МҰНАЙ ӨҢДЕУДІҢ ЖАҢА МҮМКІНДІГІ

БАСТАУ

Жалпы, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының ортасында зауыт өте ауыр жағдайға тап болды. Тәуелсіздіктің бастапқы кезеңінде күллі еліміз бойынша белең алған экономикалық қиындық кәсіпорынды да айналып өтпеді. Бұрынғы одақтас республикалар арасындағы байланыс мүлдем үзіліп, алыс шет елдерге арқа сүйеуге тура келді. Ал, өндірісті өркендету үшін  «Тельф АГ» фирмасынан алған несиені инвестор кері сұрады. Негізі, швейцариялықтардың қойған талаптары да өте ауыр болатын. Олар кәсіпорынның басым акциясын қолға түсіруді көздеді, мемлекеттен кепіл болуды қалады. Сөйтіп, жаңа басталғалы тұрған зауытты қайта жаңғырту шаралары тұралады. Сонау 1994 жылғы 6 сәуірде француздық «Гидрокарбон Инжиниринг» компаниясымен зауытты жаңғырту жөнінде жасалған келісім де жүзеге аспады.  

Елбасының тікелей тапсырмасымен Атырау мұнай өңдеу зауытын толығымен қайта жаңғырту қолға алынды. Сөйтіп, 1998 жылы Үкімет пен жапондық  «Марубени» компаниясы арасында ынтымақтастық туралы келісім жасалды. Келесі жылы Атырауға келген Елбасы да зауытты жарақтандыру бастамасын қолдады.  Жапонияға сапары кезінде Қазақстан басшысы Атырау мұнай өңдеу зауытын қайта  жаңғырту мәселесін тағы қозғап, оған мемлекеттік тұрғыдан аса зор маңыз берілетіндігін айтты. Міне, жоғары деңгейдегі осы кездесулер игі нәтижесін берді. 

Содан 2002 жылғы ақпанда кәсіпорында жаңа қондырғыларды орнатудың алғашқы кірпіші қаланған сәтке тағы куә болдық. Құрылыс жұмыстарының басталуына орай үш мыңға тарта адам қызметке тартылды. Жоба құны 340 млн. АҚШ долларын құрады. Атырауға жапондық мамандар келе бастады. 

Ал, 2004 жылғы 19 шілдеде жаңа нысандардың  алғашқы  тұсаукесері болды. Италияда жасалған биіктігі 12, диаметрі екі метр, ал салмағы 20 тонна шамасындағы реакторды түріктік ГАТЕ фирмасының алдын ала дайындалған тұғырға қалай орнатқанын сонда жиналғандармен бірге тамашаладық. Зауытқа жаңа ғұмыр сыйлаған жоба 35 айда мәреге жетті. Ірі көлемдегі қондырғылар Атырауға Еуропа және ТМД теңіздері арқылы жеткізілді. Жобаға қосымша мердігер ретінде қатысқан қазақстандық құрылыс ұйымдарының қатарында атыраулық «Темірәлі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де болды. Осы жаңғыртумен қатар, отандық мұнайшылардың 22 млрд. 200 млн. теңгесіне зауыттың жалпы шаруашылығы қайта жарақталды. 

АЛҒАШҚЫ АДЫМДАР

Елбасы 2003 жылғы 17 мамырда «Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық даму стратегиясы туралы» Жарлыққа қол қойды. Осы құжат аясында мұнай-газ саласында шикізаттық емес өнеркәсіпті дамыту қолға алынуы шарт еді. Яғни, қарапайым тілмен айтқанда, «қара алтынды» сыртқа сол күйінде сатқанша, оны барынша  тереңдете  өңдеп,  экспортқа дайын өнім шығару қажеттігі туды. Әйтпесе, расында  да, өзіміздің  өзге  елдерге  шикізат күйінде тасымалдаған мұнайымыз кейін жанар-жағар май ретінде қымбат бағасына оралып жатыр. Осы олқылықтың орнын толтыру қажет болды. Ал, даму стратегиясы 2003-2015 жылдары жоғары технологиялық тәсілдерді қолдана отырып өңдеу саласын дамытуды көздейді. 

Міне, зауытта бензол шығару жобасы осындай себептермен қолға алынды. Алдын ала бірнеше құжат дайындалған соң 2007 жылғы 16 қарашада жаңа өндіріс ошағының қоршаған ортаға әсері туралы қоғамдық тыңдау да сәтті ұйымдастырылды. Оған өзіміз куә болғандай, жиналғандар тарапынан көптеген құнды ұсыныстар айтылды. Қазір жоба жетекшілері соның бәрінің басшылыққа алынғанын айтады. 

Ал, 2009 жылғы 29 қазанда АМӨЗ бен қытайлық «Синопек Инжиниринг» компаниясы арасында хош иісті көмірсутегі өндірісінің құрылысын жүргізу жөнінде келісім жасалды. Осы икемді жоба нәтижесінде жоғары октанды бензинді барынша көп алуға да, жылына 133 мың тонна бензол  мен  496  мың  тонна  параксилол шығаруға да болады. Ал, бензол мен параксилол өз кезегінде сан түрлі мұнай-химия өнімдерін дайындауға қызмет етеді. Бұлар бояулар, ауыл шаруашылығы үшін улы химикаттар, ерітінділер, дәрі-дәрмектер, т.б. даярлауға қолданылады. Ақырында, пластикалық талшықтар өндірістің барлық саласында сұранысқа ие. 

Жасыратыны жоқ, жаңа жобаға күдікпен қараушылар да болды. Осы орайда, алдымен қоршаған ортаға келтірілер залал алға тартылса, одан әрі, жобаның арзандығы айтылды. Яғни, құны арзан болса, сапасы да нашар деген пікір қалыптасты. 

Ал, шындығында, жобаға қатысты жарияланған тендерге әлемдік аты бар екі компания қатысқан-ды. Жапондықтар оны 54 айда жүзеге асыруды ұсынды. Қытайлықтар 39 аймен шектелді. Мерзімі аз болғандықтан, құны да сәл арзан болды. Әрі, «Синопек Инжиниринг» те осал емес, дүниежүзілік деңгейде өз орны бар компания. Ол құрамына кіретін «Синопек» корпорациясы әлемде мұнай өңдеуден үшінші және мұнай-химия өнімдерін шығарудан төртінші орын алады. Қытайдың өзі «қара алтын» селін ағызушы мемлекеттер санатында екінші орынға ие.  

Оның үстіне, жобаны жүзеге асырушы қытайлықтар болғанымен, мұнда Францияның Axens компаниясының технологиясы қолданылады. Ол Батыс Еуропадағы  зауыттардың  үштен  екісінде пайдаланылады және қауіпсіздік тұрғысынан өзін ақтаған. Бұл – Қазақстан жағынан қойылып отырған нақты талап. Мамандар қоршаған ортаға қатысты осындай тұжырым айтады. 

ҚАЙТА ЖАРАҚТАНДЫРУ ҚАЙТАРЫМЫ

Жалпы, хош иісті көмірсутегі шығарушы мемлекеттер қатарына қосылу оңай емес. Бұған кез-келген елдің сатып алуына шамасы жетпейтін өте қымбат технология қажет. Қазір әлемде параксилол экспорттайтын ірі мемлекеттер қатарында АҚШ, Жапония, Корея, Ұлыбритания, Германия, Италия тәрізді алпауыттар бар. Енді Қазақстан да солардың санатына қосылмақ. 

Қазір АМӨЗ шығаратын бензин құрамында 5-7 пайыз шамасында бензол бар. Көшедегі көліктерден бұрқырап бара жатқан түтін соның салдары. Жоба жүзеге асқанда бензол мөлшері біреуге дейін кемімек. Жанар май әбден тазаланып, көліктен шығатын түтін де жойылмақ. Ақырында, мамандардың айтуынша, жаңа қондырғылардан тарайтын залалды заттар көлемі кәсіпорын бойынша жалпы көрсеткіштің небәрі 3,4 пайызын ғана құрайды. Ал, зиянды қалдықтар 28 тоннаға кемиді.

Елбасы Қазақстан халқына биылғы Жолдауында «Еліміз бензинді, дизель отынын, авиация керосинін молынан өндіруді қажет етіп отыр. Жаңа мұнай өңдеу зауыттарын салу қажет» деп атап өтті. Сөйтіп, республикада төртінші мұнай өңдеу зауытын тұрғызуға тапсырма берді. 

Бұл көптен бері қозғалып жүрген мәселе болатын. Мұнай және газ министрлігінің бұрынғы басшылығы бұған дейін республикада тағы бір мұнай өңдеу зауытын салуды қажетсінбеген-ді. Олардың  ойынша,  қайта   жаңғыртудан өткен соң қазіргі үш зауыттың қуатымен-ақ әзірге қажеттілікті өтеуге мүмкіндік бар. Әйтсе де, өмір өзінің өзгерісін әкелді. Елімізде «қара алтын» өндіру көлемінің күрт артуы, өңдеу саласын дамытуды өрістету осындай шұғыл шара алуды  талап  етті.  Неге  біз   сыртқа мұнайды шикізат күйінде шығарып, кейін дайын өнім ретінде аламыз? Өзіміз мұнайлы ел саналып, жоғары  октанды сапалы бензинді неге тыстан тасымалдаймыз? Міне, Мемлекет басшысы тиісті құрылымдар алдына осындай маңызды міндетті қойып отыр. 

Тағы да Президент  тапсырмасымен жобаны жүзеге асыру барысында қазақстандық мазмұнға аса көңіл бөлінбек. Мәселен, 58 млн. 155 мың АҚШ долларына отандық құрал-жабдықтар сатып алынады. Сонымен қатар, 111 млн. 865 мың АҚШ долларына жергілікті кәсіпорындардың қызметі көрсетіледі. Отандық мамандар да мол тартылады. Мәселен, жобада алдыңғы жылы 270, былтыр 1500 жергілікті кадр  қызметпен қамтылуы жоспарланды. Биыл 1800, келесі жылы 900 қазақстандық жұмысқа алынбақ. Осы орайда Теңіз кеніші мен «Болашақ» зауытында толымды тәжірибе жинақтаған атыраулықтарға басымдық берілмек.    

Мұнайды тереңдете өңдеу жобасы – зауытты қайта жарақтандырудың соңғы сатысы. Сөйтіп, 2015 жылы әлемдік талаптарға жауап беретін алдыңғы қатарлы технологиямен жарақтандырылған су жаңа өндіріс ошағы пайда болмақшы. Шикі мұнайды өңдеу деңгейі 84 пайызға жетеді. Еуро-4 және Еуро-5 стандартты жанар май шығарылады. Жоба қуаты жылына 2 млн. 400 мың тонна шикізат өңдеуге есептелген. Ал, бұл кезде, яғни 2015 жылы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы еліміздегі мұнай қорын 730 млн. тоннаға толтырып, жылдық «қара алтын» өндіруді 24 млн. тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр. Сөйтіп, әлемдегі мұнай-газ өндіретін 30 ірі компаниялар қатарынан орын алмақ. Ал, Атырау мұнай өңдеу зауытын толық қайта жаңғырту нәтижесінде Қазақстан сырттан ашық түсті мұнай өнімдерін тасымалдауды тоқтатады және жоғары сапалы жанар маймен ішкі сұранысты толық қамтамасыз етеді.

Міне, қазақ мұнайын тұңғыш өңдеуші кәсіпорын болып саналатын АМӨЗ қазір осындай оң өзгерістерді бастан кешіп отыр. Бүгінде республикада үш мұнай өңдеу зауыты бар. Төртіншісін тұрғызу жөнінде әңгіме жүріп жатыр. Бірақ, таза отандық саналатын атыраулық зауыт толық қайта жаңғыртылған соң өзінің көшбасшылық рөлін сақтап қалмақ. Атырау мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жөнінде күні кеше ғана Елбасының Қазақстан халқына кезекті Жолдауында да айтылды. Демек, оған мемлекеттік тұрғыдан үлкен маңыз беріліп отыр. Сайып келгенде, ол ел бойынша Атырауда тұңғыш рет салынбақшы газ-химия кешенін дамытуға да оң септігі тимек.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*