Мұнайлы өңірді не мазалайды?

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов ауданға сапары барысында алдымен Жаңа Қаратон кентіндегі №23 орта мектепте жұртшылықпен жүздесті. Сенатор бірінші кезекте Елбасының халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға қатысты тапсырмасына орай жоғары заң шығарушы органның қызметі, қабылданған жаңа заң жобалары жайлы кеңінен әңгімеледі.

%d0%bc%d1%83%d0%bd%d0%b0%d0%b9%d0%bb%d1%8b-%d0%be%d0%bd%d0%b8%d1%80

Басқосуда аудандық мәслихат хатшысы Мұхтар Кенғанов жоғары палата депутатынан өңір елді мекендерін «көгілдір отынмен» жабдықтаушы «Жылыойгаз» мекемесінің жеткізіп отырған газ бағасына байланысты түсінік беруін өтінді.

– Осы мәселеге орай облыста жиналыс өтті. Онда «Казтрансгаз» және басқа да мекемелер арқылы табиғи газды алып, халыққа қолжетімді бағамен тарату туралы ұсыныс айтылды. Дегенмен, мұндай қадамның олардың арасында бәсекелестікті қалыптастырып, бір мекеменің құлдырауына, адамдардың жұмыссыз қалуына әкеліп соқтыратындығы да ескерілді. Сайып келгенде, мұның өзі тұтынылатын газ бағасының негізсіз  қымбаттауына әкелетіндігі де айтылды. Жиналыстың қорытындысымен оң шешім қабылданып, Жылыойға қатысты мәселе түпкілікті шешілгендей болды. Қазіргі уақытта    еліміздің көптеген аймақтары газсыз отырғандығын ескерсек, біздің облыстағы жағдайдың әлдеқайда жақсы екендігіне шүкіршілік етуіміз керек деп ойлаймын, – деді сенатор.

Ол бұдан өзге де біраз сауалдарға жауап қайтарып, өзіндік ой-пікір, ұсыныстарымен бөлісті. Аудандық мәслихаттың депутаты Үмбетқали Жақашев Құлсары қаласының вокзалы ескі, әрі халықтың санына шаққанда сыйымдылығы аз екенін айтты. Сондықтан 400 орындық жаңа вокзал ғимаратын салу қажет екенін жеткізді. Сонымен қатар, Құлсары қаласының бас жоспарына өзгеріс енгізу   мәселесін көтерді. Қала ішімен өтіп жатқан жоғары қысымды газ құбырын шаһар сыртына шығарып, оның орнына үй салу үшін жер телімін берген дұрыс болатындығын меңзеді.

– Бізді дін, оның ішінде дуалау жайы алаңдатады. Қазір соны кәсіп қылып жүргендер де бар. Халық арасында осының кесірінен зардап шегіп, жанұясынан айырылып, лаңкестік террористік әрекеттерге баратындардың кездесетінін де жоққа шығара алмаймыз. Әңгіме сол дуаны қайтаратын адамдардың тапшылығында болып тұр. Ендігі жерде білімі төмен имамдарды мешіттерде жұмыс жасауға тиым салатын, дуалау сынды ел үшін қауіпті іспен айналысып жүргендерді жазалайтын заң қажет сияқты,-деді ауыл ақсақалы Асқар Рзиев. Сондай-ақ, ол сыбайлас жемқорлық мәселесі, тұрғындардың кенттегі техникалық суды пайдалана алмай отырғандығын, төселген тасжол мен тамақ сапасының төмендігін де назардан тыс қалдырмады.

%d0%bc%d1%83%d0%bd%d0%b0%d0%b9%d0%bb%d1%8b-%d0%be%d0%bd%d0%b8%d1%802

– Бұл мәселеге байланысты діни басқарма, тағы да басқа осы іспен шұғылданатын комитеттер бар. Қойылған сауалды соларға жолдап көреміз. Сыбайлас жемқорлық мәселесі бүгінгі күні өзекті. Үкімет тарапынан да онымен күрес бағытында заң шығарылып, кешенді бағдарлама қабылданып қолданысқа енгізілуде. Ал, тамақтың сапасы жөніндегі сұраққа қатысты облыстағы тиісті орындарға сауал жолдаймын. Жұмыссыздық мәселесіне келетін болсақ, қазір мемлекетіміз азаматтардың елімізде жұмыс жасауына, нарықтық экономикаға бейімделіп, кәсіп ашуына барлық жағдай жасап отыр. Ал, берген мүмкіндікті пайдалану адамның өз қолында,-деді өз жауабында сенатор.

Кездесуде көтерілген кейбір сұрақтарға аудан әкімінің орынбасары Нұрадин Жұмашұлы да  жауабын берді. Оның айтуынша, ТШО-дан берілетін техникалық су зауыттың күрделі жөндеу кезінде тоқтатылған. Ал, тауар сапасына байланысты тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасына арыздану керектігін түсіндірді. Теңіз кеніші мен Құлсары қаласы арасындағы тасжолды ағымдағы жөндеуге «Теңізшевройл» компаниясы қаражат бөліп  отырғанын, мердігер мекеменің жауапкершілігін де  өздеріне алатындарын қаперледі.   Одан бөлек, басқосуда «Алматы–Маңғыстау» пойызының Құлсары қаласы арқылы жүрмей қалуы тұрғындар арасында наразылық туғызып отырғаны айтылды. Сенатор бұл мәселеге орай «Қазақстан теміржолы» ҰК АҚ басшылығына сауал жіберіліп, нәтижесінде    құлсарылықтар үшін арнайы екі вагон шығару жөнінде әңгіме қозғалғандығын, наурыз айында түпкілікті шешілетіндігін мәлімдеді.

Сол сияқты кездесу кезінде аудандағы экология, тұрғындар арасындағы аурулардың көбеюі тәрізді өзекті мәселелер де қозғалды. Қауіпсіздік мәселесіне қатысты  аудандық ішкі істер бөлімі  басшылығына ұсыныстар айтылып, тапсырмалар берілді.

Қайрат ДҮЙСЕНБЕТОВ,

Жылыой ауданы.

1 комментарий

  1. Басқа жерлерде газ жоғына қалық кінəлі емес шығар сенатор мырза

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*