Мұғалімнің кәсіби мәртебесін қалай қалыптастырамыз?

Соңғы жылдары «мұғалімдік мамандықтың беделі төмендеді», «қазір бұл мәртебелі мамандықтар қатарында емес»,  «жастар мектепке барғысы келмейді» деген секілді әңгімелер ел арасында жиі айтылып жүр. Аталған мамандыққа қатысты мұндай пікірлердің туындау себебі неде?

Тамыз мәслихаты қарсаңында

Қазіргі өркениетті елдер ұстаздың бойында бала қызыға қарайтын, бала еліктейтін қасиеттердің болғаны дұрыс деп есептейді. Себебі, оқушының ұстазына деген айрықша құрметі оның жақсы білім алуына тиімді әсер етеді. Кез келген адам жақсы ұстаз бола алмайды. Сондықтан, ілгері дамыған елдерде бастауыш сынып ұстаздарын дайындауға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл елдер мұғалімнің кәсіби мәртебесін қалыптастыруды жоғары дәрежеде ұйымдастырып қойған.

Атап айтқанда, дамыған елдер үздік мектеп түлектерінің ғана құжаттарын мұғалім мамандығына қабылдайды, талапкерлер педагогикалық кәсіпке қабілеттіліктерін анықтайтын арнайы тест тапсырады, оқу орындарында дәріс бірінші курстан   бастап тәжірибеге негізделіп жүргізіледі. Сондай-ақ, бакалавр-мұғалім магистратураға қабылданады, магистр-мұғалім мектепке жұмысқа келгенде, қоғамдық комиссия алдында күрделі сынақтан өтеді. Мұнымен қоса, жұмысқа қабылдан-ған жас магистр-мұғалімге тәлімгер (коучер) тағайындалады. Ал, ол мұғаліммен алғашқы күннен бастап, өз бетімен жақсы сабақ бере алатын деңгейге жеткенше бірлесіп жұмыс істей береді.

Мұғалім тек жас ұрпақ санасына оқу-тәрбие үрдісін қалыптастыруға тиісті тұлға болуы керек. Осындай себеп-салдарлар бүгінгі жастардың мұғалімдік мамандыққа қырын қарауына әкеліп соқтыруда. Бұл тығырықтан шығар жол бар ма? Әрине, бар!

Балтық жағалауындағы Латвия Республикасы – бүгінгі таңда әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің бірі. Осы ел 1991 жылы өзінің тәуелсіздігін жариялағаннан кейін, білім беру, денсаулық сақтау салаларын ғана мемлекет құзырында қалдырады да, өзге салалар бойынша жеке секторды дамытуға мүмкіндік береді. Біздің мемлекетіміз де саналы түрде білім беруді «болашаққа инвестиция құятын сала» деп есептеп, толықтай өз қамқорлығына алуға тиіс.

Мәселен, педагогикалық бағытта орта арнаулы және жоғары білім алу, әсіресе, ер азаматтарға тегін болуы керек (себебі еліміз бойынша, педагогикалық қызметтің 83 пайызы, Атырау облысында 87 пайызы әйел азаматшалардың еншісінде). Студент-жастарға қазіргі бағамды ескере отырып, кемінде 25-30 мың теңге көлемінде стипендия төленуі қажет. Мұғалімдердің орташа айлық жалақысы 250-300 мың теңгеден кем болмауы тиіс.

Себебі, Қазақстандағы мұғалімнің айлық жалақысы еліміздегі орташа жалақыдан 25 па-йызға төмен. Германияда мұғалімнің бір айлық жалақысы – 4 мың евро, ал, Қытайда – 1 мың доллар. Біздің елімізде футбол командасының бір ойыншысына, 2016 жылғы мәлімет бойынша, ай сайын 9 миллион теңге жалақы төленіпті. Балаға білім бергеннен гөрі, екі аяққа ерік беріп, доп қуалап кеткен дұрыс секілді. Сонымен қатар, орта мектептерге қызметке барған (шалғай ауылдарға) жас мамандарды қызметтік пәтерлермен қамтамасыз ету алдыңғы кезекте шешілуі тиіс деп санаймын. Егер ол жергілікті тұрғынмен шаңырақ көтерер болса, қызметтік пәтерді өздерінің жеке меншігіне айна-луына мүмкіндік туғызған дұрыс.

Осы ұсыныстар ертегідей болып көрінгенімен, біздің мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалы білім беру саласын көтеруге толық жетеді. Осыдан кейін ғана болашақ педагог-маман «Мұғалім – мәңгілік нұрдың қызметшісі» (Я.А.Коменский) дегенді мақтанышпен айтатын болады.

2007 жылы ҚР «Білім туралы» заңы қабылданды. Осы заңның 7-тарауы «Педагог қызметкердің мәртебесі» деп аталады. Бұл заңға 2011 жылдың қараша айында өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Ал, енді «Білім туралы» заңның жаңа редакциясы Парламент Мәжілісі мен Сенатының талқылауына ұсынылып отыр.

Мұғалім мәртебесіне орай қозғалған ой-пікірімізді жинақтасақ, өскелең ұрпақты оқытып, тәр-биелейтін мамандарға әлемдегі өркениетті елдер аса құрметпен қарайды. Алдымен жағдай туғызады, содан соң сапалы білім мен саналы тәрбиені талап етеді. Өкінішке орай, біздің елімізде мұғалімдерге талап қою мен міндеттер жүктеу тым ұшқары болып көрінеді.

Тәуелсіз еліміздегі бүгінгі мектептің басты міндеті – оқушыны оқуға, ойлануға, болашақ тағдырын жете танып, білуге үйрету. ҚР Үкіметі мұғалімдердің әлеуметтік-материалдық мәртебесін көтеруге шынайы қамқорлық көрсете отырып, жоғарыдағы міндеттерді орындауды әрбір мұғалімнен тегеурінді түрде талап етсе, еліміздің болашағына сеніммен қарауға толық негіз бар. Жалпы білім беру саласынан қаржы үнемдеу болашақты ұрлаумен тең екендігін ұмытпағанымыз абзал.

Айдар САБЫРОВ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің доценті.

Ой. Пікір. Ұсыныс.

– Білім беру мекемелерінің басшылары ұжым келісімі негізінде сайланып қойылуы тиіс. Оқушыларды білім мекемелеріне қабылдаған кезде ата-ана мен мектеп арасында нақты келісім-шарт дайындалуы қажет;

– Мұғалім материалдық-әлеуметтік жағынан ешкімге тәуелсіз, дербес саяси көзқарасы қалыптасқан жаңа формация тұлғасы болуы тиіс;

– Педагог-қызметкерлердің денсаулығын сақтау үшін жылына бір рет тегін жолдама арқылы тынығу орындары мен шипажайларға жіберіп тұру керек.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*