МҰНАЙЛЫ ШАҺАРДЫҢ ӨНЕРЛІ ӨРЕНДЕРІ

КӨЗДІҢ ЖАУЫН АЛҒАН КӨРМЕЛЕР
Махамбет атындағы қазақ драма театрына Атырау қаласының мәдениет күнін тамашалауға жиналған халықта есеп болған жоқ. Облыс орталығына қарасты тоғыз селолық округ қазақтың ұлттық дәстүрі бойынша толықтай жабдықталған киіз үйлер тіккен. Облыс басшысы тоғыз киіз үйдің барлығын аралап, ұлттық тағамдарға толы жайылған дастарханнан дәм татты.
«Өлкенің өрен күмбезі» атты иллюстрацияланған кітап көрмесінен мұнайлы астананың кешегісі мен бүгінін толық аңғаруға болады.
– Тәуелсіздік алған жылдары Елбасының қамқорлығының аясында еліміз, соның ішінде Атырау қаласы үлкен белестерге жетіп келеді. Сондықтан, кітап көрмесінің алғашқы бөліміне Елбасының авторлығымен шыққан кітаптарды қоюды жөн көрдік. Атырау облысы – табиғи ресурстарға бай өңір, ол – Қазақстанның мұнай-газ өнеркәсібі қарқынды дамып отырған жетекші аймақтарының бірі. Қазіргі таңда әлемнің көптеген елдері Атырау қаласын «мұнайлы астана» деп біледі. Соған орай, көрменің екінші бөлімін «Туған жер – тұнған байлық» деп атап, қордағы мұнай, мұнайшылар туралы жазылған кітаптар қойылды. Ал, «Туған жердің перзенттері» деп аталатын үшінші бөлімде Әбу Сәрсенбаев, Хамит Ерғалиев, Фариза Оңғарсынова, Жұмекен Нәжімеденов сынды жергілікті ақын-жазушылардың шығармалары топтастырылды және атыраулық жас суретшілердің антологиясы қойылды, – дейді №1 қалалық орталық кітапхананың бөлім меңгерушісі Гүлбаршын Маева.
Сондай-ақ, облыс орталығындағы тауар өндірушілердің көрмесінде «Заман групп», «Универсал кетринг», «Інжу-маржан», «Тілекші», «Спика-А», «Өнерпаз» сынды жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Боранбаев» жеке кәсіпкерлігі өз өнімдерін жарнамалады.
«Тілекші» ЖШС-нің инженер-технологі Жанна Гайсинаның айтуынша, аталған серіктестік 1997 жылы құрылды. Осыдан бірер жыл бұрын балық аулаумен қоса оны өңдеп, кептіруге кіріскен. Сонымен қатар, ет тартпасы, котлет сынды дайын өнімдерді де шығарады. Жуырда филе цехы ашылды. ТШО компаниясымен келісімге отырып, көксерке мен сазанның ет тартпасын дайындап беріп отырады. Ұжым күніне тонна жарымдай балық өнімін шығарады.
– Біз бүгінгі көрмеге Атырауда ашылған ең алғашқы макарон фабрикасының өнімдерін шығарып отырмыз. «Спика-А» ЖШС өткен жылы жұмысын бастады. Жергілікті жерден «Жайлан» макарон цехын ашып, халыққа арзан бағамен сатып келеміз. Макарондар итальяндық технология бойынша дайындалады. Жақында қазақтың ұлттық тағамы – жайманы да шығаруға кірістік, – дейді «Спика-А» ЖШС-нің директоры Альпия Мұқанова.
Көрмеде «Заман групп» нан зауыты да өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Аталған нан зауыты 1998 жылы құрылып, іске қосылды. Зауытта қырықтан астам нан өнімдері шығарылады. Серіктестіктің зертхана меңгерушісі Баян Махметованың айтуынша, нан өнімдері адам ағзасына пайдалы астықтардан пісіріледі. Сондай-ақ, нан ашытқысы йодталған ас тұзынан дайындалады. Тәулігіне сегіз-он тонна нан өнімдерін шығаратын серіктестіктің алға қойған мақсаты – халыққа сапалы да қолжетімді нан өнімдерін шығару.
Көрмеге қойылған облыстық тарихи-өлкетану мұражайының жәдігерлері де көздің жауын алады. Ат әбзелдері, құйысқан, күмістелген, сүйектелген ерлер, аткөпшік, күмістелген қамшы, Жәңгір ханның әйелі Фатима ханымның камзолының үлгісі (ХІХ ғасыр), Жүзбатырдың қайрағы, торсық, кесеқап, секершаққыш сияқты ағаштан және теріден жасалған ыдыстар, зергерлік бұйымдар көрмеден лайықты орындарын тапқан.
Атырау қаласының географиялық орналасуында да ерекшелігі бары белгілі. Облыс орталығының бір бөлігі Азияда орналасса, екінші бөлігі Еуропада. Осыған орай, көрмені ұйымдастырушылар әлемнің екі бөлігін жалғап тұрған орталық көпірдің макетін дайындаған. «Орталық көпір» де жұртшылық назарынан тыс қалмады.
Атыраудағы «Шеврон», «НКОК», Атырау мұнай өңдеу зауыты, «Теңізшевройл» және тағы басқа компаниялар еліміздің экономикалық дамуына ірі жобаларымен үлкен үлесін қосып келеді. Мұнай саласын өркендетіп отырған өңірдің көрмесін тамашалаған облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов аталған компаниялардың жобалары жасақталған бұрышқа арнайы тоқталды. Көрмеде аталған компаниялар өздерінің ірі жобаларымен таныстырып, болашаққа құрған жоспарларымен бөлісті.
Бұл көрмелер арқылы елінің ырысы артып, бірлігі жарасқан Атырау қаласы рухани, мәдени, экономикалық байлығымен де мақтана алатындай дәрежеде екенін айқын аңғартты.

ҚҰЛАҚТАН КІРІП, БОЙДЫ АЛҒАН…
Атыраулық өнерпаздардың есептік концерті арнайы композициялық қойылыммен ашылуымен ерекшеленіп, республикалық байқаулардың лауреаты, Қайыршақты балалар саз мектебінің ұлт аспаптар оркестрінің орындауындағы Динаның «Тойбастары» концерттік бағдарламаның шымылдығын түрді.
Әділет Тілеш, Дана Қазиханова, республикалық, облыстық байқаулардың лауреаты, Атырау балалар саз мектебінің домбырашылар ансамблі, «Қобызшылар» ансамблі, әжелер ансамблі, «Жұлдыз» халық би ансамблі, саксафоншылар тобы, Ержан Қитаров дирижерлік еткен «Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка» Академиясы, Атырау музыка колледжінің «Халықтық» студенттік ұлт-аспаптар оркестрі, «Фантазия» вокалды студиясы, «Жұлдыз» халық би ансамблі, Әсет Әлиев, Гүлмира Берікбосынова және тағы басқалар орындаған концерттік нөмірлер көңілден шығып, үлкен дарын иелері екендерін байқатты.
Атырау – күй өнерінің отаны. Күй тартысқа түскен республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Серік Әлібеков пен Қайрат Жұмағалиев көрермендер қошеметіне ие болды.
Атыраулық өнерпаздардың әуелеген әсем әні, күмбірлеген күйлері, мың бұралған билері көрермендердің ұлттық рухын арттырып, мәдени өмірде елеулі із қалдырды.

КӨРЕРМЕННІҢ КӨҢІЛІ КӨКТЕМ
Концерттен шыққан көрермендердің жүзінен шаттық пен қуаныш лебі сезіліп тұрды. Облыстың мәдениет күндерінің шымылдығын жапқан осы шара барысында халықтың да пікірі мен алған әсерін білуді жөн көрдік.

Әсия ҚЫСТАУБАЕВА,
облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы:
– Бүгін тамаша концерт болды. Бұл шараның басты ерекшелігі сол – сахнадан жас таланттарды байқадық. Мереке қарсаңында тамаша көңіл-күй сыйлаған өнерпаздарға алғысым шексіз. Әр ауданның өз ерекшелігі бар. Сондықтан, өнерді салыстыруға болмайды. Облыстың әр аймағының мәдениет күні өз деңгейінде, өз мағынасымен халықтың жүрегінен орын тапты деген ойдамын.

Шынарбек ҚАБИЕВ,
айтыскер ақын:
– Концерт жоғары деңгейде өтті. Өнерде қашанда шекара болмайтындығын, ұлтқа бөлінбейтіндігін атыраулық өнерпаздар дәлелдеді. Әрбір ұлттың халық билері, әндері орындалып көпшіліктің көңілінен шықты. Соңғы он жылдықтың ішінде театрға өнер кешіне осындай лық толы жиналған халықты көрмедім. Орындық түгілі аяқ басатын жер болмады. Сондай-ақ, облыс басшысының өзі бастап келіп, концертті аяғына дейін тамашалауы, соңынан гүл шоқтарын ұсынуы көңілге қуаныш ұялатты. Алдағы уақытта осындай халықтық өнерді насихаттайтын кештер жиі ұйымдастырылып, қазір сахнамызда көрінбей жүрген қыз бен жігіт айтысынан көрініс, жыр, терме, эпостық жырлар енгізілсе, ұлттық өнеріміздің жандануына үлкен септігін тигізері сөзсіз.

Қамза ҒАБДОЛЛА,
ардагер ұстаз:
– Аудандар өнерпаздарының да концертін тамашаладым. Әрбір өңірдегі танылмай жүрген жас таланттар мен қолөнер шеберлерінің құнды бұйымдары жұртшылыққа кеңінен таныстырылды. Мәдени шарада ескерілмей жүрген кейбір жанрлар кеңінен көрініс тапты. Сондай-ақ, бір кездері ауылдық клубтардың әншісі болған, қазіргі әжелердің, қатарластарымыздың жастармен бірге сахнада ән шырқауы көңілімізді жасартты. Ұлттық нақышымызды, ауылдың тыныс-тіршілігін көрсететін мұндай концертке жиырма жылдан бері көңіл бөлінбей келген еді. Соңғы жылдары бұл қайта жанданды. Шақыртусыз-ақ, халық залға көп жиналды. Бұл жұртшылықтың рухани шаршап, ұлттық нақыштағы концерттерді тамашалауға асығып жүргендігін аңғартса керек. Соңғы жылдары концерттерден көркемөнерпаздар ұжымын көре алмай жүрдік. Өйткені, көркемөнерпаздар байқауы өткенде екі домбырашы, биші, бес-алты хор мүшелері концертіне көңіліміз үйреніп қалды. Негізінен, әрбір мектептен жүз оқушыдан құрылған хор, елу-алпыс оқушыдан тұратын оркестр, ансамбль шығаруға болатынын мәдениет күндері аясында көз жеткіздік.

Ғизат ӘДЕПҚАЛИЕВ,
Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваторияның профессоры, Атырау музыкалық колледжінің оқытушысы, домбырашы:
– Аудандардан қатысқан жас өнерпаздардың көпшілігі – ауылдарға жұмысқа орналасқан академия түлектері. Қай-қайсысы да жоғары деңгейде өнерлерін көрсетті. Атыраулық өнерпаздардың арасында Қайыршақты орта мектебі оқушыларынан құрылған ұлт аспаптық оқушылар оркестрінің жоғары кәсіби шеберліктерін атап айтамын. Әсіресе, қазір жетекшісі, шәкіртім – Сәрсенбай Берғалиевтың дирижерлік, ұйымдастырушылық қабілетіне көпшілік ризашылықпен қол соққанда қатты толқыдым. Оның мектеп оқушыларын кәсіби музыканттар секілді бір ұжымға біріктіріп, олардан оркестр жасақтауы шәкіртімнің екінші қырын танытқандай. «Ұстаздан шәкірт озар» деген осы болар. Сондай-ақ, Ержан Қитаров жетекшілік ететін Д.Нұрпейісова атындағы оркестрдің төгілтіп, бірде жұлқынып ойнаған күйлері көпшілікті шабыттандырды. Бұл оркестр ұжымы наурыз айының аяғында Алматы мемлекеттік ұлттық консерватория ұйымдастыратын олимпиадаға қатыспақ. Мәдени күндер аясында халық арасында танылмай жүрген жастар танылып, олардың өнер биігіне өрлеуіне алғышарт болғандай әсер етті.

Қадыр ЖҮСІП,
филология ғылымдарының докторы, ақын:
– Концерт басталысымен «Атыраудың мәдени күні» деген жазуды жастардың модерн стилінде билеп шығып, жарқ-жұрқ еткен шамдармен жағуы көрермендерге ерекше әсер етті. Жалпы, аудан, қаланың мәдениет күндері аясында бойында өнері бар баланың көкірегіндегі сәулесін өшірмей, жағдай жасауға мүмкіндік болған шара болғандай. Облыс, қала ұжымдарының жұмылған түйіндей болып ұйымдасқан мұндай концертін бірінші рет көріп отырмын. Көкірегімізді қуаныш кернеп, рухани демалып шықтық. Негізінен ұжым мектеп және музыкалық академиялар оқушыларынан құрылған. Біздің ұлттық өнерімізді көрсететін осындай ұжымдар көп болсын деген игі тілек қана бар.

Айгүл ЕРТІЛЕУ, Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*