«Мөлтек әлем мөлдірі»

Ақын Бауыржан Халиолланың шығармашылық кеші осылай аталды

Кеше Махамбет атындағы қазақ драма театрында Атырау облыстық  мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен Батыс Қазақстан облысы Қадыр Мырза Әлі атындағы өнер орталығының басшысы, ақын Бауыржан Халиолланың «Мөлтек әлем мөлдірі» атты шығармашылық кеші өтті.

%d0%bc%d0%be%d0%bb%d1%82%d0%b5%d0%ba-768x511

Ақынның өлеңдеріне түсірілген бейне көрініс  көрермендердің көңілінен жол тапты.  Бүгінгі қоғам туралы  толғап, адами қасиеттерді жоқтаған Бауыржан Ергенұлының шығармалары жастарды мейірімділікке үндеп, рухани жағынан байытары сөзсіз.

Кеш шымылдығы Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың сөзімен ашылды:

– Бүгін киелі сахнада халықпен жүздесіп отырған Ақ Жайықтың ақжарма ақыны, ұлы өзенді тел емген қос аймақтың талантты перзенттерінің бірі – Бауыржан Ергенұлы. Өзі айтқандай, біз өнер кештерін ұйымдастыруға, өнер адамдарына қолдау көрсетуге әрқашан да әзірміз. Осынау залда отырған ақынжанды жастарымыздың рухани азық алып, көкейінде жүрген сауалдарына жауап  беретін осындай өнер кештері болса керек. Өткен-кеткенді толғап, болашаққа жол салатын да осындай өнерге арналған кештер екені кәміл.

Тайыр, Жұбан, Қадыр, Ақұштап шыққан топырақтан көктеп өскен Бауыржан Ергенұлы – бүгінде айтыс пен жазба поэзияны қос қанатындай ұстап, халықтың ықыласына бөленіп жүрген ақын. Осындай кештер көбірек болған сайын адамның көңіл көкжиегі кеңейе түсері сөзсіз. Әр ақынның қоғамда  өзіндік орны бар. Қоғам дамуында өнер адамдарының қосып жүрген үлесі көп. Әр мамандық иесі де қоғамға өзіндік үлес қосады. Бірақ, барлық мамандықтың түпқазығы — сөз өнері деп ойлаймын. Тағдыры пешенесіне өлең деген бақытты бұйыртқан талай талантты көріп жүрміз. Мәселен, Жетісуда  Жамбыл деген жас ақын бала бар. Кіп-кішкене баланың үлкен ой айтып, салмақты мәселені толғауы бәрімізге де мүмкін еместей көрінген. Алайда, өнерді өміріне серік еткен Жамбыл – бүгінде Отанды, Тәуелсіздікті жырға қосып жүрген жастардың бірегейі. Сол сияқты, Бауыржан Ергенұлы да – қазақ өнеріне өзіндік қолтаңбасымен келіп, елді елең еткізген, қоғам дамуында айшықты пікірімен көрініп жүрген дарынды ақын.

Күні кеше ғана ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өттік. Енді  көгімізде көк байрағымыз желбіреп,  жүрегіміз елжіреп Отанымызға, халқымызға еңбек етейік, өмірімізді отанымыздың келешегіне арнайық. Қоғам талабы, халық талабы — осы. Олай болса, бүгінгі шығармашылық кешіңіз құтты болсын! Жазарыңыз көп болсын, шабытыңыз тасысын! -деді аймақ басшысы өнер иесіне.

Кеште ақын Жүрсін Ерманның сөзіне жазылған Бауыржан Халиолланың «Тұсаукесер» әні орындалды. Сондай-ақ, сөзін де, әнін де Бауыржан Ергенұлы жазған «Қатимоллаға арнау» әнін  әнші Қайрат Кәкімов домбырамен асқақтатты.

Кеш туралы материалдың толық нұсқасы газетіміздің келесі санында жарияланатын болады.

Гүлзада Ниетқалиева

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*