«Мұғалім мәртебесі – өркениетті қоғам талабы»

Жолдау жолдарынан:

«Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажет деп санаймын. Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға тиіс».

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың «Әуелі біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек» деген аманаты қазірде де өзекті. Бүгінгі заман талабына сай, бәсекеге қабілетті, зияткер ұрпақ даярлауда мұғалімдер жүктемесін азайтып, оның мәртебесін арттыру қажет.

«Мұғалім мәртебесі – өркениетті қоғам талабы» тақырыбы Елбасының Қазақстан халқына Жолдауындағы «Педагог мәртебесі туралы» заң әзірлеп, қабылдау қажеттігі жөніндегі тапсырмасына орай Атырау инженерлік-гуманитарлық институты мен облыстық «Atyray» газеті бірлесіп ұйымдастырған «дөңгелек үстелге» арқау болды. Аталған оқу орнының базасында ғалым да, шахтер де бас иген мұғалімнің имиджін арттыру жөнінде әңгіме өрбіген басқосуға институттың ғылым, халықаралық байланыс және тәрбие ісі жөніндегі проректоры Сұлтанбек Қасенов модераторлық етті. Ашық пікір алаңына Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің оқытушысы  Мәншүк Нұртазина, Ю.Гагарин атындағы орта мектептің мұғалімі Гүлжан Базарбаева, инженерлік-техникалық факультеттің деканы Абылай Досниязов пен «Atyray» газетінің мәдениет, білім, денсаулық бөлімінің аға тілшісі Алтыншаш Құрмашева қатысты.

Сұлтанбек ҚАСЕНОВ:

– Педагог – бұл тек қана оқытушы емес, еліміздің келешек ұрпағын қалыптастырушы тұлға. Алайда, бүгінде мұғалімдердің жұмысынан тыс жүктелген бірқатар міндеттер оның негізгі қызметін жүйелі атқаруға кеселін тигізуде. Дәлірек айтқанда, мектепте қағазбастылықтан бас көтермейтін педагогтарға сайлау кезінде үгіт-насихат жұмыстарын атқару тапсырылса, әртүрлі шараларда зал толтыру міндеті де ұстаздарға жүктеледі. Тізе берсек, мұғалімге артылған жүк ауыр. Мұның бәрі сайып келгенде жаңартылған білім мазмұнында зияткер ұрпақ тәрбиелеуде қиындық тудыратыны рас. Осы тұрғыда қазіргі білім беру жүйесіне көзқарасыңыз қалай? Елбасы Жолдауында көрініс тапқан міндеттер қаншалықты іске асуда? Әңгімемізді алдымен осыдан бастасақ…

Мәншүк НҰРТАЗИНА:

– Ұстазы қандай болса, қоғамы да сондай болады. Сондықтан, балаға білім нәрін себуші бүгінгі мұғалімнің бұрынғы методикамен ғана сабақ беруі жеткіліксіз. Мұғалім оқушылар алдында әдемі сөйлеп, сабақты өзіндік теориясымен жүргізіп шығуы әбден мүмкін. Алайда, бүгінгі балаға сөзбен ғана әсер ету мүмкін емес. Оларға тақырыпты түсінікті етіп жеткізуде заманауи цифрлық технологияларды қолдана отырып, көмекші құралдар арқылы меңгерткен маңызды. Ал, біздің мұғалімдер бұл мүмкіндікпен толық қамтылмаған. Өзге елдерде, мысалы, Түркияда әрбір пән мұғалімінің жеке лаборанты бар. Ол ұстазға көмекші болып, барлық цифрлық көрнекілікті дайындап береді. Сөйтіп, ұстаз бала жүрегінен жол таба алады. Сондықтан, біз мұғалімдердің жалақысын көтере бергеннен ештеңе ұтпаймыз. Өйткені, ұстаз жалақысына қосылған үстеме ақыға кабинетті жаңғыртып жасақтай алмайды. Демек, сала мамандарын әлгіндей барлық жағдаймен қамтамасыз ету керек. Елбасы Жолдауында айтылғандай, білім, ғылым саласына барлық көздерден жұмсалатын қаражат ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізілсе құба-құп.

Гулжан Базарбаева

Гүлжан БАЗАРБАЕВА:

– Биыл мектепте мұғалімдер үшін толтыруы қажет бес-ақ құжат бекітілген болатын. Алайда, бұл міндет қағаз жүзінде ғана қалып отыр. Ұстаздар қауымы мектепте де, үйде де қағаздан бас көтермейтіні рас. Ал, бұдан кейін білім сапасы қандай болмақ? Жиынтық бағалауларды белгіленген уақытта өткізіп шығу, оны бағалау тәртібі, тізе берсек, жаңартылған білім мазмұнының жүгі ауыр. Бұл – негізінен Назарбаев зияткерлік мектебінің білім беру әдісі. Ал, зияткер мектеп пен жай мектепті салыстыру өте қиын. Дегенмен, мұғалімдер қиындықпен алыса жүріп, өз міндеттерін атқарып келеді. Ал, жас мамандар болса, көбіне төзе алмайды. Кеше бітіріп келген жас педагогтың білім сапасының өзі көңілді көншітпей жатады. Он жас мұғалім қызметке келсе, оның тоғызының білім дәрежесі төмен болатыны рас. Бұрын педагогикалық мамандыққа мектепте оқу үлгерімі өте жетік балалар қабылданатын. Олар мұғалім болуға талпынып, сынақтан сүрінсе, қайта тапсырып, қалай да алға ұмтылатын. Ал, қазір керісінше, мектепте нашар оқыған балалар мұғалімдікке келеді де, өз мамандығына салғырттық танытады. Бұл – бүгінгі қоғамның педагогикаға атүсті қарағанының салдары.

Касенов

Сұлтанбек ҚАСЕНОВ:

– Расымен де, бүгінде мамандыққа деген қызығушылық өте төмен. Мектепті «Алтын белгімен» бітіргендер жалақысы жоғары экономикалық мамандықтарға бет бұрады. Сондай-ақ, ер балалар мұғалімдікке мүлдем бармайды. Мұның барлығы –мұғалім мәртебесінің төмендеп кеткенінің айғағы. Аталған мәселелердің шешімін табуда ұстаздардың әлеуметтік мәртебесін жоғары деңгейге көтеру өте маңызды. Бұл ретте Мемлекет басшысы педагогтардың мәртебесіне аса мән беріп, арнайы заң қабылдау жөніндегі тапсырмасы барша ұстаздар қауымын қуантуда. Педагог имиджін арттыруда заңда нақты қандай талап-міндеттер жазылуы қажет? Сіздердің қандай ұсыныстарыңыз бар?

Абылай ДОСНИЯЗОВ:

– Мемлекет басшысының «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылдау жөніндегі тапсырмасына ерекше ден қойдым. Жаңа заң ұстаз беделін арттырып, қоғамдағы ұлы мамандық иелерінің мәртебесін көтеруге ерекше ықпал етеді деп сенеміз. Ұстазды құрметтеудегі ең бірінші қадам әрбір отбасындағы тәрбиеден басталуы қажет. Біздің бала кезімізде ата-аналарымыз ұстазды ардақтап, қадірлеуді ұдайы айтып отыратын. Сол тәрбиені бойға сіңіріп өскен біз мектептегі жағдайларды үйге айтып келе алмаушы едік. Ал, қазір оқушыға кішкене дауыс көтерген мұғалімді естіген ата-ана «көк атқа» мініп алып, баланың сөзін сөйлеп, мектепке жетіп үлгереді. Мұндай тәрбиені көріп өскен жас буында ұстаздық мамандыққа қызықпақ түгілі, оны құрметтеп, сыйлаудың ұшқыны да қалмайды. Сондықтан, тәрбиенің бастауы отбасыдан басталатынын ұмытпау маңызды.

Гүлжан БАЗАРБАЕВА:

– Әрбір мектептің материалдық-техникалық базасы нығайтылса екен. Әрбір пәнге сай заманауи кабинет жасақталғаны жөн. Пәннің бағдарламасын меңгертудегі оқу мақсатына жету үшін сабақ құрылымының өз деңгейінде болуы қажет. Барлық зертханалық ресурстар қолжетімді болса игі. Себебі, жаңартылған білім беру мазмұны осы талаптарды көздейді.

Маншук Нуртазина

Мәншүк НҰРТАЗИНА:

– Бүгінде педагогикалық кәсіптік оқу орындарын бітірген талантты жастардың бірқатары өз жолын таба алмай, мұғалімдікке қол жеткізе алмай жүргені рас. Осы орайда мектеп бітірген түлектерді педагогикалық жоғары оқу орындарына көптеп тартқаннан гөрі колледж бітірушілерді университеттің гранттарына оқытып, дайындап алсақ, нағыз кәсіби маман шығатыны сөзсіз. Бұл тұста екі оқу орнының арасында тығыз байланыс орнауы қажет. Сондай-ақ, мұғалім жұмысына толыққанды жағдай орнатып, шығармашылықпен жұмыс жасауына кеңінен мүмкіндік берілуі керек. Бүгінде арамызда кейбір журналдардың басшылары: «ақылы түрде мақала берсеңіз, біз сізге мынадай төсбелгі береміз» деп атақ-абыройды сатушылар бар. Мұндай теріс әрекеттерге жан-жақты тосқауыл қойылуы қажет. Сонымен қатар, педагог мәртебесін арттыру мұғалімнің жас ерекшелігіне қарамай еңбегін уақытында әділ бағалаудан басталады. Бізде білікті жас мамандарды ысырып қойып, еңбек өтілі көптерді ғана марапатқа ұсыну үрдісі қалыптасқан.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА:

– Мұғалім мәртебесін арттырудағы жұмысқа қоғам болып жұмылу маңызды. Бұл орайда қоғамдық мәдениетті қалыптастыра білген жөн. Қазір бірқатар жиындарға ұстаздар қауымын жинап қойып, олардың алтын уақыттарын қадірлеуді ұмыттық. «Мұғалімдер күтіп қалды» деп жиынды бастауға асықпаймыз. Керісінше, қазір басшыларды күту үрдісі әдетке айналды. Мектеп оқушыларының дәлізде ұстазды қағып немесе алдынан кесіп өтуі секілді әрекеттерді көз көріп жүр. Осынау жайлардың барлығы қоғамдағы мәдениетті арттыра білуді қажет етеді. Осы тұрғыда облыстың айнасына айналған  «Atyray»  газеті  «Педагог» атты газет ішіндегі газетті ашып, ұстаздар қауымының жұмысына кеңінен орын беріп келеді. Мұнда білім берудегі ұстаздар мәртебесін жоғарылатуға бағытталған бірқатар мақалалар жарияланды. Алдағы уақытта мұғалім имиджін арттырып, үздіктерді анықтауда «Педагог» қолға алған жаңа жобалар ұсынылады. Келесі жылы қабылданатын заңға байланысты айтарым, заң жобасы міндетті түрде мемлекеттік тілде – қазақ тілінде жазылып, содан соң орыс тіліне аударылғаны жөн. Өйткені, бізде заң жобалары алғаш орыс тілінде әзірленіп, кейін оны қазақшаға аударғанда сөздердің баламалары ауысып, талап-міндеттердің мазмұны өзгеріп жататыны рас. Кейін заңға өзгеріс енгізу үшін біраз уақыт кетеді. Сондықтан, педагог мәртебесі туралы алғаш рет қабылданғалы отырған заң ұстаздар қауымының көкейіндегісін дөп басатындай нақты жазылса екен.

Сұлтанбек ҚАСЕНОВ:

– Бүгінде мектеп директорларын конкурстық негізде сайлау бастамасы көтерілді. Бұл да дұрыс шығар. Алайда, мектеп басшыларын білім ордасының ұжымы ғана сайлауы қажет. Себебі, мұғалімдер сайлаған директор әкім, басшылардан гөрі өз ұжымының жағдайын ойлап, мұғалімдер мүддесін қашан да қорғай алады. Сондай-ақ, мектептегі сала қызметкерлерінің ынтасын арттыру үшін ұжымда қолайлы атмосфера құрылуы қажет. Адамгершілігі жоғары деңгейдегі басшының қарамағындағы жұмыскерлердің еңбек өнімділігі биік дәрежеде болары сөзсіз. Олай болса, әрбір білім ордасының басшысын мектеп мұғалімдері өз араларынан сайлауы тиіс.

Жазып алған: Алтын НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ.

 

 Шетелдерде  қалай?

Еуропаның кейбір елдерінде педагог мәртебесі оның білім беру секторына байланысты белгіленеді. Қоғамдық білім беру секторында еңбек ететін мұғалім мәртебесі мемлекеттік қызметкермен тең. Ал, жекеменшік мектептерде жұмыс істейтін мұғалімдерде ондай мәртебе жоқ.

Австрия, Бельгия, Канада, Грекия, Дания, Испания, Португалия, Финляндия, Франция, АҚШ-та мұғалімдер қай секторда еңбек ететініне қарамастан, мемлекеттік қызметкер болып саналады. Нидерландыда үкімет пен әкімшілікке қарайтын мектеп мұғалімдері ғана мемлекеттік қызметкер есебінде болса, Жапонияда ағарту саласы қызметкерлері туралы арнайы заң бар.

Финляндияда педагог мамандығы аса қадірлі. Мұнда ең жоғары жалақыны педагогтар алады. Сондай-ақ, Қытайда мұғалімдердің жалақысы, ұлттық заңнамаларына сәйкес, мемлекеттік қызметкерлерден кем болмауы тиістігі жазылған.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*