Мәдениетті «спортшылар» неге жоқ?

Соңғы кездері «спорт мәдениеті» деген ұғым көп айтылып жүр. Бұл туралы бізге әлемге әйгілі спорт саңлағы Мұстафа Өзтүріктің шәкірті, үшінші дан қара белдігінің иегері Қабибек Мұхитов айтып берді.

photo_8745

– Жалпы, қай саланы алып қарасақ та, әр істің бастауында сол саланың мәдениеті тұр, – дейді ол. – Өзіңіз білесіз, әскери қызметкерлер бір-бірінің алдында тік тұрып, сәлемдеседі. Жас сарбаздың Отан алдындағы парызын адал атқаруға ант беруі де мәдениеттің белгісі. Сол сияқты, спортшылардың да қалыптасқан өз мәдениеті болады. Соның бірі, шығыс жекпе-жегіне қатысушылардың жаттықтырушы алдында иіліп сәлем беруі. Бұл тек жаттықтырушыға емес, жалпы спортқа деген ыстық ілтипат пен құрметті де көрсетеді. Кейде олимпиада ойындарында оңды-солды қол сілтеп, сағыз шайнап тұратын бапкерлерді көреміз. Оны қойшы, күнделікті кездесетін жағдай, үлкендерге қол беріп амандаспайтын жастар бар. Бұл – мәдениеттің төмендігі.

Демек, спортқа тәрбие құралы ретінде маңыз берілуі тиіс дейсіз ғой?

– Әрине, спорт мәдениетін қаншалықты сақтасақ, соншалықты саналы ұрпақ қалыптасады. Ата-ана баласын спортқа қандай оймен береді? Спорттан бұрын, дұрыс тәлім-тәрбие алып шықса екен дейді. Мәселен, темір тордың арғы жағында жазасын өтеп шыққан жаттықтырушыға баласын кім тапсырады? Олай болса, мәдениет пен тәрбие бастауы – спортта. Ол адамды сабырлы әрі ұқыпты болуға үйретеді. Мысалы, спорттық жарыстарға күнделікті қатысып жүрген шәкірттеріміз өз киім-кешектерін өздері жинап, дүние-мүліктеріне асқан ұқыптылықпен қарайды. Тіпті, жаттықтырушының жетегінсіз жарыстарға өздері барып, қатысып жатады.

Мәдениетті айтқанда, сөз мәдениетіне де мән берген жөн. Шығыс жекпе-жегінде «фи» деген термин кездеседі. Ол «адамның ішкі энергиясын сыртқа шығару» дегенді білдіреді. Күнделікті өмірде көп адаммен кездесіп, түрлі жағдайға тап болып жатамыз. Сөйтіп, күні бойы жиналған жағымсыз эмоция қалдықтары адам бойында қалып қояды. Яғни, ағзадан бөлек, жан да рухани тұрғыда шаршайды. Шығыс елдерінде ондаймен арнайы жаттығулар көмегімен күреседі екен. Сонда қан айналымы жақсара түседі. Ал, біз болсақ, сүрініп қалдық па, ұшықтаймыз да, алаңсыз жүре береміз.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*