Мұнай-газ саласындағы жаңа технологиялар өнімділікке жетелейді

Өткен жылы елімізде 86,2 млн. тонна мұнай өндірілді. Биыл оның көлемін 110 миллионға жеткізу жоспарланып отыр. Шикізат өңдеуге қатысты да жаңалық бар. Өндірістің қуаты артуы жаңа технологияларды енгізу, тың әдістерді қолдану нәтижесінде мүмкін болды.

SV_0226-kopiya-1

Кеніш қызметіндегі өзгеріс

Бүгінде Уаз мұнай кенішінің қызметі жаңа жүйеге көшіріліп жатыр. Мұндағы мұнай өндіру, геофизикалық жұмыстардың бәрі цифрландырылатын болады. «Ембімұнайгаз» АҚ басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбековтың айтуынша, ол еңбек өнімділігінің елеулі түрде артуына, мұнай алу коэффициентінің ұлғаюына әкелуі тиіс.

«Қазіргі таңда кәсіпорында сандық технологиялар енгізілуде. Ол мұнай өндіру тиімділігін арттыруды, қондырғыларды жөндеу мен техникалық қызмет көрсетуді мақсат етеді. Жаңа кен алаңдарды іздестіру үшін геологиялық барлаумен қатар, газ бағытын дамытуға да маңыз берілуде. Биылғы жылы компания терең ұңғымаларды бұрғылауды қолға алғалы отыр. Іс оңға басқан жағдайда дамудың жаңа кезеңіне қадам жасауға мүмкіндік туады»,-дейді «Ембімұнайгаз» АҚ басқарма төрағасы.

Екі жыл бұрын компания «Уаз сандық кен алаңы» пилоттық жобасын іске қосқан еді. Ол «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының ауқымында жүзеге асқан болатын. Өндірістегі өзгеше іс өзінің тиімділігін көрсетті. Осы себептен өткен жылы жоба Прорба кен алаңдары тобына таратылса, биыл «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының кен алаңдарында қолға алынбақшы. Айта кетейік, «Ембімұнайгаз» АҚ-ы өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады.

Ел назарындағы ерекше жоба

Болашақта «Теңізшевройл» компаниясы мұнай өндіруді ұлғайтады. Ол жаңа технологияға негізделген Келешек кеңею жобасы ауқымында жүзеге асады.

«Қазіргі күні инфрақұрылымдық жұмыстарға, теңіз модульдерін тасымалдауға басты назар аударылуда. Ол осы жылы бітеді. «Теңіз» кенішіндегі құрылыс жұмыстары да белгіленген уақытта аяқталады деп жоспарлануда. Келешек кеңею жобасына қажетті модульдер Қазақстаннан өзге, Корея мен Италияда дайындалып жатыр»,-дейді «Теңізшевройл» ЖШС өндіріс жөніндегі бас менеджер Имир Боннер.

Бүгінде «ғаламдық жоба» жұмыс кестесіне сәйкес, әрі сапалы жүргізілуде. Оны жүзеге асыруға әлемнің көптеген мемлекеті қатысып отыр. Бұған дейін Ерсай өндірістік алаңында болат құрылмаларын жасау қолға алынған еді. Бүгінде бұл шара да жүйелі жүзеге асуда. Италияда газтрубиналық генераторлар, Кореяда металл құрылғылары (22 модуль) құрастырылып жатыр. Модульдер дайын болғаннан соң Қара және Балтық теңіздеріндегі аялдау базасы арқылы Каспийге жеткізіледі. Мұнда Ресейдің су жолы жүйелері пайдаланылады.

Алыптың екінші тынысы ашылуда

Атырау мұнай өңдеу зауытын қайта құрылымдау жұмысы аяқтала келді. Өте маңызды шараның еліміздің жанар-жағармайға деген сұранысын қамтудағы үлесі елеулі болмақ.

Жаңа технологияларды енгізу өндіріс орнының қуатын еселей түседі. Кешен құрылысы пайдалануға берілгенде, шикізатты тереңдетіп өңдеу жұмысы жылына 5 миллионнан 5,5-ке көбейеді. 1,7 млн. тонна автокөлік жанармайы, 1,4 млн. тонна дизель отыны және 244 мың тонна авиакеросин өндіріледі. Барлық мотор отындары Евро-5 деңгейіне сәйкестендіріледі. Сонымен қатар, мұнайды тереңдетіп өңдеу көлемі 84 пайызға дейін ұлғаяды. Қазірдің өзінде зауытта дизельдік отынның К4, К5 стандарттары шығарыла бастады. Өндіріс орнының жоғары сапалы әрі жаңа өнімі ерекше сұранысқа ие. Олай болуының жөні де бар. Жаңа технологияға бағытталған жұмыс еңбек өнімділігін арттырып, алып нысанды бәсекеге қабілетті ете түсті.

Зауыттың бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары – бас инженер Денис Козыревтің айтуынша, өндіріс орнындағы «UOP» (АҚШ) компаниясының технологиялық үрдістерінде катализаторлар ауыстырылған. Осының нәтижесінде гидротазалау кезіндегі дизельдік отындағы күкірттің мөлшерін К5 стандарты үшін 2-3 ррм көрсеткішке, ал, К4 стандарты үшін 50 ррм көрсеткішке төмендетуге қол жетіп отыр.

Жаңа технология жаңашылдыққа жетелейді, өндірістің мүмкіндігін еселейді. Мәселеге мемлекеттің ерекше маңыз беруі де сондықтан.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*