Мұнай және бензин арасындағы қарама-қайшылық қалай пайда болды?

Ресейде жылына 500 млн. тоннадан астам мұнай өндіріледі. Соның жартысына жуығынан дайын өнім шығарылады. Ал, Қазақстанда 80 миллион тонна шамасында «қара алтын» алынады. Бірақ, тек 20 пайызы өңделеді. Яғни, бестен бірі ғана. Міне, мамандардың пікірінше, елімізде жанармай тапшылығын туғызып отырған басты себеп осы.

МҰНАЙ ЖӘНЕ

ТӨРТІНШІ ЗАУЫТ ТИІМДІ МЕ?

Рас, Қазақстан тәрізді Ресейде де шикі мұнайды өңдеу тереңдігі Нельсон индексі бойынша жеті бірліктен аспайды. Бұл бағыттағы әлемдік көрсеткіш – 15. Сондықтан, егер мұндай бағам он бірліктен төмен болса, онда мұнай өңдеу зауытын салу тиімсіз саналады. Әйтсе де, кезінде осындай нысандарды көбірек тұрғызғанда қазіргідей тапшылық болмас еді. Республикада соңғы мұнай өңдеу зауыты 1985 жылы пайдалануға берілді. Төртінші зауытты Ақтөбеде қолға алу туралы ұсыныс айтылғанымен, әлі нақты шешім қабылданған жоқ.

Жалпы, елімізде шағын кәсіпкерлікті дамытуға барынша қолдау көрсетіліп жатқанда кішігірім мұнай өңдеу нысандарын тұрғызуға ешкімнің тәуекелі тұрмады. Оған, әсіресе, «қара алтынның» қайнары саналатын Атырауда мүмкіндік мол еді ғой. Әлде бұл бағытта да аяқтан шалып, етектен тарту бар ма? Мүмкін пайдалы бизнестің тізгінін ұстағандар қатарын көбейтуге мүдделі емес шығар? Бәлкім, әлдекімдерге өзімізде шикі мұнайды көбірек өңдегеннен гөрі, оның өнімдерін тыстан тасымалдаған тиімді болар?

Ресейде 200 шамалы шағын мұнай өңдеу зауыты бар. Бұлар көлеңкелі жолмен табылған шикізатты да қабылдай береді. Қайткенде де, өнім шығарып отыр. Оның үстіне, солтүстіктегі көршіміз Сібірден осындай ірі нысан тұрғызуды жоспарлауда. Сол кезде бұл мемлекеттің мұнай өңдеу әлеуеті қазіргіден де еселеп артпақ. Сайып келгенде, біздің ресейлік жоғары октанды бензинге тәуелді болып отырғанымыздың бір себебі де – оларда осы өнімнің көп даярланатындығы. Сөйтіп, өздерін қамтып қана қоймай, тысқа тасымалдауға мүмкіндік алды. Ал, бұл ретте Қазақстан тұрақты тұтынушы. «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» дегендей, сұранысқа ие тауарын көршілеріміздің қымбатқа сатып жүргені де сондықтан. Бүгінде елімізде қолданыстағы зауыттарға жүргізіліп жатқан жаңғырту шаралары өнім өндіру көлемін ішкі қажеттілікке сай арттыра ала ма? Әлде сырттан әкелу жалғаса ма? Егер халық күтіп отырғандай оң өзгеріс болмаса, онда қыруар қаражаттың текке кеткені.

Әйтсе де, қайткенде де, республикаға тағы бір зауыт қажет-ақ. Әлемдегі «қара алтынға» бай мемлекеттердің бірі екенбіз, оны өзімізде оқсатып өңдей алмағанымыз іскерлігімізге сын. Осы орайда өңдеуші салаға қолдау көрсетіп жатқанымызды ескерсек, неге жанармай даярлайтын шағын өндіріс ошақтары тұрғызылмайды? Мұнайлы мекендегі бизнес иелерінің назарын бұл бағытқа қалай аударуға болады? Кәсіпкерлерімізді немен қызықтырамыз? Олардың көл-көсір табыс түсіретін шаруадан бас тартқаны ма?

СЫРТҚА САТЫЛҒАН ШИКІЗАТ

Әрине, пайдалануға берілген әрбір объект тиімді жұмыс жасап, өзін ақтауы керек. Яғни, шыққан шығынын өтеуі шарт. Осы орайда оны шикізатпен тұрақты қамтамасыз ету қажет емес пе? 1972 жылы Америка Құрама Штаттарында мұнайды сыртқа тасымалдауға тыйым салынған заң шықты. Мұндағы мақсат – алдымен ішкі сұранысты қамту. Елдің қолданыстағы кәсіпорындары тоқтамауы үшін «қара алтын» тонналап құйылып жатты. Рас, қазір мұнай экспортына рұқсат етілді. Бірақ, осы уақыт аралығында зауыттардағы жұмыс жолға қойылып, қалыпты технологиялық жүйе қалыптасты.

Ал, бізде ше? Алдымен, халықаралық келісімдерге сәйкес, республикадағы Қарашығанақ, Қашаған және Теңіз тәрізді ірі кеніштердің мұнайы экспортқа шығарылады. Ел бюджетін толықтырғанымен, олардың жанармайға қатысты ішкі қажеттілікті қамтамасыз етуге қосып отырған үлесі мардымсыз. Өзге кен орындарынан мұнай өңдеу зауыттарына жеткізіліп жатқан шикізат кәсіпорынның қалыпты жұмыс жасауына жеткіліксіз.

Жалпы, олар да өнімін алдымен сыртқа шығарғанды қалайды. Өйткені, тысқа тасымалданған мұнай әлемдік деңгейдегі бағамен сатылады. Ал, ішке өткізілген «қара алтынның» құны үш есе арзан. Жер қойнауын пайдаланушылардың тұтынушыны шетелден іздеуі сондықтан. Мүмкін, АҚШ тәжірибесін ескеріп, бізде де мұнай экспортына уақытша тыйым салған жөн шығар?

Рас, сыртқа шикізат тасымалдауды тежеу отандық мұнайшылардың халықаралық беделіне нұқсан келтіреді, акцияларының құнын төмендетеді, дивиденд көлемін кемітеді. Алайда, елде қымбатшылықты тежеу үшін мұндай құрбандыққа барған да жөн шығар. Оның үстіне, соңғы деректерге қарағанда, «ҚазМұнайГаз Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы ішкі қажеттілікке мұнай жіберуді 40-тан 31 пайызға азайтыпты. Бұдан жүргізушіге жанармай жетер ме?

Одан әрі, Қазақстан нарығында делдал көп. Елбасы өнімнің өндірушіден тұтынушыға тура жетуі қажеттігін қанша айтқанымен, жөнделіп жатқан жағдай жоқ. Тура мағынасында алыпсатарлықпен астасатын аралық жік экономиканың барлық саласында белең алған. Ол «қара алтынға» қатысты да қылаң береді. Яғни, өндірілген мұнай алдымен ортадағы делдалдың қолына түсіп, содан соң ғана зауыттың табалдырығын аттайды. Әрине, бастапқы бағаға үстеме қосылады. Соның салдарынан түпкі өнім қымбаттайды. Міне, осы мәселені де оңтайлы шешетін уақыт жетті.

Сонымен қатар, тапсырылған мұнай оны өндірушінің меншігі саналады. Яғни, жер қойнауын пайдаланушы – шикізаттың да, одан дайындалған өнімнің де қожасы. Демек, бағаны белгілеуші де сол. Зауыт келісілген құнына өңдеп қана береді. Жанармай нарығын реттеуде бұл жай да қолбайлау болады. Өйткені, «қара алтын» қожасы бензин мен дизель отынына қатысты қалыптасқан ахуалды таразылап, даяр тауарын тұтынушыға құнды етіп ұсынуға ұмтылады. Ал, егер тапсырылған мұнайды кәсіпорын меншігі ететін тетік қалыптастырса ше? Өндіруші өңдеушіге шикізатын өткізеді де, тиесілі ақысын алады. Ар жағында дайын өнімнің қожасы зауыт болады. Мамандар осындай әдіспен де жанармай бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік туарын айтады.

Ең бастысы, мұнай-газ саласына салынар салықты оңтайландыру қажет. Осы орайда зауытқа жеткізілер шикізаттан салық алынбауын ұсынушылар бар. Рас, бұдан бюджетке түсер табыс кемиді. Бірақ, түпкі өнім бағасы шамамен 12 пайызға арзандайды. Ал, халыққа қажеті де қолжетімді бензин мен дизель отыны екені анық.

P.S. Міне, мұнай мен бензинге байланысты қалыптасқан қарама-қайшылық осындай. Соны бір жүйеге келтірмей, жағдай оңалмайды. Қазақстанда «қара алтын» жеткілікті. Алайда, соның басым бөлігі шетелге шығарылып жатса, қолда барын өңдейтін зауытымыз тағы тапшы. Соның салдарынан ен байлығымызды ел игілігіне жарата алмай жатырмыз. Өкінішті-ақ, әрине.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*