МҰҚЫРДЫҢ МҰҢЫН КІМ ТЫҢДАР?

Міне, осы тақылеттес шешімін күткен мәселелерді жіпке тізіп, Жұмаш Жақсиев, Ораш Өтегенов, Мәжит Шапатов, Мәжит Қарабалиев, Талап Мысағалиев, Аманкелді Сәрсембаев, Төлеу Тайжанов сынды ауыл ақсақалдары газет редакциясына хат жолдапты. Әңгіме төркіні «күрделі мәселе» деп мәймөңкілеткеннен гөрі, «ауылдықтардың жанайқайы» деуге көбірек келетін тәрізді.

Бұл зейнеткерлердің қай-қайсысы да – кешегі ел экономикасының, әлеуметтік тұрмыстың тұрақты болуына өз үлестерін қосып, ел-халқы алдындағы азаматтық парыздарын өтеп, бүгінгі күні құрметке лайық демалысқа шыққан адамдар. Бірақ, олардың көрдім-болды деп қол қусырып отырмай, болашаққа жанашырлықпен қарағандары ертеңгі күнге деген ерекше алаңдаудың белгісі ме деп қалдық.

Қызылқоға ауданына қарасты бұл округ тұрғындарының 640-ы зейнеткер болса, соның 47-і – тыл еңбек ардагерлері. Аудан, негізінен, мал шаруашылығымен айналысатын болғандықтан, зейнеткерлердің дені малшы-механизатор, медицина саласының қызметкерлері мен мектеп қызметкерлерінен тұрады. Сондықтан да, бұл адамдардың зейнетақылары орташа деңгейде. Осы орайда ақсақалдар: «Өндірістік мекемелерден зейнеткерлікке шыққан адамдардың үнемі назардан тыс қалмай, мерекелерде сыйақы алып, облыстың басқа өндірістік аудандарында мүмкіндігінше демалыс орындарына жолдама беріліп жататындығын білеміз. Бәріміз де жасымыз жеткен адамдармыз. Денсаулықтың күн санап төмендеп келе жатқаны – заңдылық. Осындай демеушіліктен біз неге құр қаламыз?

 Мұқыр, Сағыз өңірі соңғы 10-15 жылдан бері мұнай тасымалдау аймағында. Бұл елді мекендерден жылына 40 мың тонна мұнай тасымалданады. Күн сайын 50-60-тай үлкен машина ерсілі-қарсылы жүріп, жолдың барлығын бүлдіріп бітті. Ауыл-аймақ шаң-тозаңға көмілуде. Жайылым жердің тозығы да жеткен. Халықтың күнелтісі – малдың тіршілік әрекеттері күн санап құрдымға кетіп бара жатыр. Халық сиыр саууды қойды. Бұл күнде шайға құятын сүт жоқ. Себебі, өрістің бәрі тозған. Бұл жағдайға жанашыр адам табылмай отыр. Мұнай біздің ауылдың үстімен тасымалдануда. Бұл жұмыстың басым бөлігі «Сағыз-Петролеум» компаниясына қарайды. Осы компания,  басқа да аймақта орналасқан өндірістік мекемелер Мұқыр зейнеткерлеріне неге демеушілік көмек көрсетпейді? Жалпы, бұл жердің экологиялық жағдайы тексеруді қажет етеді. Бұл да – ескерусіз мәселе. Аталған компания жұмысшыларды Сағыз, Мұқыр округтерінен алса деген де ұсынысымыз бар.

Адам болғасын ауру-сырқауың болады. Біздегі емдеу мекемесі өте тар. Кейбір күндері қаралуға да мүмкіндік болмай қалатыны рас. Бір кездері болған 35 төсектік аурухана ізім-қайым жоқ болып кетті. Округке қарасты Жамансор, Кенбай, Жантерек, Тасқұдық, Соркөл, Сарқұмақ елді мекендері бір-бірінен шалғай орналасқан. Он жылдан бері аурухана салынады деп келеді, бірақ, оның да орындалар түрі көрінбейді. Жылына округ бойынша 100-ден астам ана босанады. Олардың барлығы жоғарыда айтқан 120 шақырым жердегі аудан орталығы Миялыға баруы керек. Ал, барса – ауруханада орын болмай, үйде жатып күтуге тура келеді. Өзі аяғы ауыр ана кімнің үйіне барып күте алады? Осындай қиын жағдайлар бізді қатты алаңдатады» – деп толғағы жеткен толымды ойларымен бөлісті.

Аудан бойынша халқының саны жағынан үшінші тұрған – осы Мұқыр селосы. Мұндағы баяндалған ахуал төңірегінде Қызылқоға ауданы әкімінің бірінші орынбасары Бекнұр Әжіғалиев «Сағыз-Петролеум» компаниясының әртүрлі демеушілік көмектер көрсетіп келе жатқандығын, биылғы жылы Мұқырда отбасылық-дәрігерлік амбулатория құрылысы басталатындығын және мәдениет үйінің жобасы жасалып жатқандығын айтып, үміт отын жылт еткізгендей болды.

Бұдан кейін «Сағыз-Петролеум» компаниясы бас директорының өндірістік қызмет жөніндегі орынбасары Мирамбек Мәмбетовке жолықтық. «Біздің компания 2000 жылдан бастап барлау жұмыстарын жүргізіп, өнім өндіруге 2011 жылдан бастап кірісті. Бас мекемеміз Ақтөбе қаласында орналасқан. Содан бері осы жерде жұмыс жасап келеміз. Жұмысшылардың көбі осы ауданнан және Ақтөбе облысының Байғанин ауданынан алынған. Өндірістік мекеме болғандықтан, әлеуметтік салаға деген көмегімізді аяп қалған жоқпыз. Ауданның мектептеріне, отбасылық жағдайлары нашар адамдарға көмектесіп, қарттар күніне, басқа да атаулы мерекелерге демеушілік көрсеттік. Аудандық ауруханаға қажетті аппараттар алып бердік. Ал, елді мекендердегі зейнеткерлерге демалыс орындарына жолдама беру туралы бізге әкімдіктен ұсыныс түскен жоқ. Мүмкіндігінше бұл мәселені шешу жағын қарастыруға болады ғой деп ойлаймын» деген Мирамбек Мәмбетовтің сөзінен байқағанымыз, сұраныс тиісті орындарға жеткізілсе, бұл мәселенің оң шешілуі әбден мүмкін. Ал, сұранысты беретін кім, ол жағы айтпаса да түсінікті.

Шынымен де, жыламаған баланың тамақсыз қалатыны сияқты, өзің жанашыр болмасаң, кімнің жағдайының қандай екендігін кім білсін? Сондай-ақ бұл компанияда Мұқырдан жұмыс жасайтын бірде-бір адамның жоқтығы да бізді бейжай қалдырмады. Бас директордың орынбасары бұл жағдайдың тағы да аудан орталығына байланысты екендігін, әрбір елді мекенмен жеке-дара жұмыс жасап отыруға мүмкіндіктерінің жоқ екендігін баса айтты. Жұмыр жердің бетіндегі малға азық болар көк шөптің тозығы жетіп, жойылу қаупінде тұруына не себеп? Жеті қат жердің астындағы қазынаны іздеу барысында тесілген жердің «жарасы» қалай бітеледі? «Біттім» деуге тілі жоқ Жер-Ана тағы да қандай зәбір көріп жатыр? Осы сауалдарды округ әкімі Естай Мақсотовқа қойдық. «Айналамызда атқарылып жатқан өндірістік жұмыстардың табиғатқа кері әсері бар екендігі рас. Сол себепті біз бұрғылап кеткен жерлерді бітеп, қайта көгалдандыру туралы экологиялық қоғамдық қабылдауда мәселе көтердік. Бірақ, бұл жұмыс соншалықты нәтижелі жүрді дей алмаймын. Мысалы, «Сағыз-Петролеум» компаниясы қазған Кенбайдағы 4-5 нүкте, Тармақтағы 2 нүкте, Мұқырдың жанындағы 1 шақырым қашықтықта орналасқан бір нүкте бітелгенмен, көгалдандыру жұмыстары жүрген жоқ. Бұл жұмыстардың көктемде басталуын бақылауға алатын боламыз. Жер бетіне май төгілу фактілері де кездесті. Бұның зиянының қандай екендігі айтпаса да түсінікті. Өткен жазда Кенбайда төгілген май үшін аталған компанияға айыппұл салынды» деп жауап берген ол, күндіз-түні толассыз шұбырып, жер бетіне айқыш-ұйқыш із салған ауыр көліктердің жүрісін реттеу мақсатында жол-патрульдік полиция қызметкерлерімен бірігіп әртүрлі жұмыстар атқарып жүргендіктерін, бірнеше рет рейдтер ұйымдастырғандықтарын айтып өтті.

Бірақ, қанша жерден рейд ұйымдастырылса да, Сағыздан Жамансорға бет алған алып КамАЗ-дар аспанмен ұшпайды ғой. Осы орайда жергілікті халық «Сағыз-Петролеум» компаниясы бүгінде жарамсыз болып қалған тас жолды тегістеп, көліктерін сол жолмен неге жүргізбейді?» деген уәж айтады. Біздіңше, бұл – дұрыс пікір. Себебі, жүздеген көлік күніне бір рейс жасағанның өзінде ауыл үстін қаншалықты шаңға көметіндігін айтып жатудың өзі артық болар. Әсіресе, жаз мезгілінде Сағыз бен Жамансор аралығындағы жүз шақырымдай жер, онда орналасқан Мұқыр, Жантерек, Кенбай елді мекендері үнемі шаңның астында. Бір кездері жусан исі бұрқыраған дала төсінен қазір сау-тамтық қалмаған. Бұған жанашыр болар құзырлы орындар қайда?

Тағы бір тоқтала кететін жайт, мақаланы жазу барысында жергілікті билік өкілдері мен өндіріс басшыларының арасында байланыстың нашар екендігі байқалды. Демек, тиісті орындардың жергілікті халықтың мүддесі үшін ойға да, қырға да шабар кезі келді. Елбасының қатаң сынға, жіті бақылауына алып отырған мәселелерінің бірі де – осы.

«Тауарлы таза мұнайды айдайтын пункттер салынуда. Өткен жылдың қарашасында тапсырылуға тиісті пункттер белгілі бір себептермен осы жылдың мамырына қалдырылды. Енді мұнайды көлікпен емес, құбырмен Жамансорға емес, тікелей Тасқұдық кен орнына таситын боламыз» деді әңгіме арасында аталған компания басшылығы. Жақсы екен. Заманауи технологиясы дамыған бүгінгідей уақытта бұған таңғалудың өзі артықтау болар. Бірақ, бұған дейінгі бүлінген жердің өтеуі кімде? Біз енді бұл жерде жұмыс жасамаймыз деп кілт бұрылып кетсе қайттік? Бұл сұрақтарды әзірге басы ашық қалдыруға ұйғардық.

Ағиба ҚАТЕШОВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*