Мұғалімнің оқуы мен шәкірттің тоқуы бір-бірімен үйлескенде ғана сапа шығады

Мұғалім – мектептегі басты тұлға. Жаңа технологиялардың дамыған кезеңінде де педагогтардың орнын ешкім де, еш нәрсе де айырбастай алмайды. Тек олар бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуде өз білімдерін жетілдіріп, толықтырып отыруы қажет. Осы орайда жаңартылған білім мазмұнында мұғалімдердің санаттылығына бірқатар өзгерістер енді. Ағылшын тілінде оқытылатын пәндер үшін педагогтарға тіл меңгеру талаптары қойылды. Осы жұмыс біздің өңірде қандай деңгейде атқарылуда?

1

Санат қалай  белгіленеді?

Облыстық білім беру басқармасының басшысы Қайырғали Кенжеғалиевтің айтуынша, бүгінде әр мұғалім өзін-өзі бағалауы тиіс. Ол үшін белгіленген санаттар шеңберінде Ұлттық біліктілік тестілеуден өтіп, деңгейін бекітіп алғаны жөн. Кейін соған сәйкес жалақыны өсіруге мүмкіндік беріледі.

Педагог-модератор санатын мектептегі кез келген мұғалім алады. Бұдан кейін сарапшы және зерттеуші атағы бар. Ал, шебер болуы үшін оқушыларының арасында республикалық, халықаралық сайыстардың жеңімпаздары болуы тиіс. Мұғалімнің авторлық бағдарламасы да қажет. Санаттарды алу екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңі – тест тапсыру. Екінші кезеңде тесттен өткен педагогтың құжаттары комиссиямен қаралады.

Облыста мұғалімдердің 76 пайызы алғаш жүргізілген сынақтан өтті. Олардың ішінде педагог-модераторлар құжаттарын мектеп әкімшілігіне тексертеді. Ал, педагог-сарапшылардың жұмысын аудандық, қалалық білім бөлімі қарайды. Педагог-зерттеушіні облыстық білім беру басқармасы анықтаса, педагог-шебердің құжаттары республикалық комиссия қарауына жіберіледі. Оның құрамында Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімдері бар. Қазір санатқа құжат тап-сырғандардың іс-қағаздары өз деңгейіндегі комиссиялардың қарауында, – дейді Қайырғали Рысқалиұлы.

Ағылшынша оқытқанның жалақысы өседі

Халықаралық қатынас тілі ретінде мойындалған ағылшын тілі білім беру жүйесіне енді. Жаңа технологиялардың көбі ағылшын тілінде жүргізілгендіктен, мектептердегі жаратылыстану-ғылыми бағыттағы пәндер – физика, биология, химия, информатика  ағылшын тілінде жүргізіледі. Жаңаша білім беру мазмұнындағы бұл өзгерістерге сай бүгінде мұғалімдерге де тіл үйренуге тура келеді.

Облыстың бас педагогінің  айтуынша, 2016-2018 жылдар аралығында аталған төрт пән бойынша 496 мұғалім біліктілікті арттыру тілдік курсынан өтті. Олардың ішінде 347-сі өндірістен қол үзіп, 149 педагог курсты соңына дейін үзбей оқыды. Химия, биология, физика, информатиканың жекелеген элементтерін ағылшынша оқытуға жұмыс жүргізілді.

Облыс бойынша 2018-2019 оқу жылында 137 мектепте 313 мұғалім ағылшын тілінде жаратылыстану-ғылыми бағыттағы пәндерді оқытуды бастайды. Бұл өзгерістегі тағы бір ерекшелік, ағылшын тілінде оқытатын мұғалімдерге сағат жүктемесіне қарамастан екі еселенген базалық жалақы төленеді. Яғни, 35 мың теңге көлемінде үстемақы беріледі, – дейді        Қайырғали Кенжеғалиев.

Жыл ішінде Ұлттық біліктілік тестілеу маусым және қыркүйек айларында екі рет өткізіледі. Маусымдағы сынақтан өткендердің жалақысы – қыркүйектен, қыркүйектегі сыннан сүрінбеген педагогтардың жалақысы қарашадан бастап артады. 

Алтыншаш

ҚҰРМАШЕВА

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*