Мұғалім конституцияны қалай өзгерту керектігін айтты

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жалпыхалықтық талқылауға ұсынып отырған Үндеуінің саяси, экономикалық, әлеуметтік тұрғыда үлкен маңызы бар. Соларды сараптап айтар болсақ…

конституция Жанна ШАЯХМЕТОВА

Өзгеріс неден туындады?

Біріншіден, мәселенің саяси қырына келейік. Арнайы құрылған жұмыс тобы Конституцияға және қолданыстағы заңдарға 40-тан астам өзгеріс енгізуді ұсынып отыр. Күні бүгінге дейін Президент мемлекеттік қаржы, кәсіпкерлік салаларынан бастап, ішкі ұйымдастыру, бақылау жұмыстарын  тікелей өзі қадағалап келді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мұндай функционалдық міндеттер қажеттіліктен де туындаған болуы мүмкін. Бірақ, дамудың жаңа ширек ғасырына қадам басқан еліміз үшін ішкі және сыртқы саясаттағы жүрістерін қайта қарау маңызды. Себебі, кез келген реформадан жаңалық туындайды.

 

Үкімет халыққа жақындай түссе…

Екіншіден, мәселенің экономикалық қыры, әсіресе, Үкімет пен Парламентке көп міндет жүктейді. Мемлекеттік бағдарламалардан бастап, бюджетті бекіту өкілеттіліктері толықтай Үкімет құзырына өтетін болса, халықтың ішкі жағдайына көбірек назар аударылуы керек деп ойлаймын. Қараңыз, ел Үкіметі министрлер кабинеті мен Астана, Алматы қалалары және облыс әкімдерінен тұрады. Яғни, бұл – Үкімет өз алдына үлкен құрылым деген сөз. Халықты жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту, әлеуметтік пакеттің неғұрлым тиімді жобасын жасап шығару, медицина, білім сапасын арттыру тәрізді мәселелермен Үкімет бұған дейін де айналысып келеді. Бұл жердегі міндет – аталған салаларға байланысты бағдарламалар қабылданған уақытта бұқараның тілегіне мейілінше ден қою болуы керек.

 

Мен не ұсынамын?

1Қоғамдық қабылдау желісін нығайту: Осы жерде министрлер кабинеті мен әкімдердің мүмкіндігін тиімді пайдалануға болады. Мәселен, әр министрліктің облыс деңгейінде басқармалары бар. Әкімдердің функционалдық міндеттері   айтпаса да түсінікті. Бастысы, біз осы құрылымдардағы қоғамдық қабылдау желісін күшейтуге назар аударуға тиіспіз. Әр деңгейдегі әкімдер мен басқармалар қоғамдық қабылдаудағы проблемалық мәселелерді ресми сайттарында жариялап, оның орындалысы туралы ақпарат күнделікті жаңартылатын болса, ішкі әлеуметтік жағдайлар индикаторының оң шешілуіне ықпал етері анық.

Үкімет басшысының бірінші орынбасары әкімдердің күн тәртібіне қойып отырған мәселелерінің орындалысын қадағалап, департаменттерге қатысты осындай есепті министрлер жүргізетін болса, жұмыстың тиімділігі артады. Бұл «Өзін-өзі басқару» принципінің бір ғана көрінісі  болар еді.

2 Сайлау жүйесіне өзгерістер енгізу: Аудан әкімдерін сайлау жүйесі арқылы таңдауды енгізсек артық болмайды. Рас, бүгінде ауыл әкімдері үшін сайлау жүйесі енгізілді. Бірақ, онда мәслихатқа біраз өкілеттіліктер беріліп отыр. Егер аудан әкімдерінің кандидатурасын облыс әкімі, ауыл, селолық округ басшыларының кандидатурасын аудан әкімі ұсынып, халық сайлау жүйесімен тікелей таңдау жасар болса, атқарушы биліктің жауапкершілігі, жұмыс атқару тиімділігі одан әрі күшейері сөзсіз. Бұл қадам  ішкі процестерге қалың жұрттың белсенді түрде араласуына ықпал етер еді.

3 Депутаттар жұмысын бұқараның бағалауы: Үндеу барысында Президент Үкіметтің бұдан былай қайта жасақталған Парламент алдында өкілеттілігін тоқтатуды ұсынып отыр. Үкімет мүшелерінің Парламент алдында есеп беруін міндеттеу – алдағы уақытта бірде-бір депутаттық сауалдың аяқсыз қалмайтынын көрсетеді.

Демек, Парламент депутаттары үшін де сайлаушылары алдында тұрақты есеп беріп отыруды енгізсек, заң шығарушы органның халықтық сипат ала түсуіне жол ашылар еді. Саяси додаға түсер кезде депутаттыққа кандидатурасын ұсынушылардың халық алдында сайлауалды бағдарламаларын жария ететіні белгілі. Әр тоқсан сайын Парламенттің қос палатасының депутаттары өз сайлауалды бағдарламасы аясында іске асырылған жұмыс туралы есеп беріп, халық оны бағалау мүмкіндігіне ие болса, саяси арена одан әрі ширақтана түсер еді.

Депутаттардың есеп беру форматы қалай болады? Халықпен тікелей кездесу ме, әлде ресми сайттар арқылы онлайн конференциялар бола ма? Бұл форматтардың неғұрлым тиімді, шығынды мейілінше аз қажет ететін тұстарын таңдап алуымыз қажет. Осындай талап мәслихат депутаттарына да қойылуы керек.

4 Қоғамдық кеңестердің рөлін күшейту: Әр деңгейдегі әкімдер жанынан құрылған қоғамдық кеңестердің рөлін күшейтетін кез келді. Қоғамдық кеңес алдында барлық басқармалар, әр деңгейдегі әкімдер есеп беріп отыруы тиіс. Есеп беруші кеңес мүшелерінің белгілі бір бөлігінің оң бағасын алмаған жағдайда, «сөгіс», «қатаң сөгіс», «қызметіне толық сәйкес еместік», «жұмыстан босату» сынды шаралар да қолдануға болады. Бұл ұсыныстар «тек қана жазалау» деген қағиданың туып кетуіне душар етпеуі керек.

«Қазір заманның дидары өзгерді. Біз де өзгеруге тиіспіз. Сол себепті, мемлекеттің басқару жүйесін де жаңғыртатын кез келді» деп ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі атап өткеніндей, қаласақ та, қаламасақ та жаңаруларға бет бұруға тура келеді.

P.S. Жалпыхалықтық талқылауға түсіп отырған Үндеу бес институционалдық реформадан тұратын «Ұлт жоспары» бағдарламасын жүзеге асырудан туындады. Үкімет, Парламентпен бірге сот жүйесін де жаңғыртулар күтіп тұр. Ендеше, биліктің барлық тармақтары тиімді және нәтижелі жұмыс атқаруы үшін де тиісті тепе-теңдіктер жүйесін құру аса маңызды. Осылайша, мемлекетіміз «қазақстандық дамудың» дара жолына аяқ басқалы отыр.

Жанна ШАЯХМЕТОВА, 

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің  «Қылмыстық құқық пәндері және криминалистика»  кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының кандидаты.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*