МҰНАЙЛЫ МАҚАТТАҒЫ МЕРЕЙЛІ СӘТ

Доссор кентіндегі Абай атындағы орта мектептің толғауы терең тарихы бар. Оның бастауыш мектеп ретінде алғашқы іргетасы өткен ғасырдың отызыншы жылдары қаланған. Кейін елуінші жылдары орталау оқу орны болып құрылған. Мұнда Хамит Ерғалиев, Сабыр Қазыбаев сынды елімізге белгілі тұлғалар алғашқы еңбек жолын бастаған. Осында көрнекті жазушы Берқайыр Аманшин, майталман мұнайшылар Шырдабаевтар әулеті білім алған. Міне, кеше осы байырғы оқу орнының қайта салынғаннан соң пайдалануға берілуіне орай ұйымдастырылған шарада жадыда жатталған осы жайлар құрметпен еске алынды.
Мұғалімдер мен шәкірттердің қуанышын бөлісуге облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің өзі келді.
– Осы сәнді де салтанатты оқу орнының пайдалануға берілуі, – деді аймақ басшысы, – Елбасы бастамасымен қолға алынған «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасының жемісі. Кезінде мұнда атақты академик Зейнолла Қабдолов оқыған. Өзге де тұлғалар тәлім алған. Енді, міне, кейінгі ұрпақ тәрбиеленуде. Мемлекет басшысы жастардың білімді де білікті болып өсуіне ерекше назар аударып, жан-жақты жағдай туғызып отыр. Елбасы «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында білім саласы бойынша баршамызға маңызды міндеттер жүктеді.
Одан әрі облыс әкімі өңірде де білім беру саласын барынша сауықтыру мақсатында ауқымды жұмыстардың қолға алынғандығын жеткізді. Мәселен, биыл 11 мектептің құрылысы басталмақшы және 33 оқу орнына күрделі жөндеу жүргізілмек. Облысқа 27 химия кабинеті алынды, 185 мектептің 2234 компьютері әкелінді. Биыл облыс бойынша 1-4 сыныптар мен аз қамтылған отбасыларының оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Осы мақсатта барлық мектептің асханалық жабдықтары жаңартылды. Тек Мақат ауданында ғана 11 мектептің екі мыңға жуық оқушысы осындай демеуге ие болды. Осы жұмыстарға жергілікті бюджеттен бір миллиард теңгеден аса қаржы бөлінді.
Аймақ басшысынан соң сөз алған ата-ана Ақиіс Есеева, физика пәнінің мұғалімі Халила Жұмағазиева оқушыларға қазіргі заманғы талаптарға сай терең тағылым алуға мүмкіндік берген Елбасына деген шексіз алғыстарын білдірді.
Мектеп директоры Айгүл Құсайынова символикалық кілтті қабылдағаннан кейін облыс әкімі жаңа ғимараттың кабинеттері мен сынып бөлмелерін, асхана мен спорт залын аралады.
Жалпы алаңы 3212 шаршы метрлік 300 шәкіртке шақталған оқу орнын тұрғызуға республикалық бюджеттен 641 млн. теңге жұмсалды. Бас мердігер мекеме — «МұнайҚұрылысСервис ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмысын алдыңғы жылғы сәуірде бастапты. Негізгі жұмыстар былтырғы желтоқсанда аяқталғанымен, керекті құрал-жабдықтар сәл кейін келген. Әйтсе де, «ештен кеш жақсы» дегендей, енді елді мекенге ерекше көрік беріп тұрған білім ордасының келбетіне көз тоярлық.
Мектеп директоры Айгүл Құсайынованың айтуынша, мұнда 370 оқушыға 52 мұғалім дәріс беруде. Шәкірттер екі ауысыммен оқиды. Компьютер, лингафон, информатика, химия, физика, биология кабинеттері қазіргі заманғы талапқа сай жабдықталған. Ер балаларға еңбек сабағына ағаш пен темір жонатын станоктары бар шеберханалар берілген. Ал, қыздар арнайы алынған тігін машинасын пайдаланады. Жүз орындық асхананың да барлық жабдығы толық. Алда 200 шамалы шәкіртті ыстық тамақпен қамтамасыз ету жоспарланыпты.
Мектепте білім беру де сапалы деңгейде. Бұған дейін де бірнеше оқушысы биіктен көрінген. Облыс әкімі ескі мектептен тәлімді түлектердің шығып жатқанына разылығын да білдірді. Ал, енді жаңа ғимаратта тың табыстарға қол жеткізуге барлық мүмкіндік бар. Биылғы оқу жылында әзірге екі «Алтын белгі» мен бір «Үздік аттестат» еншілеу жоспарланыпты.

ЖОЛ ДА ЖӨНДЕЛЕДІ, ПӘТЕР ДЕ БЕРІЛЕДІ ТЕК БӘРІ ДЕ ЗАҢДЫ БОЛУЫ ТИІС
Мақатта облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының аудандық филиалында қоғамдық қабылдау өткізді. Аймақ басшысымен кездесуге келгендердің бәрі де өздерін мазалаған сан-салалы мәселені қозғады.
Алдымен қабылдауға Айгүл Ермұханова келді. Оның айтуынша, Доссордағы «Болашақ» ықшамауданында тұрғын үй салуға берілген жер телімдеріне ешқандай инженерлік инфрақұрылым тартылмаған. Қазір тұрғындар жарықсыз, табиғи газсыз және ауыз сусыз отырған көрінеді.
– Электр энергиясы, табиғи газ желісі тартылмаған жерге тұрғын үй салудың өзі заңсыз, – деді Бақтықожа Салахатдинұлы. – Осы орайда Елбасының тапсырмасы бар – инфрақұрылымы тартылмаған жерге тұрғын үй салынбайды. Мен қалада жер телімдерін беруді уақытша тоқтаттым. Берекетсіздіктер жетіп жатыр. Үй салынған соң ол электр жарығымен, табиғи газбен, ауыз сумен қамтамасыз етілуі керек.
«Болашақ» ықшамауданына инженерлік жүйелерді тарту үшін жобалау-сметалық құжаттарын дайындауға тапсырма берілді. Биылға 9,4 млн. теңге бөлінбекші. Сәуірдегі сессияда нақтыланады. Үлгере алсақ, биыл немесе келер жылдың басында жүргізіледі. Барлығы қаржыға байланысты.
Ал, келешекте бәрі де заңмен жүргізілуі керек. Заңсыздыққа жол бергендер жауапқа тартылады. Баршаға соны қатаң ескертемін.
Доссор кентінің тағы бір тұрғыны Діңғали Дәулетбаевтың айтуынша, осындағы 16 пәтерлік 11 үйдің кәріз жүйесінен кеткен су ауыл шетіндегі сорға құйылып жатыр. Еңбек ардагері осы мәселені шешуді сұрайды. Мамандардың айтуынша, оған 60 млн. теңгеден аса қаражат қажет.
– Бұл мәселе маған таныс, – деді облыс әкімі, – керекті қаржыны бөліп, күзге дейін бітіріп беруге уәде етемін.
Мақаттық Серік Сұлтанов жұмыс іздейді. Ағаш шебері, құбыр құрастырушы мамандықтары бар.
– Осында «Локомотив сервис» мекемесі құрылып жатыр, – деді аймақ басшысы, – соған орналастыру жөнінде аудан әкіміне тапсырма беремін. Кәсіпорынға ұсыныс жолданды. Мұнда тұрақты жұмыс болады, мамандығыңыз да сәйкес келеді.
Ғайса Мұңғатовтың өтініші 402 разъезге газ тарту мен Бәйгетөбе ауылына жол салу екен. Электр жарығымен қамтуда да кемшілік бар.
Қабылдау барысында белгілі болғанындай, ауылды жарықпен қамтамасыз етіп отырған трансформатор әбден тозыпты. Соны ауыстыруға бір миллион теңге шамасында қаражат қажет.
– Трансформаторға тапсырыс беріңіздер, – деді Бақтықожа Салахатдинұлы, – қаржысын бөлеміз. Газдың мәселесі республикалық деңгейде шешіледі. Жол проблемасы одан да күрделі. Облыста 128 елді мекеннің жол жағдайы өте қиын. Биыл тек 72 ауылдың ішкі жолдарын жөндеуге жобалық-сметалық құжаттарын дайындауды жоспарлап отырмыз.
Газ тарту 250-260, ал Бәйгетөбеге жол салу 900 млн. теңге шамасында. Екеуін қосқанда 1 млрд. 150 млн. теңге керек. Бұл — қомақты қаржы. Жалған айтып қажеті жоқ, мұны шұғыл шешуге уәде бере алмаймын.
Биыл облыста екі үлкен жол құрылысы қаралған. Біреуі Миялы-Қарабау бағытында салынбақшы, екіншісі Жайықтың сол жағымен Атырау мен Индер арасындағы жол. Соңғысының маңызы өте зор. Осы арқылы біз қалалықтарды бау-бақша мен көкөніс өнімдерімен жеткілікті қамтамасыз етеміз. Бұл жолдың бойында елу мың шамасында адам тұрады.
Мақаттың маңындағы елді мекендерді білемін, барлық мүмкіндікті қарастырамын. Жыл ішінде қаржы ауысса, көмектесемін. Жалпы, облыстық жол басқармасымен бес жылдық жоспар жасалды. Соның аясында біраз шаруа тындырылады.
Мақаттық дәрігер Балзия Тынышбаева пәтер жалдап жүр екен, тұрақты баспана сұрайды.
– Мен дәрігерлерге көмектесуге уәде бергенмін, – деді аймақ басшысы, – тұрғын үй салу ұзаққа созылып кетер, сондықтан сатып алатын пәтерді тезірек тапсаңыздар, қаржысын тауып берейік. Биыл шешіледі.
Қабылдау соңында Бақтықожа Салахатдинұлы Мақат пен Доссор арасындағы 15 шақырымдық жолдың жағдайын айтты. Ол республикалық деңгейде болғандықтан, оған облыстық бюджеттен қаржы бөлінбейді. Бірақ, облыс әкімі тиісті министрлік басшысымен сөйлесіп, үстіміздегі жылы шешпекші.
– Осындай қабылдауларда айтылатын проблемаларды, – деді қоғамдық қабылдауды қорытындылаған аймақ басшысы, – тыңдау өз алдына, шешу үшін келдік. Республиканың өзге өңірлеріндегі секілді бізде де қазір мүмкіндік бар. Рас, талай жылдан бері қордаланған проблемаларды шұғыл шешу қиын. Әсіресе, жол мәселесі. Алыстағы шағын ауыл болса да жарықпен, газбен қамтыған жөн. Қазір біз күн мен жел энергиясын пайдалануды ойлап отырмыз.

М.Сүмесінов

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*