сапынан көрінсе, өзі үстіміздегі жылы электрогазбен дәнекерлеушілердің «Үздік маман» сайысында бірінші турда екінші орынға ие болды.

РУСЛАННЫҢ ӨЗІ –
БЕСАСПАП МАМАН

Бұл жағынан келгенде ол биыл тірі болса жүзге толатын стахановшы атасы Өтешов Табынбайға тартқандай жөні бар ма, қалай?!
Прорвадай атышулы мұнай өндірісінде ол игермеген мамандық кемде-кем десе болады. Біздің білетініміз – бір ғана Русланның уысында төрт бірдей тізгін бар. Ол – темірден түйін түйген токарь. Ол – болатты да жасытқан электрогазбен дәнекерлеуші. Ол – мың батпан мұнай кәсіпшілігі жабдықтарын (НПО) жөндеуші. Ол – жерасты суларын кәдеге жарататын сораптар қондырғысының машинисі.
Отыз жеті жасар өндіріс маманы кәсіпшіліктің төрт бұрышының тіреуіндей толайым мамандықтарды игеруге қалай қол жеткізген? О баста тағдырының таңдауын жаңылмай жасағанын мақаламыздың басында айтып өттік. Ол мұнайшы болу арманы еді. Сөйтсе, мұнайшылық дегеніңіз жалғыз сүрлеу ғана емес, сан тарау соқпақтардың бастауы екен.
993 жылы “Теңізшевройл” қазақ-американ бірлескен кәсіпорны құрылып, “Ғасыр келісім-шартының” салтанат құруы Руслан Серікұлының мектеп бітіруімен тұспа-тұс келер ме?! Туған ауылының тап іргесіндегі қазына аралын игеруге ұлы жорық басталып кеткенде алыс арманы кенет таяп келгендей абдырап қалса да, бойын тез жиып алды. Енді шегінер жол жоқ. Сол жылы күзде Сарықамыстағы “Прорванефть” мұнай-газ өндіру басқармасына қарасты механикалық шеберханаға үйренуші токарь болып орналасудың сәті түсті. Сөйтіп алғаш мұнай өндіру жүйесіндегі құрал-жабдықтардың тетіктерін жасау үшін темірден түйін түюге талмай ден қойды. Қандай кәсіп болса да үйренсем, игерсем деген ынта-жігеріне тежеу бар ма, алғаш тәлімгері болған өндірістік шебер Бисекеш Сейітов токарь мамандығының қыр мен сыры, ұңғыл-шұңғылына қатысты жайларды айтудан жалықпайтын. Уақыт өте келе өз бетімен тапсырыс орындауға жетілді. Арада үш жыл өткенде оған дәнекерлеу-пісіру жұмысы қосымша жүктелді.
Отан алдындағы міндетін өтеу де – борыш. Әскердегі екі жыл жас жігітті темірдей тәртіпке баулып, ширатып, шынықтырды. Қолынан іс келетін қолақпандай маман қайта оралса, бұрынғы еңбек ұжымы құшақ жайып қарсы алмай тұра ала ма?! “Бітер істің басына – жақсы келер қасына”.Басшылық сеніп артып, Русланды Шығыс Прорва цехына (қазір Сағидолла Нұржанов атында) екінші дәрежелі мұнай кәсіпшілігі жабдықтарын жөндеуші қызметіне бағыттап жіберді. Өндірістік ұстазы болған механик Қалдыбай Қанатбаев іс тетігін, иінін таппай тыным көрмейтін қажырлы, қағылез жан болар ма?! Бұл айтқанын екі етпейді, не жұмыс болса да тындырымды атқаруға тырысады. Ал қондырғы-жабдықтарды жөндеуге келгенде 4-дәрежелі жөндеуші-слесарь Нұрбай Өкпеғазиевтен үйренгені өз алдына бір төбе.
Руслан қолы босаса отбасына – асыға күтіп отырған жары мен Аружан, Ғалымбек, Райымбек есімді перзенттеріне асығады.
Уақыттан ұшқыр, жылдардан жүйрік не бар?! 2000 жылы Шығыс Прорваға қарасты жер асты суын пайдалану орталығы ашылып, соған екінші дәрежелі сораптар қондырғысының машинисі болып ауысты. Бұл да – қабат қайтарымын, яғни өнім көлемін арттыруға қозғау салатын әдіс-тәсілдердің бірі. Руслан осыны жауапкершілікпен сезініп, міндетті қызметін тез арада игеріп алды. Басқармада қалыптасқан жақсы бір дәстүр, қай жұмысты атқарма, өз ісіңе қабілет-қарымыңды бағалайтын сынақ, байқау болып тұрады. Арада үш жыл өткенде разрядқа емтихан тапсырғанда, төрешілер алқасы Р.Өтешовтің біліктілігіне тәнті болып, оған бірден төртінші дәреже беруге ұйғарым жасады. Әсіресе, басқармада 2010 жылы мамандар сайысы тұңғыш өткені Русланның әлі есінде. Көп мамандық иесі қай сала бойынша қатысса да өз еркінде. Бұл қабат қысымын сақтау операторы ретінде қатысып, теориялық және практикалық жағынан да өзін жақсы қырынан көрсете білді, сөйтіп алғаш рет екінші орынға ие болды. “Жүйрікке қамшы емес, қиқу керек” дегендей, жігерлі маман бұдан кейін де аракідік өтіп тұратын өз ісінің шеберлері додасынан шет қалған емес. Өткен жылы Өзенде, үстіміздегі жылы Қызылордада өткен “Үздік мамандар сайысында” әріптестері – мұнай дайындау цехының химиялық талдау лаборанты Әсемгүл Тәжіғарина, зерттеу жұмыстары цехының зерттеуші операторы Мәншүк Мұханбетжановалармен бірге жүлделі орындарға ие болып, ұжымдарын мерейлі қуанышқа бөледі.
Мұндайда отбасының шаттығы өз алдына бір төбе. Ұлының ылғи да жүлдемен оралатынына бек сенетін әкесі Серік Табынбайұлы мен анасы Бағытжан Шүйішбайқызы, қалаберді ағасы Аслан және қарындастары Нұржауған, Нұрайна бар, бала-шаға, немерелер дегендей ақ дастарқан басында думанды, шуақты бір сәтті бастан кешірер еді.
Адал еңбек ескерусіз қалған ба?! Руслан 2011 жылы “ҚазМұнайГаз” БӨ” АҚ басшылығының Алғыс хатына ие болса, күні кеше Прорва кенішінің пайдалануға берілгеніне 50 жыл толу мерекелік салтанатында осы акционерлік қоғамның бас директоры Абат Нұрсейтов оны бағалы сыйлықпен марапаттап, кеудесіне “Прорва кенішіне – 50 жыл” төсбелгісін қадады.

Қаржау ОРАЗБАЕВ,
меншікті тілшіміз
Жылыой ауданы

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*