Мұқағали мен Фариза

-мен-Мукагали-e1505455160265-1068x642

1.Таң бұлтсыз атқанмен, күн біртүрлі шағырмақтанып ішін бермеді. Алатаудың иініндегі көріністі неге жорырын білмей, жүзін өткірге қарсы салды. Үлкен үйге кірердің алдындағы бұл қылығы жүрексініп тұрғанға баланған тәрізді.
– Нұрғиса ағадан, Шәмші ағадан сұрасаң болған екен, – деді Лашын мұның үсті-басына бір қарап алып. – Оларды қалай қабылдады екен, не деп сөйлесті екен?
– Сұрайтын несі бар? – деді Мұқағали омыраулап. – Алды кең кісі ғой.
Қалай жұмыссыз қалғанымды, партиядан неге шығарылғанымды, кітабымның жоспардан не үшін сызылғанын, бәрін жаздым. Қолымда анам, төрт балам бар дедім. Енді соның бәрін өзімнен тәптіштеп сұрай қоймас. Бәрін сыртымнан тексертіп білген шығар. Әйтпесе неге шақыртады?
Биік колонналармен қатарласқанда еріксіз бойларын түзеген. Неке сарайының алдына келгендей, әйелі қысып қолтығынан ұстап алды. Білегін тартып көріп еді, босатқан жоқ. Үміттері жебе ұшына байланған сәтте жүрегін жамбы ғып тігуге бар. «Ау, келін қайда?..» – десе!?.
Бірақ, бұлар келеді, әйелімен келеді деп күтініп тұрған ешкім жоқ екен. Есіктегі қызыл жағалылар жан баласы келді деп менсінген сыңай да байқатпады. Қайта үлкен үйге өмірі келмейтін біреулердің келгенін ұнатпағандай едірейді. Екі қызыл төлқұжаттан басы артық бір әріп іздегендей сонша шұқшиды.
– Сіз кіре беріңіз, – деді Мұқағалиға.
– Сіз осында қалыңыз, – деді Лашынға.
Лашын кіре берістегі үлкен залдан мұздай киінген екі адамды көрді. Әуелі оларды да сақшы екен деп ойлады. Бірақ, біреуін бір жерде көргендей шала шырамытты. Мұқағали соларға барып амандасқанда, өмірі еңкеймеген адам, еріксіз еңкейіп кетті. Аналар иілген де, қиылған да жоқ.
Әр қимылын қалт жібермей аңдып-ақ тұр. Алдымен әлгі түрін шырамытқан адам суықтау бірдеңе деді. Екіншісі де қабағын бір жылытпай сөйледі. Мұқағалидың аузын да аштырған жоқ. Ол тұрған жерінде жалғыз қалып, ана екеуі мәрмәр баспалдақпен аяқтарын маңғаздана басып көтеріліп кетті.
Мұқағалидың бет әлпеті жер болып сазарған. Еріндері көн болып көгерген. Көздері қан толып қызарған. Еті арып, сүйегі сөңкедей қуарған. Ақалақтай алақтаған, аш бөрідей жалақтаған. Ішіне, сыртына шер толған. Күні кешегі бадамды қалпына келе алмай қор болған.
Басқа есік болса, әйеліне жолықпай, сол жақтан шығып кететіндей тыпыршыды. Неғылса да айтарға сөз, қарауға бет жоқ. Құдай, әйелдің алдында қор қылмасын де! Сол оймен баспалдаққа бір ұмтылып тоқтады. «Қайда апарады екен?» деп, оң жақтағы қуысқа бір қарады. «Жоғарыға шығар ма екен?» деп, сол жақтағы қуысқа бір қарады.
– Азамат! – деп қатқыл сөйледі есіктегі сақшылардың бірі. – Сізге ары
баруға болмайды!
Сүметіліп әйелінің қасына келгеннен басқа амал қалған жоқ. Сақшы берген төлқұжатын төс қалтасына сала салды, әлде салған жоқ па, білмеді. Әлде жүрегін, әлде қалтасын, сыртынан сыйпалай берді, сыйпалай берді.
– Таныдың ба? – деді маңыздысы тағдырының қалай шешілгені емес,
маңыздысы ана кеткен кісінің кім екені сияқты болып. – Тілегенов!.. Өзіміздің арамыздан шыққан қара табан жазушы!..
Лашын:
– А?.. – деді де қойды.
– Күрсінбе! – деді Мұқағали.
– Күрсінбеймін! – деді Лашын.
Олар үлкен үйді тастап шыққанда, Құдайдың Күні де Алатаудың иінін арқан бойы артқа тастап үлгерген. Екеуі бір-бірінен біресе алға озып, біресе артта қалып қойып, іркіс-тіркіс келе жатты. Лашынның көгереңдей қыстыққан түрінің қасында оның түрі тіптен жайбарақат көрінді. Жазық маңдайлы, кесек келбетті ақсары кісінің бадамды кескіні құрметпен қарауға әбден лайық еді. Қарсы жолыққандар әйелдің мазасыз кейпіне бір қарап алып, мұнымен ескі таныстарындай жылыұшырап амандасады.
Кенет, солардың біреуі қапталдаса беріп, бұған жол бойындағы қатарласа өскен талдардың арасын нұсқады. Ол нұсқаған және бұл бұрылып қараған жерде бір қолымен талға сүйеніп, теріс қарап бітімі кесек, бірақ сәл теңселіңкіреген бір адам тұрды. Ал жаңа ғана мұның қасында келе жатқан әйел тұла бойы ашу мен өкпеден жаралғандай шарт түйіліп алып, артына бір бұрылып қарамастан қаздаңдап жалғыз кетіп бара жатты.

2.
Тал арасында өмірден баз кешкендей жалғыздан-жалғыз теңселіп тұрған өз хикметі өзіндегі адамды қарсы бетте көлікке міне берген әйелзат қапылыста көрді. Мөр басқандай бірден таныды, мөр басқандай бірден таныды да, «апыр-ау, ел қайда?» дегендей таңырқап, жан-жағына қаранды. Ұшы жебенің ұшындай өткір жанары қаламгерлер үйіне қамсыз кіріп-шығып жатқандарды жасындай іреп бір өтті.
– Ана тұрған кісіні ала кетейік, – деді мосқалдау жүргізушіге батымды
үнмен. – Мына халық бірін бірі түгендемейтін болған ба, неғылған?!.
Ол таудай басымен не істерін білмей таусылып тұр еді. Тұсына келіп тоқтаған көліктен шынардай тіп-тік әйелзат сопайып шыға келгенде сасып қалды. Көзге көрінбейтін қабырға иегінің астынан жылжып кеткендей, екі қолы ербең етіп көтерілді. Әйелзат:
– Мұқағали Мақатаевтың осылай тұрғаны жараса ма?! – деп қамқор
қарындастай келе бұртиған. – Жүріңіз, үйіңізге жеткізіп қояйын.
– Ә, Фариза, сен бе? – деді ол кең-мол пішінмен емендей ырғалып. – Бар үмітім үлкен кісіде еді. Бірақ маңайындағылар жолатпады. Содан шаршап қалдым, білем.
Әйелзат қолтығынан алып, батыл-батыл қимылмен жетелей жөнелді. Жүргізуші есігін ашқан көлікке үңгірге кірген аюдай қорбаңдап барып кірді. Осылай болуға тиіс сияқты маңғаздана шіреніп отырды. Бірақ қабағының астындағы көлеңке кеткен жоқ.
– Намыстанып кеттім, – деді әйелзат қызараңдап. – Турасын айтқаныма ренжімеңіз.
– Бүгін тау көше ме деп едім, көшпеді, – деді ол өзін-өзі жұбатқандай. – Дүние орнында, ештеңе өзгермеді.
Үлкен үйдің алдынан көлденеңдеген көлікті басқа жаққа бұрғызғысы келгендей назырқана қозғалақтап кетті. Сәл ұзаған соң ғана арқа-басы кеңігендей еркінси тіл қатты.
– Атшыңыз сусынның дәмін білетін адам ба? – деді бар шаруа соған
тіреліп тұрғандай маңғазданып. – Тіліңді алса, жұмсай қойшы.
– Сусынның дәмін білетінін қайдам, бірақ жөн білетін адам, – деді
әйелзат бетінен қайтпай. – Құстың сүті болса да қазір-ақ тауып береді.
Жүргізуші көлігін қаңтара қойып, бір жаққа елпектеп жүгіріп кетті. Көлік ішінде екеуден екеу қалғанда, жаңа ғана алаңсыз отырғандай көрінген ақын бірден өзгерді.
– Бір кезде өлең керек емес заман туады, – деді сырт дүниеге маңдай
терезеден тосырқай қарап. – Өлең үшін өмір үшін күрескендей күресу керек. Өлеңге балақ-жеңді түріп тастап, жалаңаяқ кірісу керек.
Бірақ оған мұрсат берсе, әрине!
– Өлең бай болмайтынын білсек те шыдап жүр емеспіз бе? – деді
әйелзат өзінше бұлдана қалып. – Осы басқалардың ақын қыздарын қарасақ, қырық байға тиіп үлгереді.
– Бұл жағынан бәріміз тағдырласпыз, – деп ол әйелзатқа еңсеріле
бұрылды. – Өлең жалғыздықты сүйеді. Не өлеңмен бол, не отбасыңмен бол!
Әлдебір ораулы қағазды қолтығына қысқан жүргізуші кіріп келіп, енді жараса бастаған әңгімелерін үзіп жіберді. Олар өздері қасиет тұтқан өлең жайлы әңгімелерін жүргізушіден де қызғанғандай томсырайып үнсіз қалды. Әсіресе оның білте майы сарқылған шам жарығындай солғын тартқан ақсары өңі көп жайттан белгі беріп келе жатқандай еді.
– Мен құласам, бәйтерек құсап құлаймын, – деді өзінен өзі ышқына
сөйлеп. – Бірақ балаларым тамырларым сияқты, жібермей ұстап тұр.
– Жеңгеміздің қою шайын ішсеңіз, шекеңіздің тырысқаны да
жазылар, – деді әйелзат өзінің де, оның да көңілін көтермек болып. – Қайта әйел басыммен мен сізге қарағанда жігерлімін бе деймін. Ішімде кір қалмай айтып салам да, жүре берем.
– Сен бе, сен темір қызсың, – деп әлдене жанына батқандай қинала
күлді ол. – Сақтың жауынгер әйелдері сияқтысың. Саған сар садақ пен қорасан сауыт қана жетпей тұр.
– Мәртебемді көтеріп тастадыңыз-ау, – деп әйелзат та мырс етті. – Сіздің үйге де келіп қалдық-ау деймін осы. Жүргізуші есікке дейін апарып қойсын.
– Жоқ, сен өзің жүр! Менің де мәртебем артсын!
Оның бұл сөзді нық айтқаны сонша, әйелзат қапелімде бас тарта алмай қалды. Жол шетіне қиялап кеп тоқтаған көліктен екеуі қатар түсіп, аулаға қарай жүрді. Қолында әлгі бір ораулы зат салынған сөмкесі сөлектеген әйелзат ештеңеден қысылып-қымтырылған жоқ. Қайта бірін бірі сүйемелдеген екі аңыз тұлға ғайыптан түскендей болып, бірге келе жатқан мына көріністің тарихқа жазыларын сезгендей қабағы жарқ етіп ашылған.
Бірақ, есік ашқаннан алдарынан шыққан тұнжыр қабақтағы мәңгі мұң соның бәрін мысымен де, пысымен де басты да тастады. Қасында әйелзат барын көріп сәл ғана таңырқады, қосағының тағы да өлесі болып қалжырап келгенін көріп шіміркенді, қанша жадырайын десе де жадырай алған жоқ.
– Әй, Лашын, бұл әлгі мен айтып жүрген бала! – деп таудай еркек
ештеңені елегісі келмегендей кеуделей берген.
«Бәрі де түсінікті әңгіме» дегендей оған да селт етпеген отанасы шаршаулы жүзбен, кіре берістен оңға қарайғы есікті ақырын ашты да, таудай еркектің бетін солай қарай бұрып жіберді.


3.
Мәжіліс залына өтетін күңгірт дәлізде ел кетіп, соқайып бір өзі қалған. Ана бастан көрінген жұқалтаң кісі «алдымды босат» дегендей, қолын сілкілей берген. Жабық есіктің ар жағындағы дабыр-дұбыр жағаға ұрған толқындай бір басылып, бір үдеп тұр еді. Ол шетке шығып қалып, құйрығын толқын шайқаған қайықтай қойқалақтады.
– Сен маған неге суық қарайсың? – деп қандауырдай қадала кетті
әуелгісінде. – Мен бір басбұзар тентектей көрінем бе саған?
– Баяндама жасаймын! – деді анау біздиген қалпынан бір жазбай
безектеп. – Халық күтіп отыр!
– Өзің де көріп жүрсің, мені басымдағы жағдай езіп, жаншып,
жуасытып барады, – деді бұл айтарын айтып үлгермей қалатындай қапалақтап. – Амалың болса, өз қарамағыңа жұмысқа алсаңшы. Менің болмысымды бір танысаң, сен танушы едің ғой.
– Ақын адамға өйтіп төмендеуге болмайды, – деді жұқалтаң кісі мына
сөзден аттап кете алмай жіңішкелеп. – Алтын басыңды қор ғып жүрген өзің, басқа кім?!
– Балаларымды қорегінен ажырататындай не істеп қойыппын
сонша?! – деді бұл ашына алқылдап. – Сен сенсең, ана заһардың ізін де, иісін де сездірмеуге бел байлағанмын!
– Маған оңай дейсің бе? – деді жұқалтаң кісі тағы да өтіп барып
тоқтап. – Мұндайда мәскеуліктер «екеуміздің бұл қылығымыз тарихтың талқысына айналады» деуші еді…
Жұқалтаң кісі содан қайтып қайырылған жоқ. Бірақ еңкелеңдеп ол кірген жерге кең-мол костюмінің шалғайын қайыра қарманып бұл да кірді. Артқы жаққа барып, орын жетпегендердің арасына маңдайы қасқиып тұра қалды. Араларына адуынды ақын келгенге олар да арқаланып, қозғалақтасып кетті.
Төр тұстан:
– Әнуар, айналайын-ау, өзің өткізетін жиынды өзің ұмытып
кеткеннен саумысың? – деген мақамды дауыс естілді.
– Бір жақсы жігіт жолымды бөгеп қалды, Ғаба, – деді жұқалтаң кісі
көзілдірігінің үстінен шекелей қарап.
Осы сәтте арт жақтан:
– Менің жолым өмір бойы бөгеліп келеді, Ғаба! – деп саңқ еткен
дауысқа бүкіл жұрт жапырыла мойын бұрды.
– Арыз-армандарыңды баяндамадан кейін айтыңдар, – деп шытынды
төр басындағы кісі.
Кенет, төрдің шетіне таман отырған ай қабақ, арыстан жал адам орнынан қопарыла көтерілді. Балдағының бір тық еткен, аяғының екі тық еткен дыбысынан жиналғандар сілтідей тынды. Бірі минуттың, бірі секундтың тіліндей кезек басқан аяқ пен таяқтың тықылы төр басына жетіп бір-ақ тоқтаған. Арт жақта тұрғандар «Әбділда, Әбділда» деп күбір-сыбыр ете қалған.
Орындықтың арқалығынан қармай ұстаған Әбділда ақырын Ғабаңа қарай еңкейе берді. Ғабаң да басын кербездене қисайтып, құлағын ықыластана тосты. Бірі біріне ернін шошайтып бірдеңе деді, бірі біріне қостау білдіргендей қатар бас шұлғыса кеткенге ұқсады. Сөздерінің ләмі: «Осы жігітке… Өзім сабап алам… Бірақ бір көмек керек… Сондай талантты жігіт…», – дегенге келген сыңайлы.
Күбірі күркірге ұласқан арыстандар бір сәт өздерінше ырқ етіп күлді. Арт жақтан тықыр көбейді де, ол енді жұрттың бәрінің назары өзіне ауғанын сезді. Бұдан ары шыдап тұру кеудесінде жаны барға өліммен тең сияқты көрінген. Әлі де қауқары қайтпаған алпамсадай денесімен тау қозғалғандай жан-жағын дүркірете қозғалды. Ол тыныш кеткен жоқ:
– Тобыр тудырғанды, тобыр өлтіреді! – деп айғайлап кетті.
Төр басындағылар ештеңе естімегендей, ештеңе болмағандай төмен
қарап, алдарындағы қағаздарын шұқыласа бастады. Тау тауды алыстан танығандай үнсіз тікірейген Ғабаң қабақ ұшын қынжыла түйістіргені болмаса, жәй отырған қалпы мызғыған жоқ. Тек ақынның соңынан таяғын көтере қалталақтаған арыстан жал Әбділда ғана: «Әй!.. Әй!.. Тоқта!.. Мұқаш деймін!..», – деп арсылдап-күрсілдеп барып әрең тыншықты.
Ол бір-ақ сәтте соның бәрін тәрк етіп тастады да шықты. Бірақ оның араларына неге сыймай кеткенін ешкім білген жоқ. Мәжіліс залы түгілі қу жаны мына жарық дүниеге де сыймай бара жатқан адам таусылмайтын бәкің-шүкіңді неғылсын. Күңгірт дәлізден жын қаққандай күркіреп өтті де кетті. Артында:
Жібітсем кейде мен де қу таңдайды,
Басынан Алатаудың бұлты аунайды, – деген айқай ғана қалды.
Сәлден соң:
Ғабеке!
Айтсаңызшы мыналарға,
Мен кімнің қазынасын ұрлап едім? – деген дауыс фойеде жаңғырды.
Келесі сәтте ол есік алдында:
– Ақындығы да, таланты да, атағы да құрысын, балаларымның
жоқшылықта болуын көргім келмейді, – деп басын құшақтап тұрды.

4.
Кілең мипаз да маңғаз адамдар жиналған мейрамхананың бүгінгі көрінісінен зиялылық лебі еседі. Жұрттың үстінен қарап сөйлейтін сұлуша жүзді, еңселі жігіт ағасының шоқтығы бәрінен биік. Біреу «Олжас» деп еді, ол жұдырығын көтеріп амандасты. Төр жақта сырбаз қалпынан бір жазбай, әңгімесін бабымен айтып тұрған мақамды дауыстың иесін ортаға алғандар оны көпе-көрнеу көзге ілмейтін тәрізді.
Анадайдан алшысынан тұрған асықтай тікірейіп жып-жинақы бір жігіт көрінді. Адамдардың көзінен, жүзінен, тіпті жүрегінен де бірдеңе оқығысы келгендей қадалады. Өзіне «Асқар» деп амандасқандарға да жаңа көріп тұрғандай тесіледі. Ол есіктен жабырқау түрмен сүлесоқтана кіріп келе жатқан мұны байқап қалып:
– Таза қазақ! – деп бас бармағын шошайтқан.
Алыстан ол да қолын көтеріп ишарат білдірді, бұл да басын изеп ишарат қылды. Қасында Фариза бар, тағы екі-үш сыпа жігіт бар. Бірақ бұл оларды тосырқап, олар мұны тосырқап қалғандай салғыртсыған. Біреулер жүгіріп келіп амандасты да кетті, енді біреулер тұрған орындарынан бас изесті де қойды.


Өзімен өзі қоңырайып, оңашалау жерге барып тұрды. Сол жерден әркімге бір көз тоқтатып қарап, көңілсіздеу бір ойға шомды. Олардың кейбірімен жарыса өлең оқып, бірге жүрген сәттері көз алдынан тізіліп өтіп жатыр. Қайсысына қараса да апаш-құпаш құшақтаса кететін кездері еске түседі.
Кенет, тап қасынан тақ еткен дыбысты естіді. Ақ таяғына қос қолдай сүйеніп тұрған арыстан жал ағасын көрді. Тарихтан біреу тіріліп келгендей тұла бойы сауыс-сауыс. Ұштары желкесіне құлаған ақ шашы үлп-үлп етеді. Басы қалтылдап, жағы салқылдап, өзіне шаншыла қарап тұр.
– Өзің айтқандай, ақ таяғымды жоныңда ойнатсам ба екен, – деп
құшырланды. – Ғабитті келістіріп қойған едім, сен неге бармайсың, а?!
– Кездестім, бірақ, өңі жылымады, – деді бұл тілазарланып. – Әлде
жеке бастың ісіне сөзі өтпейтінін білді ме, білмедім.
– Енді ол сенің аузыңа шайнап ас салам демес, – дегенде ана кісінің
бет-әлпеті топырақ түстене күреңітіп кетті. – Бүгінгінің балаларына бәріміздің сөзіміз өтпей жүр. Біз одақтың басшысын сайлағанда ғана керекпіз!
– Жоқ, сіздерге ренжімеймін, – деді ол арыстан жал ағасын
қолтығынан демеп. – Өкпелесем, өзіме ғана өкпелеймін.
– Қайта… – деген сөз шығып кетті арыстан жал ағасының аузынан. –
Қайта сен ана заманда өмір сүрмегеніңе шүкір де. Ол заманда сөзі оқшау адамдардың бәрі айдалып, атылып кеткенін өзің де білесің. Ғабаң солардан қалған жұрнақ қой. Ал біз көптің ішіндеміз.
Сөйтті де бұған жерге тығып жіберетіндей ежірейіп қарап:
– Жүр, мені аналардың қасына апарып сал! – деп бұйырды.
– Ләппай! – деп терісі қатпарланып, тамырлары адырайған қолынан
бұл да шап беріп ұстай алды.
Ақ таяқтың ұшы ағаш еденге тағы да тақ етіп тиді. Екеуі қалың көпшіліктің ортасын көктей өтіп, төр жаққа қарай жүрді. Жарылып жол бергендер, жалбақтап сәлем де беріп жатты. Әлгі бір сұлуша жүзді, еңселі жігіт ағасы да:
– Әбеке – біздің заманның патриархы, – деп құрмет көрсете басын иді.
Ер-азаматтардың арасында тұрған әйелзат та әлденеге қуанғандай
айналасын шуақтандыра сыңғыр етіп күлді. Бұл топтағылар басқалардан ерекшеленіп, арыстан жал ақынның қолтығында өздері кетіп бара жатқандай шұрқыраса жөнелді. Орталарындағы әркімге бір қадалып сөйлеп тұрған әлгі жігіт:
– Ақылды адам! – деді бәріне естірте әр сөзін кірпияздана санап
айтып. – Үлкендермен арасын жарастырып жібермек!
Ол үлкендердің арасында жұртты күттіріп ұзағырақ айналып қалды. Мақамды дауыстың иесі де бұл жолы қабағы жадырап, ұзағынан сілтеді. Қасындағылар да жарқылдап сөйлеп, қарқылдап күліп, бірін бірі қолпаштаумен болды. Арасында оның да ағаларын қостап күлген көмекей қоңыр дауысы естіліп тұрды.
Үлкендерден жұрт кең-мол дастарханға бет қойғанда барып бөлініп шыққан. Аяқ жаққа қарай жүре бергенде біреу ақырын келіп қолтығынан ұстады. Оның әйелзат екенін көрмей-ақ сезгендей қинала күлімсіреді.
– «Бірі мініп келместің кемесіне,
Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр» деген қариялар осылар, – деді
толқынысын жасыра алмай. – Бірақ бұлар меннен де мықты.
– Не шешті сонымен? – деп сұрақты тікесінен қойды әйелзат. – Ғабит
ақсақал не деді?
– Бұлар бір қозғалмайды, бір қозғалса бәрін шешеді, – деді ол әлденеге алаңдағандай оң жақ қабырғасының астын алақанымен басып. – Осы кісілердің назарында болсақ екен деп қанша тыраштандық десеңші. Ұлылардың назарында болсаң, ұлттың да назарында боласың. Біздің халықта бұл қатал қағиданы ешкім бұзып көрген жоқ.
Дастарханға жақын келіп, қатарласып отыра бергенде әйелзат тағы да жеңінен тартты.
– Таңдамалы шығатын болды ма сонымен?
– Шығады, Фариза, шығады!..
– Жұмыстың мәселесі де шешіле ме?
– Шешіледі, Фариза, шешіледі!..
– Партияға да қайта алғызуға құдіреттері жете ме?
– Жетеді, Фариза, жетеді!..
Әйелзат оның қайта-қайта бір қырындай бергенін байқап, бетіне
тіксіне қарады.
– Ендеше бұл неғылған көңілсіздік?
– Білмеймін… Жанымды салып жүріп өзім де аңғармаппын… Енді бәрі
де кеш пе деп қорқам…
– Апыр-ай, мынау неғылған қан?!.
Әйелзаттың өткір көздері тұмсығына қадалған. Ол өзі де бірдеңені
сезгендей қолын аузына апара берген. Алақанына жағылған қанды көріп, қалтасынан көлдей орамалын суырып алды. Дастархан басынан жылдам бұрылып, әйелзатты соститып жалғыз тастап кетті де қалды.
– Мынаның өңі жақсы емес! – деп кіділенді әлгі жігіт.
Басқалар көрсе де көрмегенсіді, жаңа ғана оның үлкендердің ортасынан құрметпен оралғанын табан астында ұмыта салды, тіпті жалғыз шошайып қалған әйелзатқа да назар аудармады. Зиялы қауымға арналып жайылған дастарханның мәртебесі бәрінен биік көрініп, бір отырған орындарынан тұрғылары келмей керенауланды. Басқа үстелден біреулер келіп, әйелзатты қолтығынан алып, орындығын алдына тосып бәйек болып олар әлек.
– Осындайда еркек боп тумағаныма өкінемін, – деп әйелзат сөз
қанжарын жарқ еткізді. – Отырмаймын мұндай жерге!


Осы кезде арада түк болмағандай ақсия күліп, Мұқағалидың өзі де жетіп келді. Жағасы мен омырауында қызарған дақтар бар демесең, арсалаңдаған түрінен ештеңе білінбейді. Әйелзат пен жігіттердің арасындағы түсінбестікті жуып-шайып:
– Тұмсығы қанамаған еркек еркек пе, Фаризажан?! – деп жігерлене
тіл қатып та үлгерді. – Бұлардан артық жұртты біз қайдан табамыз, бізден артық жұртты бұлар қайдан табады?
Бір сәтте мың құбылған мына көріністен есін жия алмай қалған әйелзатқа тағы да еңкейіп:
– Сен жалғыз қалмасын деп асықтым, – деп шынын айтты. –Дастарханның сәнін бұзбайық, кел енді!
Оған да көңілі орнықпағанын байқап:
– Фариза, Фаризажан, Фариза қыз,
Өмірде ақындардың бәрі жалғыз, – деп бір қайырды да:
– Қарашы, атың да, затың да өлеңге өзі сұранып тұр, – деп жас балаша аусарланды.
Алдарына қойылған сусынды енді қолдарына ала бергенде:
– Шеңберден шығу керек, Фариза! – деп әңгіме ауанын мүлде басқа
жаққа аударып жіберді. – Орыстың қаны өлеңде де араласып кеткен. Олар сондықтан да еркін. Түбі ол бізге де келеді, көріп тұр.
Мұқағалидың аусарлығы дастархан басын демде дуылдатып жіберді. Ананы айтып, мынаны айтып, өзі де мәз болды, жұртты да мәз қылды. Тек Фариза ғана ашуы қайтпай тікірейіп, әркімге бір сынай қарап отырған. Әр қараған сайын, Мұқағалиға да ел қатарлы көзі түсумен болған. Көзі түскен сайын, ақ көйлектің омырауындағы алқызыл дақтар да еріксіз тіксінте берген…

Қала түні етегіне сүрініп жығылған арудай, таңға жуыққы ең бір тыныш сәтке талықсып жеткен кез еді. Ай сәулесі боз биенің сүтіндей тұна қалған айтса сенгісіз бір тымық шақ болатын. Ағаш бұталарының ашаларынан сыздықтап құйылған жұмсақ нұр өңің тұрмақ түсіңде көрмеген жұмақты көз алдыңа елестететін секілді. Қай ағаштан қандай жұпар аңқып тұрғанын айыра алмай басың айналатын тәрізді. Осындай ертегіге бергісіз ғажайып түнде араларынан ай жарығы себездеген екі сұлба баяу жылжып келіп, жолтабан шетіндегі ұзын сәкіге жайғасқан. Сәкінің арқалығы көгілдір шыршаға тірелген, екі жағына екі түп арша егілген, қарама қарсысында алып емен өсіп тұрған.
– Сонымен сенің шын атың кім болды?
– Менің азан шақырып қойған атым – Мұхамметқали.
– Иә-ә, мені бала күнімнен Мұқағали деп кеткен…
Бір күбірлеп, бір сыбырлағандай болып естілген дауыс тыныш түннің
шырқын бұзбай, ағаштарға асылған ай нұрымен қосыла тербеліп тұрды. Олар біресе бір адам құсап шошайып жалғызсырап, біресе екі адам құсап бастары түйісе кетіп үздік-создық әңгімелесіп отырды. Ай жарығына біресе бадамды бет-әлпет толысып тосыла қалса, біресе кіртиген жүдеулеу жүз жалт етіп көрініп, түн қараңғылығына қайта сіңіп кетіп жатты.
– Абайдың «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» дегендегі жасы қырық тоғыз екен. Сен болсаң қазір қырықтың төртеуіне келдің.
– Иә-ә-ә… Неше мың жыл мен неге жасамаймын,
Мың жыл жасап жүргенде қара қарға!?.
– Қазақ бай болғанды, ұзақ жасағанды ұнатпайды.
– Рас-рас… Өзіңді өзің түсініп болғанда өмір,
Жаннан көңіл қалғанда, малдан көңіл…
Әңгіме аяғы тұйыққа тіреле берді де, аз-кем ауыр үнсіздік орнады. Осы кезде саябақтың екінші шетінен қол ұстасқан қыз бен жігіт пайда бола кетті. Олар бұларды көрген жоқ, қастарынан өтіп бара жатқанда да байқамады. Үнсіз, тілсіз, тек қол ұстасып қана бара жатыр.
– Ақынды аңыз жасайды, – деді бадамдысы олар өтіп кеткен соң өзіне өзі сыр айтқандай күбірлеп қана. – Пушкиннің ақындығы да аңыз, махаббаты да аңыз. Ал егер аңыз тудырамыз десек, бір «Аршалы сайдың» өзі неге тұрады. Бірақ, сенің аңызың «Аршалы сай» емес, сенің аңызың – Фариза.
– Фариза ма? – деді жүдеу өңдісі жұлып алғандай. – Фариза патшайым ғой, астында тағы, мінетін қызмет көлігі бар. Бірақ, жалғыздық Құдайға ғана жарасқан!
Кенет, бадамды кісі жүдеу өңді ақынға еңсеріле бұрылды. «Қалай өзгеріп, тозып кеткенсің?» дегендей, бетіне үңіле қарады. Ай сәулесі тура түскенде, екеуінің қабағы да құзарлана қалды. Ондағы мұң түннен де қалың, түннің қараңғылығынан да қою болатын. Тек соңғы бір үміттің ұштығына жармасып әзер-әзер ұшқындаған жанарлар ғана әне-міне тұтана кеткелі тұрған тамызықтай жылтырады.
– Фаризаға арнаған өлеңің аңызға айналады, – деді бадамды кісі бәрін
көріп, біліп отырғандай байыппен тіл қатып.
– Мен Фаризаға арнап өлең жазғам жоқ қой, – деді жүдеу өңді ақын ішіне бір құпия сыр жасырғандай бөгеліңкіреп.
– Жазасың, – деді бадамды кісі сенімді түрде, – жаңа бастап та кеттің!
– Ол бір-екі жолы ғана, – деді жүдеу өңді ақын, – қалай аяқталары белгісіз дүние.
– Құдай қаласа, жақсы бір өлең туғалы тұр.
– Бірақ, бүгін аяқтауға шамам жоқ.
– Аяқтайсың… Аяқтайсың…
– Қашан?..
– Ауруханада!..
– Қалай?..
– Бәлкім… өлім сағаты соғар алдында!..
– А?!. Не дедің?!.
– 1976 жыл, 27 наурыз!..
– Найсап!..
– Не болса да сабырмен қарсы алғаның жөн!
– Түбіме жеттім деші ақыры!..
– Сабыр!..


Бадамды кісі мұның қасынан біржола кететіндей қимастық білдіре күрсініп, орнынан тұрды. Жүдеу өңді ақын ол кетеді екен деп тіпті кірпігін де қағып қоймады. Анау екі аттап, үш аттап ұзай берді де, әлде көкке ұшқаны, әлде жерге сіңгені белгісіз, бұл өмірде өмірі болмағандай жым-жылас жоғалды. Жүдеу өңді ақын естен танғандай тым-тырыс қалды да, бір кезде барып бойынан бір ауыр жүк түскендей зілсіз зірк етті.
– Өз түбіме өзім жеттім ақыры!..
Басын көтеріп, таң бозара бастағанын енді байқады. Құлағы тарс ашылғандай, алаңдап-елеңдеп олай бір тігілді, бұлай бір тігілді. Құстардың ана ағаштың басынан да, мына ағаштың басынан да шықылықтап сайрай жөнелген үндерін де жаңа естіді.
«Мен мына жерге қалай қонып шыққам?» дегендей, екі түп аршаның арасына қыстырылған тап-тар сәкіге таңырқай қарады. «Бұл жүрісімнің алды-арты осы болсын» дегендей үсті-басын жігерлене қаққыштады. Кенет, есіне әлдене түскендей не түсіре алмағандай қабағын құжырлана түйді де бірден жадырап сала берді. Іле түнде басын құраған, таңғы елең-алаңда тағы бірер шумағын жалғаған, қайда, кімге айтарын білмей тасқындап кеудесіне сыймаған өлеңінің алғашқы жолдарын толғап-толғап жіберді.
Фариза!
Фаризажан, Фариза-қыз,
Өмірде ақындардың бәрі жалғыз.
Шыдай-шыдай ақыры жалығармыз,
Бірімізден біріміз арылармыз.
Біздерді де жоқтайтын жан болса егер,
Шаң басқан архивтерден табылармыз.
Сен мені білесің бе, білесің бе?
Жаралмаған жан екем күресуге.
Жылай жүріп, өтірік күлесің де,
Жүресің де қоясың, жүресің де.
Бірі итеріп кеудемнен, бірі шалып,
Тастағысы келеді күресінге.
Фаризажан, сен соны білесің бе?…
Жанарымды тұманмен тұмшаладым,
…Серіппесі үзіліп тұр садағым.
Жігітінен қазақтың дос таба алмай,
Қыз да болсаң мен саған мұң шағамын…
Ауырлар деп ойлап па ем мұнша халім…
Таң жақындап, құстар бірін бірі оятқысы келгендей түрлі-түрлі үнмен жарыса шықылықтап, сайрауын үдете түсті. Ақын көкірегін жарып шыққан ащы мұң да қара шанақты шеңбіректете шырқыраған шерлі әуенге ұласты. Қылбұрау түскендей қылғынып, бұлқынып, жұлқынған жан азасы құлақтан кетпей бебеулеп тұрып алды.

5.
Сөмкесінің аузын жүре жапқан әйелзат баспалдақпен асығыс-үсігіс түсіп келе жатты. Кіре берістегі кең де жарық фойеде жоғарыға шекелеп қарап бір кісі тұрған. Асыққан әйелзат иегін тәкаппарлана көтеріп өте берді. Фойеде тұрған кісі суық жымиып күлді.
– Әй, қара қыз, тоқта!
Қимылы жігерлі әйелзат шынардай солқ етіп тоқтады. Жалт етіп бұрылып қарады. «Жолымды бөгейтін кімсің?» дегендей көзін өткір тастады. Ана кісі басқа жаққа қарап маңып тұр екен. Бірінің сұсы, бірінің сесі басым екеудің арасынан от шығардай шыңылдады.
– Қазақтың Фаризасы қазақтың Мұқағалиының қайда жүргенін неге
білмейді?
– Екі сағаттан кейін Бакуге ұшам, Нұрғиса аға. Әйтпесе ініңізді
қасыңызға әкеп қосып беретін едім.
– Өрісін білсең айт, қара қыз, өзім-ақ тауып алайын.
– Өрісін де, қонысын да білем, Нұрғиса аға. Өткенде шаршаңқырап тұрған жерінен көлігіммен үйіне апара қойып едім, арылмас өсекке қалдым.
– Сендердің араларыңдағы қатынас Құдайлардың махаббаты секілді, мен білсем ол қандай өсектен болса да биік, қалқам!
Өзіне ешнәрсе әсер етпейтіндей тікірейген әйелзат еріксіз селт етті. Ағасының асқақ сөзіне емес, басқа бірнәрсе есіне түсе қалғанға ұқсады. Көңілі әлденеге алағызғандай тықыршып, аяғын дікілдетіп бір басты, екі басты. Алаңдап сағатына бір, жаңа ғана өзі түскен баспалдаққа бір қарады.
– Айтпақшы, соңғы поштаның ішінде бір конверт жүр еді. Сыртына
Мұқағалидың қолы қойылған. Астына ауруханадан деп жазыпты. Асығып отырып қарауды ұмытып кетіппін.
– Мәсс-са-ған!.. Ал, Құдайлардың махаббаты!..
– Жарайды, мен қайтып келгенше ол хат терезеден құс болып ұшып
кетпес!
Әйелзат тікірейген жүзіндегі алаң көңілдің ізін сол сәтте-ақ сылды да
тастады. Ана кісі де оған аса мән бермегендей бойын бірден сырт сала суықсыды. Бірақ бас иіп асығыс қоштасқан әйелзатқа өзі де басын кегжең еткізе изеп қалды.
– Жолың болсын, қара қыз!
Сырттан шұрқырай кірген біреулер «ассалаулап» қолдарын ала жүгірген. Кезек-кезек қолдарын алып жатып, іздеген адамы да әне-міне кіріп келетіндей емексіген. Қайта-қайта сарт-сұрт етіп ашылып-жабылған емен есікке көзін сата қараған. Алайда ол сол күйі көрінбеді, келмеді.
– Жігіттер, Мұқағалидың қайда екенін кім біледі? – деді дауысы
қаңқылдаған қаздың үніндей саңқылдай шығып. – Тағы да ауруханаға жатып қалған жоқ па?
Жаңа ғана өзімен жарамсақтана амандасқандар бастарын төмен салып, ешқайсысы үндей қоймады. Мұның атақты басымен қатарларындағы ақынды бөле-жара іздеп жүргенін қызғанғандай шеттей бастағандары да бар. Ол шыдамай кетіп:
– Әй, жігіттер, үйірлеріңе абай болыңдар! – деп шаншыла тіл қатты. –
Үйірлеріңе абай болыңдар!..
Осы сөзді есесі кеткендей қайта-қайта айтып, сыртқа шалық тигендей
шалқалақтап шықты. Құлағына құйылған әлдебір әуенді игеріп алғысы келгендей, екі қолы екі жаққа әуелей сермеліп-сермеліп кетті. Артынан ілесе жүрген ақ «Вольга» алға озыңқырап барып тоқтаған сайын, жүргізушісі атып шығып есік ашумен болды.
– Нұраға отырыңыз!..
– Қоймадың ғой, бала!..


Әлденеге ренжігендей артқы орындыққа өзін өзі тастай салды.
Жүргізуші есікті ақырын сырт еткізіп жапты да, дұрыс жаптым ба дегендей сыртынан нығарлап қойды. Нұрағасының бұл жолы тілін оңай алып, көлікке міне қалғанына мәртебесі өскендей құрақ ұшты.
– Ауруханаға тарт!
– Жеңгем кешкі асқа уақытымен әкел деген.
– Жеңгең асын ауруханаға әкелсін!
– Сырқаттанып қалдыңыз ба?
– Мен емес, Мұқағали!
– Өткенде бір ай сіздің үйде жатқан кісі ме?
– Иә, бір ай біздің үйде жатқан кісі!
Ақ «Вольга» қақпадан зулап кіріп, «жедел жәрдем» көліктері тізіліп тұрған аурухана алдына аял қылды. Жүргізуші өзі бірінші түсе қалып, тыпыңдай жүгіріп келіп, есік ашты. Іштегі кісі аяғын сыртқа салып бір отырды да, шалт қимылмен жарқ етіп бой көрсетті. Тұстарынан сырбазсып өте берген екі-үш адам тани қойып, қауқылдап қаумалай кетті. Екі-үш ауыз тіл қатысқан соң:
– Нұраға, мұнда кімге келдіңіз? – деді батылдау бірі қолтығынан алып. – Қап, бас дәрігер жаңа кетіп бара жатқан.
– Әй, жігіттер, – деді Нұрғиса оларды іштарта сөйлеп, – Осында Мұқағали
деген ақын жатыр. Өткенде екеуміз тарихта болмаған нәрсе жасадық. Отыз күн біздің үйде жатып, отыз күнде отыз ән жаздық.
– Оп, бәрекелді!.. О, ғажап!.. – деп ана жігіттер одан бетер қауқылдасты.
Нұрғиса сол екпінмен әлгілерді нөкердей ілестіріп, ішке дабырлап кіріп барды. Кіреберісте тұрған ақ халаттылар қарадай шошып, алдын кес-кестеп тұрып алды. Осы арада естілеу біреуі келіп, әдемі сүйір иегін тәкаппарлана көтеріп амандасты.
– Мақатаев кісі қабылдайтын халде емес, – деді таңдайы тақ-тұқ етіп.
– Мені жіберіңдер, өз көзіммен көрейін, – деді Нұрғиса қайсарланып.
– Ол орнынан тұра алмай жатса, сізді қалай жібереміз? – деді дәрігер өңін суытып.
– Мейлі, қасына түнеп шығам, – деді Нұрғиса кәрленіп шыға келіп.
– Бұл неғылған концерт? – деп арғы жақтарынан тағы біреу айқай салды.
– Ә, сендерге концерт керек пе? – деп Нұрғиса да шақ ете қалды. –
Көресіңдер онда концертті!..
Бірақ түрінен ашудың ізі де білінген жоқ. Салалы саусақтарымен шашын артқа қарай бір сілкіп тастады. Жазық маңдайынан кеңдік пен паңдықтың саптай лебі есті. Тамырлары адырайған қолдары торғай ұстайтындай ауада оңды-солды тарбаңдай жөнелді. Жиылған жұрт композиторды енді танығандай күбірлесіп, сыбырласып, сиқырға арбалғандай таң-тамаша қалысқан. Ол бірақ бір минут та аялдамастан, аяғын әскерилерше сарт-сұрт басып шықты да кетті.

6.
Шалқасынан жатқан адамның бет әлпеті саз балшықтан илеген мүсіндей қан-сөлсіз қуарады. Қара шашы мен қасы болмаса, адам жатқанын айыру қиын. Жас баланың жанарындай монтақан көздерінен де қалғаны шамалы. Көздерінің ұшында өшкісі келмей жылтыраған бір ұшқынды көрген жан, «үміт деген осы екен-ау» дер еді еріксіз. Біресе төмен түседі, біресе жоғары шығады әлгі жарықтық.
– Осы мен жазған реквием… – деп кезерген еріндерін тамсап-тамсап
қойды ол. – Осы мен жазған реквием… Әлгі Моцартқа арнап жазған ше… Түнімен есіме түсіп шықты… Өзі менің өлеңдерімнің біразы реквием сияқты жазылыпты… Ойласам…
Қасында отырған әйел қолынан ұстап еді, ол тас қып қысып алды. Әйел еңкейіп, екінші қолын маңдайына басты. Ұйпалақтанған қастарын түзеп, шаштарын тарамдады. Ішжейденің мойын жібін ілмектеп байлағанда, саусақтары дірілдеді. Соны білдіргісі келмегендей, еңсесін қайтадан көтеріп отырды.
– «Моцарт. «Жан азасы» ма? – деді шаршаңқы үнмен.
– Иә, сол, – деді ол елең еткендей болып. – «Біреу келді де қара киімге оранған: «Жаназа күйін жазшы бір Моцарт!.. Жоғалған…», – деген екі жол миымда айналып тұрып алды.
– Күйтабақ құсап па? – деді әйел ойсыз, дәнеңесіз.
– Іздейтін халық, жесір мен жетім, басқа кім?!. – деді ол сарғайып. –
Әрбіріне бір-бір тарау арнағаным есіңде ме?.. «Халық үні», «Жесірлер үні», «Жетімдер үні» деген тараулары бар… Сен өзің де білесің… Мен жесірлер мен жетімдердің ортасында өстім… Жесірлер мен жетімдердің жағында болдым… Халық сол жесірлер мен жетімдерден тұрады!..
– «Моцарт. Жан азасында» ма? – деген әйелдің сөзі тағы да мағынасыз айтыла салды.
– Иә, «Жан азасында»! – деп өз сөзіне мән бере сөйледі ол. – «Бесік
жырымен» аяқтағам «Моцартты»… «Әлди, әлди, ақ балам… Әлди, әлди… Әлди-ай!..». Әлди, әлди, әлди-ай…
Ол өзін өзі тербеткендей күбірлеп, сыбырлап жатты да көзі ілініп кетті. Әлде түс, әлде елес бір бейнелер анталап, бірден қамап алды. Тізіліп өтіп жатқан, келіп жатқан, кетіп жатқан бәрі де таныс жүз, таныс бейнелер.
Арасынан сырбазсып келіп, сыздықтап сөйлеп тұрған Тоқашты таныды…
Қолын бір бұлғап қойып, әлдеқайда асығып бара жатқан Төлегенді таныды…
Кегжиіп келіп, кекшиіп кеткен Қадырды таныды, басын бір жағына қисайта күліп, маңайынан кете алмай айналсоқтаған Тұманбайды таныды…
Анау Қасым ба, құдай?!. Ол да ұмтылып сар төсегінен тұрып келеді… «Қасым деген – қалғыған жанартау ғой!..», – деп айқайлады бұл.
Құшағындағы қағаздарын шашқанда, ақ парақтар аспаннан қар болып жауды!.. Қасым!.. «Қасым солай болмаса, несі Қасым?!.», – деп тағы тамағын жыртты.
Кенет, биік мінберден қасқа маңдайы жарқырап Әуезов көрінді. Мұның қолы көтерілді, бірақ тілі байланып қалды. Дана Мұхаң залды қалт жібермей шолып тұр екен.
Байқап қалып, «сөйле» дегенде барып тілі шықты. «О, Мұха! Сұрағым бар! Сұрарым бар!..», – деді жандалбасалап. Бірақ!.. Бірақ!.. «Сұрақ та, жауап та мен қайтармадым, Тым құрыса атымды да айта алмадым!..», – деп сылқ түсті.
Соның арасынша үйінің екінші қабатынан ағаш баспалдақты сықырлатып арыстан жал Әбділда түсіп келе жатты. Балдағы ағаш баспалдаққа тақ-тақ қадалады, тақ-тақ!.. «Моцарттан» бір жол тіліне оралды. «Өмір осы екен, сырына, міне, қанықтым, Жаса сен мәңгі! Жаса сен мәңгі! Жарық күн! …Табытпын!..».
Қиналып, тағы бірнәрсе айтқысы келіп тыпыршыды. Қасында отырған әйел ар жақтан лып етіп бері өтіп, өңіндегісі аздай, енді түсіне араласты. Қолынан алып, арыстан жал Әбділда түсіп келе жатқан баспалдаққа қарай сүйрелеп әлек. «Баспалдаққа аяғым бір іліксе, адам боп кетермін» дегендей өзі де талпынып-талпынып қояды. Арыстан жал Әбділда да жағы салқ-салқ ашылып, төменге мұны іздегендей тоқтап-тоқтап кеп қарайды.
Тұрайын десе, аяқ-қолынан жан кетіп қалған екен дейді. Дауысы да булығып жатып, тұншығып барып әрең шықты. Ішегін тартып, кеңірдегін созып, қақалып-шашалып айтарын айтты ақыры: «…Ұйқы-тұйқы ақ самайың… Абыржып асаңды ұстап… Ашулы Грозный патшадайын… Жырдағы жалғандықпен мылтықтасып… Ақ таяғың… Арқамда ойнай ма деп қауіптенем!..».
Арыстан жал Әбділда да ақсаңдап, тоқсаңдап баспалдағынан түсіп болмады. Обалы не керек, мұның үйіне іздеп келгеніне разы болып апалақтап келеді. Апалақтап, ақалақтап сөйлеп те келеді. «Жігіттік ыстық буың алаңдатып… қалай жетіліп өскенің, өршігенің… жазық маңдайың жарқырап, жарқылдап…» , – деп әр ашқан сайын, аузынан маржан төгіледі. «Бірақ, әй, сен маған берген кітабыңа неге «27 наурыз» деп қолтаңба қалдырғансың?!. 27 наурыз әлі болған жоқ қой!.. Тағы не бүлдірейін деп жүрсің сен тентек, а?!.», – дегенде аузынан жалын шашты.
Бір сәт бәрі жым-жырт бола қалды да, өзі жатқан палатаның терезе жағынан сыңсыған музыка естілді. Селк етіп оянып кетіп, көзін үлкейтіп ашып алды. Бірінен бірі асып түсіп толқындаған түрлі аспаптардың үні құлағына енді анық естілді. Әлдебір таныс әуен, таныс күй елеуретіп әкетіп барады.
«Кең өлкем, әлдилей бер сен деп келем
Аңсап келем, сағынып, шөлдеп келем», – деп шырқырады балапан дауыс.
Ол өзін өзі төсектен жұлып алғандай болды. Біресе бұған, біресе терезеге жүгірген әйелдің көзінен жас парлап жүр. Арса-арса еркектің қолтығынан әрең сүйеп қалды. Терезе алдына екі аттап жетті ме, үш аттап жетті ме, әйтеуір жетті. Сырттан жүгіріп кірген медбике екеуі терезені ашып үлгерді, әлде үлгермеді, білмеді.
Бірақ төменнен сиқырлы таяқшасын мың құбылта сермелеген Нұрғисаны көргені анық. Бір көзімен қызылды-жасылды қалың оркестрдің қарасын да сыдырта шолып өткенін біледі. Оркестрден төгілген музыка екпіндеп, әнші баланың дауысы одан сайын шырқырап, шырқау шегіне жеткенде ол да талықсып кетіп еді.
Алыста, алыста, сон-а-а-у алыста, жан-жағын биік шыңдар мен шоқылар қоршаған Аспантаулар аясында жүр екенмін дейді. Қара жалға қадалып өскен қарағайдай солқылдаған жас шағы болар. Қасындағы әр нәрсеге таңданып қарап, тамсанып сөйлеп тыпыңдаған Ораш шығар. Екеуі Хан-Тәңіріні көреміз дей ме, шалқайып мойындарын созады, шошайтып қолдарын созады.
Тілеулерінен бе, тәлейлерінен бе, осы бір сәтте төргі аспанды тұмшалаған бұлт пердесі қолмен сырғандай жарқ етіп ашылған. Қабырғасы мәрмәр, қыр арқасы құж-құж, етегі шоғыр-шоғыр, басы найзадай тіп-тік тәңір шыңы да көз алдарына жарқ етіп тосылған. Қызылкөз дүние аннан да көзін сатып, мұннан да көзін сатып, тұншығып, тыншығып, қызғаныштың қызыл иті ішін өрттей жалап өліп бара жатқан сықылданған.
Аурухана төсегінің аяқ жағында отырған әйел мүлгіген тыныштықты бұзып, көкірегі қарс айырыла күрсініп кеп жіберді. Білегіндегі қан тамырына ине тығылып, жоғарыдан нәр тамшылаған сырқат оң қабағы бір тартып, сол қабағы бір тартып, селт етіп көзін ашты. Бірінші бетіне төне қарап отырған Лашынды көрді, содан соң есік жақта өзіне сынай қарап тұрған бадамды кісіге көзі түсті.
– Балаларым жас еді… Бітпеген жұмыстарым бар еді… – деп қинала
тіл қатты әлденеге пұрсат сұрағандай.
Бадамды кісі иегімен үстел үстін нұсқады. Онда гүл салынған құмыраға сүйелген күнтізбе тұрған. «27 наурыз, 1976 жыл» деген сан көзіне оттай басылды. «Бәрін түсіндім» дегендей, еш саспастан қанаты жаңа шыққан көбелектей ақырын жып еткізіп кірпігін қақты.

7.

– Әй, қара қыз!
Сол көгілдір шырша, сол екі түп арша, сол биік емен және сол ұзын ағаш сәкі ешкім көтеріп кетпей орнында тұр. Айналасындағы басқа ағаштар мен орындықтардан көп айырмасы жоқ. Бірақ саябаққа жалғыздан жалғыз имене кірген әйелзат басқа жаққа мойын бұрмай, тап осы жерге келіп тоқтаған.
Жаңағы дауыс шыққан жаққа қате естідім бе дегендей, тәкаппарлана мойын бұрып, таңырқай қарады. Тіл қатқан адам анадайда дара өскен дарақтай ол да жападан жалғыз сорая қалған екен. Қасына жетіп бармай, сөмкесінен алып, басына орамал тартты.
– Ауруханадамын… – деді жайсаң адам өзі жақындап. – Мына қазаны
жүрегім көтере алмады.
– Ұшақтан жаңа түстім, – деді әйелзат қабағы кіртиіп. – Бакуде естідім.
– Жалғыз өзім жылап алайын деп келіп едім…
– Жаңа Асқардың да бұрышқа тығылып алып, жалғыздан жалғыз жылап тұрғанын көрдім.
– Асқар Сүлейменов пе?.. Е-е-е… Біз бір қамырдан иленген жандар едік қой…
Жайсаң адамның жас бала құсап боталап көзі жасаурады. Әйелзат еркектің босаңсығанын көргісі келмей, жанарын аулаққа салған. Тұстарынан өтіп бара жатқан қыз бен жігіт көгілдір шыршаның түбіндегі сәкіге гүл шоғын қойып жатқанда барып қайыра тіл қатысты.
– Айтпақшы, әлгі хат терезеден құс болып ұшып кетпеген болар?
Әйелзат оған көздері шоқтана жалт қарады.
– Өлең арнағанына рахмет, бірақ аманатты азаматтарға айтпай, маған
айтқаны қабырғамды қайыстырды.
Ана кісі аяқ астынан ақсиып күлді.
– Түйелі жердің қызы деген шығар.
Күлкісін көз ілестірмей жиды да алды.
Әйелзат тіпті ес жиып та үлгерген жоқ.
Осымен сөз тәмамға келтірген түрі намысына тиді.
Жүзі қылыштай өткірленіп шыға келген.
Жайсаң жан кетіп бара жатып жауырынымен сезді.
Басына лайық бір сөз айтпай кете алмады.
– Құдайлардың махаббаты солай болады, қалқам!
Әйелзат тұрған жерінде оттан алып шоққа салғандай қинала, күйзеле
бүгіліп кетті. Бірақ Нұрғиса ағасы артына тым болмаса бір қайырылып та қарамастан, қайыспас қара нардай қақырайып кете барды. Оның сол беті үйіне қалай булығып жеткенін; айта алмай кеткен әңгімесін қара шанақтың қабырғасын қақырата сөккен күйімен қалай буырқантып төккенін; ақыры қалай «аһ» ұрып, атандай шөккенін бұл, әрине, білген жоқ. Саябақтан шыққанда көкірегінде дулап, құлағында шулап, босағадан аттар-аттамастан аққу-қаздай қаңқылдап қара шанаққа көшкен шерлі әуен шырқау шегіне жеткенде қос ішектің сыңарын сыңқ еткізіп үзген де тынған. Көзін қайта ашса басында қара шаңырағы тұр, қасында сүйген жары отыр, ал өзі төр алдында тоңқалаң асып құлап жатыр.
– Ауруханада сені іздеп шулап жатыр, неге кетіп қалдың? – болды сүйген жардың пістиген танауы қусырылып бірінші сұрағаны.
– Мұқағали ана Фаризаға өлеңмен аманат жазып қалдырған көрінеді, –
болды мұның іштегі өрті сыртқа теуіп бірінші аузына түскені.
Сүйген жар не десін, жасып төмен қарады. Әлдене айтпақ болып, басын бір көтерді де қоя қойды. Аяғы аттап баса алмай отырған жерге көзі әлденеше рет жүгіріп барып та келді. Киім ілгіш жақты жағалап қайтқан жанары ерінің қос шырағымен түйісе кеткенде, тұзаққа түскен қояндай тыпырлаған да қалған. Жүрегінің тарс-тарс соққаны алыстан шапқан ат дүбіріндей боп естілді.
– Жүрегіңе салмақ түсіп кете ме деп… Екі ай ауруханада жатқаныңда неше рет оқталып… , – деді әуелі тігісін жатқыза сөйлеп.
– Не боп қалды? – деп адырайды бұл.
Көзі жапақтаған сүйген жар:
– Мұқағалидың соңғы хаты бешпентіңнің қалтасында тұр! – дегенде
төбесінен жай түскендей болды.
«Әкел!» деп айтам деп, айта алмай апалақтады. Аяғын әлтек-тәлтек басып, орнынан ұмтылып тұрып кетті. Сүйген жар енді кешіксе болмасын біліп, құстай ұшып барды да, төрт бүктеулі хатты алды да келді. Саусағының ұшы тиер-тиместен бүктеуін жазып жіберген парақтан бұршақтай ірі-ірі таныс жазулар сағыныса көріскен жан қимасындай жамырап ала жөнелді:
«Аға, мен ғой. Дертім қозып барады. Мынаған назар аударып көрерсіз…».
Нұрғиса Мұқағалидың қоңыр дауысын естігендей, көзін тарс жұмып алып, тербеліп-тербеліп кетті. Мұқағали жарқыраған жазық маңдайымен, күлімдеген ұялы көздерімен, балбыраған бадамды болмысымен қарсы алдында елес боп тұрып алды. Жаңа ғана оқыған өлеңнің алғашқы жолдары тау басындағы қасат қарды түрткілеп, жарыққа ұмтылған бәйшешектей көкірегін ән болып жарып шықты бір кезде.
Нұр жауып тұрған көктемде,
Гүл тере барсаң бөктерге,
Қоңыраулатқан аспанды,
Найзағай шаншып өткенде,
Есіңе мені алғайсың…

Эпилог

Алматы көшесінде қара қорым халық ақырын жылжып келе жатты. Қаралы жұрттың алдынан кесіп өте алмаған есік пен төрдей қара «Чайка» еріксіз тежелді. Жолды кеңейткісі келгендей ақырын кейін шегініп тұрды. Артқы орындықта отырған еңселі адам сала-сала саусақтарымен тарамдап бет сипаған. Екі оттың ортасында қалғандай қыбыжықтаған жүргізушіге:
– Идеологияны тер! – деп қысқа ғана бұйырды.
Тұтқаның ар жағындағы адамға сөйлеткізіп те үлгертпей:
– Мен не көріп отырмын? – деді таңданысын жасыра алмай. –Мынау
көшедегі неғылған халық? Бұлар кімді жерлеуге апара жатыр?
Анау аузын ашып болмай жатып:
– Құдай тас төбесінен ұрсын! – деп бастырмалатып кетті. – Шынында да мен не көріп отырмын? Алдында біраз жақсы-жайсаңдар кетіп бара жатқан сияқты ғой.
– Кешіріңіз!.. – деп арғы жақтан асып-сасқан адамның дауысын тағы
да шорт кесті:
– Бұл қалада бір ағаш құлап қалса да біліп отыруым керек емес пе?! .
Қаралы жұрт көше бойлап ұзай берді де, орта жолда көлігінен түсіп
қалған еңселі кісі ары қарай жалғыздан жалғыз жаяу тартып кетті.
* * *
Мұқағали дүниеден өткенде Асқар Сүлейменов елге қосылмай, оңашадан оңаша тамға арқасын сүйеп жылар тұрған екен деседі…

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*