МҮГЕДЕКТЕРДІҢ МҰҢЫ ОРТАҚ

Әлеуметтік әлсіз топтың әлеуетін жақсарту – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы» Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай – 20 қадам» атты бағдарламалық тұжырымдамасында аталған маңызды мәселелердің бірі. Ел Үкіметінің және «Нұр Отан» партиясының мүмкіндігі шектеулі жандарға «Кедергісіз орта» қалыптастырудағы ізгі қадамдары мен ірі бастамалары Қазақстанның әлемдегі ең дамыған мемлекеттің біріне айналуына өзіндік үлес қосады.

Жақында «Нұр Отан» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы шеңберінде мүмкіндіктері шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының жүйесі бойынша шағын несиелендіру мәселелерін шешу жолдары талқыланды. Қазіргі экономикалық шарттар мен еңбек нарығындағы жағдай шеңберінде мүгедектердің құқын қорғау бойынша бекітілген конвенцияның талаптарын орындау міндеттелді. Бүгінде Махамбет ауданы бойынша 914 мүгедек бар, оның ішінде 71-і – бірінші топ, 406-сы – екінші топ, 287-сі – үшінші топ, сондай-ақ, 18 жасқа дейінгі 150 мүгедек бала бар. Олардан басқа, Сарайшық психиатриялық жүйке аурулар интернатында 310 мүгедек – мемлекет қамқорлығында.

Ауданда мүгедектерді әлеуметтік қорғау жөнінде аудан әкімінің орынбасары М.Сейтқалиев басқаратын «Мүгедектер істері жөніндегі үйлестіру кеңесі» жұмыс істейді. Барлық ауылдық округтерде  оларды әлеуметтік жағынан қорғайтын арнайы құрылған комиссия бар. Аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалында мүгедектерді қабылдау күні әр аптаның сәрсенбі күні жүзеге асады. Осы жылы қырықтан астам мүгедек қабылдауда болып, өздерінің өтініш-тілектерін айтты. ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің бұйрығына сәйкес, халықты әлеуметтік қорғау саласында көптеген жұмыс атқарылуда. Айталық, үйде қызмет көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандартына сай, аудан бойынша алты ауылдық округте мүгедек және жалғызілікті 68 қартты қамқорлауға 19 әлеуметтік қызметкер, алты ауылдық округте мүмкіндігі шектеулі 43 балаға он әлеуметтік қызметкер үйден арнаулы қызмет көрсетуде.

Жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектерге 35 жеке көмекші тағайындалып, оларға осы жылдың 9 айында 3 млн. 246 мың теңге қаржы төленді. Аудан әкімшілігі тарапынан мүгедек балаларға Астана, Астрахан қалаларына ота жасатуға 500 мың теңге қаржылай көмек, ал, күнкөрісі төмен он мүгедекке жыл басынан бері 172,3 мың теңге біржолғы әлеуметтік көмек берілді. Қамқорлық айлығы – қазанда әр мүгедекке бес мың теңгеден біржолғы көмек жылда беріледі. Сегіз мүгедек ата-анаға кәмелеттік жасқа толмаған балалары үшін жәрдемақы тағайындалды. Үстіміздегі жылы 77 адамға гигиеналық құрал, төрт мүгедекке кресло-арба, сондай-ақ, 60 тифлотехникалық және 15 сурдотехникалық құралдар алынып берілді.

Ауданда мүгедектер қоғамдық орындарға кіріп-шығу үшін пандустар жасау жұмыстары жүргізілуде. Осы жылдың өзінде алты пандус жасалды, қалғандары жыл аяғына дейін жасалады деп күтілуде. Айтқандай, емдеу-сауықтыру орындарына 121 жолдама берілді. Жыл сайын қамқорлық айлығы мен мүгедектер мерекесінде  қайырымдылық  түстіктер мен ақшалай-заттай сыйлықтар беру дәстүрге айналды. Аудан бойынша осы жылы мүгедектер мен ардагерлерге жеке кәсіпкерлік пен жергілікті бюджеттен 16 млн. 583 мың теңге материалдық және қайырымдылық көмек көрсетілді.

Жақында аудан әкімі Әлібек Нәутиевтің төрағалық етуімен аудандық әкімдіктің кеңейтілген аппарат мәжілісі өтті. Онда өңіріміз үшін өзекті мәселенің бірі – «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңының аудан бойынша орындалысы талқыға салынды. Аталған мәселе бойынша аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлнар Нұрхиева хабарлама жасаса, ауылдық округ әкімдері, мекеме, ұйым басшылары, мәслихат депутаттары да қатысып, өз пікірлерін білдірді. Мәжілісте мен де сөз алып, еңбек еткісі келетін қамкөңіл жандардың ауданымызда аз еместігіне, бірақ, оларды жұмыс орындарымен қамтамасыз ете алмай отырғанымызды айтып, құрылысы әлі аяқталмай тұрған мүгедектер үйі жұмысының тезірек бітуіне аудан әкімінің ықпал етуін сұрадым. Аудандағы бірінші топ мүгедектері коммуналдық төлемдер төлеуден мүлде босатылса, екінші және үшінші топ мүгедектері жартылай төлеуге қол жеткізді. Оларға дәрігерге баратын, қоғамдық ұйымдарға қатынайтын көлік бөлінді. Кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары басшылары тарапынан кемтар жандарға көмек қолын созатын қорлар ашылуда. Мәжілісте, бұл айтылғандарға қоса, «жергілікті мәслихаттар сайлауында депутаттыққа мүмкіндігі шектеулі жандар да ұсынылса» деген ұсыныстар білдірілді.

Мәжілісте барлық ауылдық округ әкімдеріне, білім, денсаулық, әлеуметтік сала басшыларына мүгедектерге арналған қолжетімді ортаның сақталуы тұрғысынан әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне бейімдеу жұмыстарын басты назарда ұстау, кеңес-онлайн қызметін жандандыру  тапсырылды. Сондай-ақ, аудан басшысы мүгедектерді жұмыспен қамтамасыз ету, яғни әлеуметтік жұмыс орындарын құруды қолға алу қажеттігін, аудандық мүгедектер кеңесі ұсынысына орай ауданымыздан «Махамбет» қайырымдылық қоры құрылғанын, оның аз қамтылған отбасыларға және әлеуметтік жағдайы төмен жандарға қолұшын созатынын жеткізді.

Мәндірғали ОРАЗҒАЛИҰЛЫ,

Махамбет аудандық мүгедектер кеңесінің төрағасы,

 аудандық «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің бюро мүшесі,

ауданның Құрметті азаматы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*